(Бұйра ұлы мен Малабай ұлы кім?)
«Ұлы адам» деп атауға қай қырынан да лайықты Ұлт ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының алаштың мың жылдық мұрасына қосып кеткен ұшан-теңіз еңбектерінің қайсыбірін қолға алып, парақтай бастаған кісіні данышпанның шарапаты шарпымай қоймайды. Абайы, Ахметі мен Әлиханы бар осы қазақты кімнен кем деуге болады?! Бүгінгі жаһандану тасқынына жұтылып кетпей, өзінің дара жолы бар ұлттық мемлекет құруғабағдаршам болардай кең даңғылды осыдан бір ғасыр бұрын Алаш орда төңірегінде болған алыптар жазып кетті. Ғылым-білім, саясат, бәсекелестік және ұлттық мүдде, т.б. жақтардан тынбай еңбектеніп, ұрпақтың ұрпағына жететіндей ғажап та қазыналы мұраларды қалдырған да әне солар еді. Биыл Алаштың ұлт ұстазы, ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Соңғы демі шыққанша қаймана қазағына еңбек еткен егей тұлғаның рухани мол мұралары тәуелсіз ұрпақтың санасында жаңғырып, ұлт ісінің шынайы игілігіне толықтай қайтарылатын мезгіл жетті.
Өткен жазбамызда Ахаңның әр еңбегіндегі әр әріптің теңдессіз бағалы екенін айтып, ғалымның өткен ғасыр басындағы сауатсыз үлкендерге арнап жазған «Сауат ашқыш» (1926) атты оқулығының мұқабасындағы бірнеше сөзді зерделеп, оқырманға оймақтай ой айтқан болатынбыз. Бүгінгі жазбамызда да аталған оқулықтың ішінен кездескен екі өлеңнің авторы төңірігнде Ахметтің ізін жалғап, аманатын арқалап отырған сізбен сыр бөлісеміз.
Ахмет Байтұрсынұлы өзі жазған, өзі сөзімен айтқанда тәртіптеген оқулықтарында авторы өзі болмаған әдеби үлгілерге түгел ескертпе беріп отырған. Өз оқулығына қазақтың тарихи көне рухани мұраларынан тартып, бақсы сарыны, жыршы сөздері, жөн сұрасу, жұмбақтасу, шешендік сөздер, қалжың-қағытпаларға дейін енгізіп, қазақтың ауыз әдебиетінде кездесетін әр жанрдағы алуан мазмұндардың ендігі кезекте кітаби тұрғыда ұрпақтар санасынан өшпеуі үшін өлшеусіз еңбектер жасаған. Бұдан сырт, өзінен бұрын өмір сүрген Абайдан, Ыбырайдан; өз тұрғыластары: Әлиханнан, Міржақыптан, Жүсіпбектен, Мағжаннан, тіпті, бүгінгі жұрт санасында бұлыңғыр тарта бастаған қазақтың сол тұстағы ағартушы, қаламгерлерінен үзінділер алып отырған. Үзінді алынған авторлардың қажетіне қарай бірде шын есімдерін, бірде бүркеншік есімдерін қосып көрсетуді дәстүрге айналдырған. Басқа оқу құралдарында да үнемі кездесіп отыратын осы бір тамаша ғылыми дәстүрді Ахаңның «Сауат ашқышынан» да көре аламыз. Айталық «Сауат ашқышта»: Алтынсары ұлының кітабынан, Бекет, Азамат, Асау тұлпар, Бұйра ұлы, Шорман жыйғанынан, Әбубакір Дюбаевтен, «Қырық мысал» (өзінікі), Елдес, Агыраном, Қой айдар ұлы, Қыр баласы, Тел-жан, Сәрсембі ұлы, Жағыпар, Ғ. Сұлтан ұлы және Мағыжан қатарлы көптеген қазынаның келу қайнарын меңзейтін есімдерді кездестіруге болады. Өткен ғасыр басында қалам ұстаған әрбір қайраткердің бәрінде бүркеншік есім болғаны белгілі. Тіпті, кейбір белгілі тұлғалар қалам аттарын бірнше рет өзгерткені байқалады. Бұл туралы зерттеп жүрген ғалымдар бар. Алдағы уақытта мүмкіндігіміз болса, Ахаң оқулықтарында кездесетін бүркеншік есімдердің құпиясын ашып, «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп өзі айтқандай, «ертеңгі еліне» «тәпсірлеп беруге» тырысамыз.
