(Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей тойына арнаймын)
Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдық тойы. Ата – бабаларымыз сан ғасырдан бері білектің күші мен найзаның ұшы мен ұлы дала елінің жерін, халқын жанқиярлықпен қорғап, қазақ даласына шабуыл жасаған жауларын жер жастандыра жойды. Ата- бабаларымыздың «...Көш жолынан көресің көшпендінің, тарихта қалдырған өшпес ізін…», «Көзі бабамыздың бір көргенде түскен жері, білектің күші, найзаның ұшы тиген жері» деп қазақтың ұлы даласын қорғауы бізді батырлар ұрпағы екенімізді барша әлемге пәш етті.
Қазақ хандығының негізін қалаған Керей хан мен Жәнібек ханнан бастап, Қасым хандарға дейін берік қамалы, қорғаны болған, әскер бастап, жау шебіне атой салып соғысқан мықты қолбасшылар көп болды. Олардың ерлік, қаһармандық ізгі істері ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып тарап келеді. Алайда тасада ұмыт болғандары да жоқ емес. Байтақ дала мен байлығымызды ғана аманат деп білмей, олардың ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жырлап өтуі бізге үлкен міндет.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері көп тарихтың беті ашылып, қазақ тарихындағы ақтандақтардың, орыс, қытай басқа да шетелдіктердің бұрмалаған, қасақана өзгертіп жазған тарихтары түзетіле бастады.
Бүгінгі таңда қазақ тарихының алтын парағы ашылды. Ендігі тарих қазақтың алтын тарихы болып жазылмақ. Ата- бабаларымыздан аманат боп не қалды?! Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай:
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса ел де ұмытпас.
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейтін халық даналығы ердің де ері болатыны, бидің де биі болатыны турасында қазақтың сан ғасырлық тұжырымын дәлелдеді.
Міне сол ұзақ тарихтан бізге жеткені біреу болса да бірегейі батыр Жәнтекей Бердішораұлы (1460-1543) жасаған. Қасымханның қарадан шыққан әскери қолбасшыларының бірі. Қасымхан құрған қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі. Ол қазақтың орта жүзі арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, керей, уақ тайпаларының ішіндегі жан саны ең көп болған керей тайпасының кіндікті, өсіп-өнген бір бұтағы Бағаналы-Байлау-Бердішора атасынан тарайды.
Бағаналы да қазақ батырларының бірі әрі мықты биі болған екен. Бір халық ақынының өлеңінде: «Шөптің жақсысын жалбыз дейді, тышқанның жақсысын құндыз дейді. Айтайын ата тегімді сұрасаңыз, әкем Байлау бай, шешем Құндыз дейді». Байлау Бердішораның әкесі, Құндыз Бердішораның шешесі екен. Байлау да елге таныс атақты бай, жау жүрек батыр болған екен. Жауларымен шайқаста ерлікпен қаза болыпты. Осы Байлау атадан Жәнтекей тарайды.
Жәнтекейде Сүйіншіәлі, Сүйінбай, Сүйіндік атты үш ұлы болыпты. Бұларды ата тек шежірелерінде «үш Жәнтекей» деп атайды. Жәнтекей кезінде атақты бай болған. Тарихи аңыздарда Жәнтекей айтыпты екен деген сөз бар. «Байлығым халқыма жетсе менде арман жоқ» деген сөзі оның өз заманының көрегенді тұлғасы екенін көрсетеді. Жәнтекейдің әйелі Мәулім де ерлермен қатар соғысқа қатысқан батыр, ақылды, парасатты, қолынан өнер тамған, текті, ұлтына пана, ұрпағына асыл ана болған екен. Мәулім Келбағыс қызы(шұбарайғыр атасынан).
Мәулім ананың әкесі Келбағыс. Оның әкесі Кенел деген атақты бай ауылын жаугершілік заманда жау шауып, тышқақ лақ қалдырмай Шайбандар әулеті шауып кетеді. Осыдан кейін ауыл өте қиын ауыр ашаршылыққа тап болып, көп адам қырылады. Шыдамаған Келбағыс Жаната, Жәрке абыз атты екі ұлын ертіп, кең далада иесіз – тегін жатқан Жәнтекей жылқысынан бірер айғыр үйірлі жылқысын барымталап алып қайтады да, әкелген жылқыларды ауылына сойысқа таратып беріп, тек айғырын ғана алып қалып, ауыл арасына көлік қылып пайдаланады екен.
