Журналистиканың ең керемет жері – ерекше адамдармен дидарласып, әңгімесін тыңдаудың сәті түсетіндігі. Біле-білгенге – бұл қазақтың сыйлы құда күткенінен де зор шаруа, кәдімгідей дайындықты қажет етеді. Алдымен баратын адамыңа қызығушылық-құрметің болуы шарт. Оның жазған еңбегінен, қызметінен, өмір жолынан бейхабар болсаң, бекер әуре болмай-ақ қой. Өйттің екен, бүкіл журналист атына кір келтіргенің. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және «Құрмет белгісі», «Парасат», «Барыс» (II дәрежелі) ордендерінің иегері, ақын Марфуға Айтхожамен сұхбат алуға барарда да ептеп толқығанымыз рас. Өйткені Марфуға апай – тағдырлы ақын. Кеңес өкіметі келгенде атасы Айтхожа би итжеккенге айдалып, сол заманның көзі ашық, интеллигенциясы саналатын әкесі Ғали қуғынға ұшырап, ақыры бас сауғалап Қытай асып, тағдыр жазуымен ақын Марфуға
Айтхожа Шыңжаң өлкесінде Құлжа қаласында дүниеге келеді. Атақты «Бір уыс топырақ» өлеңінде сағыныштың зары бар. Туып өскен елі мен жерін елжірей сүйген сезімтал жүрек лүпілі бар. Атақонысқа қайта оралғанда әкесінің Ешкіөлмес атырабының топырағын құшып жылағанын көріп толқыған ақын жүректің тебіренісі бар.
Ешкімде жоқ дүние
Марфуға апай Абайдың 1951 жылы «Қазақ елі» журналы редакциясында төте жазумен басылған кітабын көрсетті. Бұл кітап ақынның бойтұмарындай. «Бұл – ешкімде жоқ дүние, тіпті музейлерден де көрмедім. Әкем Қытайда жүргенде Қасымның, Сырбайдың, Сайынның кітабын, Мәриям апай шығарған «Қазақстан әйелдері» журналын алғызатын. Пушкиннің кітабын да әкелді, ол да арабша болды. Сонда менімен қатарлас қыз-жігіттер сол кітаптарды сұрап алып оқитын. Кейін Қазақстанға, одан Мәскеуге оқуға кеткенде өзіммен бірге алып кеткен едім, кітаптар менде осылай сақталды» дейді ақын. Өзі әлі күнге төте жазумен жазатын адам Абайдың өлеңдерінен, қара сөздерінен үзінді оқып берді. Кітапты қолымызға алғанда назарымызды аударғаны – ішіндегі көне фотосуреттер болды. Семей қаласында Абай оқыған медресе, Абайдың өлең жазып отырған фотосуреті, Әбдірахман, Мағауияның фотосуреті, Абайдың Жидебайдағы қыстауының фотосуреті. Марфуға ақын бұл кітапты көзінің қарашығындай сақтап келеді.
Көңілге ыстық суреттер
Ақын ескі фотосуретке елжірей қарайды. Осы суретке қарап отырып сағынышын басатындай. Ал айтқан әңгімесін тарих, ұлттың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдері туралы баян дерсің. Ақын ертедегі суретті аялай ұстап түсіндіріп отыр. «Бұл 1952 жылы әкем Қытайдан Бижамал деген қарындасына жіберген сурет екен. Менің 80 жылдығымда соның ұлы әкеліп сыйлады. Әкемнің бұдан басқа анда-мұнда болған суреттері жоғалып кетті, не көрмеді дейсің олар, бұ жақта «халық жауы» деп орыс түрмесінде болды, одан қашып Қытай асқанда зиялыларды ұстап, қанды түрмеге жатты. Әкем Ақсудағы Ілияс Жансүгіров атындағы мектептің алғашқы мұғалімдерінің бірі еді. Мына суретте Қытай түрмесінен шығып, үш аймақтың соғысына қатысқан кезде неше түрлі ордендер алып келген екен, мен ол кезде Мәскеуге оқуға кетіп қалғам, жоғалады деген ойым жоқ қой. Шешемнің де көрмеген бейнеті жоқ. Мынау ағам Шаяхмет, әкемнің тұңғыш ұлы, бірақ өздерінің ұлы деп айтпайтын, Айтхожа қажы атамыз бауырына салып алған, Шаяхмет ағамның келіншегі Сапар да босанып, өзінің қызы мен мені қатар емізеді. Сонда әзиз жеңгем: «Мен әлі жаспын ғой, тағы да бала көтеремін. Ата-енемнің мына