Мұратбек оқыған "Абай" романынан үзінді
Асқақ үннің алыбы - Мұратбек Тесебаев 80 жаста
Мұратбек Тесебаев радио қызметымен тапжылмай шұғылданған, тыңдармандардың жоғары бағасын алып, ізет құрметыне бөленген, тәжірибелі, универсал танымал диктор. Қазақ тіліндегі радиода берілген негізгі, маңызды саяси, әдеби хабарлардың бәрінде дерлік оның үлкен үлесі бар. Әсіресе 60-жылдардағы орталықтың «9 баға» қатарлы маңызды ірі хабарлары мен төраға Маузы Дұң, Жоу Ынлай зұңлиға қатысты хабарлар түгелдей Мұратбектің дауысымен берілді. Ол оқыған «Абай», «Қан мен тер», «Жастық жыры», «Құрш қалай шынықты» секілді 50 ге жуық роман, қыруар әңгіме, повест, өлең-жырлар қалың тыңдармандарды тәнті етті. Ол сонымен бірге көлемді хроникалық кино филымдер мен радио песаларына да дыбыс беріп, көрермендер мен тыңдаушылардың жақсы бағасын алды. Бұған сол кезде станцияға келіп жататын алғыс хаттар куә. Мәселен, әйгілі ақын Омарғазы Айтанұлы «Өз басым қалай екенін білмеймін, Мұратбек оқыған әрқандай шығарманы қарадай тыңдағым келіп тұрады. Ол оқыған өз өлеңдерімді радиодан тыңдағанда тебіренгенім сонша, әкәу, бұл өлең осыншалықты жақсы өлең бе еді деппін ғой...» деп жазған. Жамалхан Қарабатырқызы:
«Алымың қарт секілді, адымың жас,
Өзге диктор өзіңдей кәні қылмас.
Боз тарлан ба, көрген жоқ, боз бала ма,
Бәрі таныс, халықтың бәрі құрдас» десе, Сарқытжан Ақмадиұлы: «Иә, мен Мұратбектің дауысын естігенде қазақтың 33 әрібі ән салып тұрғандай сезінемін» деп жазады.
Төменде Мұратбек ағамыздың өз аузынан айтып берген өмір баяны:
Мен 1939 жылы 12-айдың 15-күні Алтай аймағының Жеменей ауданында дүниеге келдім. 1947 жылдан 1952 жылға дейін Жеменей бастауыш мектебінде (5-класқа дейін), 1952 жылдан 1954 жылға дейін Алтай орта мектебінде (6-7-клас), 1954 жылдан 1957 жылға дейін Үрімжі 2-педагогика мектебінде оқыдым. (оқуым жоғары техникум) оқу бітіргеннен кейін Бастан-аяқ Шинжияң халық радио станциясында қызмет істедім. (онда диктор, редактор, дикторлар группасының бастығы, қазақ редакциясының орынбасар бастығы, Шинжияң халық радио станциясы парткомының мүшесі, орынбасар бастығы болып істедім. Кәсіптік атағым-аға диктор (жың гәу), 2000 жылы 3-айда пенсияға шықтым. Мен жасымнан әдебиетке әуес болатынмын. 50 ге жуық өлең жаздым, жиырма шақтысы газет-журналда жарияланды. Бес әңгіме жаздым, бесеуі де жарияланды. Мен туралы «Дариға-ай» деген кітап жазылды. Авторы: Серік Әбілұлы. Маған арнап 50 ақын өлең жазды.
Мұратбек Тесебайұлы – кәсіптік міндетін абыроймен орындаумен бірге өзінен кейінгі жас дикторларды баулып тәрбиелеуге де көп күш салған. Орталық халық радио станциясының шақыртуымен Бейжиңге екі рет барып, ондағы жас дикторларды қанаттандырып, қатарға қосып қайтса, Шинжияң бойынша ашылған дикторлардың бірнеше реткі курсіна сабақ өтті. Демек ол Қытай қазақ дикторларының ұстазы.
Өзі айтқан шығармаларынан тыс композиторлар әуенін жазған 10 ға жуық ән тексті бар. Мұратбек Тесебайұлы Қытай радио-телевизиа ғылми қоғамы, Шинжияң радио-телевизиа ғылми қоғамы, Шинжияң ақпаратшылар қоғамы, Шинжияң дикторлар ғылми қоғамы сияқты көптеген ғылми қоғамға мүше және орынбасар төрағалық, құрметті төрағалық міндеттерде болған, оның есімі мен еңбектері «Қытай мамандар сөздігі», «Қытайның осы заманғы диктор, жүргізушілер сөздігі» қатарлы сөздіктерге енгізілген.
Шәкен Оңалбай:
Мұратбек — Диктор. Жай диктор емес, өз кәсібі саласының ең жоғары ғылми атағын алған аға диктор. Оның ел-жұртқа танымал болуының өзі де ең алдымен осы өнерінің арқасы.
