А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ ТАҒЫ БІР МАҚАЛАСЫ ТАБЫЛДЫ

БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ БІР МАҚАЛАСЫ ӨЗІНІҢ ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ІШІНЕН ТАБЫЛДЫ

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (балаларға) (1912-1925 жылдары көп рет басылған), «Оқу құралы» (үлкендерге) (1921 жылы 2 рет басылған), «Сауат ашқыш» (сауатсыз үлкендерге 1-кітап) (1926 жылы), «Әліпби. Жаңа құрал» (1926-1928 үш рет басылған), «Тіл-құрал» (1914-1927 жылдары үш бөлімнен тұратын, ілгерінді-кейінді 34 рет басылған), «Тіл жұмсар» (І, ІІ), «Баяншы» (1920-1921, оқытушылар қолданбасы) және «Әдебиет танытқыш» (1926) атты кесек теориялық еңбегін ішіне алған  оқулықтары басылым көргені белгілі.  Ғалым аталған оқулықтарына енген әдеби үлгілерге (шығармалардың)  мүмкіндігінше авторын немесе дереккөзін көрсетіп отырған. Аталған оқулықтарда берілген дереккөздерге сүйене отырып өткен ғасырдағы немесе онан да ерте кезеңге тәуелді тұлғаларды немесе әдеби мұраларды зерттеуге жол ашылады.

А. Байтұрсынұлының 1926 жылы баспадан  шыққан «Сауат ашқыш» атты оқулығы қарамаққа сол тұстағы сауатсыз үлкендерге арналған құрал болғанымен, ішінде берілген көне жырлар, аңыздар, аудармалар, мысалдар және танымдық мақалалардың алаштану мен ахметтануда алар орны ерекше. Аталған оқулықта берілген алуан жанрдағы  40 мәтіннің барлығы екшеле отырып, саралап таңдалғаны байқалады. Әсіресе оқулықтың соңғы бөлімінде берілген ғылыми, танымдық мақалалардың салмағы ауыр. Сол мақалалардың бірі – «Өрбу» атты шығарма. Біз «Өрбу» атты шығарма туралы бұдан бұрын да ««Өрбу» атты мақаладан табылған тоғыз сөздің сыры» атты жазба жарияап, өзге мәтіндерден бөгенайы бөлек сол тақырыптың құпиясына үңілген едік. Аталған жазбамызда біз «Өрбудегі» тың тіркестердің мәнін ашуға талпынғанбыз. Сол жазбамызда біз осы «Өрбу» ахаңның өзінің шығармасы емес пе екен деген сауалды да көлденеңдеткен едік. Енді, бүгін көзіміз жетіп отыр. Автордың «Сауат ашқыш» атты оқулығындағы «Өрбу» атты мақала автордың – А. Байтұрсынұлының өзінің шығамарсы болып шықты.  Енді мақаланы ғалымға тәуелдеп отырған уәжімізді айталық:

  1. А. Байтұрсынұлы өзінің «Сауат ашқыш» атты оқулығына енгізген мақалалардың бәрінің авторын немесе алған басылымын көрсеткен. Алайда, «Атақозы би», «Алдар көсе», «Қожанасыр», «Мүңке би (Мөңке)», «Көсем бала» және «Қожанасыр ақылы» қатарлы 6 фольклорлық мұралардың ғана жинаушысы көрсетілмеген. Өзге көне жазбаларға автор түгел келу қайнарын көрсетіп отырған. Айталық, Мұса Шорманұлы, Әбубәкір Дибаев және Алтынсарыұлы Ыбырай жинаған мұралардан алғанын әр шығарма соңында беріп отырған. Аталған оқулықта берілген 40 әдеби мұраның 33-іне түгел жинаушы немесе аударушыны яғни авторды көрсетіп отырып, жоғарыдағы 6 аңыз-ертегіге дереккөз келтірмеуінің себебі, аталған 6 материал А. Байтұрсынұлының өзінің жинақтап жүрген мұраларында бар болып, өзі жазған оқулыққа қайта-қайта «Ақымет жиғанынан» деп ескертуді әбес санаса керек.  Онсыз да аталған оқулықтағы қырық мәтіннің ішінде бірнешеуін өзінің «Қырық мысалынан» алғанын ескертеді. «Сауат ашқыштың» соңғы бөлімінде көбінесе танымдық мақалалар берілген.  Олардың да барлығына автор есімдері беріледі де, тек осы аталып отырған «Өрбу» атты мақалада авторы көрсетілмеген. Ғалымның барлық танымдық мақалада авторларына құрмет етіп, тек бір мақаланың авторын жазбай кетуінде сыр бар. Бір сөзбен айтқанда, «Өрбу» атты мақала да автордың – А. Байтұрсынұлының өзінің шығармасы. Бұл шағын оқулықта ғана емес, өзі бас болып шығарған «Қазақ» (1913-1918) газетінде де газеттің ең салмақты, ең өзекті тақырыбы саналатын басмақаланы және басқарма атынан оқырмандарға және авторларға берілген жауаптарды ғалым өзі жазып отырған. Бірақ, олардың бәріне автор ретінде есім-сойын тіркей бермеген.
  2. Ғалым баса зерттегені адамзаттың даму тарихы болатын. Бұл туралы «Мәдениет тарихы» атты кесек еңбек жазғаны, ол еңбегі басылым көрместен қолды болғаны айтылады. Аталған еңбек табылмағанымен, ғалымның көптеген мақалаларынан адамзаттың пайда болғанынан тартып өркениетті дәуірге жеткен ғасырға дейін жетелеген нәрсе – ғылым екенін әр жазбасында айтып отырады. «Оқу жайы», «Өрбу» және «Шаруалық өзгерісі» қатарлы мақалаларында үнемі ғылымның құдіретін айшықтай түседі.
  3. Аз сөзбен көп мағына беру – А. Байтұрсынұлына біткен ерекшелік еді.

