ҰЗЫНМЫЛТЫҚ БАҺАДҰР
(Ұзынмылтық Шерушіұлының 368 жылдығына!)
Жалын атқан жүрегінің ынтығы,
Рулы елі қорған тұтқан мықтыны.
Кемеліне келген шағы деседі,
Шерушінің батыр Ұзынмылтығы.
Жәнібекке үлгі болған ерлігі,
Тобылғы тор жарасқандай - керігі.
Шойын тұлға, қаба сақал, еңсегей,
Таң қалдырған "бес қаруға" берігі!
"Батыр болсын, таси берсін құтым!" деп,
Әке қойған өз аты екен - Құтымбет.
Қолын бастап жауға шапса сол бала,
Қарт батасын деп беріпті: "тұқымды ет!".
Шайқастарда батырға Алла бақ берсе,
Қаумалап жұрт жеңісімен ап келсе -
"Ұзынмылтық ата келді!" дейді екен,
Алақайлап келіндер ат тергесе.
"Ұзынмылтық" аты солай шығыпты,
Ел көріпті терек болған шыбықты.
Айбатынан ай жасқанып көктегі,
Жауы жасып жалауларын жығыпты.
Жұмыр тұяқ, белдемесі қанатты,
Тобылғы тор асыратын санатты.
Арпалыста дейді жауын жануар,
Жұлып алып, тістеп, тарпып тастапты.
Найзаларды, дарытпай жебелерді,
Ырқына Ұзекеңнің көне берді.
Деп жұрты аңыз қылды жануарды,
Сөгіліп жауларының көбелері.
Батырға асқақ еді алыс арман,
Мылтық ап аң аулайтын, қайыс арқан.
Ауыл мәз көк сүбелі аң етіне,
Нар белі шыдас беріп қайысардан.
Қара тас бес жігітке қозғалмады,
Мұны естіп Ұзекеңнің қозданғаны!
Қапсыра құшақтаумен кеудеге алып,
Апарды әудем жерге озған бағы!
"Тас шоқпар" сілтегені жау жапыра,
Кеткендей гүрсілінен тау жарыла!
Өкініп Ойрат сонда ойран болды,
Өкіріп аттарынан аударыла.
Білтеге от тамызса қорғасын оқ,
Ажалды ысқыртатын сорларын ұқ!
Сирақты шиті қоймас бекіністе,
Ұзекең жатса жалғыз жолдасы жоқ.
Басым күш шу асауды шалмаласа,
Жүген - ноқта салмай - ақ амалдаса -
Батырдың жайдақ мінген тақымынан,
Жуасыр өзін асау шамаласа!
Кісі еді ар - намысты, жөнді білер,
Қамшысы дырау тисе көнді тілер.
Жау шапса, қарусызда, қапылыста,
Қамшыдан тірі Ойраттар көзін ілер!
Әділ би қара қылды қақ жаратын,
Қақ жарып, қаралықты қаңтаратын.
Жер дауын, жесір дауын, құн дауларын,
Шешкенде жұрты шұлғып мақтанатын.
Қанаты "Ақтабаннан", "сұламадан",
Қалдырмай жаудан кеткен, құламадан -
Отыз екі жаста өліп тобылғы тор,
Батыр көзге жас алды, жыламаған!
Қорлатар әпестікті майқандапты,
Әр ісінен менмендік байқалмапты.
"Еліне еңіреген ер болсын!" деп,
Баулыпты Бейімбетті, Байтайлақты.
Байтайлақ ұран болды руына,
Жоңғарға қарсы қақпан құруына.
Ұзекең қарт қырандай қонақтады,
Алаңсыз сенім артып тұғырына.
Кіндігі Көктоғайда кесілмегі,
Бақыт қой балалық шақ есіндегі!
Керейдің батыр ұлы өтті өмірден,
Тоқсан жеті жасаумен есіл ері!
Бұйырып Зайсан көлден топырағы,
Дастанын жазып елі отырады.
Оғланы елдің бүгін жүрегінде,
Парағын тарихтың толтырады!
Ел - жұртың асын берді, асқан бағы,
Баһадұр, рухың ғажап аспандады.
Өзіңмен асқақтайды өр еңсеміз,
Жөн бе еді азат қазақ жасқанбағы?!
Болат Құрманғажыұлы Әкежан
01.06.2021 ж.
6alash ұсынады