Моңғолияны мекендеген қазақтар – дүние жүзі қазақ қауымының бір бөлігі. Абақ Керейден тараған Моңғолиядағы азғантай қазақ бұрынғы ұлы көшпенділердің бүгінгі тірі жалғасы және куәсі. Олар алғаш Алтайдың теріскей бетіне ауа көшіп, Моңғол жеріне қоныстана бастағалы міне 145-155 жылдың жүзі болды. Осылайша ат төбеліндей азғана қазақ малға жайлы, шөбі шүйгін, суы тұнық Қобда өлкесіне қоныс аударып, қазақтардың ұлттық аймағын құрып, шаңырақ көтерді. Осындай қарбалас заманда шаңырақ көтеріп, ұлттық аймақ орнату азғана қазақтарға әрине оңай болған жоқ. Міне бұған, біріншіден жаратқанның жәрдемі тиді десек, екіншіден аз қазаққа ұлан байтақ жер бөліп беріп, дербес ұлттық аймақ орнатуға зор қамқорлық көрсеткен Моңғол үкіметінің салиқалы саясаты, кең қолтық, жақсы қасиетінің арқасы, атажұрттағы қазақ ағайындардың көмек қолын созып, қол ұшын беруінің нәтижесі еді.
Моңғолиядағы қазақтар яғни Абақ керейдің бір тобы Алтайдың теріскей бетіне, яғни Қобда өлкесіне қоныс аудару мәселесі жайлы біздің тарихшыларымызда көптеген зерттеулер жасап бір қатар еңбектер жазды. Дәл қай жылдардан қоныс аударғандығы жайлы дөп басып айтатындай анық дәлел жоқ. Бұл жайлы құнды деректер Моңғолияның батыс өлкесіне саяқат жасап Қобда өлкесіндегі қазақтардың көші-қоны, тұрмыс-тіршілігі жайлы арнайы зерттеу жасап өткен Ресей саяхатшылары, тарихшы этнограф ғалымдары Г.Н.Потанин, Г.Е.Грумм-Гржимайло, А.М.Позднеев, В.В.Сапожников, сауда миссионері А.В.Бурдуковтың кейбір еңбектерімен күнделіктерінде жазылған.
Дәлірек айтсақ 1852-1864 жылдар аралығында Мәнжу-Чин үкіметі қазақтардан алатын түрлі алым-салықты молайтып, сондай-ақ жайылым қоныс тарылу салдарынан аз ұлттар арасында түрлі көтерілістер шығып, қамал қорғаныс салуға «кісі алымын» алып оларды ақысыз-пұлсыз жұмыстатып осындай саяси, экономикалық, әлеументтік ахуалдың ауырлауынан болып қазақтардың бір тобы Керей, Уақ, Найман руларының кейбір ықпалды адамдары өз руларын бастап Алтайдың теріскей бетіне ығысып әуелі жаз жайлап, күзде мал отарлатып, қыста Алтайдың күнгей бетіне қайта келіп жүріп 1870 жылдың басында түбегейлі қоныс аударған көрінеді. Моңғолия қазақтары жайлы зерттеу жасап алғаш рет 1960 жылы ғылыми туынды жазған тарихшы Ә.Мініс, А.Сарай «алғаш қазақтар Алтайдың теріскей бетіне мал отарлата жүріп 1868-1869 жылдардан бастап түбегейлі қоныс аударған» [ Ә.Мініс, А.Сарай. БНМАУ. Баян-Өлгий аймгийн казах ард түмний түүхээс. УБ. 1960, 8-бет] – деп жазса, Моңғолия ғалымы Цэвэн Жамсранов «Қазақтар 1860 жылдары Алтайдың бергі беті Қобда өлкесіне мекендей бастаған екен»[ Цэвэн Жамсранов. Дархат, Хөвсгөл нуурын Урианхай… Хасаг, Хамниган нарын гарал үндэс өгүүлэл. УБ.,1927, 132-бет] – деген деректі мәліметтерден тыс белгілі тарихшы Зардыхан Қинаятұлы «Абақ керейдің бір тобы XIX ғасырдың соңғы жартысы, тұспалдап айтқанда 1860-1870 жылдардан бастап Моңғол жеріне мал ортарлатып, қоныс аудара бастағанына көз жеткізе аламыз»[ Зардыхан Қинаятұлы. «Моңғолиядағы қазақтар», Алматы.,2001, 69-бет.] – деп түйіндеген. Сондай-ақ Моңғолия үкіметінің ұлттық мұрахатындағы (архив) материалда Моңғолия үкіметінің 1924 жылғы құрылтайына қазақтар атынан өкіл болып қатысқан Дәуітбай Тауданбек ұлының сөйлеген сөзінде «Қазақтар Моңғолия жеріне алғаш мекендегелі, міне 60 жыл болды»[ БНМАУ-ын Анхдугаар их хурал. Дэлгэрэнгүй тайлан. УБ. 1984, 216-бет.] депті. Сонда бұл 1864 жылдар шамасы болып отыр.