Мысалы, «Өрбу» сөзі оқырманға түсінікті. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде өрбудің – өркен жаю, өсу, күшею, асқыну, даму, өрлеу мағыналары барлығы жазылған. Автор Жер шары жаралған миллион жылдар бұрынғы ғаламдық өзгерістен бастап, адамзаттың бүгінгі өркениетті дәуіріне дейінгі даму басқышын шағын мақалада барынша ықшамдап шеберлікпен баяндаған. Тақырыптың өзін де бір-ақ сөзбен (өрбу) беріп ойды жинақы жеткізген.

«Дүнійеде өзгермейтүн нəрсе жоқ. Дүнійенің табыйғый, негіздік жолы өзгеріс, өзгергенде кер кетіп, кеміп өзгеріу емес, ілгері басып, жеттіге, жетіле, өсіп-өне өзгеріу. Мұны ғылым тілінде «еуолұтсыйа» (табыйғат тағдыры) дейді», – деп мақаланы бастаған автор жер шары пайда болған 5-6 миллиондаған жылдардағы табиғат өзгерістері мен адамзат пайда болған мыңдаған жылдардан бері дамып бүгінгі өркениетті ғасырға қалай жеткенін қысқа да нұсқа баян етеді. Мақаланың көлемі шағын болғанымен, танымдық ауқымы кең.

  1. Қаламгердің өзі зерттеген саласына байланысты жиі қолданатын сөз тіркестері, сөз саптау дәстүрі де осы пікірімізді айғақтайды.

Оқулықтың 53-54 беттеріндегі «Өрбу» атты мақаланың басында мынадай сөйлем  келеді.

Жылдық жерден көз ашып жұмғанша жылдам қабар алып отырған, атсыз арбамен жүріп, сұуды балықтай кезіп, құстай аспанға ұшып отырған жұрттар ғылым мен өнер арқасында, дүнійенің есік-тесігін білгендіктен істеп отыр. Ғалымның 1913 жылы «Қазақ» газетіне жаряилаған «Оқу жайы» атты мақаласында А. Байтұрсынұлы: «Осы замандағы жан таңырқарлық нəрсенің бəрі ғылыммен табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген – ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір шетіне шапшаң хабар алғызып тұрған – ғылым, от арба, от кемелерді жүргізген – ғылым. Осыларды істеп отырған жұрттың бəрі де сондай болмаған. Бұлар да басында біздей, қатта бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе осыншаға жеткен», – деп жазады («Қазақ», 1913, 21 апрель, № 11,Бас мақала). Ал, «Шаруалық өзгерісі» атты мақаласында ғалым: «Атсыз арба жүргізіп, суда балықша жүздіріп, көкте құстай ұшырып, жұмысты машинаға түсіріп отырған адам тәсілінде отсыз болатыны жоқ. Киген киім, ішкен тамақ, бұларға да от қатыспайтыны кем», – деп жазады («Қазақ» газеті, 1915, № 145).

Міне осы сөйлемдердегі жиі қайталанып отыратын тіркестер үш мақаланың да авторы бір адам – А. Байтұрсынұлы екеніне тиянақ болады. Оның үстіне ғалымның жиі қаузаған тақырыптарының бірі өркениетті ел болу, ғылым мен өнер арқылы ұлтты ағарту, озған елдер қатарына жеткізу болғандықтан, осы салада жиі ізденгені байқалады. Аталған тақырыпта жазғанда үнемі адамзаттың аң секілді ежелгі дуәрінен тартып бүгінгі ғылым күші арқылы өркен жайған ғасырларға дейінгі кезеңін салыстырып, «аңша», «аңсымақ», т.б. атауларды жиі қолдануы да болжамымызды қуаттай түседі.

