Таңғаласыз, егеуқұйрық адамнан айлалы, адамнан көп. Өйтпесе жыл басы бола ма?! Осы жайт өзімді ойландырып, моңғол қаламгерінің шығармасын қазақшаладым.
«Егер тышқанның салмағы 20 келіге жетсе, адам ешқашан әлемнің иесі бола алмас еді» деген екен ұлы ғалым Эйнштейн. Адамзаттың рухани мәдениеті, өркениеті тарихында бүкіл-бүтін бір дәуірдің ғылымын алға сүйреп, ғажайып жаңалық ашқан ақыл-ой кемеңгері неліктен осылай деді екен деп таңданған кездерім болды. Салыстырмалылық теориясын ашып, атомның құпиясын түсінген адамның ойына құйтақандай тышқаннан үрейленуі таңданыс туғызбауы мүмкін емес еді. Әлемді әп-сәтте күлпарша ете алатын қауіпті атомның қуаты жайлы ол жақсы біле тұра, тышқан бастатқандарды немен болса да жойып салуға болады деген ой қаперіне кірмегені ме? Егер тышқанның салмағы қазіргіден 20 ғана келі ауыр болса, әлемге иелік ету құқын адамнан тартып алар еді деген сөз теория жүзінде негізсіз десек кім де болмасын бас изер еді. Өйтсе, ұлы ғалым негізсіз нәрсе айтып, жаза ма?!
Тышқанды ұлы ғалым несімен осы ғұрлы пәлекет жәндікке санады екен?! Бұл туралы жыл санаудың (күнтізбенің) XVI ғасырындағы соңғы жыл 1984-інші тышқан жылында әлемдік құбылыстардың әр қырына ой жүгірту арқылы ұлы ғалымның ойына амалсыз илануға тура келді. Эйнштейн айтқандай, егеуқұйрықтың салмағы небәрі 20 келі болса, шынында, адамзатқа ырық бермейтін жәндік екен. Бақытымызға қарай, егеуқұйрықтың салмағы 20 келі емес, небәрі 200 грамм ғой.
Егеуқұйрық алғаш Азия құрлығынан, дәлірек айтсақ, біздің Моңғолияның жерінен әлемді шарлау саяхатына шыққан көрінеді. Біршамасы оңтүстікке бет алып, Үндістан, Қытай арқылы мұхит жағалауына, біршамасы Жайық дариясына қарай бет түзепті. Оңтүстікке бет алған егеуқұйрықтардың түсі қара болған. Олардың «ата-бабалары» қазіргі Гурван сайхан тауында мекендейтін «бозлог» атты тышқандар дейді. Оңтүстікке сапарлаған егеуқұйрықтар ұлы мұхитқа қамалып, аялдаған тұста кереметтей өсіпті. Егеуқұйрықтар Африкада, Кіші Азияда құжынап, сыймай кеткен дәл сол кезде Еуропадан кемелер Үнді мұхиты және Жерорта теңізі арқылы көптеп жол тартып, лаушы тышқандарға ұла болыпты. Азияның егеуқұйрықтары Батыс саудагерлерінің, теңіз қарақшыларының көліктеріне «отырып», Еуропаға жайлы жетіпті. Осыдан көп ұзамай егеуқұйрықтар Австралияға саяхаттай барыпты. Австралияның иен жазирасында егеуқұйрықтар емін-еркін өсіп, егіс алқаптарын қиратып, тып-типыл еткенде ғана ақылдары кірген олар 1880 жылдан бастап 40 жыл бойы зор күш жұмсап, 5353 миля жерге қабырға тұрғызып, тышқандардан іргесін аулаққа салудың жолын қарастырса керек. Егеуқұйрықтардан қорғануға арналған бұл қабырға Қытайдың Ұлы қорғанынан бір кем емес, басқаша айтқанда, Лондон мен Бейжің арасын жалғайтындай ұзын құрылыс еді. Сонау балаң дәуірде көшпенділердің шабуылынан қорғану үшін салған қытайлардың ұлы ақ қорғанын тарихтан білеміз. Әйтсе де, австралиялықтар егеуқұйрықтардан қорғанып, ұзынынан ұзаққа созылған ақ қорған соғуы да тарихта қалыпты. Австралиялықтардың бұл қорғаны тек егеуқұйрықтардан емес, әредік жабайы жыртқыш иттерден, кеміргіш қояндардың да шабуылынан қорғануға жарапты. Австралияда егеуқұйрықтарға осылайша соғыс ашып жатқан кезде олардың кеме арқылы Еуропаға жеткен тобы оба таратып үлгеріпті. Егеуқұйрықтар обасынан еуропалықтар жаппай ауырып, төрттен бірі жаһаннамға аттаныпты. Оба деген сөз осы сәттен басталып, еуропалықтар тілінде мағынасын ауыстырып, қарғысқа айналыпты.