Осылайша Моңғолия қазақтары Қобда өлкесіне отырақтанып, ұлттық аймақ құрған уақытқа дейін біраз ауыр күндерді де бастан кешіріпті. Сонау 1911–1912 жылдары қанқұйлы халмақ Дамбийжанцан момын халықтың үрейін ұшырып, аздырып тоздырғаны тарихта «Жалама лаңы», «Жалама айдаған» жылдар атанды. Одан 1930-1940 жылдары Сталиндік нәубаттан өзге зұламатқа ұшырамай моңғол жұртымен терезесі тең өмір кешіп келеді. Ал Моңғол үкіметі осынау қиын күндерде 1940 жылы қазақтың дербес Баян-Өлгий аймағын орнатты. Қазақ әкім тағайындады. Рухани тұрғыдан айытсақ, салт-дәстүр, тіл мен дінімізге айырықша көңіл бөліп отырды. Ұлттық театр, мәдени орда, музейлер ашылып, барлық елді мекендерде орта мектептер пайдаға беріліп, қазақ тілінде оқу ағарту ісін жүргізді. Осылайша мәдениет пен өнеріміз тарихи сындарға төтеп беріп, қиын-қыспақ кезеңдерден, асу-асу белдерден асты. Ұлттық тіл, салт-сана, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнердің қаймағы бұзылмай бүгінгі күнге жетті. Бұл халқымыздың күрескер, намысқой мінезі мен аға буындылардың жан кешті еңбегінің жемісі. Моңғолия үкіметінің салиқалы саясаты, кең пейілділігі, қамқоршы Қазақстанның бауырмашыл жан ашырлығы, жан-жақты қол үшін беруінің нәтижесі деп бағалаймын. Осы орайда Моңғолия қазақтарының рухани әлемі жайлы сөз қозғасақ ол да бір терең сырлы дүние. «Қазақ сахарасынан өрбіген халықтардың ішінде Моңғолиядағы қазақтардың ұлттық мәдениет қорына қосқан үлесі ұшан теңіз аса сүбелі»[ Сұлан Тәукейұлы. «Ұлт мәдениетінің ұлағатты ордасы» Бес Боғда журналы, УБ.2011, 6-бет]. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнері шалқар дария десек, Моңғолия қазақтарының жасаған материалдық және рухани мәдени байлығы сол дарияға құйатын арналы өзендей.