Осыларды жинақтай келгенде,   150 жылдығында ғалымның «Өрбу» атты мақаласы автор өзі жазған оқулық – «Сауат ашқыштан» (53-54 беттер) табылды деуге болады.  Төменде аталған шағын мақаланың мәтінін береміз (оқулықтағы емліге сай). А. Байтұрсынұлының шығармаларымен етене жақын ғалымдар мен әдебиетшілер дәлеліміздің дұрыстығына сеніп, қолдай түсеріне сенімдіміз.

 

 

  1. ӨРБҮУ

Дүнійеде өзгермейтүн нəрсе жоқ. Дүнійенің табыйғый, негіздік жолы өзгеріс, өзгергенде кер кетіп, кеміп өзгеріу емес, ілгері басып, жеттіге, жетіле, өсіп-өне өзгеріу. Мұны ғылым тілінде «еуолұтсыйа» (табыйғат тағдыры) дейді.  

Үстіміздегі шені, шеті жоқ көк, күндіз болса дүнійені жарық еткен күн, түн болса аспанда күлімсіреп тұрған ай мен жұлдыздар, іздесең тіршілігіңе керек нəрсенің бəрі табылып, анаша асырап отырған мынау жер, ол жердің үстіндегі жанды, жансыз мақлұқтар бəрі осы түрінде, осы күйінде, осы қалпында болмаған. Мəселен, жер осы түр, осы күй, осы қалпына жеткенше, ғалымдар айтыуына қарағанда, 5 – 6 мілійөн жылдар өткен. Жердің тұман сыйақты бұуға ұсаған замандары да болған. Онан келе-келе қойылып, балқыған қорғасынға ұсаған замандары да болған. Онан бері келе тас болып қатып қалған замандары да болған. Сонан соң тас ұсатылып, үгіліп, топырақ болып жерге айналған. Жерге айналған соң сұу пайда болған. Сұу пайда болған соң өсімдік аталған түрлі жер түктері ағаш, бұта, шөптер, жаныуар аталған түрлі жандықтар  пайда болған. Ол айтылған жердің түктері де, ол айтылған жандықтар да осы түр, осы қалпында болмаған. Өзгеріле-өзгеріле келіп, осы күй, осы түр, осы қалыпқа түскен. Адам да осы түр, осы кескін, осы қалыпты болмаған. Тұрмысы, істеген кəсібі, ұстаған жолы, жұмсаған білімі, тұтынған нəрсесі осы күнгідей болмаған.

 Адамзат адам болғаннан бері де неше мың жылдар өткен. Неше мың жылдарды өткізе, неше түрге түсіп, жеттіге, жетіле келіп, осы күнгі тұрмыс түрін тапқан. Бұл тұрмысқа жеткенше адамның тұрмысы, қалпы, салты талай өзгерген, талай құбылған. Өнер білім де талай күйді басынан кешірген, талай жанып, талай сөніп, тағы көтерілген. Бір-ақ ілгерінің ақылы, білімі кейінгіге қалып, кейінгілер оған қосып жамай келіп, тіршілік əдісі артылып, ақтығында өнер-білім ауданы ұлғайа, кеңій берген. Күн көріс тəсілі молайа берген. Пайдалы тəсіл алынып, пайдасыз тəсіл қалынып, тіршілікке керек білімдер атадан балаға, үлкеннен кішіге, нəсілден нəсілге қалып, білім сабасына құйылып отырған. Осы күнгі білім-өнер дегеніміз адам болғаннан бергі адам баласының тапқан тіршілікке керек əдіс-амалы. Өнер-ғылым білген адам тіршіліктің ісіне керек əдіс, амалды жақсы білмек.

Күн көріс ісі оған оңай, барлық қақпасының неше есігі, неше тесігі оған мəлім. Жылдық жерден көз ашып жұмғанша жылдам қабар алып отырған, атсыз арбамен жүріп, сұуды балықтай кезіп, құстай аспанға ұшып отырған жұрттар ғылым мен өнер арқасында, дүнійенің есік-тесігін білгендіктен істеп отыр. Бұл ғылым-өнер табыйғат тағдыры бойынша аса бермек, өсе бермек. Бірақ адам баласының бəрі қатар жетіліу, қатар жеттігіу жоқ.

Табыйғат тағдырының жолы – жарыс, талас, тартыс, күрес. Бəйге өнерлі жүйріктікі, əдістінікі. Қарасақ қатар жетіліп отырған жұрт жоқ. Біреу ілгері, біреу кейін, біреу көкке ұшатұн, сұуды кезетүн мәшійнелер істеуге жеткенде, біреулер терінің де жөндеп ійлеуін білмей, қаудырлаған тері мен сірі кійіп отыр.

Әділет Ахметұлы

М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері