Халқымыз тарихында арысын айтпағанда сонау қазақ хандығы құрылған бес жарым ғасырдан астам уақыттан бергі дəуірлерде небір бақадүр батырлар өмірге келді. Олар ақ білектің күшімен, ақ найзаның күшімен ұлан-ғайыр даланың ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап елдің бірлігімен жердің тұтастығын қорғау жолында ерен ерлігімен танылған. Солардың бірі – Орта жүз абақ Керейдің Шеруші руынан шыққан Ұзынмылтық батыр. Шамамен 1640-1637 жылдар аралығында туып, 97 жасында өмірден өткен. Ұзынмылтықтың азан шақырылып қойылған аты Құтымбет. Жаугершілік замандарда үнемі ұзын мылдық асынып, сан сайыстарда ер жүректілігімен танылған батырды жалпы жұрт «Ұзынмылтық» атап кетіпті. Ол өз дəуіріндегі даңықты қолбасшы, танымал саятшылардың бірі. Есімі мен ерлігі 4 ғасыр бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ел аузында аңызға айналып келеді. Ер Жəнібектің сенімді серігі болып, еліне ұран болған əйгілі Байтайлақ батыр сол Ұзынмылтық бабаның туған немересі.
Ұзынмылтық Батыр
(1640 – 1737)
Биыл қасиетті қазақ елінің егемендік алғанына 30 жыл. «Тегін білу – тектілік» деген даналар. Сол бабалардың асқақ арманы сай, еліміз Тəуелсіздік алып, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп келе жатқан бүгінгі күнде мұндай деректердің өскелең ұрпақ үшін орны бөлек. Себебі, бабалар ерлігі елге ұран, ұрпаққа үлгі. Алтай аймағында туып өсіп, Шығыс Қазақстанның Куршім ауданында 100 жасында өмір өткен тарихшы Томалай Тоқаұлы берген деректерге жүгінсек, Ұзынмылтық батыр тау тұлғалы, ұзын бойлы, сақалы кеудесін жауып тұратын алып күштің иесі екені айтылады. Сондай-ақ батыр ақыл парасатымен елдің басын құраған, аузы дуалы би болған. Ел ішінде ру аралық дау-жанжалдарда жұрт қарақылды қақ жарып, əділ билік айтатын сол Ұзынмылтық бабаның сөзіне тоқтаған. Батырдың бойының биіктігі соншалық, атқа мініп, аяғын қомданғанның өзінде екі тізесі жер соққан. Ал атпен арықтардан, жыра-жылғалардан өткенде тізесін жараланып қалмауы үшін үнемі тізеқап киіп жүрген. Жай уақытта батыр астында тобылғы торы ат мініп, мойнында ұзын мылтығын асынып, қолында қыран бүркітін қондырып, құмай тазы ертіп, саятшылыққа шығатын. Енді бір деректе бірде бес-алты жігіт бірігіп, орнынан қозғалта алмаған дəу тасты, екі қолымен кеудесіне тірей көтеріп, əуден жерге дейін еш қиналмай апарып қойған екен. Əдетте Ұзынмылтық өмірі жүген-құрық тимеген шу асаулардың жалына жармаса кетіп, тырп еткізбей жайдақ мініп- ақ екі айналдырмай жуасытса, белдескенде өмірі жауырыны жерге тиіп көрмеген балуан атанған.
Ежелгі аңыз бойынша ер жігіттің жеті қазынасы – ақылды жары, жүйрік аты, аңшы бүркіті, адал иті, мылтығы мен қақпаны жəне қазаны саналған. Ұзынмылтық батырда осы ерекшеліктің барлығы да болған. Белдігінен оқ-дəрі салатын оқшантайы мен арқардың, киіктің мүйіздерінен жасалған шақшасы түспеген.
«Ер қаруы – бес қару» деген дана халқымыз. Ұзынмылтық ату құралына – садақ пен мылтықты, соғуға – шоқпарды, кесуге – қылышты, түйреуге –найзаны, шабуға – айбалтаны, осу құралы ретінде – қамшыны өте шебер пайдалана білген. Бұл Ұзынмылтықтың мерген, садақшы, қылышшы, найзашы, айбалташы, шоқпаршы жəне қамшыгер екенінің бірден бір дəлелі.