Азиядан солтүстік батысқа бет алған сары егеуқұйрықтар 1727 жылы Жайық дариясына жетіп, «кеме шақыртпай-ақ» жай ғана жүзіп өтіп, әрі қарай «жаяу аяңдапты». Әлденеше жүз мың егеуқұйрық Жайық өзенінің бетін жауып жүзіп бара жатқаны жайлы дерек сол кездегі жазба деректен қалған екен. Жайықты кесіп өткен сары егеуқұйрықтар үш жылдан соң Англияға «ат басын тірепті». Әрі қарай 1755 жылы Оңтүстік Америкаға сары егеуқұйрықтар жолаушылай барғанда «немере ағалары» қара егеуқұйрықтар да оңтүстіктен Америкаға бас сұғып, бақандай 200 жыл жайлы мекен етіп өмір сүріп, өсіп-өніпті. Қара, сары екі егеуқұйрық адасып жүріп, ағайынын тауып, осы құрлыққа патшалық етіп, Марк Твен, Эрнест Хемингуэй, Вальтер Скотт, Виктор Гюголардың шығармаларынан да орын алыпты. Америкаға дейін жолаушылаған қара егеуқұйрықтар Гонконг, Кантон сияқты ірі қалаларға оба таратып, осы маңдағы 1,5 миллион адамның өмірін жалмапты.
Еуропаның, Американың халқы егеуқұйрықтарға нағыз соғыс жариялап, құртудың қыруар әдісін қолданумен болған. Қақпан, тор, тұзақ, ұрғы дейсіз бе, ойлап таппаған құралы жоқ. У қорғасын, шуақ шешек, сілті, қышқыл, қойшы, у атаулының бәрін қолданды. Бірақ егеуқұйрықтар өсіп-өнумен болды. Түрлі уға денесін үйретіп, не жесе де қорытуға асқазанын жаттықтырып, күресумен бүгінге жетті. Қазір жыл сайынғы астықтың 20 пайызын, оның үстіне 50 миллиондай тонна азық-түлікті егеуқұйрықтар жеп-ішіп, рәсуа етуде. Мұнтаздай Париж қаласының 2000 шақырымдық тоннельдері мен 3 миллиондай жертөлелерінде егеуқұйрықтар сау-саламат өмір кешуде.
Егеуқұйрықтардың тұқымын тұздай құрту үшін адамдар электр энергиясы, улы газ, төменгі жиіліктегі дыбысты да пайдалануда. Осы әдіс, шаралардың бәрін жіпке тізсек, егеуқұйрықтардың 90 пайызын құртуға жететін есеп шығады. Алайда егеуқұйрықтар адамның айла-тәсілінің бәрін «зерттеп», денесін үйретіп, тірі қалу қабілетін одан сайын күшейтіп, қазір анау-мынау уға көз жұмбайтындай шымыр тұлғалы бола білген.
60-тық жыл санаудың (Шығыс халықтарының байырғы күнтізбесі Т. Б.) XVI ғасырындағы ең соңғы жыл 1984-інші тышқан жылы әлемде адам саны 4 миллиард 700 миллионға жеткенде егеуқұйрықтар да осынша өскен. Адам мен егеуқұйрықтар саны 4,7=4,7 миллиардтық тепе-теңдікпен тышқан жылына қауышуымыз көңіліңізді құлазытады. Өйткені 4,7 адамзаттың біршама бөлігі аурушаң, жартылай немесе мүлдем аш, жарымжан, кемтар, абақтыда қамалған, сіңісті ауруларға шалдыққан. Керісінше, 4,7 миллиард егеуқұйрықтың барлығы дерлік дені сау, түбіті түлеген семіз де жұтқаны жұмырында тоқ, емін-еркін, тыныш та тыраш өмір кешіп, өсіп-өніп, аптасында жеті тышқан өмірге әкеліп, бір жылда бір жұп тышқан 800-ге көбейіп, әлемде әр үш жыл сайын егеуқұйрықтар саны 128 миллионмен толығуда. Олардың асқазаны қорытпайтын ас жоқ. Электр сымының ток оқшаулайтын сыртқы сыдырмасын құштарлана жеп үйренген. Үлкен қалаларда ара-тұра электр тогының үзіліп, әбігерге салуы да осыдан. Синтетикалық талшықтар да – егеуқұйрықтардың жеңсік асы. Табиғат сыйлаған денесі ортаға мұқият үйлескен осы бір жәндіктің физиологиялық құпиясын ғалымдарымыз әлі танып болған жоқ. Әлемде алғаш пайда болған сүтқоректілердің ата-тегі болғандықтан, осындай жаны берік шығар. Қазбалай берсек, егеуқұйрықтар пілдің атасы, жылқының әкесі, қарсақтың ағасы дегендей кәрі дүниенің кәнігілерінің бірі екен.
Егеуқұйрықтардың осындай керемет жәндік екенін ұлы ғалым Эйнштейн шарасыз білгендіктен, оның күшін де дәл анықтапты деп ойлаймын.
«Арлан апанында хошуақ» дегендей, егеуқұйрықтардың туған жеріне қайта оралмағанына шүкірлік етейік. Өвөрхангай өлкесінде көк тышқандар қаптап кеткенімен, олар – егеуқұйрықпен салыстырғанда өрмекші сияқты әлсіз жәндік. Алайда «ғұмырының соңында егеуқұйрық туған жеріне қайта оралуы мүмкін дегенді биологтар ескергені жөн. Өйткені егеуқұйрықтардың ірі қалаларды сағалайтын әдеті бар. «Алтын құсатын жыл басы ақ тышқан – 12 жылдың төресі бақ тышқан, тышқан жылым, төрлет!» деп әнге қосумен бүгінге жеткен егеуқұйрықтар әзірге қорқыныш әкелмей тұр.
Лодонгийн Тудэв,
Моңғолия мемлекеттік
сыйлығының лауреаты,
1984 жыл.
Моңғол тілінен аударған Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ
"Астана Ақшамы"