Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ: Тарихи таным тым кенжелеп қалған

Сан қатпарлылығымен күрделі тарихтан там-тұм білген сайын өз ұлтыңның өткеніне құрметпен қарай түсесің. Жуырда «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген романдар жазған жазушы, тарихшы, «Қазақтар» роман-эссесі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлымен сұхбаттасып, ғалымның тың әрі тосын пайымдауларын тыңдаған едік.

 

– Сіздің 1997 жылы ҚХР елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметін атқарып, сонда жүріп қытай деректеріне негізделген «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «Түріктер. Жыужандар», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптар жазғаныңызды білеміз. Кейінгі кезде түрік халықтарының шыққан тегіне қатысты бірнеше еңбек жазғаныңыздан да хабардармыз. «Алтын Орда» атауына қатысты ой-пікіріңіз ерекше көрінеді, әңгімені осыдан бастайық.

– Атақты Шыңғыс ханның көзі тірісінде өзі жау­лап алған ел мен жерді бәйбішесі Бөртеден туған төрт ұлына еншілеп, бөліп бергені тарихтан мәлім. Бұл ретте «Қазақстан тарихы»: «бүгінгі Қазақстан аумағы моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысының; Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысының; Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді» деп атап көрсетеді. Жошы кейін өзінің көзі тірісінде әкесінің үлгісімен өз ұлысын екіге бөліп, балалары: үлкені Орда-Еженге шығыс бөлігін, Батыйға (Батуға) батыс бөлігін еншілеп, бөліп береді. Шыңғыс хан өлгеннен ке­йін сегіз жылдай уақыт өткен соң, Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің бас қосқан құрылтайы өтіп, сонда Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасау жөнінде шешім қабылданады. Осы жорықты басқару Жошының жауынгер баласы Батыйға жүктеледі. Жеті жылға созылған осы жорықта ­Батый хан Еділ болғарларын, орыс кінәздіктерін талқандап, Солтүстік Кавказды бағындырып, Польшаны, Чехияны, Молдавияны, Валахияны, Трансильванияны ойрандап, Адриат теңізі жағасына жетеді. Сөйтіп 1242 жылы өзінің ордасы орныққан Еділдің сағасына үлкен жеңіспен қайтып оралады. Осылайша шетелдік бірнеше ұлыстарды қосып алу нәтижесінде Батый хан иелігіндегі жер Алтайдан Дунайға дейін кеңейіп, орасан алып аймақты құрайды. Бұрынғы бір Жошы ұлысы жаңадан қосылған бірнеше ұлыстармен ұлғайып, кү­шеюіне байланысты енді «Ұлы Ұлыс» деп аталды. Бұл – 1243 жыл (Ұлы Ұлыс еуропалықтар танымындағы «империя, держава» атауымен мағыналас). Осыдан кейін, қашан Ұлы Ұлыс ыдырап кеткенге дейінгі аралықта өткен екі ғасырдан астам уақыт ішінде бұл елдің елдік атауында ешқандай өзгеріс болған жоқ. Ішкі-сыртқы жұрт та, осы Ұлы Ұлыстың негізін қалаған Батый ханнан бастап оның ең соңғы билеушісі болған Тоқтамыс ханға дейінгі аралықтағы ел билеушілерінің бәрі де өз елін «Ұлы Ұлыс» деп атаған, өздерін осы «Ұлы Ұлыстың билеушілеріміз» деп таныған. Мұның солай екеніне Тоқтамыстың Литва королі Витовитке жазған хатының аяғына «Ұлы Ұлыстың билеушісі Тоқтамыс баһадүр-хан» деп қол қойып, мөр басуы да айғақ. Өйткені өзі басқарып отырған мемлекет «Ұлы Ұлыс» аталмаса, оның солай аталатыны сырт елге әйгілі болмаса, Тоқтамыстай білікті хан осындай маңыз­ды ресми құжатқа «Ұлы Ұлыс­тың билеушісімін» деп қол қояр ма еді?!

– Бірақ біздің тарихта «Ұлы Ұлыс» жоқ та, «Алтын Орда» бар ғой, одан бас тартамыз ба, бұған көзі қарақты жұртшылық қалай қарайды? Қабылдауға дайын деп ойлайсыз ба?

– Иә, осындай басы ашық айғақты жайларға қарамастан, қазіргі ресми тарих ғылымында елдің «Ұлы Ұлыс» деген ресми төл атауы аталмай, оның орнына «Алтын Орда» атауы қолданылып келеді. Басқаны айтпағанда, Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан ке­йінгі жазылған «Қазақстан тарихының» 2010 жылы жарық көрген көптомдығының екінші томының: «Қазақ халқының қалыптасуы. Қазақ мемлекетінің құрылуы мен дамуы» деген бөлімінің бірінші тарауының түгелдей «Алтын Орда» деп аталғанынан да көруге болады. Неге бұлай? «Алтын Орданың» Ұлы Ұлыстың атауы болып, басқа емес, академиялық еңбекке еніп, заңдастырылуы неліктен? Бұл сұраққа «ресми тарихтың мемлекет атауын «Ұлы Ұлыс» демей, «Алтын Орда» деп атауы қате, өмірде «Алтын Орда» деген мемлекет те, империя да болмаған» деп қысқа қайырып жауап беруге болар еді. Бірақ далалықтарға «көшкіншілер» (номад, кочевник) деп ат қойып, халқын жабайылар (варварлар) санап, олардың елдік есімін де, халықтық атауын да өздерінің қалауына қарай бұрмалап қолдана беретін еуропалықтар мен бастау тарихын солардың таным-түсінігіне бейімдеп жазған орыстардың еуроцентристік, русоцентристік көзқарастарымен жазылған тарихпен тарихи санасын қалыптастырған бүгінгі жұртшылықты бұл жауап қанағаттандырмайды.

– Иә, дұрыс айтасыз. Қазір қатардағы оқырманнан бастап ғылым адамдарына дейін жұрттың бәрі «Ұлы Ұлыс» демейді, «Алтын Орда» деп атайды, солай жазады. Ал сіздің бұл дұрыс емес деуге қандай дәлеліңіз бар?

– Мұны дәлелдеу үшін әңгімені әуелі «Алтын Орда» атауындағы «орда» сөзінің сөздік төркіні мен атаулық мағынасын анықтаудан бастау керек. Көптеген тарихшылар «орда» сөзін «орта» деп түсіндіреді. Мысалы, осы орайда арнайы зерттеу жүргізген «История Отечества» атты еңбектің авторы К.Данияров: «Көптеген түріктанушылар «орда» сөзі түріктің «орта» деген сөзінен шыққан деп есептейді. Басқаларға қарағанда осы шындыққа келеді. Қалай дегенде де орда «мемлекет» «орда» мемлекет сөзінің баламасы емес, «орталық», «астана» деген мағынаны білдіреді» дейді. Бұл арада зерттеушінің «орданы» «орта» деп тануы да, оны «шындыққа келеді» деуі де – атау сөздің төркінін ғылыми талдау арқылы емес, ел билеушісінің ордасы қалайда елдің ортасында болуға тиісті ғой деген жалаң қисынға сүйенген, «орда» мен «орта» сөздерінің ұқсастығынан басқа ешқандай негізі жоқ тиянақсыз тұжырым. «Орда» сөзі әуел­де «орда, ордың ішінде» деген мағынаны білдірген. Оған бүгінге аман жеткен Ұлытаудағы хан мен қағандар ордасын тіккен жердегі «орданың жұрты» айғақ. Кейін қолданыста «ел билеушісінің әкімшілік үйі», «кеңсесі» дегенді білдіретін «Орда» ұғымы пайда болған. Көптеген дереккөздерде оның жеке айтылмай, көп жағдайда «ханның ордасы», «қағанның ордасы» деп біреуге еншіленіп айтылатындығы содан болса керек. Осындай хан мен қаған ордаларының кейбірі «Алтын Орда» деп аталып, ерекше әспеттелгенімен, олардың да атқаратын қызметі басқа жай ордалармен бірдей мағынада. Бар айыр­машылық: ханның немесе қағанның кеңсесі болған осындай орданың сән-салтанатын асыру үшін керегелерінің басын, уықтарының қарларын, шаңырағының шеңберін алтынмен аптап, сәндеп әшекейлеуінде ғана. Мұндай алтын ордалар және Батый құрған Ұлы Ұлыстан бұрын да болған. Бұл ретте, басқаны айтпағанда, өзіміз тарихтан білетін Бірінші Шығыс түрік қағанатының атақты қағаны Дизабулдың Византия елшісі Земархты осындай іші-сырты алтынмен апталған Алтын Ордада қабылдағаны белгілі. Ал мұны нақты Шыңғыс хан заманына тураласақ, мысалы, Рашид ад-Дин өз еңбегінде Қарақорымда мың адам сиятын үлкен үй тігілгенін, оның уықтарының алтынмен апталғанын, ол үйді «Алтын Орда» деп атайтынын жазады. Сол секілді Плано Карпини ұлы хан Кү­йікті таққа отырғызу рәсімін өткізген үйдің де «Алтын Орда» деп аталғанын айтады. Кейінгі Қыпшақ даласының ұлы ханы әз-Жәнібектің (1341-1357 жж.) үйінің де Алтын Орда аталғаны мәлім.
Міне, осылардың өзінен-ақ, ешбір Орданың, тіпті «Алтын Орда» аталса да, ешқандай мемлекеттің аты болмаған. Мұны жалпы далалықтардың мемлекеттік құрылымында орда деген буынның жоқтығы да дәлелдейді. Салыстырмалы түрде айтқанда, біздің қолданысымыздағы «Алтын Орда» дегеніміз далалықтардың мемлекеті үшін қай заманда болсын, бар мән-мағынасы қазіргі АҚШ-тың «Ақ үй», болмаса Ресейдің «Кремль» дегенімен бірдей. Бірақ осылай екен деп ешкім АҚШ-ты «Ақ Үй мемлекеті», Ресей Федерациясын «Кремль мемлекеті» деп атамайды, оны ғылымға мемлекет атауы ретінде енгізбейді. Осыған қарамастан, қазақ тарихшылары әлі күнге ресми тарих атауларында, академиялық ғылыми зерттеулерінде «Алтын Орданы» Ұлы Ұлыс атауының баламасы ретінде ешқандай түсінік, ескертпесіз қолдана береді. Білмегендіктен емес, біліп тұрып сөйтеді. Мұны тарихи сауатсыздық; өз елінің мемлекетінің мемлекеттік құрылымына, оның атауына деген немқұрайлылық; өзгелердің айтқаны мен жазғанын ойсыз қайталай беретін ессіз еліктеушілік екенін біліп жатқан жан және жоқ.

– Сіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы сияқты жауапты қызметтерде болдыңыз, мемлекет саясатын жүргізуде, идеологияда тарихи фильмдердің рөлі мен маңызы жоғары екені белгілі, елімізде түсіріліп жатқан тарихи фильмдерге қандай баға бересіз? Мысалы, «Томириске» қатысты не айтар едіңіз?

– Кез келген шығарма ұлттық болу керек. Ал бізде Голливудқа, басқаға еліктеу бар. Еуропалық таным-түсінікпен жазылған тарих арқылы тарихи санасы қалыптасқан біздің киногерлердің санасында әлі күнге дейін «біздің арғы түп тегіміз жабайы болған» деген ұғым тұрады. Фильм­дерімізде ұлттық рух жоқ. «Томиристі» арнайы барып көрдім. Бұл да – сол көрерменнің көзін арбауға құрылған, атыс-шабысы мол жасанды оқиғаларға толы тарихи тақырыпқа арналған бұрынғы фильмдердің бірі. Ұнамады. Онсыз да тапшы көненің көзіндей болып жеткен аз тарихи деректің өзін дұрыс пайдаланбаған. Қияли қоспа басым. Өз басым шығармашылық топтың көрерменіне не айтқысы келгенін түсінбедім. Томиристің Кирді жеңіп, басын кескені – тарихи шындық. Бірақ ол бұл фильмсіз-ақ жұрттың бәріне белгілі ғой. Осы үшін кино түсірудің қажеті не? Төрт құбыланы түгел жаулаған әмірші атанған, ахаменидтер әулеті билігінің негізін қалаған, парсының тарихқа әйгілі ұлы жаугер билеушісі Кирді жеңген Томирис қандай құдірет иесі? Кир қалай дегенде де массагеттерді жаулап аламын деп зор дайындықпен арнайы жасанып келген, талай соғысты басынан өткерген тұрақты әскері бар, өркениеттің алғашқы ошақтарының бірі Вавилон мен Ассирияны жаулап алған ұлы патша ғой. Соны жеңген Томирис­тің фильмде көрерменге ой салар, толғандырар қандай адамдық, аналық, патшалық, көрегендік артықшылығы көрсетілген? Өз басым ондай ерекшелікті көре алмадым. Жалпы, фильмде Томирис әйел патшадан гөрі қарсыласын қағып түсетін шалт қимылды батыр жауынгерге, қолбасшыға көбірек ұқсайды. Ал ол әйел де болса патша ғой.
– Жаңа «Томирис» фильміне қатысты «онсыз да тапшы көненің көзіндей болып жеткен аз тарихи деректің өзін дұрыс пайдаланбаған» дедіңіз. Осы ойыңызды нақтылай кетсеңіз. Ол қандай деректер?