Қасиетті дініміз
Ислам дінін берік ұстанып ұлттық салт-дәстүр, әдет ғұрптары мен ислами қағидаларын орындап бүгінге күнге дейін рухани санасын шөлдетпеген халықтың бірі Моңғолия қазақтары екеніне тарихышыларымыздың еш таласы жоқ. Ата-бабаларымызда қиын-қыстау талай-талай тарихы кезеңдерді бастан кешсе де әр дайым көкірегінен «Алла – бір, Пайғамбар – хақ, Құран – шын» деген ұлы сенімін өшірмей бүгінгі күнге жетіп қасиетті дініміз қайта мәуелеп өркен жайып отыр. XX ғасырдың басында ойпыл-тойпыл қиын замандарда асыл дінге деген халықтың сенімі өте жоғары болған. «Моңғолия қазақтары арасынан 1908, 1926 жылы екі топ, жаназа намазын оқытып, ағайынмен арыздасып қоштасып қажыға аттаныпты»[ Зардыхан Қинаятұлы. «Моңғолиядағы қазақтар», Алматы.,2001, 128-бет.]. «1880-1990 жылға дейін қазақтар Қобда бетіне Өр Алтайдан асып келіп, ел ағалары, би моллалары бастап мешіт салдырып бала оқыта бастаған екен»[ Моңғолия Мұсылман Ұйымдар Одағы. «Имандылық қайнары» УБ.2010, 14-бет]. Осы тұста Керей қазақтары арасынан шыққан белгілі ағартушы, діни ғұлама Ақыт қажы Үлімжі ұлы (1867-1940) халықтың санасын оятып, ел арасына рухани насихаттар жүргізді. «Ақыт қажы Үлімжі ұлы Қобда бетіндегі ауылдар арасында моллалық істеді, бір топ діндарды Мекке, Мединеге ертіп барды. Әсіресе Ақыттың қазақ әдебиетін дамытудағы діндарлық өлең, қиссалар жазып Ислам дінін таратудағы орны бөлек»[ Шынай Рахмет ұлы. «Моңғолиядағы қазақ халқы», УБ. 2007, 221-бет]. Бір қатар деректерден халық арасында қасиетті дініміз үшін аянбай тер төккен молла, діндар адамдардың да көп болғанын байқаймыз. Моңғолияда 1937-1938 жылдары етек алған «эсэргүү» деп аталатын саяси нәбет басталып дінді жоюу бағытындағы социализм атанған дәуірдегі идеология, асыра сілтеушілік Ислам дінінің мешіт, медіреселері мен діндар аға буынға қырғидай тиіп моллалар, дін жанашырлары болған көптеген адамдар жазықсыз жазаланып құрбан болды. Осындай ауыр күндер кешсе де қасиетті дінімізді, ислами жосындарды қарапайым халық жоймады, жүрегін де сақтап, санасында тоқыды. 1990 жылдардан демократиялық жаңаша өзгерістер діни орындарды қайта құруға мүмкіндік туғызып, дінге деген наным, дінімізді қайта бекіте түсті. 1990 жылы Моңғолия Мұсылман Қоғамы (ММҚ) құрылды. Дінімізді қайта жандандырып, имандылыққа бет бұрыс жасауға аталмыш қоғамның қосқан үлесі зор. ММҚ-ын құруға бірден-бір себепкер болған азамат дипломат Сайран қажы Қадырұлы болды. Қазіргі таңда Улаанбаатар, Баян-Өлгий аймағында және барлық сұмын орталығында мешіт, медіреселер қызмет жасайды. Улаанбаатар қаласындағы «Ел Бірлігі» бейресіми ұйымының атқарушы әкімі Жеңісбек қажы Қабидолдаұлы қатарлы азаматтардың бастамасымен Түрікия мемлекетінің халықаралық қайрымдылық қорымен бірлесіп 2009 жылы Улаанбаатар қаласына, 2010 жылы Налайх қаласына зәулім мешіт салып жамағаттың ислами шарттарын орындауға мүмкіндік жасап қызмет атқаруда. Жоғардағы барлық діни ұйымдарда көпдеген шәкіріт тәрбиеленіп, діни білім игеруде.
Оқу, білім