Бір үлкен тойда бір айғырға мінгесіп жүрген бір ақсақал, екі азаматты көріп, жылқысын таныған Жәнтекейдің ағасы Жәдік батыр жылқыны қайдан алғанын, қасындағы қалған жылқыны сұрапты. Шынын айтқан Келбағыс мал құнын төлеуге шамасы жоқ болғандықтан, қызы Мәулімді інісі Жәнтекейге некелестіріп беруге келіседі.
Тарихи аңыздарда «Қыдыр» пайғамбар Жәнтекей шаңырағына келіп, мүсәпір адам күйінде қонады екен дейді. Келген қонағын ерекше сыйлап, сый көрсеткен Мәулім анаға жақсы қасиет осы пайғамбардан дарыған деседі. Халық ауызында «Жәнтекейге қыдыр дарып, бақ қонған» дейтін тәмсіл осыдан тараған екен.
Мал басы тегіс өскен батыр Жәнтекей өз кезінде Қасымхан әскерлерінің қолбасшысы болған, оған қоса Қасымхан ордасының және Қасымхан атты әскерлерінің мініс атын, хан, сұлтандардың мінетін атақты жүйрік, жорға сәйгүліктерін де өз жылқысынан таңдап берген. Тіпті Иран, Ирак, Қырғыз, Парсы елдеріне дейін даңқы шыққан. Қасымхан елшілік мақсатта басқа елдің сұлтандарына сыйлайтын жылқыларды да осы Жәнтекей байдың жылқыларының үйірінен таңдаған деседі.
Жәнтекейдің сол кездегі қонысы Сарыарқаның жоны мен Сібірдің шығысы екен. Сарыарқа қазақтың кіндік кесіп, кір жуған, батырларымыздың білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған қасиетті мекені. Жәнтекей батырда оның ұлдары мен немерелері де Сарыарқа төсінде жерленген.
Ұлытау ертеден қазақ астанасы. Жошы хан негізін қалаған. Қасымхан қазақ ордасын тіккен. Жәнтекей хан шаңырағын көтеріскен қасиетті мекені.
Атақты Үмбетай жырау жырлағандай:
Батыр ханға сай болды,
Елі жалпақ бай болды.
Қыс қыстауы тау болды,
Жаз жайлауы көл болды.
Сарыарқа бел болды,
Сарыарқа деп таңданып,
Өзге жұрт аңсар жәй болды.
Мағол және үнді елдерінің билеушісі, ақын, жазушысы Заһиреддин Бабыр өз деректерінде « Жұрттың айтуына қарағанда қазақ хандары мен сұлтандарының бірде бірі бүл халықты дәл Қасымхан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде үш жүз мың адам болған » деп жазады. Ал әйгілі тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулати Қасымхан жайында «Ол дешті Қыпшаққа толық билігін таратты. Оның халқы миллионнан асты. Жошы ханнан кейін бүл жұрттың дәл осындай күшті ханы болған жоқ» деп жазады.
Орта ғасырдағы қазақтың ғұлама ғалымы Қадырғали Жалайыр еңбектерінде «Жәнібек хан ұлдарының ішіндегі аса белгілі болғаны Қасымхан еді, ұзақ уақыт атасының ұлысына патшалық етті. Төңірегіндегі уәлияттарды өзіне қаратты» деп жазылса, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати « Тарих-и-Рашиди » кітабында: « Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасымхандай құдіретті болған ешкім болған емес»деп жазады.
Ал батыр Жәнтекей Бердішораұлы осы Қасымханның қарадан өзі таңдаған қолбасшысы, туын ұстап, елін, жерін қорғаған қайтпас, жау жүрек батыры. Сол кездегі қазақтың алып жауы Шайбани әулетінің қазақ даласына жасаған бес мәрте қанды шайқасында Қасымхан үш жүз мың атты әскері мен оның қолбасшысы Жәнтекейге қатты сенім артыпты.