өліп-талып көрген жалғыз қыздары аштан өліп қалмасын» деп көкірегін маған көбірек емізеді екен. Сөйтіп жүргенде өз қызы шетінеп кетеді. Кейін осы жайды естігенде қатты толқып-тебірендім. Ол бала қайтыс болып кетті, сол баланың атымен Марфуға болып кеттім. Негізі, менің шын атым – Маруа, қажы атам Меккеге барғанда «Маруа деген тау бар, қыз бала өмірге келсе, атын Маруа қойыңдар» депті. Биіктік, көтеріңкі шың деген мағына екен. Ол сырды өзіміз ғана білеміз. Ағам нағашыларымызға тартқан, көзі тостағандай, қасы қап-қара, мен әкеме «неге апам сияқты сұлу емеспін?» дегенде әкем маған: «сен Айтхожа қажы атаңның аузынан түсіп қалғандайсың, Айтхожа атаң сияқты шешен, ақын боласың» дейтін. Біздің тұқым жырға, музыкаға әуес еді, қажы атам Айтхожа – 13 жасынан билік айтып, шешен, суырып салма ақын болған кісі. Билер шеше алмаған дау болса, соған айтқызады екен. Сонда қажы атам төбенің басына шығып, бір түп жусанға тізерлеп отырып билік айтады екен. Халыққа сыйлы болған адам. Жанботаның кіші қызы Нәзік 4-сыныпта оқып жүргенде «Міне, Айтхожа атамның шешендік сөздері» деп оқулыққа шыққанын алып келді. «Жар басына үй тікпе, жар құласа үй кетер, ала болса ағайын, рулы елден күй кетер» деп келетін жолдары бар. Кеңес өкіметі орнағанда қажы атамды «бұл қажыға барған, би болған, бай болған» деп қол-аяғын кісендеп, сақалын желбіретіп итжеккенге айдайды. Әкемнің інісі Шәймерден «аға» деп артынан жүгіргенде оны атып жібереді».
Көрінуші ең көзіме биік болып,Қайғыдан, әке, сонда аласардың…
«Әкемді 1933 жылы ұстаған, «Жапонияға ақпарат беріп жатқан жерінен ұстадық» делінген ол туралы орталық архивтегі құжатта. «Қапал уезінен соңғы рет айдап келген 82 адамның ішіндегі ең қауіптісі, ең білімді оқымыстысы – Ғали Айтхожин» дейді сонда. Өйткені ол арабша, орысша оқыған, өте сауатты, білімді болыпты. Басқаларының көбі қызылмай болып жол-жөнекей өліп кетеді, әкемді бірінші Алматыға Мүттайым бағына айдап әкеледі, ит тұмсығы өтпейтін қалың жыныс орман, терең ор қаздырып, өлмей қалған адамдардың барлығын сол ордың ішіне тастап, бетін тормен жауып, төңірегінде мылтықтарының үстінде темір істігі бар солдаттар таң атқанша айналып жүреді екен, кім тырп етіп қозғалса аямай түйрейді. Таңертең жұмысқа апарарда ішіне басқыш салып, шығарып алады. Әкем сол жерден өзіне құжат жасап алып қашқан ғой. Оның тарихы ұзақ. Тау асып, тас басып әкем түрмеден қашады. Талдықорғанның Бүркітті Баянжүрек тауының арғы жағында Қора деген үлкен тау бар. Сол Қора тауының түбінен Текелі өзені ағып жатады, бұл өзі – табиғаты өте сұлу жер. Ілияс, ақын Сара, Ғали Орманов жырлайтын Ақсу өзені сол таудан қақ бөлініп, бір жағы Қытайға, бірі төмен қарай ағады. Әкем сол Қора тауына барып үңгірге тығылып жатады, екі айдай өткенде ауылдағы «белсенділер» «Ғали Айтхожин қашып келіп тығылып жатыр» деп хабар береді. Әкеме тамақ тасып жүрген немере інісі: «аға, қашпасаңыз болмайды, сізді ұстайды» дейді. Сол кезде әкем оған: «үйден балалардың табылған суреттерін әкеліп берші» деп өтініш айтады. Мынау – сол табылған екі сурет. Соны төсқалтасына салып Қытайға қашқан. Бірнеше адам әкеммен қашады, тау басында үлкен жарық бар екен, көп адамдар арғы жағына өте алмай, сол таудың жарығына аттарымен түсіп кетеді, әкем өтеді. Әкемнің сол жаққа барған кездегі суреті – мынау, өзі қыр мұрынды, маңдайы кереқарыс аппақ кісі болатын».
