"Құрбыжан"-ның құдыреті

Ақын Райхан Ібінқызы

 

“Құрбыжанның” авторы, ақыйық ақын – Райхан Ібінқызы

"Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәттә күй" дегендей, мен тұңғыш тыңдап, тылсым сырларына таңданған, рухани әлем есігін енді ғана ашқан “Құрбыжан” мәтіні үстіміздегі жылы 34 жасқа толыпты. Әннің балапан қанаты алғаш қағылғанда, Қытадың астанасы Бейжіиңде өткен аз санды ұлттардың ән фистивальінде мемлекеттік бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болып, “Құрбыжанның” авторы, ақыйық ақын – Райхан Ібінқызы жарқыраған алтын медальмен және ақшалай сыйланыпты. Музыкасын валист ырғағында жазған дарынды композитор Зәйтұна Абдықадырқызы (ұйғұр) мен әнді ханзу тілінде тамылжыта шырқаған талантты жас әнші Гүлнәр Абдоллақызы тиесілі сыйлықтарға кенеліп, қуаныштары қойындарына сыймаған сәттер болған екен. Сонан бері әсем әннің мәтіні құлағымнан мүлде кетер емес! Лирикалық назы көкірегіме ұялағаны сонша, ондағы лаззатқа бөлерлік сұлу көріністер құдды көгілдір көктемнің гүлзар сағымындай көз алдымнан шуырып өтіп жатқандай болады да тұрады. Кейде еріксіз ой кешем. Сол ширек ғасырдан бері талай әндер саханаларда, радио, теле арналарында айтылып, жұрт құлағына жеткенімен, жүректерінен жол таба алмай өміршеңдіктерінен айырылып жатты. Ал, “Құрбыжан” әні неліктен сайын сахараларда, тау асып, тас басқан көшпенді халық арасында, үлкенді-кішілі қалаларда сахынадан бір түспей, талғампаз жұрттың беріле тыңдап, ынтыға айтатын сүйікті әніне айналып жүр?! Мұны тек мәтіндегі нағыз қазаққа ғана тән өшпес өмір өрнектерінен тани аламыз. Сөзімнің беташары ретінде бұл айтулы мәтін және оның бір көруді аңсап жүрген авторымен қалай танысқаныма шамалы аялдай кетейін.      

 

1987 жылдың қыркүйек айы. Сауан аудандық радио станциясында журнанист кезім. Іле Қазақ Автономиялы Облыстың органы – “Іле газеті” мекемесі Күйтің қаласында тұратын, Алтай, Тарбағатай аймақтарындағы 4 қала мен 11 ауданға жауапты меншікті тілші етіп ауыстырып алды. Газеттің жаңа құрылған бөлімшесі – “Іле халық баспасы” ғимаратының 2-қабатына ірге тепті. Отбасымызбен көшіп бардық. Жұбайым Гүлзира Айымқызы өз мамандығы бойынша бұхғалтерлік жұмысқа тұрды. 

Қалаға, баспаға, жоғары, орта оқу орындарына шоғырланған қазақ зиалыларының денімен жақын танысып үлгердім. Шығармашылық шептегі танымал қаламгерлермен де етене жақын өттім. Кеңселері мен үйлері көрші бола қалған ақын Мансұр Әбдікерұлы және ол кісінің аяулы жары, Жұңго қазақтарындағы ақын қыздардың тұңғышы әрі бұйдагері Райхан Ібінқызы әпекемізбен танысу орайы осылай туылды. Бір үйдегі қос емендей қатар тұрған ждағатты да қайсар жандармен тонның ішкі бауындай қою араластық. “Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат” деген. Сол қымбат күндерде оларды әдебиеттегі саналы ұстаздарым санасам, бойларындағы тегеурінді тектіліктерін өнеге тұттым. Баспа сөз редақторлығындағы өскелең жауапкершіліктеріне, адамдар ара қарым-қатынас, сыйластықтарына, азаматтық мөрал, адамгершіліктеріне, құндылықтарымыздан бастау алатын ішкі мәдениеттеріне қызыға еліктедім. Ести бастағаннан тәнтілеп келген “Құрбыжанды” әнге құмар жұбайым Г. Айымқызы өз даусы жеткенше  қызыға шырқаса, мен мәтінін жаттап, ондағы мәнерлі де терең мағынаға ғажаптанумен болдым...