Жоғарыда аты аталған, қазақтың басынан өткен ауыр күндерде, аспаннан бораған оқ пен жерде жүрілген сана төңкерісі арасында Ахаңдардың жанынан табылған бірнеше тұлғаның жазған-сызған, жинақтаған жазбаларын ұлт ұстазы өзінің оқулықтарына енгізіп отырғаны байқалады. Солардың қатарында Малабай ұлы Рақымжан да бар. «Іздегенге сұраған кезігіпті» дегендей, Малабай ұлының кім екенін іздеп отырып, біз Бұйра ұлы деген тарихи тұлғаның да кім екенін анықтап алдық. «Бір жоқ бір жоқты табады» деген осы да. Ендеше, Малабай ұлынан бұрын, сусап отырған оқырманға Бұйра ұлының кім екенін айта кеткеніміз артық болмас.
«Сауат ашқыштың» 36 бетінде «Жатырсын неге ұйықтап» (түпнұсқа бойынша алынды. Ә.А.) атты өлең бар. Өлең сәл ұзақтау болғандықтан, қысқаша үзінді бере кетейін.
Жатырсын неге ұйықтап қара шекпен?
Жарық жаз қайта келді былтыр өткен.
Қарашы, анау сенің көршілерің,
Əлі жүр қызметінде ертеңгі еткен.
.........
Тап-тақыр шарбағың тұр босқа жайнап,
Кеткендей шоланың тұр пері жайлап.
Атыңды алдақашан борыш алды,
Ақырда жайау қалдың сорың қайнап.
.........
Қар жауып шанамен жұрт жүріп жатыр,
Базарға не сатасын жалқау пақыр.
Арбалап астық сатып көршілерің,
Қарашы, пайда көріп оңып жатыр.
(Бұйра ұлы )
Ойлы оқырман өлеңнің мазмұнын түсініп отыр. «Жұрт еңбекте, ерте тұр, кеш қайт, қарашекпен, ұйқыдан оян, ел қатарлы тірлік ет» дейді әрине. Ұлтты ояту мақсатында ұрандаған ұлылы-кішілі ғажап туындылар сол кезеңде молынан жазылды емес пе?! «Толқыннан толқын туып, толқынды толқын қуып», біз осы шумақтардағы «шолан» атты сөзгеде тоқтала кеткен едік: Шолан – 1. (Рес., Орын.; Гур., Есб.) ауыз үй. Шоланға есік салынған жоқ (Орын., Ад.).2. (Қост., об.) ас-су сақтайтын бөлме. Ет шоланда (Қост., об.). Шоланда қамауда отырған Боранбекті тысқа шығарып тастаңдар деп бұйырды (С. Сейф., Шығ., V, 2).
Мінеки, Қазақ жерінің солтүстік аймақтарында қолданылатын «шолан» сөзінің сөздіктердегі мағынасы осы. Дегенмен, осы орайда Қазақ елінің шығысы мен арғы беттегі Өр Алтай қазақтары арасында қолданылатын «тошала үйдің» де төбесі көріне бастаған сияқты. Тошала үй – формасы киіз үй сияқты, бірақ киізден емес, кірпіштен жиып, жоғарғы жағын сырғауыл ағаштармен сүйірлеп келіп, төбесінен шаңырақтан сәл кішірек дөңгелек тесік қалдырып, сырғауылдың сыртын қамыспен жауып, оның сыртын топан қосылған лаймен сылап жабады. Соғым сойылғаннан кейін тошала үйдің ішіне көлденең ағаштардан арса жасап, қыстық етті және өзге де суықта сақтауға тиісті ас-тағамдарды сол үйде сақтайды. Енді осы тошала мен шоланның қандай жақындығы бар дегенде, екеуінің де ет секілді маңызды тағамдарды сақтайтын бөлме болғаны-ақ осы екі атауды туыстастыра түсетіндей. Оның үстіне, тошаланы ауыз екі тілде шошала деп атайтыны белгілі. Енді қазақтың шоланды шошала деп атауы, шошаланы ықшамдап шолан деп атауы, ұзақ уақыттық дыбыстық өзгерістер негізінде, бірте-бірте терістікте шолан, шығыста шошала (тошала) аталып кетуі де әбден мүмкін.