Көңілім шалқар болып шаттанушы ем,Маңдайымнан бір сипап қойғанда анам…
«Шешем балаларының бәрі аштан өліп, әкемнің шешесін де жерлеп, қолында жалғыз 10-12 жастағы бала Шаяхмет қалады. Үш жасымнан ашамайға таңып, атқа мінгізіп, 20 жасқа дейін аттың үстінде жүрген адаммын. Апам мені көтерерде түс көреді, түсінде аспан қақ айырылып, сағат түсіп келе жатады, сол кезде омырауын ашып, сағатты қойнына түсіріп алады. Сонда «бұл бала ел ардақтайтын елдің баласы болар» деп ырым етіпті. Осы жақтан өткен адамдар әкемді паналап, сол кісінің қол астында жұмыс істеп, бір ауылда болған. Сол ауылда мен дүниеге келген екенмін. Мен туатын жылы тышқан қалың болып, ұйқысы қалың әйелдердің балаларының мұрнын, құлағын тышқан жеп кететін қиын кез екен, сонда мені өздері отырған қазақ үйдің желбауына асып, таң атқанша кезек-кезек тербетіп отырады екен, кішкентай кезімнен аппақ киіндіріп өсірген. Шешемнің дауысы керемет болатын, өзінің өліп кеткен балаларын, ата-анасын, бауырларын, қажы атамды қосып ән айтады екен. Елге, сүйген жарға сағынышын қосып, балаларын жоқтап отырып бесігімді тербетеді екен, өлең маған анамның ішкі зары, мұңы, сағынышы, қайғысы, қасіреті арқылы келген дүние деп ойлаймын. Менің ата-анамның көрмегені жоқ, анам жүректен 1957 жылы қайтыс болып кетті, жаз айында Сайрам көлдің жағасындағы қыстауға жерледі, мен анамның қайтыс болғанын көре алмадым, гимназияда мұғалім болып жүрген кезім. Құлжадан келгенше жерлеп қойыпты. Қабірінің басында ұзақ отырып тұрған кезімде самайым түгел ағарып кетті. «Анашымды жапқан кезде тас қабір, Жиырмада түскен қырау шашқа бұл. Содан бері өтті өмір, ақты су, кездестірдім жандарды да тасбауыр» деген өлеңді сонда жазғам».
Құздарынан жөңкілген дауыл-көшкін,Мен тәкаппар Талқының тауында өстім…
«Әкемнің Қорғастан Үрімшіге дейінгі тасжолды салуға тікелей қатысы бар. Біз Құлжа қаласында болғанда, әкем жол құрылысында жұмыс істеді. Бірнеше жыл бұрын қытайлар жаңа жол салды, бұрын асқақ биік Талқытауының арасынан өтетін, ол жерден көлік те, арба да жүре алмайтын болғандықтан қытайлар тауды тесіп, жаңа жол салды. Кейін барғанда екі мемлекеттің келісімі бойынша мен туралы «Жыр-жүрек» деген фильм түсірді. Сонда тауды тескен жаңа жолмен өттік. Мамырдың 20-24 аралығы болатын, Тәңір тауының басында қар жатыр, Сайрам көлі де бұрынғысынан молайыпты.