Қосағымен қоса ағарған

Қосағымен қоса ағарған

Сексеннің сеңгіріне өрлеген бір отбасындағы қос ақын бұл күндері Қазақстанның Нұр-Сұлтан мен Алматы сынды сұлу да нән қалаларына ірге көмген жінтікті ұлдары мен көргенді қыздарына үнемі келіп кетіп тұрады. Осынау бақытты күндердің сейіл-серуенінен сергек сезімдеріне оралған сүбелі жырларын да қойын дәптерлеріне түртіп отырған. Ел аралап, таныс-біліс, туыс-туған, құда-жегжаттарының хошаметтеріне бөленсе, шежірелі әңгімелерін шертісіп, дарқан көңілдерін көтерген. Сондай берекелі дастарқандарда жалынды жырлар оқылып, “Құрбыжан” әні шығандап жататын-ды. Жұрт жүрегіне ерте ұялап, табан 34 жылдан бері сезім сазына айналған бұл әнге тебіренбеген жан кемде-кем десек артық айтқандық болмас?! Бір туар әнді халықтың құнды руханй қазынасы санаған Шыңжаңдағы авторлар арасынан ән жайлі толғамды мақалалар жазып, сындарлы ойларын тебірене ақтарысқандар аз болған жоқ. Демек, “Құрбыжан” әніндегі мәтіннің халық ауыз әдебиеті жауhарларындай күн санап жарқырай түсуінің құдіреті сірә неде екен? Бұл сауал көптен мазалады. Ақыры түн ұйқымды төрт бөлген осы мәтінді бұтарлай боршалап, әр деталын ой сүзгімнен өткізе зерделеп, табиғаты мен ішкі құпия сырларына үңілдім. Шүлен де терең шүңеттеріне бойлап, қауқарым жеткенше ынтыға ыңғырулай түстім.     

Ақ жаңбыры жайлаудың сіберлеген,

Балаусасы мал барса жібермеген.

Қой қайырып келейін, қой қайырып,

Атың қайда, құрбыжан, шідерлеген?

Боямасыз өмірдің төл туындысы. Ақынның кір жуып, кіндік кескен ата мекені – Тарбағатайдың қысында қаһарлы бораны аракідік долданса, жазында қоңырқай бұлттары жасыл тауларын бүркеп, ақ жаңбырын жұмалап сіберлейтін Жайір жайлауы. Тұлымы желпілдеген болашақ ақынның балдырған балауса шағы сол киелі атақоныстың ыстық та, жарқын құшағында өткен. Көз жауын алатын керімсал дала картинасы менің де көз алдымда. Шалғынды күреңсесіне шағаладай ақ боз үйлерін тігіп тастап, исі кеңсірікті қабатын сары қымыздарын сапыра құйатын нағашыларымның ауылында болғам. Құдды “сар қымызын сапырып, тамсандырған ауылым” дегендей еді. Сөйтіп, көркіне тұңғыш таңырқай көзайым болғаным бар. Кейін де тілшілік сапармен жүріп талай тамашаладым. Жомарт елдің сұлу тәбиғаты осылайша көкейіме шоқтай басылған-ды. Автор өрбіткен бала кезгі әңгімесіндей, ол кездегі бүлінбеген ту табиғат бүгінгісіне мүлде ұқсамайтын. Жайлаудың ақ жаңбыры дамылсыз сіберлейтін де тұратын. Жайіліске барған малды бал татыр балауса жібермей түнетіп те қалатын. Еріккен ауыл балалары балақтарын, етектерін түрініп алып, жалаң аяқ өрлі-қырлы жарысып, қозы-лаұ пен қойлардың үстіндегі жаңбырдан жиналған суларды шуашқа езіп шу шығаратын. Қой үстіндегі көбіршіктерді жүндерімен қоса жұлып ойнайтын. Малмандай су болғандарын да елемей алтыбақан тебетін. Ауыл қонған жасаңынан тұяқ қағар тас та табылмайтын жаттық. Тоңазытар салқын самалы да шоқтай жанған балаларға дарымайтын. Жаңбырдан азаматтардың қолдары жұмысқа бармайтын. Мал да сауылмайтын. Қарттар сырбаз етін жеп, қымыздарын сіміре отырып арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғайтын. Сол қызықты өмір қаршадай Райханның көз алдына көп істерді келтіретін. Әкесі Ібін малсақтығынан тыс, ысылған аңшы, томағалы қыранын тұғырында “піштәктатқан” майталман құспегі болса, анасы Нұрбағила Тұрарқызы көнеше де жаңаша да білім алған толық сауатты, сұңғыла жан еді. Ол ертек, аңыз, жұмбақ айтыстың алуан түрлерін айтқанда аузына қарататын. Сонымен бірге он саусағынан өнер тамған сімерлігімен де рулы елге атағы шыққан. Ол қиса-дастандарды жағымды махаммен жатқа айтқанда тыңдаушыларын айранша ұйытатын. Оған бар ынтасымен құлақ түре еліктеген Райхан бастаған балалар тыныш түннің бір уағына дейін қызыққаннан шыдастық берсе де, туырлықтарға тынымсыз түскен жаңбыртырсылдары тербеткендей ақыры тәтті ұйқыға шоматын. Кейде жайнаған жастар шоғырланып ән шырқап, күй тартса, әріптестер ара айтыстың тамаша додасын қыздыратын. Кірбеңсіз жайраңдасып әзілдесетін, татулық ұйтқысынан басталған іңкарлықтың романтикалаларына бөленетін...

Сазгер Зайтуна Әбіқадыр

Сазгер Зайтуна Әбідіхадыр

Білікті әкенің іскерлігін көрсе, асыл ананың салт-санасынан түлеген ақын жүрегінен өшпейтін сол өмір мәйегі жырының ұйтқысы спетті. Жасыл жайлау, балауса, сайкүлігін сабылтқан азаматтар, түнгі қой күзеті, қылықты қыз бәр-бәрі жоғарыдағы шумағынан басталып тұр. Қазақтың сахара тіршілігінің тәбиғатпен үндесуі – іркіліссіз, қиындықсыз, ағыл-тегіл құйылып жатқан мәтіннің алтын арқауы, берік қаланған іргетасы. Мәтіннің лирикалық кейіпкері – қазақы құндылықтарды бойына сіңірген, ұяң әрі өжет, әдеп-ибалы, намысты, көргенді қыз екені бірден байқалады. Ол іштей ұнататын құрбысына да жүрек қалауының бұла бұлқынысын тіке сездіре алмайды. Тек, “қой қайтарып келейін, қой қайтарып, атың қайда, құрбыжан шідерлеген?” деген екі тармаққа ғана жасырынып жатқан кіршіксіз, таза лүпілін аңғартқандай болады, айпарадай ашпағанымен. Осы сәтте оған маңайлай алмай жүрген жұлымыр жылқышы құрбысының қыздан мұндай жылы сөзді тосын естігенде есі кетіп, “өңім бе, түсім бе?” деп жерден алтын тапқандай үмітті жанары айтпасада жалындай қалған шығар-ау?! Оның сол тұста абдырап, “атым дайын, қазір әкелем!” деп жүзіне күлкі үйіріліп қозғалақтағаны көз алдыға келмей қалмайды! Бұл – өмір шындығының лирикадағы сырлы да тіл жетпейтін тұстары. Даңсалы автор кінамшіл қыз табиғатындағы нәзіктікті қандай шеберлікпен кестелеген деші?!

Айдап салсаң жылқыңды теріскейге,

Өрлемесе, көп саңлақ еңістей ме?!

Серік болып түнгі қой күзетіне,

Өзің келсең құрбыжан, келіспе ме?!

Қусаң – жетер, қашсаң – құтылар, жесең – ет, ішсең – қымыз, мінсең – көлік болар киелі жел қанат жылқы жануар көбінде жайлаудағы сірігі бітік  теріскейіне жайылатын әдеті. Өйткені, күнқақты, қағырлау күнгейлердің оты да сірілеу келетінін жақсы біледі. Күнгейге қанша айдасаң да дағдылы теріскейіне қашады. Оның үстіне қанына біткен тектілігі мен өршілдігінен  болар, еңістемей, өрге тарта соны қуатыны. Жылқының көп адам біле бермейтін осы қасиеттерін автор ерте аңғарған. Сондықтан да:

Айдап салсаң жылқыңды теріскейге,

Өрлемесе көп саңлақ еңістей ме?!” дегені жылқы түлігінің заңдылықтарына сай құрылған құнарлы тармақтар. Лириканың бұл тұстары талай топтың талқысын қыздырғаны бар. Күйтіңде қазақтан тыс, Мякоски, Пушкин, Лермонтов, Расул Ғамзатов т.б әлемдік ақындардың өлеңдерін жатқа оқып желпіндіретін Зұлқарнайын Малгажұлы деген педагог, ақын аға бар еді. Ол кісінің бірде: “Р. Ібінқызы жылқы баласының еңістемей, өрлей өрістейтінін біледі екен-ау, дөп басып айтыпты?!” деп қайран қалуы да тегін емес-ті.

Әнші Арзыгүл Тұрсын

Ал, ақылды қыздар бойжеткен соң орай туа қалса құрбыларын адам таппас сылтаулармен сөзге тартатыны – тәбиғи қулықтары. Сонан-ақ сөзі ширақы, ісі жинақы да жінтікті, өзі орнықты да білімді ме, шөгел де, текті ме, жоқ па деп іштей жасырын сынап та үлгереді. “Құрбыжан” лирикалық мәтініндегі көргенді бойжеткен көңілі тартқан құрбысына әдеп-ибалы жақындық байқатады. Сырласқысы келетін сыңай танытады. Мұнан қазіргі кинолар мен теле сериаларда кездесіп қалатын қыз кейіпкерлеріміздің жыгіттерге тайсалмастан “сені сүйем!”, “саған тұрмысқа шыққым келеді”, “азаматтық некеде тұрайық” деген сияқты ар-намыстан қымсынбай аттай салатын келеңсіздіктердің көлеңкесін де таба алмайсың. Өйткені, қылықты қыздарымыз сақтайтын құндылықтар – өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі алғы шарттардың бірегейі.

Ал, көрсетілген шумақтың соңғы екі тармағы:

Серік болып түнгі қой күзетіне,

Өзің келсең құрбыжан, келіспей ме?!

Мұнда кейіпкеріміз қалжыңға сүйеген боп құрбысының мәрттігі мен кісілігін сынамақ та сияқты. Оның үстіне сырттай өзіне көз қырын көп салатын сол құрбысын іштей ұнатса да тіл айқастырарлық орай туылмай дығдырған  сыңайлы. “Түнгі қой күзетінде” жүргенде, жұрт көзінен тасада, жайлаудың  жұлдызды салқын түнінде өрекпіген ынтызыр көңілдерін емен-еркін ақтарыспақ көрінеді. Мүмкін кейіпкеріміз айдынды әже, ардақты ана шекпенінен шыққан текті қыз. Тіпті, оны аршылдық пен талғампаздыққа, жігіттердің ішкі жан-дүниесі мен жігеріне, арман-тілегіне ждағатпен үңіле алатын психолог пе деп те қаласың. Сахара қыздарына ғана тән құрық бойламас түкпіштіктерінің бір шеті қылтиып көрінетін тәрізді. Қыз құпиялықтарындағы мұндай сырлар мен нәзіктіктері басым келетін қатпарлы тұстарын ер ақындар жеткізе де алмайтын шығар-ау?! Бұл тек қызғалдақтай қыз дәуренді бастан кешкен, байыбы мен маңызына қанық қағылез Р. Ібінқызы сынды ақыйық ақын аналардың ғана қолынан келер-ау демекпіз!

