Алматы Облысы Ақсу ауданына қарасты Ақсу ауылында қазанның 24 күні дүркіреп өткен астың куәшісі болдық. Еліміздің руханиятына шетелден келген қандастарымыздың да үлес қосып жатқаны көз жұмбас ақиқат. Үлес дегеннің үлкен-кішісі болмайды. Баябан ауылдарға көшіп келіп, бақ ордасын тігіп, алты өріс алқабымызды төрт түлік малға толтырып жатқан қандастарымыз баршылық. Дәстүрлі тұрмыс-салтымызбен қоса, оқыған-тоқыған ойлы-зиялы туыстарымыз да руханиятымыздың ақтаңдағын толықтауда бір кісідей күш қосып келеді. Солардың бірі Оразбай Сұлтанұлының әулеті десек болады.
Оразбай Сұлтанұлы (1950-2020) Арғы бет Өр Алтай қазағы. Өскен ортасында оқытушы, ақын, атбегі болып жұрт құрметіне бөленген кісі. Бұдан оншақты жыл бұрын жеті-сегіз отауын бастап Жетісу жеріне көшіп келген. Ақсу ауылына балдай батып, судай сіңіп, ұл-қыздарын Қазақ елінің әр жеріне, қызметтің әр саласына орналастырған Оразбай ақсақал атажұртында да өз ортасына өнегесімен сыйлы болды. Бірер кітапқа жүк шығармаларын жазды. Ауылдың алты өрісінде мал қайырмақтап жүріп, өткен күндерді өлеңімен өрнектеді. Тағдырдың берген өлшеулі өмірін жасап, өткен жылы елу жыл отасқан аяулы жары Шәрмен Құсыманқызы екеуі де араларына аз ғана күнді салып, Одүниеге аттанған еді.
Марқұмдардың балалары шетінен өнерге жуық жүретін опалы ұл-қыздар. Олар екі елде де өз ортасының құрметіне бөленген қадірлі әке мен қастерлі аналарына арнап, кеше Ақсу ауылында ас берді.
Ақынның үлкен қызы Күннұр әкесінің баспадан шығаруға үлгірмеген кітабын құрастырып, Алматыдағы "Үш Қиян" баспасынан шығарды. Кітаптың аты – "Ақ белбеу аттың жүрісі". Бұл Алтай қазақтары жақсы білетін күй аты болатын. Дегенмен, сол күйді Қазақтың заңғар күйшісі Дәулет Халықұлы Оразбайдың қара ала атына арнап шығарған екен. Өзінің ширек ғұмырына серік болған қара ала атына деген ыстық махаббатын бейнелеп, ақын атбегі Оразбай ақсақал поэма да жазыпты. Сол үшін де кітап аты күй атымен аталған.
Кеше Ақсу ауылындағы үлкен асқа барып көненің көзіндей, қазақы қаймағы бұзылмаған жұртты көріп, көз айдын болып, көңіліміз тоғайды. Ауылдың хатымханасында үш жүз кісіге ас беріліп, марқұмдарға арнап неше қайтара хатым түсірілді. Тарихтың тірі куәгерлері ақсақалдар мен әжелер ас арналған кісі туралы естеліктер айтты.
Марқұм, ақын, Оразбай Сұлтанұлының "Ақ белбеу аттың жүрісі" атты кітабының тұсауы да міне осы аста кесілді. Асқа жиналған шаршы топтың бұл іске разы болып, алқамағаны жоқ. Автордың замандастары мен жақындары көздеріне ыстық жас алды. Кітап баба мұрасынан байғазы ретінде асқа жиналған қауымға таратылды. Астың сөз тізгінін Алматыдан арнайы ат терлетіп келген ақын, жас зерттеуші Әділет Ахметұлы ұстады.
Марқұмның жақындары мен ауылдастары Оразбай Сұлтанұлының ғұмырының соңында мінген қарагер атын күн бұрын тұлдап сойып, салт-дәстүрімізді жаңғыртыпты. Алты қанат ақ үй тігіп, астың көркін асыра түскендей.
Астан кейін жұрт балуан, қол күрес, арқан тарту, көк лақ (көкпар) сияқты ұлттық ойындарға қатысты. Бабалар рухын сілкіндіргендей дүбірлі додада жеңістік алған азаматтар марапатталды.
Әрлен Сейтбатқал