Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қандастарға көмек көрсету қажеттігін атап өткен болатын. Сол негізде Елбасының тапсырмасымен Отандастар Қоры құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылы 18 мамырдағы № 280 қаулысына сәйкес «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018 - 2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, Қоғамның атқаратын жұмыстары айқындалды.
Бүгінде Қоғам 4 бағытта жұмыс атқарады. Бірінші, шетел қазақтарының ұлттық бірегейлігін сақтау мақсатында мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастыру. Екінші, шетелге қоныс аударған қандастарымызға ақпараттық-консультациялық қолдау жұмыстары ұйымдастырылып, олардың қоғамға интеграциялануына, өзекті мәселелерді шешуіне ықпал ету. Үшінші, шетелдегі қазақтарды және елге қоныс аударған қандастардың мәселелері бойынша талдамалық зерттеу жұмыстарын жүргізу. Төртінші, шетелдегі қазақ жастарымен байланыс орнату.
Қоғам ұйымдастыруымен 2019 жылы әлемнің 25 елінен келген отандастардың қатысуымен 5000 адамды қамтыған 20-ға жуық іс-шара өткізілсе, 2020 жылы әлемді жаулаған пандемияға орай барлық жобалар онлайн форматқа көшірілді. Осы ретте әлемнің 26 еліндегі отандастардың қатысуымен 5 800-ден астам адамды қамтыған 13 онлайн іс-шара және 6 онлайн-жоба ұйымдастырылды.
2021 жылы ZOOM бағдарламасы арқылы 20 елді қамтыған 20 онлайн кездесу өткізілді. Бұл шаралардың барлығында сырттағы ағайынның көші-қон, іскерлік, мәдени-гуманитарлық мәселелер мен жобаларға қатысты ұсыныстары мен өтініштері талқыланды.
Шетелде тұратын отандастарымыздың қазақ тілі курстарын ұйымдастыру үшін, Қоғам 2019-2020 жылдары 12 елде 31 онлайн-сынып ашты. Онлайн-сыныптар теледидар, ноутбук, камера, тағы басқа қажетті заманауи техникалармен қамтылды.
Сонымен қатар шетелде тұратын этникалық қазақ балалары Қазақстанда әртүрлі жазғы лагерлерге қатыса алады. Атап айтсақ: Назарбаев зияткерлік мектептері ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала ұрпағы» білім лагері, Балдәурен, «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы», «ZEREN» республикалық жазғы лагерлеріне шетелден 600 бала қатысты. 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты жобалар уақытша тоқтатылды. Дегенмен алдағы уақытта жалғасын табады.