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай Моңғолия қазақтары XIX ғасырда «Сулы жәзит», ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың «Арабша төте жазуын», 1930 жылдары «латин», 1940 жылдан «криллше» қазақ ғарыпын пайдаланып сауатсыздық қаранғылығына ұшырамай көзі ашық болды. «Моңғол үкіметінің 1939 жылы 28-ақпан күнгі жиналысы және мемлекеттік кіші құрылтайдың 17-қаулысы бойынша Қобда аймағындағы қазақтардың білім, мәдениет ісін Қазақстанның жаңа латин жазуы арқылы жүгізу туралы шешім қабылдаған. Қазақтар бұдан бұрын істі араб жазуымен жүргізіп келген болатын»[ Зардыхан Қинаятұлы. «Жылаған жылдар шежіресі», Алматы, 1995. 112-бет]. Ол кездегі бала оқытудың басты жүйесі–үйде оқыту болды. Сонымен қатар мектеп ашып, ауыл балаларын біріктіріп те оқытты. Мәселен,Тұлба сұмыны жерінде Бардам би 1890 жылы мектеп ашып, Ақыт Үлімжіұлын шақырып әкеліп, балаларға сабақ бергізеді. Осының нәтижесінде хат танитын адамдар саны өсіп, халық сауатын ашуға көп пайдасы тиеді. «1929 жылы Бұғы бастауыш мектебінде 60, Ботағара хошуунының Тұлбадағы бастауыш мектебінде 40-тай бала оқиды. 1930 жылы Қазақстаннан Шәріп Өтепов, Абай Қасымов, Бердіқожа, Қайырбай және Шәріп пен Абайдың зайыптары бірігіп алты адам келеді. Олар келісімен Улаанхусқа көптеген балаларды жинап, мектеп ашып, Қайырбай, Шәріп, Баймұқамет молла сабаќ үйретеді. Осы жылдардан бастап, қазақ жастарын оқуға аттандыра бастайды»[ Хурметхан Мұхамадиұлы. «Моңғолиядағы қазақ этникалық тобының қалыптасуы мен дамуы», Алматы, 2000. 206-бет] 1931 жылдардан қазақ тілінде айлық курстер, мектептер ашыла бастаған. «Мектеп саны жыл сайн өсіп отырды. 1941 жылы аймақ көлемінде 695 оқушысы бар 11 бастауыш мектеп жұмыс істеді. 1942 жылы аймақ орталығында мұғалімдер даярлайтын қысқа мерізімді курс ашылып, осы курсқа және келешек орта мектептерге мұғалімдер даярлау мақсатымен Қазақстаннан білікті мұғалімдер шақырылды. Қазақстандық бұл мұғалімдер қазақ мектептерінде және театрда 1950 жылдың орта шебіне дейін қызмет атқарды»[ Зардыхан Қинаятұлы. «Моңғолиядағы қазақтар», Алматы.,2001, 189-бет.]. Қазір криллге негізделген қазақ және Моңғол жазуларын қоса, жеттік меңгереді. «Баян-Өлгий аймағында 40-тан астам орта және бастауыш мектептерде 1000-нан астам ұстаздар қызмет жасап, 24000-нан астам оқушыларға ұлттық-қазақ тілінде дәріс беріп оқу ағарту ісін жүргізіп ортыр»[ Сұлан Тәукейұлы. «Ұлт мәдениетінің ұлағатты ордасы» Бес Боғда журналы, УБ.2011, 10-бет]. Бұл ұлттық тілімізді сақтап қалуға айрықша әсер ететіні белгілі.
Ауыз және жазба әдебиетіміз
Моңғолия қазақтары арасында сурып салма ақын, аузы дуалы шешендер мен көзі ашық көсемдер, күміс көмей, жез таңдай әншілерде аз болған жоқ. Ақын Қ.Тауданбек, Б.Төлебай, І.Оңашыбай. Б.Ақтан, Қ.Мешел, Ш.Жеңсікбай, Т.Бұрқасын, күйші М.Бердібай, А.Исабай, С.Сағынған, Қ.Доламбай, сыбызғышы Ш.Құмақайлар XIX-XX ғасыр алмасу дәуірінде Қобда қазағының ішінде өмір сүріп сол халықтың жоғын жоқтап, жырын жырлаған жандар.
Моңғолия қазақтарының жазба әдебиеті 1940 жылдан басталып, 1950 жылдары Б.Ақтан, М.Құрманқан, Қ.Махфуз, Д.Даниял, Ж.Арғынбай, С.Мағауия қатарлы ақын жазушылар көш басы болса, 1960 жылдары Ж.Байыт, Қ.Шабдарбай, І.Яки, Б.Имашхан, Қ.Дайын, Ш.Зуқай сияқты орта буын өкілдері жалғасып, 1970 жылдары Ж.Кәкей, Ш.Жәмлиха, О.Солтақан, Қ.Тойлыбай. Т.Сұлтан, А.Ақын, Р.Шынай, М.Зүлькафиль, Т.Бодауқан, Р.Сұраған, Қ.Байыт қатарлы келесі толқындар толықтырып, жазба әдебиетінің жаңа замандық озық үлгісін жасады. Ауыз және жазба әдебиетін зерттеуші ғалым Қ.Қабидаш, Ж.Қуанған, Ж.Қиналған сияқты ғалымдар туып шықты. 1955 жылы Өлгийде әдеби үйірме құрылып, 1968 жылы ол Моңғолия Жазушылар Одағының бөлімі болып, одан осы ұйым 1957 жылдан «Жаңа талап», 1970 жылдан «Шұғыла» атты көркем әдеби журналы шығаруы Моңғолиядағы қазақ әдебиет саласының дамуына зор үлес қосты.