Кішкентай күнімде Сайрамның жағасында аққулармен ойнайтын көрінемін. Аққулар ұшып кеткенше үйге кіргізе алмайды екен. Аққудың киесі, қасиеті жұқсын деп тілек тілейді екен. Кейін үш аймақ көтерілісі болмай тұрған кезде Іле, Алтай, Тарбағатай қазаққа тимей, Қытайға өтіп кеткен ғой. Құлжа деп атайтын себебі құлжалар ағылып жүреді екен ғой. Менің жас кезімде адамдар ат-шанамен барып, көмірді жердің асты емес, үстінен опырып-опырып алып келетін, ол көмір ағаш секілді жанатын. Ал мынау сақинаның көзіндегідей асыл тас менің туған жерімнен шығады екен, кейін соның бәрін иемденіп, ішкі жаққа алып кетті ғой».
Шыңынан Алатаудың шығандап бір,Қыран да жез қанатын қақты тынбай
Қыздар гимназиясында сабақ беріп жүрген жерінен Марфуға Ғалиқызын «бұл – байдың қызы» деп, түкпірдегі Күнес деген ауылға екі қазақ, бір ұйғырды жібереді, ұйғырдың әйелі сыртынан бақылап жүретін тыңшы екен, «мұны қайтармау керек, осы жаққа қалдыру керек» деп хат жазады екен. Әкесі Үрімшіде жүрген кезде тағы да қытайлар кәмпескелеп, әкесінің малын, жерін, әкесі мінетін пикап-қара арғымақты, Марфуға ақынға тиесілі Бөртежорғаны тартып алады. Кейін сол жаққа барғанда дүниені қайтару туралы әңгіме болады, сонда Марфуға ақын: «кімнен қалмаған дүние бұл, атамнан қалған мұра – ақындық пен шешендік өнер, әкемнен қалған кітап, білім бар, менің байлығым – өлең-жырым, мен туған жерімді көрейін, өлгеннен қалған ел-жұртты, қатарластарды көрейін деп келдім» депті. Сол бірінші рет барғанда шешесінің қабірі басында көзінен жас, жүрегінен жыр сорғалап, «Жапырақ сілкінген кеш» деген кітабы бір айдың ішінде жазылды. Кітап Қытайда 1990 жылы Ұлттар баспасында «Сағыныш сазы» деген атпен арабша шығып кетті, бұл жақта 1992 жылы шықты.
«Әкем марқұм «мен бара алмасам да, біз жете алмасақ та, сен барасың біздің туған жерге, атажұртыңа сен барасың» дейтін. Біз 1958 жылы Қазақстанға келдік, көкірегі ояу, халыққа қадірлі адам болған әкем жан-жақты аралап жүріп, 1500 үйді Талдықорғанның Қапал ауданы, Абай колхозына көшіріп алып келді. Біз келгенде ол жерде үй де, күй де жоқ еді. Бізге шопанның үйін босатып берді, қиындық көрмедік. Колхоз бастығы Тушкенов деген кісі бір қолы шолақ, халыққа жанашыр, еңбекқор, ұйымдастырғыш адам болатын, Абай колхозы керемет дүрілдеп кетті. Бірінші рет Мәдениет үйі салынды. Мен келгенде бос жүрмейін деп жастарды жинап алдым. Әкем де, шешем де асқан шебер болғандықтан, сегіз жасымнан кимешектің жағын оқалап, 12 жасымда жағасы мен жеңін қондыруды үйретіп, сырт киімді тіктірген ғой. Қанша әздектеп, еркелетіп өсірсе де, музыкадан сауатымды ашып, іс тігуді үйреткеннің пайдасын кейін көрдім. Алматыдан матасын алып, шифон, торғыннан қыздарға көйлек-қамзолдар тіктіріп, тракторист жігіттердің ішінде гармонь тартатындары бар, ансамбль ұйымдастырып, ән айтқызып, би билетіп, колхоздың аудан бойынша 1-орынға шығуына үлес қостық. Бірақ 1959 жылы Алматыға кетіп, сол қалғаннан мол қалдым» деп сырын шертеді ақын.
Өлең іздеп келіппін осы өңірге…
Ақын өлеңге іштей үлкен дайындықпен келгендіктен, үлкен ағалары Қайнекей Жармағамбетов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғали Орманов, Мұхамеджан Қаратаев, Тайыр Жароков, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Шәміл Мұхамеджанов жас ақынды ілтипатпен қарсы алады. «Бұлардың ішінде жасы Қайрат Жұмағалиев еді. Мен де сол ортаға келдім. Осы ортаға келу менің арманым еді» деп еске алды бір сәт.