Тізе қосқан Қасымхан әскерлері 1519 жылы басталған Маңғыттарға қарсы шабуылын, Шайбанилардың Самархан, Түркістан, Сыр өңірлеріндегі қалаларды басып алуы шайқастарын, Ұлытаудағы хан сарайын басып алуы шайқастарын маңызды стратегиялық соғыс тактикасымен талқандайды.
Әкесіне сәйкескен Жәнтекейдің үш ұлы Сүйіншіәлі, Сүйінбай, Сүйіндіктер Қасымхан атты әскері қатарында жау шебіне тойтарыс беріп, өз ерліктерін көрсетеді. Тарихи деректерде айтылуында Жәнтекей ұлдарында алпыс мыңнан астам жылқы болып, мініс ат, сойыс мал сияқты хан ордасының негізгі қажеттіліктерін қамдауда ересен зор еңбек көрсеткен екен.
Батыр, өз дәуірінің көрнекті тұлғасы, қоғам қайраткері, қолбасшы Жәнтекей Қасымханның қасқа жолын жасауға елеулі үлес қосқан тарихи тұлға. Ол атам қазақтың ұлы дала көшпелі елінің мал шаруашылығымен шұғылданудағы тарихи тәжірибелерін дұрыс қорытындылап, қазақтың көшпелі тұрмысындағы қыс қыстау, төлдеулік, жаз жайлау, күз күзеуліктегі табиғи тұрмысын Қасымханның тұңғыш рет қасқа жолына енгіздірткен саясаткер. Кейінгілер бұл жолды «қазақтың төрт өзгермесі» деп атаған. Бұлай дегендік ауа-райына қарай қыстау, күзеулік өзгермейді деп қазақ қайда көшіп барса да бұл қағидадан ажырай алмайтындығын заңдық тұрғыдан тұрақтандырған.
Бұдан тыс қазақ арасында көп болатын жер дауы, жесір дауы, мал дауы, кісі өлімі қатарлы келелі істерді нақтылап, Қасымханның қасқа жолы деп көрсеткен. Бұл халық арасында дұрыс шешім жасауға ықпал етіп, Қасымханның беделін арттырды.
Жәнтекей Мұрындық хан тұсында Қасымханмен бірге қол бастап Ноғай Уәлияттарына басып кіріп, Ноғайларды талқандап, Мұрындық ханның Сарайшықты астанаға айналдыруына елеулі үлес қосады.
Қасымханның қазақтың өрісін кеңейтіп, Сібірдің шығысын, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар, Маңғыстау, Қостанай, Сарыарқа, сыр бойы, Самархан, Бұхар, Түркістан, Сарайшық, Ұлытау, Қарағанды өңірлеріне, Сарысу, Атасу, Нұра өзені бойларына толық жетекшілік етіп, қазақтың этнографиялық орнын кеңейтіп, Қасымхан дәуіріндегі бір миллионнан астам қазақтың қуанышын еселеп, қазақ қолының айбатын еселеді.
Қасымхан тұсындағы үш би: Танаш Фархатұлы, Бағлан би, Жәнтекей би қазақтың «үш алтын діңгегі» атанған және «алты арысты» елдің билері болған екен.
Қасымхан мен бірге хан ордасындағылардың қол астындағылардың көбі хан тұқымы, сұлтан әулеттері болған. Қарадан таңдап алған мемлекет қайраткерлері аз санды болған. Тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулати « Тарих-и-Рашиди » кітабында «Қасымханның өз заманында тарихи орны жоғары болды, әсіресе қазақ халқының этникалық аумағын кеңейтті, мал шаруашылығын негіз еткен тайпалардың жайылымдық жерлерінің тұтастығын қамтамасыз етті, елді нығайтты. Халық санын өсірді. Қазақ елін алыс жақын елдерге паш етті. Қазақ саны бір миллионнан асты»деп жазады.
Мүхаммед Шайбани 1500 жылдарда қазақ жеріне қайта – қайта шабуыл жасайды. Қолбасшы Жәнтекей шабуылдарға атой салып батылдықпен қарсы тұрады. Осы қиян кескі шайқастарда әкесі Бердішора да қаза болады. Бердішораның әкесі Байлау батырда Сібір даласын қорғауда елулі еңбек көрсеткен батыр болған екен.
