Моңғолияның Халық әртісі Бақышқызы Қайжамал

Моңғолияның Халық әртісі Бақышқызы Қайжамал апа 97 жасқа қараған шағында бақилық болды.


Баян-Өлгий аймағы іргетасын қалаған 1940 жылдан бастап, ұлттық аймақтың мәдениеті мен өнерінің көшін бастаған аяулы ана, өнер жұлдызы Қайжекең шет жүрген қазақ диаспорасы тарихының куәгері, Баян-Өлгий өнер ошағының жанашыры, шырақшысы еді.

Моңғолияның мәдениет, өнерінің алтын кезеңінің жарық жұлдыздары – Қибатдолда Жұмапиұлы, Самжид Риймэд, Моңғолхан Арғынбайұлы, Құсайын Дүйсенбайұлы, Төлеухан Жақсылықұлы, Дүйсенбі Тасбатырұлы, Бекзада Қармолдаұлы, Қабікей Ақымерұлы, Ахметбек Әлпекұлы, Кәлек Құмақайұлы, Мүсәйіф Құсайынұлы, Нүскей Сатыпалдыұлы, Қаду Жәкейқызы, Серкешхан Омарқажықызы қатарлы қайраткерлердің қасиетті сапында бірге болған әжетай да қайтты бұ дүниеден.

Құрманхан Мұқамәдиұлының – «Кезең үстінде», «Жасыл дөң», Ақтан Бабиұлының – «Ермалайы» пьесаларындағы басты рөлдерді сомдап, Ұлы Ғабит Мүсіреповтың – «Қыз Жібек», «Ақансері – Ақтоқты» және «Қалқаман – Мамыр», Шыңғыс Айтматовтың – «Ана – жер Ана»-ларындағы классикалық рөлдерді сомдаған өрен талант Қайжамал Бақышқызы 1966 жылы Моңғолияның «Еңбек сіңірген әртісі» атағымен, 2014 жылы 90 жасында Монғолия мемелекетінің «Халық әртісі» атағымен сыйланған.

Қайжекең 1966-1974 жылдар арасында аймақтық МДТ-ын басқарды.

Марқұм асыл қайраткердің ұрпақ-жұрағатына көңіл айтамыз! 

Топырағы торқа болсын!

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ


Моңғолияның "Халық әртісі" Бақышқызы Қайжамал

Бақышқызы Қайжамал 1924 жылы Бұлғын сұмынының "Қабырға Бұлақ" деген жерінде дүниеге келген. Руы Жәнтекей-Секел ұрпағы.

1938 жылы 14 жасында Улаанбаатар қаласында сол кездегі көркем өнер мектебіне (қазіргі Музыка-Би академиясы) оқуға түсіп, 1940 жылы осы мектепті озат бітіріп Аймақтық клубке алғашқы он кәсіби артистің бірі болып қабылданады. 1953 жылға дейін аймақтық клубта артис, 1953-1959 жыл аралығында Бай-Өлке аймақтық әйелдер кеңесінің бастығы, 1966-1974 жылдары Музыкалық Драма Театрының бастығы қызыметін атқарған.

Бақышқызы Қайжамал қоғамдық салада да көп қызмет атқарған адам. Халық Ұлы Құрылтайына бір рет, Аймақтық халық құрылтайына 6 рет депутаттыққа сайланған. Аймақтық МХРП-ның комитетінің бюра мүшесі, пленум мүшесіне әлде неше рет сайланып, МХРП-ның 12, МРЖО-ның 11-сьезіне делагат болып сайланған. 41 жыл қоғамға еңбек етіп 1981 жылы зейнет демалысына шыққан. Қайжамал апаның қоғам алдында, өнер саласында атқарған қыруар еңбегін үкімет партия жоғары бағалап:

  • 1966 жылы Моңғолияның «Еңбек Сіңірген әртісі»;
  • 2014 жылы Монғолия мемелекетінің «Халық Әртісі»;
  • Моңғолия мәдениетінің озат қызметкері «Алтын Жұлдыз» ордені;
  • «Еңбек құрмет» медалімен 2 рет, (1947, 1950);
  • Халық төңкерісінің 50, 60, 70, 80, 90 жылдық мерекелік медалдарымен қатар көптеген мерекелік медалдарымен марапатталған.

2017 жылы Аймақтық МДТ-ның 60 жылдық мерейтойында Моңғол елінің «Құрметті азаматы» мәртебесіне ие болған Бықышқызы Қайжамал апа 2 ұл, 4 қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана, аяулы әже еді. 2020 жылы Баян-Өлгий аймағында 97 жасында өмірден өтті.

6alash ұсынады