Қазақ емшілігі: ежелгі оташылық өнер

Қытайдың Алтай аймағы Бурылтоғай ауданында тұратын оташы Мәулішәріп Қапаұлының «Қазақ емшілігі» атты кітабындағы сынықшылық туралы жазбаларынан үзінді.

Бұғана буынын салу және сынықты таңу әдісі

Бұғананың сынуы немесе орнынан таюы болсын, мұнда бастысы иықты артқа қарай тартып тұрып, шыққан немесе сынған бұғананы қолмен орнына салу әдісі қолданылады.

Бұғананың сынығын таңу немесе орнынан таюының салынуы өте оңай. Алайда, оны тұрақтандыру қиынырақ болады. Сондықтан бұғананың алдына ағаш қалып салып таңса да немесе екі иықтан артқа қарай тартып, жайлап орнына салса да болады.

Тоқбас жілікті орнына салу әдісі

Тоқбас жіліктің көбінесе орта бөлегі көбірек сынады, кейде төменгі ұшы немесе мойыны да сынады.

Мейлі, қай көлемі сынса да, алдымен сынған орынды толық белгілеп, сол жерге дәл келетін ағаш қалыпты өлшеп жасап, мақта салып, дәкімен орап, дайындап қоямыз да салуды бастаймыз. Онан соң қара шайға тұзды көбірек салып жағып, уқалап, сипаймыз.

Әдетте, сүйек сынуы – шорт сыну, қиғаш сыну, жарылып сыну, оймақ бауланып сыну деп бөлінеді. Мейлі, сынудың қай түрі болса да, сормақтаға істетілетін тұзды шәйді көбірек жағып, сіңдіріп, ауруын басып алып, оташы мертіккен адамның денесін өзіне қарай толық үйлестіріп, тартып салу керек.

Мұнда мертіккен адамды отырғызып, сынған орынның бас жағынан бір адам, аяқ жағынан бір адам жаулық немесе орамалды байлап алып, бір қалыппен босатпай жалғасты тартады. Төменгі жағындағы адам негізгі тартушы адам есептеледі. Ол алақанды алдыңғы жаққа қарай жарым алақан етіп, тарту бағыты бойынша алғашында ақырын, соңынан біртіндеп бостапай қатты тартады.

Оташы сынған орынның етін қатты ысқылап, сылайды әрі толық түсіреді. Бұл кезде оташының тарту өнері басты орында тұрады. Тарту жақсы болса қыстырылған еттер шығып кетеді. Тартыңқырап, арасын ашып барып, қоя берген сынықтың орнына түсуі жақсы болады. Сынық орнына толық түсті дегенше тартушылар сол бойынша тартып тұрады.

Оташы тұзды шәйді көбірек жағып, ысқылап, сылап барып сормақтаны тегіс жайып, жұмсақ шүберекпен қатты орайды. Онан соң таңуға дайындалған ағаштарды реті бойынша қойып, жоғары, орта, төмен жағынан үш жерден байлап таңады. Таңып болған соң тартушылар біртіндеп босатады. Байлау өте қатты немесе бос болмауы керек. Алғашында мертіккен адамды күзету керек. Мертіккен адам шошымай, жақсы ұйықтаса бұл сынық сәтті таңылды деген сөз.

Әдетте орнына түскен сынық недәуір іседі. Ісігі көкшіл болмайды. Егер мертіккен адам шошынып ұйықтамаса, ісік ұлғайып көгерсе, сынықтың орнына түспегендігі әрі өте қатты таңудан болды деп қарап, жұмысты қайта бастан жасауға тура келеді.

Мертіккен адам тыныш болып, ісік ұлғаймаған болса, 5-7 күнде бір рет босатып, теңшеп, сылап отыру керек. Жалпы алғанда ересек адамдар бір жарым, екі ай мөлшерінде балдақпен абайлап жүрсе болады.

Шынтақ буынын салу және сынығын таңу әдісі

Бұл көбінесе қайырылу, бұралу, шынтақтай жығылудан болады. Буын шыққандығын тұрақтандырғаннан кейін оташы шыққан шынтақ буынын жәрдемші екі адамға тартқызып, салып, лайықты қалыңдықта орап, мойынға асып қояды.

Шынтақ сынығында әдетте кәрі жіліктің шынтақ буын жақ айдаршасының сынуы көп кездеседі.шынтақ сынығын сынған орынды нақты белгілеп алып,таңғыш қалыпты дайындап, екі жағынан тартып салады.

Тоқбас жілік пен кәрі жілікті аяғынан орамалмен байлап алып, алақанды үстіне қарай біртіндеп тартып, бұрынғы сау бағытына келтіреді әрі қолды доға пішінінде әнтек иіп сәл тартады. Тартып түсіргеннен кейін түзеп таңып, 7 күнде босатып, буынды лайығында әрекеттендіріп барып, буынын иіп таңады.

Өйтпегенде қол қисық болады немесе шынтақ доға пішінінде иіліп, жазылмайтын болып қалады, бұған төтенше назар аудару керек. Түзеп, доға пішінінде бірнеше рет қайталап таңу керек.

Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы

Baq.kz