Жәнтекейдің мол байлығы Бағанадан, Байлаудан, Жиеншорадан ұрпақ жалғап үзілмеген екен. Ол тек жылқыларының көптігі мен емес, сапасының өте жақсылығымен елге танылған.
Қазақ халқы жылқыны үлкен жақтан қылаң, баран деп екі түске бөледі. Баранға қара, қарагер, торы, кері, қоңыр, құбақан(құбаң), жирен, қара сұры, сұры, құла жатады. Қылаңға ақ, боз, көк, қара көк, қызыл көк, тарлан, ақ сұры кіреді. Жәнтекей жылқыларының көбі осы екі түрге жатқан екен. Қыйық енді Жәнтекей малы деген осыдан қалған.
Қасымхан кезіндегі атақты сайгүліктердің, жорғалардың, жүйріктердің аты қазақ елінен тыс басқа елдерге де кең тараған. Жылқы қасиетті мал, ата- бабамыз жылқыны өзіне ертеден серік еткен. Оны қадірлеп, қастерлеген.
Қазақ ауыз әдебиетінде жылқы туралы « Құлын – тайға жеткізер, тай – құнанға жеткізер, құнан – атқа жеткізер, ат – мұратқа жеткізер » деп, жылқыны өзінің бақыты мен мұратына жетудің негізіне балаған.
Халықпыз жылқы өсірген әлмисақтан,
Жанына батырлардың тұлпар жаққан.
Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы,
Қазаққа жылқы малы болған мақтан,- деп әнге де қосқан.
Тепкішекте өскен қазақ ұрпағымыз ғой,
Белдеуінде ат тұрмаса жатпаған,- деген аталы сөзде айтылған.
Тарихи деректерде Жәнтекей жылқыларынан су жорғалар көп шыққан деседі. Су жорға деп жүрісі майда, тостағанға су толтырып қойса да төгілмейтін жәйлі болады. Сағатына 15-20 километр жол басады. Түйе жорға жылдамдығы тез, сағатына 20-25 километр жол басады. Енді бір жорға төкпе жорға, ең тезі сағатына 50-60 шақырым жол басталады. Халықаралық жорғалар минутына бір километр жол басады. Бұл жорғалардың ең жақсы түрі.
Жылқының осы түрлеріне қатты қызыққан Қасымхан бірде Сайдханға былай депті:
- Біз дала халқымыз, бұл жерде алуан түрлі бұйымдар жоқ, үй салу машақаты жоқ. Ең қымбатты байлығымыз жылқы және дәмді тамағымыз оның еті. Әрі ең сүйікті сусынымыз оның сүті, біздің өлкемізде бау бақшамен ғимарат жоқ, серуендейтінбіз малдың жайлауы, жайлауға барып жылқыларды тамашалаймыз, соны қызықтаудан ләззат аламыз, – деп Сайдханды ертіп, үйіне алып барады. Жылқыларымен мақтанған Қасым хан:
- Менің екі арғымағым бар, екеуіде бүкіл үйірге татиды,- деп арғымақтарын алып келеді. Сайдхан дәл мынандай керемет сәйгүліктерді ешқашан көрмегенін жасырмайды. Қасым хан:
- Дала халқы жылқының күш қуатына қарай тіршілік етеді. менде осы екі арғымақтан өзге өзіме лайық сенімді серік жоқ. Сондықтан екуін бірдей сізге сыйлай алмаймын. Олар мен үшін қымбат болса да сізге біреуін сыйға беремін және сіздей қадырлы қонаққа лайық бүл,- дейді.
Осы сыйға берілген арғымақ Жәнтекей жылқысынан таңдалған екен.
Жәнтекейдің үш ұлы Сүйіншіәлі, Сүйінбай, Сүйіндіктерде ең аз дегенде отыз мың әскерді соғысқа аттандыра алатын байлық қуаты мен аттары болған деседі. Одан бөлек әскерлерді киім – кешек, тамақ, қару жарақтармен қамдаған. Қазақта « Ердің де ері болады, Бидің де биі болады» дейтін мақалы бар. Осы аталы сөз атақты батыр, қолбасшы жомарт бай Жәнтекей биге берілген халық бағасы. Қазыр Жәнтекей ұрпақтары Қытай, Манғолия, Қазақстан, Түркия, Германия қатарлы қырық неше елде өмір сұріп жатыр.