– Жаңа «Томирис – әйел де болса патша» дедім ғой. Патшаның міндеті – соғысып, ерлік көрсету емес, керісінше, елін қақтығысқа ұрындырмай, баланы жетім, ананы жесір қалдырмай, қарауындағы халқының бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешуін қамтамасыз ету. Ал еріктен тыс соғысуға мәжбүр болған жағдайда, майданға шығып батырлық таныту емес, керісінше, ақылмен қарсыласының алдын орап, көрегендік жоспар жасап, ұтымды айла-тәсілмен жауынгерлерін жеңіске ұйымдастыра білу. Тарих атасы Геродоттың «Тарихында» Томиристі патша ретінде, ана ретінде жарқыратып көрсетуге мүмкіндік беретін екі оқиға бар еді. Фильмді түсірушілер осының екеуін де назардан тыс қалдырған.
Оның біріншісі – Кир басқыншылық жорықпен массагет жеріне жетіп, Аракс өзенінен өту үшін көпір салып жатқанда Томирис оған арнайы елші жіберіп, жалпы мазмұны мынадай талап қояды: «Ей, Парсы патшасы! Біз сені шақырған жоқпыз. Соғысып, жазықсыз адам қанын төгуге құмарланба. Біреудің жерін, байлығын қызғанба. Онсыз да жаулап алған жерің жетеді. Мәңгі жасамайсың, соның қызығын көр. Бізге тиіспе, еліңе қайт. Егер жоқ, болмайды, соғысамын десең, адамдарыңды әуреге салмай, қалауыңды айт. Өзеннің біз жақ бетінде соғысамын десең, біз үш күндік жерге шегінейік. Асықпай өтіп ал! Жоқ, өздерің жақ бетінде соғысамыз десеңдер, сендер үш күндік жерге шегініңдер» деп ұсыныс жасайды.
Екіншісі – Кир алғашқы ашық айқаста жеңіске жеткен Томиристің баласы Спаргаписті бұрынғы Лидияның патшасы Крездің ақылымен айла жасап, қолға түсіріп, өлтіреді. Сонда Томирис тағы елші жіберіп: «Әй, жауыз, жалғызымнан айырып, сен мені тірідей өлтірдің. Бірақ соған қарамастан, әлі де айтам, жазықсыз жандардың қанын төгуге мәжбүрлеме, аман тұрғанда еліңе қайт. Егер бұл жолы тоқтамасаң, Құдай атымен ант етем, іздеп келгенің қан болса – қанға тойдырам» дейді. Осы екі мысалда қаншама ел билеу­шісіне тән естілік, ашуға ерік бермес байсалдылық, жалғыз баласынан айырылып, қабырғасы қайысып тұрса да, өзге аналардың өзі сияқты қайғырып, қан жұтпауын көздеп, қас дұшпанынан кек алу орнына, оны ымыраға шақырған ересен ерік-жігер жатыр. Өкінішке қарай, фильмде осы екі дерек те пайдаланылмаған. Санамалай берсек, ірілі-­ұсақты кемшіліктер бұл фильмде баршылық. Бірақ оның бәрін қазір тізбектеп айтқаннан не пайда?