Айдын-шалқар көңілім тұнық көлдей,

Сен дегенде толқиды тынып бермей.

Жазылмастай жанымды жаралайсың,

Алыстасаң, құрбыжан, жуық келмей!

Бұл шумақ қазақ әдебиетінің қара шаңырағы болған айтыс өнері мен ұшан-теңіз ауыз әдебиетінің ғашықтық жырларын елестететін ұлттық бөгенайы тым бөлекше әрі қою лириканың бір парасын алға тартқандай. Оның үстіне бағанағы нәзік жанды ибалы қызымыздың құрбысын жете түсініп, өз тағдырын оған бар сеніммен тапсыруға көзі жетіп, сенім артқан соң барып романтикалық сезімдерге еркін бөленген тұсы сияқты. Жастардың берік те адал махабаттары сәнді жайлаудағы бәйшешектердей кер самалымен баяу ырғала бастағандай. Иә, аяулы кейіпкеріміздің тасыған көңілі “айдын-шалқар” көлдей, көк бұйра толқындары жағаны ұрғылап аласататын мұхиттардай өр шарпығаны аян. Егер жылқышы “құрбыжаны” өзінен зәудеғалам алыстаса, жанын “жазылмастай” жаралағанмен тең болмақ. Лирикалық кейіпкер бұл арада бүкпесіз жарқын үн қатып тұр. Нағыз қалтқысыз махаббат салтанат құрғандай. Осы шумақта жылтырақ бояма тілдер мен екіұшты ой байқалмайды. Бірін-бірі толықтап төрт тағаны тең түскен. Қазақ жастарының махаббат сынды ең қадірлі де қымбат бақыттарын пір санап, ерек қастерлейтіндігі еріксіз ой кештіреді!

Қайырмасын көрелік:

Жайлаудың мөлдір бұлағы,

Жайқалған жасыл құрағы.

Жылқышы жігіт – құрбыжан,

Құрбыжан, құрбыжан,

Өзіңде көңіл тұрағы!

Ең таза әрі мөлдір бұлақтар асқар таулар мен жаннаттай құлпырған төр жайлауларда ғана болады. Сезімге шабыт, жанға қуат беретіні де сол кіршіксіздігі, зәрулігі. Оның құрамындағы ағзаға пайдалы мэнаралдарын қазекең ерте байқаған. Сұлулық та, нәзіктік те,кіршіксіздік те содан өтпес-ау! Мөлдір бұлақ, салқын самалдың мәпелеуінде сары таңға кірпік ілмей қой күзетіп, көңіліндегі құрбысымен әзілдесіп, сырласып отыру қандай ғанибет десеңші! “Өзіңде көңіл тұрағы”. Осы бір қысқа да нұсқа толғамды ойды сүйікті қыздың аузынан шығарған қандай құдіретті күш болды екен деші?!

Қазақта “сүйгеніңді алма, сүйгенді ал” деген махабатқа тән ақлиялық даналық бар. Мәні – қыз жігітті онша ұнатпаса да, жігіттің ғашықтықтан ауыра жаздап, “оны алмай қоймаймын!” деп, өз сезіміне ғана беріліп  өзеленуінің соңында баяны аз. Керісінше, қыз жігітті құлай сүйсе, жігіт сонымен бақытты болмақ. Сараланған мәтіннің өзегінен осы философиялық нәрдің арқауын ойлы көзбен тәптештесек көруімізге болады. Аяулы кейіпкеріміз құрбысын шынайы ұнатқанын “өзіңде көңіл тұрағы” деген жылылықпен көмкерілген сыпайы баламасымен білдірді емес пе?! Осы тұста автордың қазаққа ғана тиесілі дүние таным мен құндылықтарға бала жастан сусындап өскен ортаймас біліміне еріксіз мойынсал боласыз!