Батыр жасаған дəуір Жоңғар қосындары қазақ даласына көз сүзіп, жиі шабуыл жасаған кез. Сондай қиын-қыстау кездерде батыр «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» халқын ұрыс даласына бастаған. Ол елім деп еңіреп, халқым деп елжіреп қалың қолмен жауға сан мəрте қарсы шауып, тойтарыс берген. Ұзынмылтық ақ сақалы кеудесін жауып, 70 жастан асқан шағында да күш-жігері тасқындап, жоңғарға қарсы ұрыстар да асқақ рухы, қайтпас қайсарлығымен танылған. Ол тебінді тегеурінді, əдіс-айласының арқасында қарсы келген жаудың арны қатты, күші мығым талай батырларын жер жастандырған. Тіпті, елін қорғау жолында ұрпақтарында батылдыққа баулып, ұлдары мен немелерін де алдыңғы шепке өзі қолымен аттандырып отырған. Ұзынмылтық ұлы Бейімбетке, немересі Байтайлақты жастайынан дара тұрмыс кешіруге, батылдыққа тəрбилеуге баса мəн берген. Немересі Байтайлаққа барлық соғыс өнерін өз қолымен үйреткен. Кенін «Əке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші батыр Байтайлақтың 13 жасында қолына қару алып, Жоңғар шапқыншыларымен жан аямай айқасуы сол тағлымды тəрбиенің айқын бір айғағы. Байтайлақ батыр шамамен 1703 жылы дүниеге келіп, 1781 жасында өмірден өткен. Ақтабан шұбырынды заманында ер Жəнібектің сенімді серігі болып, жоңғарға қарсы небір сұрапыл шайқастарда атой салып, атқа қонып, жеңістің туын тіккен. Кейін шеруші атадан тараған əрбір ұрпақ оның есімін ұран етіп, «Байтайлақтап!» жауға аттанатын болған.
Ұзынмылтық батыр қолданған мылтығының ұңғысы иір оқпанының үстіңгі жағы қырланып соғылған. Көздеу тетігі қазына бөлігінде орнатылған, көздеуіштен жəне ауыз тұсындағы қарауылдан тұрады. Оқпан құндаққа екі металлмен құрсауланып бекітілген. Құндағы ағаштан, мойыны ұзын, оқпанның ауызының ұшына дейін жетеді. Дүмі еуропалық үлгіде жасалған. Дүмінде металл пластинамен жабылған ойығы бар. Құндақ мойынының орта түсында сирағы орнатылған, сирақтарының ұштары темірден жасалған. Металл діңгектің ұзындығы - 92 см, ағаш арнасы - 126 см, тіреуі металл аяқ тұғыры - ағаш тірегі металл тіреуіштерімен -15 см. Мылтықтың жалпы ұзындығы 135 см. Ол құралайды көзге ататын əйгілі мерген адам болған. Оны Ұзынмылтық атандырған Шиті мылтық-дəріні мылтықтың аузына құйып, кейін домалақ қорғасын салып, білтемен от тұтандырып атуға арналған. Аң, құсты алыс қашықтықтан аулауға қолайлы отты қару. Ұзынмылтық батырдың найзасы басқа батырларға қарағанда ұзын еді. Найзаның ұзындығы мөлшермен 2-2,5 метр. Найзаны жақыннан, бетпе-бет айқаста түйреу арқылы қолданылған. Ал, садағы күрделі құрама түрі болатын. Серпінді етіп жасалған негізі –«адырна» ағаштан жасалып, ұстайтын тұсы сүйекпен күшейтіліп, сыртынан тарамыспен оралған. Керілген жібі-«кірісі»-малдың шегінен өрілген. Қайыңнан жонылып, ұшына темірден, сүйіктен жебе орнатылған. Төменгі жағына құстың қауырсыны бекітілген. Оқтардың арнайы қабы-«қорамсақ»-теріден жасалып, беті қазақы ою-өрнектермен бедерленген. Батыр қолданған айбалтаның ағаш сабы екі жерден темірмен бекітілген. Жүзі жарты ай тəрізді дөңгеленіп келген. Найза, садақ жəне айбалта сынды бұл қарулар Ұзынмылтық батырдың соғыста, жекпе-жекте алып шығатын жеке қаруы. Батыр сонымен қатар шоқпар өнерін өте жақсы меңгерген. Ұзынмылтықтың шоқпары тастан жасалған. Тас шоқпарлар негізінен орта ғасырларда ғана қолданылған. Мəселен,
«Қобланды батыр» жырында:
«Тарлан атқа кідіріп,
Ер салғанша асықты.