Мұратбек сөйлеу тіліне әбден жаттыққан жүйрік диктор болудың үстіне бала кезінен сөзге үйір, өлең жаттағыш, дэкламация оқуға әуес адам болғандығы, сонымен бірге, мінезі ашық, көңіліне түйген, ойына оралған нәрсенің бәрін өзгелерге келістіре баяндап беруге икемді болғандығы, оның үстіне ұзақ жылдық шынығу, шыңдалуды басынан кешіргендігі себепті, онан салса мұнан шығатын сөз шеберіне айналған. Ол кейбір тіл мен жағына сүйеніп, ауыз жаппай судыратып сөйлей беретін, бірақ, сөзінің дәм-татуы болмайтын шешен сымақтарға мүлде ұқсамайды. Өзіне шешенмін деп баға қойып та отырмайды. Табиғи түрде саңқылдап сөйлеп жүріп-ақ шешендік өнерін танытады. Оның есте сақтау қабылеті әлі де аса күшті, бұл қасиеті ұзақ-ұзақ өлеңдерді мүдірмей жатқа соғатындығынан білінеді. Оның сөз-пікірінің жүйелілігі, сөздерінің ритым-ырғаққа түсірілуі, мазмұн аясының кеңдігі жұртты Қайран қалдырады.
Шәміс Құмар:
Мұратбек Тесебаев еліміз қазақтарының ең алғашқы дикторларының бірі әрі диктор болғанда жай қатардағылардың бірі емес, қайта өз кәсібінің «Өнер» екенін ерте сезініп, ерекше мән беріп мәнерлеп оқуға көптеген жылдар көңіл бөлу арқылы көп алдында көмбеден көрінген көрнекті дарқан дарын иесі.
Мүкеңнің қоңыраулаған тамаша қоңыр үні, шығармалардың сөз-сөйлемдерін жік-жігіне түсіріп, нашына келтіріп оқу шеберлілігімен желіленіп, тыңдарманын тіпті де желпінте түседі.
Мұратбек ағаның дикторлықтағы кемеліне келген шеберлігін, шешен сөзді шексіз сезімінБірнеше ауыз сөзбен жеткізе салу тым қиын. Ол үшін жан-жақтылы ізденіс жасап, зерттеу жүргізуге тура келеді. Мен Мүкеңнің дикторлық өнерінің еліміз тарихындағы бір жарқ жұлдыз болып қалатынына сенемін!
Ғани Саржанов:
Тесебайдің Мұратбегінің аты мен затына таныс болғаныма 40 жылдан асып кетті. Ол жай ғана қатардағы диктор емес, ішті, тынысты, әдемі әуені бар дара диктор, тыңдармандары арасында оны «Әкәу, мынау Мүкеңнің дауысы ғой...» деп бірдей тани қоюының өзі бөлекше бөгенайының айғағы ғой...
Жә, Мұратбек ақын емес дегендер маған келсін, Мұратбектің ақындығы мен тамаша дикторлығы біздің қай қырынан болса да қасқайып жауап бере алатын шындығымыз. Ол халқымыздың мақтанышы, ұрпақтарға үлгі боларлық дара тұлға.
Сарқытжан Ақмадев
Диктор жолдас
(замандасым Мұратбек Тесебаевқа арнаймын)
Ер қадыры қалмақ емес еленбей,
Дикторлық та озғаны жоқ сенен бой.
Құдыретті қаусырма жақ тіліңмен,
Құйылады қара сөздер өлеңдей.
Шопандардың қосылса егер бастары,
Өзің жайлы қызу кеңес бастайды.
Мамырлаған майда қоңыр тартымды,
Дауысыңды сағынады жас-кәрі.
Қарағайдың балапаны ең жарда өнген,
Арманың да ғасыр құшып таңда өрген.
Ержетіп ең ақ сүтімен ананың,
Бір ананың жалғызы едің арда емген.
Көрмегелі отыз бес жыл аунапты,
Уақыт шіркін балғын шақты жаулапты.
Талабымыз таудай еді-ау дариға,
Екеумізге өмір отын тау жақты.
Қиял мініп шалдырмайтын сағымға,
Тал қармандым арпалысқан ағында.
Тыңдай жаттым сен оқыған беттерді,
Қиыр қонып, шет жайлаған шағымда.
Баурағанда саңқылдаған жиі үні,
Кілт тоқтапты кең даланың киігі.
Құлақ түрді орта Азия ұйыған,
Құлақ түрді Тянь-Шанның биігі.
Көңілдерге жарқыраған жаз боп ти,
Мейірлене сөз шуағын нәр боп құй.
Бола бергін толқынында әуенің,
Заманымда қаз дауысты Қазыбек би.
6alash ұсынады