Ахаң не үшін1925 жылы да «Оқыу (وقىۋ)» сөзін «Оқу (اوقۋ)» деп «жазды»?
Ахмет Байтұрсынұлының 1925 жылы баспадан шыққан «Оқу құралы» 1923 жылғы басылымының тіке көшірмесі. Оған оқулықтың мұқабасынан тартып, соңғы бетіне дейінгі әрбір сөз-сөйлем мен үтір, нүктелердің ауар-тамарсыз айнытпай басылғаны дәлел:
Суретте, сол жақта 1923 жылғы Орынборда басылғаны нұсқа; Оң жақта 1925 жылғы Орынборда басылған нұсқа. Екеуі ұп-ұқсас. Мұны айырықша тілге алып отырғанымыз, 1924 жылы Ахаң өзінің әліпбиіне аса үлкен өзгерістер енгізіп, төте жазудағы әріптерді (қазақтың төл дыбыстарына сай) және емле ережесін тұрақтандырған еді. Онда, ч, ф, х, әріптерін әліпбиден шығарып тастаған. Және күні бүгінге дейін дау тудырып келе жатқан «й» мен «у» ға қатысты дауға да сол 1924 жылы нүкте қойылыған. Мысалы, оқу – оқыу, білу – біліу болып жазылатыны да ғалымдар жағынан мақұлданған болатын. Ал, 1925 жылы Орынборда басылып шыққан «Оқу құралында» «оқу» сөзі көне емле бойнша «اوقۋ» - «оқу» болып жазылғанын көріп, жерден жеті қоян тапқандай: «А.Байтұрсынұлы 1924 жылғы емлесінен кейін де, «у»-дың алдынан дауысты дыбыс жазбады», - деп ғалымның ұстанымын терістеуге тырысып көрген жазармандар бар. Ахаңның аталған оқулығы 1923 жылғы басылым бойынша өзгеріссіз, бұрынғы емлемен басылуы сол кездегі оқулық жетіспеушіліктен, кітапқа деген шұғыл сұраныстан еді. Сондықтан, ғалым 1924 жылы бекітілген емлені пайдаланып, «Оқу құралын» қайта жазуға үлгірмеген. Аталған оқулықтың мұқабасы мен айқара бетіне «1925 жыл» деген сөзі ғана қосып, басқа жағы түгелдей копиямен басылғаны айдан анық көрініп тұр.
1924-жылдан кейін басылым көрген мыңдаған кітаптың ішінде осыдан басқа бірлі-жарым кітап болмаса, өзгесі түгел жаңа емле, жаңа ереже бойынша басылған. Осы бір тарихи жағдай себебінен өзгеріссіз басылған оқулықты көлденең тартып, Ахаңды өз ұстанымын жиі өзгерткен кісі ретінде көрсеуге талпынудың өзі ғылымға және ұлт ісіне қиянат емес пе?!
Бір қызығы, осыны көлденең тартып жүрген кісілер арысы шағатайша, берісі қадімшеден келе жатқан, төте жазуда 1912-1924 жылдар арасында қолданылған емлені толық түсінбейтінін де көрсетіп отыр. Ахаң 1912-1923 жылға дейінгі «Оқу құралында» «ы» дыбысының жазылуы туралы былай дейді:
«Ы»-жазылатын да, жазылмайтын да орындары бар. «Ы» сөз басында келсе, алдынан сүйеу таяқ (ا) жазылады. Ол сүйеу таяқ сөз басында «ы» келген жерде жазылса да, жазылмаса да қойылады. Һәм «ы» орнына оқылады деп түсіндіру керек («Оқу құралы», 1923. – 16 б.).
Оқулықтың осы бетіндегі ырым, ырыс секілді сөздердің ырм (اىرم), ырс (اىرس) болып жазылған себебі, алдында сүйеу таяқ (ا) тұрғандықтан, екінші «ы» ның жазылмаса да, бар екенін білдіріп тұр. Яғни, бұл жерде біз сүйеу таяқты көрген екенбіз, аталған сөзде «ы» бар болса да, жазылмайды, бірақ, бар деп түсінеміз. «Оқыу» (وقىۋ) деген сөздің «оқу» (اوقۋ) болып жазылуы да сөз басындағы сүйеу таяқты көрген кісіге «қ» дан кейін «ы» бар екенін меңзейді. «Оқу» сөзінде «у» алдында «ы» жазылсын, жазылмасын оны бар деп білуге хақылымыз.
Ахаң бұл сүйеу таяқтың сырын «ұ» дыбысын (әрпін) түсіндіргенде де арнайы ескерткен еді. Оның да заңдылығы осымен ұқсас болғандықтан, бұл жерде қайталап отырмадық.
Осыларды қорыта келгенде, өткен ғасыр басындағы зиялы қауым «оқыу»-ды «оқу» (اوقۋ) деп жазуы, «у» дыбысын дауысты деп танудан емес, керісінше, «сүйеу таяқ» келген жерде «ы» ның жасырын тұрады деген ережеге бағынғандықтан еді. Кейін, яғни 1924 жылы Ахаң бастаған ғалымдар сүйеу таяқты да қолданыстан шығарып, «ы», «ұ» (і, ү) дыбыстары қай жерде анық естілсе, сол жерде ашып жазды. Тіпті, шеттен енген сөздерге де осы ережені қолданды. Оқыу, біліу, сұу, тұулақ, шұуақ, сыйлық, тақыйа, кемесійе (комиссия), Ыйталы (Италия) т.б. секілді сөздер міне осылай жазылды.
Біздің бұл шағын жазбамыз Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын ақтарып, зерттеп жүрген бүгінгі және келешектегі мұрагерлерге бір түйткілдің жауабы ретінде жазылды. Дүйім жұртқа Ахаңды шынайы таныту үшін, ғалымның мың жылға азық болардай ұлы мұраларын ғылыми айналымға түсіріп, ұрпақтар санасына сіңіру үшін, алдымен Алаштану, Ахметтану төңірегінде жүрген ғалымдар тарихи материалдарға обьективті көзқарас орнатып, «шынның жүзінен» именіп, «Рас сөзге шын жауап» беруіміз керек. алаштанушы деген аса қастерлі әлі даңқты, салмағы ауыр атты арқалап жүрген зерттеушілер алдымен өздері бірауызды, сыйласымды болмаса, қаймана қазақтың Ахметін өз деңгейінде тануы мүмкін де емес.
Әділет Ахметұлы