Ат басындай тас шоқпар,
Тақымына басыпты» деген жыр шумақтары кездеседі. Ұзынмылтық батырдың шоқпары осы жырда сүреттелгендей тас шоқпар. Ұзынмылтық шақпарының қайысын 24 таспадан жұмырлап өріп, оның басына ат басындай тас байлап ұрады екен. Аң-құс аулауға тас пайдаланса, соғыста темірден, шойыннан, қорғасынан құйылған, салмақтары бірнеше батпан болған ауыр шоқпар түрін қолданған. Батыр өзінің қамшыгерлігіне сай қамшы өрудің қыр-сырын жақсы меңгерген. Төрт таспадан бастап, он екі таспаға дейінгі қамшыларды түрлі тəсілдермен өре білген. Ұзынмылтық қамшы арқылы жауынан қорғанатын, əсіресе жоңғар шайқасында жаудың бірнеше батырын жайратып салғаны ел ішінде ауыздан ауызға тарап үлкен аңызға аналған. Мысалы, ол қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра соғу, орап тарту, шықпырту, оса тарту, тіле тарту, баса тарту, көсіп жіберу, серпе тарту, көсите тарту, салып қалу, сілтеп қалу сынды əдістердің түр-түрін қолданған. Нақтырақ айтқанда қамшыгерлік адам бойындағы ептілік, дəлдік, жылдамдықпен жүректілік қырын көрсете білетін үлкен өнер. «Ат адамның қанаты» деген халқымыз жылқы малын ерекше қастерлеген. Батырдың өмірде жанына балап, сан сайыстан аман алып шыққан тобылғы торы аты 32 жасқа келіп өлгенде ерекше егіліп жылап қоштасқан екен.
«Жігітке 70 өнерде аз» демекші, бір бойыннан батырлық, мергендік, қамшыгерлік, құсбегі, атбегігілік сынды ерге тəн асыл қасиеттердің барлығы табылатын Ұзынмылтық батырдың қазақ елі тарихында сіңірген еңбегі ерен. Батырдың зираты Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Зайсан көлінің оңтүстік батысына қарай шамамен 12 шақырым жерде. Зират жатқан жер орыс географиялық қоғамының 1910, 1923 жылдары сызған карталарында да анық белгіленген. Бұл өңір кеңес одағы замамында бекет болған. Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылында тұратын Ұзымлылтықтың жиеншарлары осы таңда рулы ел болып өсіп, өнген екен. Ұзынмылтықтың тікелей ұрпақтары Сағи Алтай, Лашын Мəулен, Қарқын Қасымбекұлы сынды азаматтарға 2019 жылы 12 желтоқсанда батырдың туған жиені 90 жастан асқан Қабдолла ақсақал зиратты көрсетіп берген. Осы ауылда бір мал жоғалып кетсе немесе жайылып кетіп табылмағанда, малды көргендер «Ұзынмылтық зиратының арғы жағында немесе төменгі жағында жайылып жатыр» деседі екен. Қабдолла ақсақалдың айтуына қарағанда зират киіз үй пішініндес, сатыланып жиналғанын, төбесіне ат үстінде тұрған адамның қолы көтергенде жетпейтін. Ұзынмылтық əйгілі батыр болғандықтан зияраты биік салынған көрінеді.
Ұзынмылтық батырдың ұрпақтары бүгінде бір қауым ел. Олар Қызақстанның əр жерінде, Қытайда, Монғолияда, Түркияда, Еуропа елдерінде жəне əлемнің түпкір-түкпірінде тұрады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, оның ұрпақтары жақында бабасының зиратын жаңғыртып үлкен кесене тұрғызды. Кесененің тұрғызылуына батырдың тіке ұрпақтарымен қатар Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қабандай ауылдық округ əкімшілігі қол ұшын берді. Барлықтарына Алла разы болсын!, – дейді кесенені тұрғызушылар.
Зейнеш Смайыл
(Түркия-Анкара)
Қазақстан Ғылымдар Академиясының құрметті
академігі, профессор, түрколог
6alash ұсынады