“Құрбыжан” мәтінінен сұлу сахара төсіндегі арлы жастардың сүттен ақ, судан тұнық көңіл тоғыстары суреттелген, тартымды сиужетке құрылған әсерлі махаббатын тамсана тамашалағандай боламыз. Текті қыздың:

“Қой қайырып келейін, қой қайырып,

Атың қайда, құрбыжан, шідерлеген?” деп сөз бастауынан лирикалык ішкі көңіл-күй біртіндеп ыстық ықыласқа, адам баласының ең қымбат байлығы – махаббат шырынына ұласады. Мұнда сол қыз басты ролды тәбиғи сомдап тұр. Оның жаныңды сүйіндіре отырып құрбысын өзіне тартқан сөздерінен жарқын образы елестейді. Сонымен бірге “Құрбыжан” болған азаматтың бір тоға, адал, ақ пейіл, жылы жүзді, қыз мінезді сыр-сипаты да анық аңғарғандай болады. Қазақы ерекшеліктерімен дараланатын “Қозыкөрпеш Баян сұлу” хисасы мен “Қызжібек” филіміндегі ғажап сыршыл да нәзік көріністерді көз алдыға келтіреді...

Ар алдындағы ынтызырлықтың тұтас бір дәуірін қысқа да, нұсқа ширатқан “Құрбыжан” мәтіні қазақ жастарының рухани симолындай мұндалайды. Осынау бір туар мәтіннің тартымды тұлғасы асқар Алтайдың жұпар ауасына, Қыран мен Ертістің тұнығына қаныққан сетер сезімді  талғампаз композитор З. Абдықадырқызының аналық пак жүрегін  толқытыпты. Сөйтіпті де өзегін жара тулап шыққан әуенмен жаңағы мәтін қауыша кетіпті.Тіліміз бен зейініміз жете бермейтін құбылыс дерсің! Ал, “Құрбыжан ” әнін алғаш ханзу тілінде тамылжытып бас жүлде алған әнші Гүлнар Абдоллақызы да бақытты екен! Әннің ширек ғасырындағы өміршеңдігі мәңгілік қазына екенін дәлелдеді. 

Әйгілі дүлдүл әнші Арзыгүл Тұрсынқызының “Құрбыжанды” құбылта құйқылжытуы – жаныңды жадыратып сарайыңды ашса, көңіліңді толқытып, көкейіңе қона кетеді, жүректерді жаулайды. Ғажабы – әнші қыздардың, әсіресе А.Тұрсынқызының әнді ерен шеберлік, талғмады өнер, асқан құрмет, құлшыныспен, терең махабатпен беріле орындауы кллассикалық өреге еркін жеткізді. Қазақтан тыс, өзге ұлттар да осы көтеріңкі, ойнақы, сазды, лирикалы тәтті әнмен бірге тербеліп келеді... Сөйтіп, ақындық, композиторлық, әншілік өнер дарыған маңдайға басар қыздарымыздың ортақ руханй толғатуынан дүниеге келген “Құрбыжан” әлемді әлдилеген ән әлемінде қанатын еркін қағуда. Өнерде шек-шекара болмақ емес. Ән күллі адамзатқа ортақтығын тәбиғи сипатымен растауда. Оны әлемдік деңгейде аспандатқан алтын діңгек – қайталанбас мәтін. Міне бұл – “Құрбыжанның” біз ұзақ іздеген құдіреті!

 

Р.Ібінқызы зерделі анасының ақ сүтінен бастап халқтың аса бай  фолкллорынан еркін сусындаған. Өмір құбылыстарына, табиғат заңдылықтарына зер сала ой жүгірткен. Сөйтіп, ақындығының кемел тапқан ақперен шағында “Құрбыжандай” өшпес мәтін ұсынды демекшіміз.   

Қарттықтық пен ақындықтың өзі шыққан биігінде отырған, жаны жайсаң, рухы асқақ сарқылмас аршыл сезімнің иесі, киелі отбасының тұғыры болған ақын Р.Ібінқызына мықты денсаулық, баянды бақыт, шығырмашылық табыс тілейміз!

Болат Құрманғажыұлы Әкежанов

06.08.2020 ж.

6alash ұсынады