Енді осы өлеңнің авторы Бұйра ұлы кім еді дегенге тоқтала кетейік. ХХ ғасыр басында көптеген қайраткерлер бүркеншік есім қолданумен бірге, көп жағдайда аты-жөндерін толық жазбай әкесінің ұлы деп қолданғаны да ескеруге тұрарлық іс. Алтынсары ұлы, Құнанбай баласы, Абай оғлы, Омар ұлы, Шонан ұлы, т.б. болып жазылуы сол кезде көзге еш сөлекет көрінбейтін. Тіпті, текті атаның балаларын ауыл арасында үлкендер аттарын атамай-ақ «Бәленшенің ұлы», «Түгеншенің тұқымы» деп атауы қазақы сөз салтта ғасырлар бойы сақталған әдет емес пе?!
Сонымен, Бұйра ұлы деген атпен Ахаңның оқулығына енген атты іздеуге кірістік. «Қазақ» газетінен (1913) бергі бірталай басылымдарды ақтара отырып, іздеген тұлғамыз Ахаңның замандасы, рухтас, мұраттас азаматтарының бірі – Елеусіз Бұйраұлы екеніне көз жеткіздік.
Елеусіз Бұйрин (1874, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы — 1933, Тәжікстан Республикасы, Душанбе) — алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ақын, қоғам қайраткері.
Мінеки, алғышқы қазақ журналистерінің бірі, сындарлы күндерде Ахметтің маңынан табылған Бұйра баласы Елеусіз марқұмның дерегін біз ұлт ұстазының «Сауат ашқышын» парақтап отырып, сап ете түскен ойдың жетегімен, ақыры таптық.
Ендеше бізге Ахаңның оқулығындағы «Жатырсың неге ұйықтап» атты өлеңімен ой салған, қазақтың сүйікті ұлдарының бірі Бұйра баласы Елеусіз туралы мәліметті де оқыранға қоса берелік.
Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектептерінің бірінде оқыған. Осындағы мектепте алты кластық орысша білім алған ол Қазан қаласына оқуға барып, сондағы мұғалімдер семинариясын бітіреді (1896). Семинариядан кейін Астрахан қаласына келіп, мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Осында жүріп түрлі қоғамдық-саяси өмірдің қыр-сырына бойлайды, алғашқы қаламгерлік қабілетін сынап байқайды. Елді мәдениетке, өркениетке жеткізуге шақыратын көшбасшы құрал — баспасөз екендігін аңғарып, жаңа сипаттағы газет шығаруға бел байлайды. Бұл мақсатын іске асыру үшін қазақ зиялылары — Ш.Бөкеев, Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, М.Шомбалов, С.Меңдешовтермен бірігіп, 1911 ж. Ордада “Қазақстан” деген газет шығарды. 1911 — 13 жылдары газеттің редакторы болып тұрды.
Ол “Қазақстан” сөзін тұңғыш рет ресми тілге енгізді.
1920 жылдарға дейін Бұйрин туған жерінде түрлі қызметтер атқарған. 1921 жылы мамырда Кеңестердің Бөкей губерниялық бірінші съезіне делегат болып қатысқан. 1920 жылдардың орта шенінде адвокат, кейінірек Қазақ АКСР Ағарту халкомында қызмет істейді. 1930 — 32 жылдары Алматы қаласындағы орталық музейде ғылыми қызметкер болады.