Ақынның алғашқы кітабы – «Балқұрақ» 1962 жылы жарық көрді. Одан кейін отыздан астам кітабы шықты. Мәскеуден төрт кітабы шығып, шетел тілдеріне аударылған. Басқа республикаларда жарық көргендері қаншама. Бірақ шетелге шақыратын поэзия күндеріне бара алмаған. «Бұл Айтхожа деген – қытайдың тыңшысы» деген арыздар осылай ақынның адымын тұсаған. Мәскеуден оқу бітіріп келгенде де жұмыссыз отырып қалған кездері көп болған. Төрт қабырғаға қамалып отырып көп өлең жазған. Сол шақтарда «Көңіл дымқыл, күн көзіне құрғатып, Көз жасымды ақ бұлттарға сүртемін» деген жолдар оқырманды селт еткізген еді.
Тұманбай ақын Марфуға апайдың 60 жылдығында «Марфуға – сағыныштың ақыны, ешкім сағынышты Марфуғадай өрнегіне келтіріп жазған емес» деп баға берген.
– Әйел ақындардан кіммен жақынырақ араластыңыз? Кітабыңызда Мәриям Хакімжанова апаймен түскен суретіңіз бар екен…
– Алматыдан ең үлкен досым, сырласым, мұңдасым, аса құрметті адамым Гүлнар апамыз болды. Міржақып Дулатовтың қызы – өмір көрген, дүниеге сирек келетін адам. Әкесінің кітаптарының арабша жазылған жерін лупамен қарап отырады, көзі жетпеген жерін маған айтады. Біз Фурманов көшесінде, ол кісі Төлебаев көшесінде тұрды. Мен ол кісіден көп дүние үйрендім. Анам сияқты, ұстазым сияқты еді. Үлкен ақындарды шақырғанда мені қалдырмайтын. Соларды естісін, тыңдасын, өнеге алсын дейтін. Ақындардан Мәриям апаймен жақын араластым, ол кісі – тағдыр тауқыметін көп тартқан адам, Мәриям апама арнаған өлеңдерім өте көп. Ақтарылып отырып сөйлейтін, маңғаз мінезді, ойлы адам еді. Парасаты мол-тұғын, шыққан тегі де, араласқан адамдары да ерекше, ұлағатты адам болатын. Сондықтан мен ол кісіні ақын ретінде де, анам ретінде де жақсы көріп сыйладым.
– Сіз әлі де жыр жазасыз. Жаңа кітап шығармақ ойыңыз бар екен…
– Менің бақытсыз күндерім маған бақытты сезіндірді. Жақсы өлең іштегі мұңнан, қайғы-қасіреттен, шерден туады, өмірінде зары жоқ адамдар керемет құдіретті өлең жаза алады деп айта алмаймын. Маған Абай өлеңдерінің көп әсері болды. Өлеңді туған жеріме, еліме арнап жаздым. Жас ұлғайған сайын жас кезің елестеп, көкейіңе ұялай береді екен, кіндік қаның тамған жер мен ел көз алдыңнан кетпейді екен.
P.S: Ақын «Киік сезім» деген кітабын дайындап жатыр екен. Мұнда атажұртына арналған жырлар, соңғы он үш жылдан бері жазылған өлеңдері қамтылған. 15 баспа табақтай болады. Өзінің айтуынша, «Күндердің күндерінде ұшып кетсем, Тасыңда бұзылмайтын ұям қалар» деген жолдары ғана «Қазақ әдебиетіне» жарияланыпты. Халқыма айтам деген сырының бәрі де осы кітаптың ішінде болмақ. Абайға арналған жаңа өлеңдер де бар. «Арманым – ата-бабаларыма арнаған естелік кітабымды жазып кету, күндіз-түні соны ойлаймын» дейді жыр аққуы атанған апамыз. Жасы ұлғайса да қолынан қаламы түспей, өлең жазып келе жатқан сезімтал да сергек ақынға қажыр, қаламына қуат тілеп қоштастық.
Жадыра Шамұратова
Астана ақшамынан алынды