Жәнтекейдің «Байлығым халқыма жетсе менде арман жоқ» деген сөзі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, өзі батыр, өзі жомарт, өз заманының көрегенді тұлғасы болып, артына өшпес мол мұра қалдырған.
Жәнтекей ұрпақтары тарихтан бері ең көп өскен қазақ халқының бір бұтағы. Осы рудан талай майталман билер мен жаужүрек батырлар шыққан. Ел ұйытқысы болған ел.
Жәнтекей мен Қасымхан деңгейлес өскен, бірі төреден шыққан хан болса, бірі қарадан шыққан қолбасшы егіз қозыдай ауылы аралас, қойы қоралас боп өткен екен.
Қасымхан дәуірінде Жәнтекейдің бас болуымен хан ордасын қазақтың кигіз үй жабдықтары мен қазақ кигіз үйлерінің ең жақсы үлгілерін таңдап, Жәнтекей ұрпақтары Ұлытауда хан ордасын тіккен. Шетелдіктердің, хан сұлтандардың, экспедицияшылардың тамашалауына көрсетіп қана қалмастан, хан ордасының айбаты мен беделін арттыра түсті. Қазақ кигіз үй мәдениетін шет елдерге дейін таратады.
Сол кезде хан ордасында Жалайыршора бастаған 200 ден астам атақты саятшы, аңшы және сал серілер болған, олар хан ордасын аю, қасқыр, жолбарыс терісі мен қамдап, түлкі, қарсақ, құндыз терілерінен қымбат бұйымдар жасап хан ордасын жабдықтаған.
Тарихи деректерде Қасымхан дәуірінен қалған бір сөз айтылады екен.
«Құстар айтады екен, аспанға ұшсақ қанатымыз талады, Жерге қонсақ Жалайыршора алады» деп. Осы аңыз ел ауызында тараған.
Қасымханның «Ақ ордасына» тігілген үйлер 130 бастан, «Көк ордасына» тігілген үйлер 120 бастан екен. Ханның қонақ күтетін және өз үйлері 80-90 бастан, Әдеттегі ас үйлері 40-60 басты үйлер тігілген. Үйдің 120-130 басты үйлер 12 қанат кереге мен уық пен есептеледі. Мұндай үйлер атпен тігіледі. 8-10 қанатты үйлер 8 де 10 кереге уықпен, 4-6 қанат үйлерде қанаттық үйлерде уық пен өлшенеді.
Бұрынғы өтен бабаларымыз атқан таңға шыққан күнге жетсем деп армандап өткен екен ғой. Дәл қазір қазақтың таңы атып, күні шығып, көк туымыз желбіреп, тұтас дүниеге танылғалы шұғылалы 30 жыл болды. Әр қазақ баласы қаз дауысты Қазыбек би айтқандай:
Алтын ұяң отан қымбат,
Құт берекең атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Мейірімді апаң қымбат.
Асқар тауың әкең қымбат.
Туып – өскен елің қымбат,
Кіндік кеске жер қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.- деп толғайды.
Расында «Ердің айнасы – елі, жердің айнасы көлі», « Ата қоныс – алтын мекен», «Елің панаң, жерің анаң», «Ер есімі ел есінде», «Ер өлсе де аты өлмейді» дейтін сөз өнерін ұстанған халықпыз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай: «Ер ел тарихының белі, ол көзі тірісінде бір танылады, өзі кеткен соң кейінгі ұрпақ қадырын біліп, қасиетін таныған сайын тағы да танылады».
Қазақтың ұлы даласын, елін, жерін қорғаған батырлар рухы мәңгі өшпейді. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын, ағайын!
Авторы: тарихшы, фольклорис, филолог, алаштанушы
Керімбайұлы Таласбек Тауасар
Ескерту: Бұл мақаланы баспаға бастыру және
сайыттарға шығару тек автордың рұхсатымен болады.
2021 ж
6alash ұсынады