1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталып, қазақ зиялылары ұстала бастаған соң, Бұйрин күзге салым Тәжік АКСР-не, Душанбе қаласына қоныс аударады. Сонда Тәжік АКСР-нің Орталық архив басқармасына инспектор болып қызметке орналасады. Алайда Бұйрин НКВД-нің құрығынан құтыла алмайды. 1933 жылы 16 сәуірде қызметінен қуылып, көп ұзамай аштықтан дүние салады.
Мақаланы жазып отырған мен өз басым Елеусіз Бұйраұлы сынды осындай кемеңгер тұлғаларды бүгінгі жіміле жұрт түгел біледі дегенге сенбеймін. Демек, қалай деген күнде де, Алаштың Ахметінің «Сауат ашқышының» арқасында 1911 жылы «Қазақстан» деген газет шығарып, «Қазақстан»деген еліміздің қазіргі атауын тұңғыш рет баспасөзге ресми енгізген Бұйра ұлы Елеусізді тани бастадық. Көш бастаған ерлердің басына бұлт үйірілгенде алыстағы Тәжік елін паналап, ақыры аштықтан көз жұмғанының өзі талай сырды айтып тұрған жоқ па? Елеулі ғұмыр кешкен Елеусіз атты ердің өмірі соңғы демі шалғайда үзілген Мұстафа Шоқай, Зият Шәкәрімұлы сияқты арыстарды еске салады.
Тілімізге тиек болғалы тұрған екінші бір тұлға – Малабай ұлы Рақымжан. Малабай баласының кім екеніне көз жеткізерден бұрын тағы да Ахаңның «Сауат ашқышына» көз тігейік. Оқулықтың 42 бетінде «Қыз әкесіне» атты өлеңнің авторы осы кісі. Оқырманға өлеңнен үзінді көрсеткен жөн:
Сөзіме, қыз əкесі, кұлағың сал!
Быйыл сен іс жасадың бір ақыуал.
Қызыңды бір соқырға бердің ұстап,
Қарамай обалына, ақымақ шал.
........................
Қор қылдың Күлайымды қыз сауыры,
Тек жанды, бағын таппай, бақ дəуірі.
Қаның мал, жаның да мал, малдың құлы,
Қадырсыз, мақылұқсын жоқ бауыры.
(Малабай ұлы Рақымжан )
Өлеңнің мазмұнына тоқталудың қажеті жоқ. «Қыздың құны қырық байтал» деп, қыздарын жасы келген байға да беретін ескі қазақ салтын сынап отыр. Автор бұл өлеңді Кеңестік идеологиямен жазған деп сөгуге де құқымыз жоқ. Ондай жағдай болды ма, болды. Жырдың арғы астарын індетпей, осы жерде біз сөз реті келгенде өлеңнің соңғы шумағындағы «Қыз сауыры» деген сөздің мәніне де кідіре кетелікші: мұндағы сауыр сөзі мінезді дегенді білдіреді. Сонда бұл жерде Мінезді, мінсіз қыз Күлайымыңыз еді дейді автор. Мұны білу үшін де біз сөздікке жүгіндік:
Сауыр – (Алм., Талд.) мінезді, пейілі кең. Қожбанбай теңі келмес сауыр еді (Алм., Талд.). Қазақ тілінің аймақтық сөздігі /Құраст. Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков, Ш.Сарыбаев, А.Үдербаев және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. - 824 бет.