– «Томирис» туралы әңгімемізді бастағанымызда: «Еуропалық таным-түсінікпен жазылған тарих арқылы тарихи санасы қалыптасқан біздің киногерлердің санасында әлі күнге «біздің арғы түп тегіміз жабайы болған» деген ұғым тұрады» дедіңіз. Мұны қалай түсінген жөн?

– Далалықтар, еуро­центристер тұжырымдағандай, ешқашан жабайы болған емес. Олардың да өзге халықтар секілді өзіне тән өркениеті, мәдениеті, салтанаты болған. Кешегі от қаруы мен кеме қолданысқа енгенге дейін әлемге өз үстемдігін жүргізіп келген, сан ғасырлар бойы атақты «Жібек жолын» бақылауында ұстаған Түрік халықтары қалайша жабайы болмақ?!. Бұған тарих қопарып айғақ іздеп жатпай-ақ алғашқы табылған алтын киімді сақ ханзадасын айтсақ та жеткілікті. Томирис те осы ханзаданың замандасы ғой. Осыны негіз еткен болар, Кирді жеңгеннен кейінгі эпизодта Томирис «Алтын адамның» киімін киіп, мәжіліс төрінде жарқырап отырады ғой. Сонда жеңіс тойына жиналғандарды көз алдыңызға елестетіңізші. Томиристен басқаларының бірінде ондай киім жоқ. Бәрі далада мал бағып жүрген малшылар секілді. Далалық салтанаттың ізі де жоқ. Ойлаңызшы, патшайымы анадай алтынға оранып отырған заманда, оның уәзірлері мен орда ақсүйектерінің темір-терсек киіп жүрмегенін сезіну үшін де данышпандық керек пе?! Болмаса жалпы біздің киногерлердің бейне қазақта жаздық киім болмағандай, Құдайдың шілдесінде боранның масағына баратындай басына тымақ, аяғына саптама етік кигізіп қоятынын алыңыз. Немесе «Томирис» фильміндегі тұрақтарын алыңыз, бейне бұдан бірнеше ғасыр бұрын қираған біздің Сығанақ қаласының орны сияқты. Осының бәрі – отарлаушылар орнықтырған құлдық сананың көрінісі. Санаға сіңіп қалған «жабайы» деген ұғым көшкіншілердің далалық салтанатын өз болмысында көрсетуге жол бермейді. Айтылғанды дұрыс түсіну үшін осы Томирис тақырыбын зерттеп жазған ХVI ғасырда өмір сүрген Нидерланд суретшісі Питер Пауль Рубенстің «Томирис перед головой Кира» атты полотносындағы Томирис пен орда шонжарларының киімдері мен өздерін ұстау мәнерін фильмдегі көрініс­термен салыстырып қарап көріңізші. Айырмашылық жер мен көктей. Үлде мен бүлдеге оранған Томирис, дәл сондай сәнді киінген орда ақсүйектері. Жүздері жарқын, айбарлары асқақ, рухтары биік. Осыны көрген ұрпақтың қандай сезімде боларын енді өзіңіз шамалай беріңіз.

– Бірақ осы тектес киноларға сын айтылмайтын секілді…

– Бізде тарихи таным да, ұлттық таным да ұзақ жылдарға созылған тәуелділіктің салдарынан тым кенжелеп қалған. Әлі күнге дейін төл тарихымызды төл болмысында тани алмай келеміз. Оның үстіне жемқорлық деген дерт те дендеп, жаңа өріске шығуға мүмкіндік бермей отыр. Ләйім, мен қателесейін, маған қазіргі киногерлер киноны елді таныту, ұрпақты тәрбиелеу үшін емес, ақша табу үшін түсіретін секілді. Көрермендеріне айтар ойы, берер тағылымы жоқ, ақша табу мақсатында түсірілген фильмдерге керемет тұсаукесерлер ұйымдастырылып, таныстық арқылы жабыла мақтап, түрлі мақалалар жазылады да, кейін әлгі фильм біржола ұмыт қалады. Шетелден жүлде алдық деп мәз болады. Өз халқының рухани қажетін өтеуге жарамай жатқанында шаруасы жоқ. Бар кінәрат осыдан ба деп ойлаймын. Мен кино сыншысы емеспін. Сондықтан бұл айтылғандардың бәрі – менің көрермен ретіндегі жеке пікірім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Астана ақшамынан алынды

6алаш