Түбі бір сөздің түбінде түйедей ойсыл ұғым бар

(Қазақ халқының қашықтық және аумақтық өлшем-мөлшер сөздері туралы)

Әлемдік биіктікте әр мемлекеттің, әр ұлттың даму тариқын бүгінгі саясат, қазіргі экономикамен бағамдамайды. Қайта сол мемлекеттің, сол ұлттың ғасырлар бойы қалыптастырған өзіне тән, басқаларға үқсамайтын меншікті дәстүрлі мәдениетінің деңгейімен бағалайды, соны өлшем етіп анықтайды. Мәдениет деңгейі жоғары ұлтты дүние халықтары жоғары бағалайды, құрмет етеді. Осы тұрғыдан айтқанда қазақ халқының мәдениеті де сол әлемдік биік мәдениеттің шыңындағы жарқырап жанып тұрған алтын көздерінің бірі екені дау тудырмайды.

Қазақ мәдениеті – мекендік және көшпенді мәдениеттің өркенінен өсіп жетілген ұлы дала мәдениеті. Қазақ халқының ғасырлар бойы еткен еңбегінің, төккен терінің жеңісті жемісі. Артқы ұрпаққа алтын мұра, асыл қазына ретінде аманаттап кеткен бабалар аманаты. Өлмес, өшпес өмірлік өсиеті. Әрі қарай айтсақ, сол алып бабаларымыздың мінез-құлқы, бітім-пішні, түр-тұлғасы, ары мен азаматтығы, жомарттығы мен жондылығы, кеңдігі мен кереметі, ерлігі мен серілігі, батылдығы мен батырлығы, сабырлылығы мен сабаздығы, иманы мен ыждағаты, сымбаттылығы мен сұлулығы, тіпті жарқылдаған жан дүниесі, телегей теңіз ой толғақтары мен он сегіз мың ғаламнан қортқан білім, ғылым, өнер көздерінің күретамыры. Тіршілігі мен ғұмыр шежіресінің нәрлі қайнары.

Кез келген мәдениеттің, пайда болған өркенниеттің іргетасы болады. Ол іргетас – сол мәдениетті бейнелеп жеткізетін тіл өнері болып табылады. Мына жалпақ жаһанда тілсіз еш нәрсе жоқ. Бәрі тілді дүние. Тек тілін біліп, сырын тауып сөйлете білсең, бәрі де құстай сайрап, сөйлей жөнеледі. Ал сөздің алтын және жұмбақ сандығы болады. Ол «алтын сандық» деп аталады. Оны біз «сөздік қор» деп атап жүрміз. Осы сөз сандықты ақтарар болсақ, ғасырлар бойы сақталған талай да талай алтын қазыналарымызға жол тартамыз.

Жә, сондай алтынға бергісіз асыл қазыналы сөз қоржындарымызда жатқан меруерт айдай сырлы сымбатты сөздеріміздің бір саласы – қазақ халқының өлшем-мөлшер сөздеріне зейін аударып көрейік.

Көргенде де бәрі емес, бір тамшысы – тек қана ара қашықтық, аумақтық өлшем-мөлшер сөздеріне ғана арналып айтылған түріне тоқталайық. Тоқталғанда да жеке сөз түрін тізбектеп айтып, соның бойында жатқан ұлағатты ұғымдар жайына назар салайық:
1. Ұшқан құстың қанаты талатын жер
2. Құс ұшырым жер
3. Оқ жетпес жер
4. Оқ жетер жер
5. Көз ұшындағы жер
6. Көз көрім жер
7. Йек астындағы жер
8. Тұмсық астындағы жер
9. Қарыс қадым жер
10.Қарға адым жер
11. Шыл адым жер
12. Табан аударым жер
13. Адым дер
14. Сынық сүйем жер
15. Ұлтарақтай жер
16. Алақандай жер
17. Жарты алақандай жер
18. Бір тұтам жер
19. Бір қарыс жер
20. Арқан бойы жер
21. Тас лақтырым жер
22. Ат арқан жер
23. Айғай салар жер
24. Дауыс жетер жер
25. Бір тілкім жер
26. Тоқымдай жер
27. Табақтай жер
28. Табан сияр жер
29. Бармақтай жер
30. Желіп өтер жер
31. Желіп жетер жер
32. Аяңдап барар жер
33. Бір шаптырым жер
34. Су алар жер
35. Қозы көш жер
36. Түстік жер
37. Кештік жер
38. Тәулік жер
39. Айлық жер
40. Апталық жер
41. Жылдық жер
42. Барса келмес жер
43. Ит арқасы қияндағы жер
44. Ит өлген жер,
45. Өліп-талып жетер жер
46. Табан тозар жер
47. Көз айналым жер
48. Қол бұлғар жер
49. Қол сермер жер,
50. Қысыр қатын су алар жер
51. Қазан аузындай жер
52. Қазанның қақпағындай жер
53. Қара бақырдай жер
54. Қол басындай жота (жер)
55. Етектей ғана жер
56. Тонның өңіріндей жер
57. Шалма ілінер жер
58. Құрық салар жер
59. Құлаш жетер жер
60. Құлаш сермер жер
61. Қарайған жер
62. Түйе табанындай жер
63. Жылқы аунайтындай жер
64. Қүлан жортпас қу дала
65. Құс ұшпас қу медйен
66. Өгіз өлер жер
67. Түйелі көш жетер жер
68. Тобықтай төбешік
69. Аспан қалпақты алып тау
70. Төбесін күн сүйген зеңгір
71. Төбесінен құс аспас шоқы
72. Жатаған төбешік
73. Быдырмақ төбелер
74. Құлашты кең дала
75. Тынысы кең жер
76. Кіндігі алыс жер
77. Кіндігі жалпақ жер
78. Етегі ұзын жер
79. Етегі қысқа жер
80. Қойнауы көрінбес аңғар
81. Түпсіз шыңырау сай
82. Апай төс дала
83. Адырлы бел-белес
84. Теке қабақты жартас
85. Тебінгідей ған жер
86. Қар қалпақ кйген шың-құз
87. Қанжардай қадау жартас
88. Қос өркештей қос жота
89. Қос омыраудай қос төбе
90. Бесіктей бел
91. Сарылған сары дала
92. Ұшы-қиры жоқ шетсіз дала
93. От орнындай жер
95.Ошақтай жер
96. Есік пен төрдей жер
97. Тақым қысар жер
98. Ат баурындай жер
99. Ат тағасы түсер жер
100. Түйе табаны тесілер жер
101. Жеті қадым жер
102. Қырық қадым жер
103. Әудем жер
104. Қа сқағым жер
105. Бой жазар жер
106. Екі аттам жер
107. Дыз ете қалар жер

Иә, қазақ тіліндегі жердің шалғайлығы мен жақындығын және жердің аумақ, көлемін білдіретін өлшем-мөлшер сөздерді санап тауыса алмаймыз. Біз бір тамшысының жартысын ғана мысал үшін алып отырмыз.

Керемет. Кереметі сол – қазақ тіліндегі біз мысалға алған жерге қатысты өлшем-мөлшер сөздер айтылған жердің алыс не жақын екенін, үлкен-кіші аумағын ғана білдіріп қалмастан, қандай мақсатқа пайдалануға болатынын да түптеп аңғартады. Аңғартқанда да жай аңғаратпайды, бір ауыз сөзбен ғана жауап ретіде аңғартады. Жеке-жеке сөздерге түйедей-түйедей ұғым ұялатып, айқын айтып, ашық жеткізіп, жеп-жеңіл ұқтырып тұр. Керек болса, санын айтып сапқа тұрғызып, жеткізер ұғымдарды саралап, даналап жаққан шамдай жап-жарық етіп, көзге елестетіп, көкірекке ұмытпастай етіп, ұялы ұғыммен бір жола бекітіп тастайды.

Рас-ау, мына сөздерді естіген әр қазақ баласы айналасына қараса бәрі таныс, бөтен бөгенайы бөлек ештеңе жоқ. Бәрі айнадай жарқырап көзге ұрып, көңілге ұя басып тұр.
Енді айтар да айғақтар да қалған жоқ.

Бір тал шырпыдан ұлы жайлауға, құс аспас шың мен құзға дейін айтылған ұлы ұғымдардың бәрі жеке сөз түбіне ұялап, содан қалқып ұшып жеп-жеңіл, майда қоңыр үндермен келіп, құт құлаққа құйылып жатыр. Ұлан-асыр, ұлы-ұлы дала ұғымдарын тарыдай тамшы сөзге сыйғыза айтқан қазақ тілінің ғажап ғаламатына мойын ұсынбау әбестік болар. Ұшы-қиыры жоқ ұлан-қайыр дала ұғымын түбір сөзге сыйғызып, түгінен түптамырынан мағынасын жетісіне жеткізіп, қозыдай жамыратып айту қазақтың ғана қолынан келеді. Түбір сөздің түбінде түйедей ойсыл ұғым бар. Жоғарыдағы сөздерді жаңғақтай шағып талдауды, тасқаяқтың тасындай қағыстырып талқылауды қажет етпейтін сөздер. Мағыналары нұр шашып жан-жағына сәулесін түсіріп тұр. Тек қана айта білейік, ұға білейік, жаза білейік. Біз қазақпыз, мәңгі біргеміз, сөгілмесін іргеміз.


Жазушы, этнограф Болат БОПАЙҰЛЫ

«Көңіл – қазы, көз – таразы» кітабынан үзінді

6alash ұсынады