Енді біз осы өлеңнің авторын табу үшін, тағы да талай мұраларды ақтаруымызға тура келді. Бір қызығы, қолжетімді материалдардан Малабай ұлы Рақымжан туралы деректерді табу қиынға соқты. Сөйтсек, оның сыры басқада екен. Малабай ұлы Рақымжан атына байланысты ұшқындап қана кездесетін деректер мыналар:
- «Егемен Қазақстан» газетінде (2019ж. 16 желтоқсан күнгі нөмірі) жарияланған «Басылым басшылары – Сәкен СЕЙФУЛЛИН (1922-04.1924)» атты мақалада: «Сәкеннiң қолдауымен Шолпан Иманбаева, Жақан Сыздықов, Мәжит Дәулетбаев, Сабыр Шарипов, Рахымжан Малабаев, Қайып Айнабеков, Аманғали Сегiзбаев, Таутан Арыстанбеков және басқалары ең алғаш әдеби творчестволық жұмысқа араласады»,– деген деректер кездеседі.
- «Айтыс» атты көптомдықтың ІІІ томының 367 бетінде: «Рақымжан Малабайұлы мен Ыбыраш Мырзалыұлы жайында әзірге деректер табылмады»,–деп берілген.(Айтыс, III том, «Күлтегін», –Астана, 2014).
- https://zhaikpress.kz/ сайтында жарияланған Мұқат Арыстановтың «Мектеп тарихы – ел тарихы» атты мақаласында, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы Жымпиты мектебінің ғасырлық тарихына үңіледі. Мақалада аталған мектепте оқыған көнекөз қария Сәлім Қажиымұлы (1921-2001) өзінің естелігінде «1933-1939 жылдары бізге Малабаев Рахымжан ұстаз болып сабақ берді», – деген дерегін келтіреді.
- https://kzdocs.docdat.com/ сайтына жүктелген «Парсыша сөздікте» қазақтың кісі аты – Рахметжан атауы араб, парсы тілінен келгенін, Рәхмәтджан, Рақметжан, Рахметжан (рәхмәт + джан) деп түсіндіре келіп, осы сөзге көркем әдебиеттен мысал ретінде мына сөйлемді келтіреді: Мен әдебиетші емеспін. Бірақ әдебиетші ардагерлерді еске түсіру кезінде өзімнің ағайым Малабаев Рахметжан жөнінде айтқым келеді (С. Малабаев).»
Осы бірнеше айтылымдардан біз ой қорыта келе, Малабай ұлы Рақымжан пен Рахметжан Малабаевтың бір адам екеніне көз жеткіздік. Енді оқырманға аталған тұлға туралы мәліметті көрсетеміз:
Малабай ұлы Рақымжан – Рахметжан Сәрсенбайұлы Малабаев (1884, Орал губерниясы Жақсымбай облысы №7 ауылы - 1961, Алматы) - ақын, жазушы, драматург, фольклор жинаушы. Орынбордағы оқытушылар даярлайтын мектепті бітірген (1910). Ұзақ жыл мұғалім болған. Бірқатар өлеңдері мен публицистикалық мақалалары, очерктері "Айқап" журналында, "Қазақ" газетінде жарияланған. 1922 жылы "Тура тиген қарғыс" үш актілі комедиясы. "Ошақ тұтқыны", "Надандық құрбаны", "Шариғат құрбаны", т.б. бір актілі пьесалары жарық көрген. "Аштық құрбаны" повесі 1929 жылы "Жаңа әдебиет" журналында жарияланған. 1934 жылы Ташкентте "Атамандар жорығы" әңгімелер жинағы басылып шыққан. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысқан. Көптеген дастандар, толғау-жырлар, өлең-термелер жинап, 4 қолжазба тігіндісін Әдебиет және өнер институтына тапсырған (1946).
Аталған деректерден кейін біз Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына көз жүгіртуімізге тура келді. Екі қордағы Малабайұлы ұсынған қолжазбалардың тізімін көріп таңданбасқа шарасыз қалдық. Саралап, салыстыра келе, ақын, жазушы, драматург, фольклор жинаушы Малабай ұлы Рақымжан аса мол құнды мұраны Кеңес кезінде-ақ түпнұсқа күйінде қолжазбалар қорына өз қолымен бергенін көрдік. Атап айтқанда, қалам иесінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында түрлі жанрдағы төрт бума қолжазба материалдары; Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында жиырмашақты дәптерден тұратын құнды мұралары сақталған. Фоликлор жинаушы Рахметжан Сәрсенбайұлы Малабаевтың көбірек жинақтағаны бұдан екі ғасыр бұрынғы ақындардың жырлары, айтыстары, халықтық жырлар көрінеді. Кейбірі неше жүздеген беттен тұратын, төте жазумен жазылған көненің көзіндей жазбалар. Бұл мол қазынаны зерделеуге осы жазбамызды оқып отырған әрбір оқырман қызығушылық танытары сөзсіз.
Біз іздеп жүрген Малабай баласының дерегін табу біршама қиынға соққан себебі де белгілі бола түсті. Екі қолжазба қорындағы аталған толағай жазбаларды тапсырушының (автор, жинаушы, құрастырушы) есімі Рахмет Малабайұлы, Рахым Малабайұлы, Рахымжан Малабайұлы, Рақымжан Малабайұлы және Р. Малабаев болып бірнеше түрлі жазылған.
Енді міне, Ахаңның «Сауат ашқышынан» бастау алып, бір ғасыр бойы қордаланған сарғайған қағаздарды, елгезек сайттар мен заманауи деректерді ақтара отырып, талай шиырға бастаған сырдың құпиясы ашылды. Бір дәуірде бір кісінің есімі бірнеше түрлі жазылғанымен, ұлтының ұлы мұрасындағы қолтаңбасы өзінікі болғандықтан, ақыры туған еліне еселі еңбек еткен Р. Малабайұлының ұрпаққа аманаттап кеткен қазынасы зерделене түсеріне сенімдіміз.
Әйтеу ұзақ шиырлаған соң, Р. Малабайұлының жоғарыда атап өткен жиырмаға жуық құнды деректерінің ішінен бірнешеуінің тізімін де айта кетелік:
- Кенішбай мен Айса қыздың айтысы. Кенішбай мен қызы Сараның айтысы. №2 / Айтушы: Кенішбай Жұбандықов; Жинаушы: Рахым Малабаев. - 1946. - 15 б. - Араб әрпінде. Қарағанды экспедициясы.
- Аймағамбет молда мен Фатхоллақызы Нұрқияның айтысқаны. №2 / Жинаушы: Р. Малабаев. - 1946 ж. - 25 б. - Араб әрпінде.
- Дәрібай ақынның жыры / Жинаушы: Р. Малабаев. - 9 б.
- Дайрабай ақынның өмір тарихы және өлеңдері / Жинаушы: Р. Малабаев. - 9 б. - Араб әрпінде.
Бұл Р.Малабайұлы жинап, қорға өткізген мұралардың аз бөлімі ғана. Сондай-ақ Рахымжан Малабайұлының "Атамандар жорығы" атты кітабы 1934 жылы Ташкентте баспадан шыққан. Кітап сол кездегі қазақ латын жазуымен басылған.
Бұл мұралар бүгінгі таңда Алматыдағы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы.
Құрметті оқырман, осылайша біз А.Байтұрсынұлының «Сауат ашқыш» атты оқулығына шығармалары енген Елеусіз Бұйраұлы мен Рахымжан Малабайұлының кім екенін көптеген тарихи және заманауи материалдарға зерттеу жасай отырып, ғылыми тұрғыда тұрақтандырдық. Арасында қазақтың «шолан» мен «сауыр» сөзінің де төркінін тапқандаймыз. Алаштың Ахметімен үзеңгілес өмір сүріп, ғұмырының соңына дейін Алашқа қызмет еткен қос арысты қайта танығандай болдық. Ел болып оянып, бірінің кемін бірі толықтап, қара тұяқтарынан хал кеткенше ел жүгін арқалаған ерлерді толықтай зерттеп, ұрпақ еншісіне сыйлайтын кез жетті.
Жақсы кітаптың өлмес рухы, шайқалмас шарапаты болады. Ал, бүгін осыны жазып отырған біз бен оқып отырған сізді Ахаңның «Сауат ашқышының» шарапаты шарпыды.
Әділет Ахметұлы