Баспа және ақпарат
Алғаш 1941 жылы Баян-Өлгий аймағының азаматтарына хат таныту мақсатымен қазақ баспасының бөлімі орнауы қазақ тілінде газет шығаруға үлкен ықпалын тигізді. 1941 жылы 19-желтоқсанда қазақ тілінде еліміздің тұңғыш газеті жергілікті газеті «Өркендеу» 500 данамен жарық көрді. 1942 жылдан «Үгітші» журналыы және үгіт насихат парақтарын шығара бастаған. «1947 жылы қазақ баспа сөзі үшін елеулі екі бірдей оқиға болды. Осы жылы Улаанбаатар радиосынан аптасына бір рет қазақ тілінде радио хабар беретін болып, оның бас редакторына сол кезде Партияның жоғарғы мектебінде оқытушы қызметін атқаратын С.Қабышай тағайындалса, Улаанбаатар қаласында мемлекеттік баспаханасының жанында қазақ тілінде кітап, газет шығаратын бөлім орнады»[ М.Зүлькафиль. «Баян-Өлгий аймағының бұқаралық баспасөзі және оның көкейтесті мәселелері», Тарлан Тағзым журналы, №1, 6-бет.]. 1957 жылдан «Өркендеу» газетін «Жаңа Өмір» деген атпен шығарылып аймағымыздың барлық сұмындарында таратыла бастады. 2002 жылдан «Жаңа Дәуір» газеті деген атпен шыға бастады. Осы газеттің жанында 1944 жылы алғаш рет қазақ жазушыларының көркем әдебиет үйірмесі орнап жетекшісіне әйгілі ақын Ақтан Бабиұлы тағайындалды. 1956 жылдан «Жаңа талап» (1969 жылдан «Шұғыла» атанған) атты әдеби-көркем журналы шыға бастаған.
1961 жылы Чехословакия елінің көмегімен Баян-Өлгий аймағына байланыс кешегінің ірге тасы қаланып 1964 жылы 365 м биіктікте антенна орнатылды. 1965 жылы Өлгей қаласында Радио станциясы орнап, күн сайын бір сағат, қазақ тілінде хабар жүргізіп келеді. Бұл тек аймағымызда ғана емес еліміздегі тұңғыш жергілікті радио станциясы еді. 2004 жылы Өлгий радиосы мен «Жаңа дәуір» газеті, «Шұғыла» журналы, ТВК-10 телевизиясы біріккен басшылыққа өтіп «Ақпарат баспасөз орталығы» деген атпен жұмыстайтын шешім қабылданады. Соңғы жылдары Моңғолия қазақтары Қазақстан, Шынжан телевизиясының қазақ тілінің арналарымен қатар халқаралық әр тілдегі теле арналарды қабылдайтын толық мүмкіндікке ие болды. Қазіргі жағыдаймен еліміздің Ұлттық бұқаралық радио телевизиясының Баян-Өлгий аймағындағы бөлімі, яғни аймақтың радио хабар редакциясы, 2006 жылы орнаған ULTV жеке меншік телевизиясы, 2010 жылдан «Дербес», «Наз» телевизиясы қатарлы бұқаралық ақпараттық құралдар қызмет атқаруда. 2008 жылы Моңғолдың Ұлттық телеарнасынан «ТВ толқын» атты тележурналын аптасына бір рет жарты сағат уақытымен тұрақты шығара бастаған-ды. Бірақ соңғы жылдары әр түрлі себептерге байланысты осы тележурналды жауып 2012 жылдан бастап БҰҰ-ның ЮНЕСКО-ның қолдауымен жүргізілген жобаның нәтижесінде Моңғолдың Ұлттық телеарнасының екінші арнасы арқылы аз ұлт, өкілдерінің ана тілінде хабар жүргізе бастағаны ұлт өкілдері үшін өте жақсы бастама болды. Қазір аптасына бір рет ұлттық теле арнасынан және радио хабарынан жарты сағаттық «ТВ толқын», «Толқын» бағдарламасы және күн сайын моңғол тіліндегі хабарларды қазақшаға аударып 10 минуттық қысқа хабарлар беріп отыр. Баспа ақпарат саласындағы жеткен жетістіктер Моңғолия қазақтарының рухани талабына сай ұлттық тілде әр жақты хабар, ақпарат қабылдау құқығын туғызып отыр.
Сахналық өнер
1940 жылы ұлттық Баян-Өлгий аймағы орнаған кезден аймақтық клубтың ірге тасы қаланып, осы клубтың алғашқы менгерушісі болып Ақтан Бабиұлы жұмыстады. Одан 1956 жылы Баян-Өлгий аймағында Музыкалы Драма Театры орнап қазақтың ұлт аспаптар оркестірі құрылуы ұлттық өнеріміздің биікке самғауына күшті ықпал көрсетті. Содан бері, ұлттық әнші, күйші, сыбызғышы, биші, маманды актер, музыканттардың бірнеше легі өсіп жетілді.
Баян-Өлгий аймағының ұлттық Музыка Драма Театрының киелі саханасынан Моңғолияның Халық артистері: Ж.Қибатдолда, Ә.Қабылаш, А.Моңғолхан. Моңғолияның Еңбек сіңірген артистері: Т.Дүйсенбі, Б.Қайжамал, Ж.Қаду, Ж.Төлеуқан, Д.Құсайын, Қ.Чапай, Қ.Өсерхан қатарлы өнердің шамын жаққан не бір бұлбұлдар туып шықты. Олардың өнерін келесі бірнеше буын із басарлары жалғастырды. Аймақ театры Моңғолия, Қазақстан авторлары мен әлемнің классикалық көптеген драмаларын саханаға қоюуы еліміз бен ұлтымыздың зор мақтанышы болды. Қазақ деген аса әнші халық күйші халық. Моңғолия қазақтарының арасында айтылатын халық әндері көп-ақ. Сазгер күйші Қабыкей Ақмерұлы, ақын Имашхан Байбатырұлы, сазгер Мұсайф Құсайынұлының жинақтап басқаруымен 1965, 1972, 1983 жылдары Баян-Өлгийде жарық көрген «Моңғолия қазақтарының халық әндері» атты жинаққа 400-ге жуық ән кірген. Қобда қазақтарының әндерінде қазақ халқының қара өлең сарыны, ел-жерін аңсау, артта қалған ата-анаға, туыс туғандарға арнау, заман ағымын, айттырған жарды, жақсы ат пен қыран құсты, ірге тепкен жаңа мекенің мақтауы басым. Көпшілігінің әні жалпы қазақтың халық әні де, сөзі Қобда бетіндегі қазақтар өміріне тән. Бұл, әрине қазақ қай елде, қай бұрышта жүрсе де жалпы қазақтың рухани өмірінен қол үзбегеннің белгісі.
Мінеки ағайын! Аз ұлтымыз әр дайым басқадарға бодан болмай өзінің асыл дінін ардақтап, ана тілін қастерлеп, қазақи салт-сана, әдет-ғұрпын биік ұстап, мәдениет пен өнердің қаймағын бұзбады. Қарапайым тұрғыдан айтсақ халқымыз рухани жақтан еш шөлдемеді, сол заманнан бері материалдық тұрмысымыз да «көппен көрген ұлы той» дегендей ойдағыдай жақсы. Моңғол ағайындармен тереземіз тең. Ассақ төрінде, қалсақ сырмақ шетіндеміз. Ғасырлар бойы ата – бабаларымыз ұлтымызлың «жақсысын асырып, жаманын жасырып», салт-сана, әдет-ғұрпын, асыл дінін, ана-тілін ардақтап сол үшін басын бәй тігіп, бәз қалпында сақтап, қастерлеп келді. Басқаға бодан болмай намыс туын биік ұстады.
Ендігі үлес бізге аманат! Бұл біздің елдігіміз бен теңдігімізді көрсетіп тұратын сара жол, ұлт жандылық намысқой мінезіміз бен қайсар қасиеттеріміздің куәсі деп ойлаймын. Осы қаймағы бұзылмай бізге жеткен рухани байлығымызды жоймай, келешек жастардың жырғаулы тіршілігі мен жарқын болашағы үшін асыл дініміз бен ана-тілімізді қастерлеп, әр дайым береке-бірлікте болып, ұлтымызды қорғай білейік, ардақты Ағайын!
Қазағымның рухы биік болып, күн сайын өркендей берсін! Алла сәтіне жазғай!
Шынарбек Сейітханұлы,
Тарих ғылымының магистранты
керей сайтынан алынды
6алаш ұсынды