Қазақ-Неміс қымыз зерттеу инситутының директоры Айтуған Аманқұлұлымен сұхбат.
Айтуған Аманқұлұлы Алматы ауыл шаруашылық университетін және техникалық институтын бітірген. 1999 жылы қымызды бір жыл сақтаудың технологиялық әдісін тапқырлап, қымыз өндіру заводын ашқан. 2000 жылы «Ғасыр тоғысындағы үздік кәсіпкер» болып бағаланған ол, Қазақстан президентінің арнаулы қабылдауында болған. 2002-2005 жылдары Қазақстанның дарынды жастарды тәрбиелеу бағытындағы «Болашақ бағдарламасы» бойынша Германиядан докторлық оқыған.
12 шілде Моңғолкүре ауданында өткен Жуңго Шинжияң Іле тұлпары халықаралық саяхат мерекесі кезінде, «Тәңіртаудағы жылқы сыны» тақырыбындағы мамандар мінбері өтті. Шетелден және еліміздің ішкі өлкелерінен келген мамандар мінберде жылқы және жылқы шаруашылығы жөнінде баяндама жасады. Осы мінберге шетелдің маманы ретінде шақырылған Айтуғанды біз арнаулы сұхбатқа шақырып, жылқы жөнінде ой бөліскен едік. Жылқы және қымыз жөнінде көп сыр шертетін бұл сұхбаттың оқырмандарға сыйлайтын әсері мол деп ойлаймыз.
– Айтуған мырза, естуімізше, сіз Германияға магистрлық оқуға барып, бірден докторлық оқуға «секіріп» кетіпсіз? Бұл білімнің күші ме, тиынның күші ме?
– Менің Германиядағы зерттеу тақырыбым «Жылқы шаруашылығын дамытудың экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тиімділігі» болатын. Немістер осы тақырыбыма қызықты. Өйткені Германияда экология мәселесі басты орында тұрады. Оның үстіне, немістер ғылымға қатты көңіл бөледі, ұлтыңа қарамайды, ғылымға керек адам болсаң болды, бар мүмкіндікті жасап, қолдап-қуаттайды. Мен Германияға бара «Жылқының тұла бойы тұнған асыл екенін, оның терісінен, сүтінен, сүйегінен, қылынан, керек десеңіз, тезегіне дейін пайдалануға болатынын» ғылми тұрғыдан түсіндіріп, жоғарыдағы зерттеу тақырыбын көтергеннен кейін бірден докторлық оқуыма жол ашты, әрі зерттеу жұмысын жүргізуім үшін мемлекеттен 8 миллион евро ажыратып берді. Сонымен мен Германияда жылқы бағумен айналысатын шағын шаруа қожалығымен селбесіп, зерттеу жұмысымды бастадым. Ол кезде бұл шаруашылық қожалығында небәрі 40 бие ғана бар еді, жаңағы бөлінген қаржының бір миллион еврсына 100 жылқы, 2 миллион еворсына жер, бір миллион еврсына 200 жылқы сиятын қора салып, зерттеу жұмысын бастап кеттім.
– Соңғы кездері Қазақстан тілшілерінің «Ойбай қымызды немістер патенттеп алыпты, көкпарды қырғыздар әкетті» деп шулап, дүйім елді дүрліктіргені не жағдай?
– Бұл журналистердің санасыздығынан туған алыпқашпа пікір. Қымызды немістер патенттеп алған жоқ, патенттеп ала алмайды да. Мысалы; сиыр сүтін патенттеп алған, суды патенттеп алғандар бар ма? Жоқ, дәл сол сияқты «Қымыз ашыту менің патенім, енді сен қымыз ашытпа» деп кімге айта аласың?! Қисынға симайды ғой, ал қымыздан басқа жаңа өнім өндіріп, оны патенттесе, ол енді басқа әңгіме. Ал «Қымызды патенттеп алыпты» деген әңгіме қалай шықты десең, оның барысы былай.
2011 жылы Қазақстанда асқазан ауруларын емдеу жөнінде халықаралық мәжіліс өтті. Осы мәжіліске мен Германиядағы қымыз аштып, бие сүтінен әр түрлі өнімдер шығарумен айналысып келе жатқан шағын зерттеу орнының 2 маманын ертіп келдім. Оларды ертіп келудегі мақсатым; олардың қымыздың қасиетін бізден артық білетіндігі үшін емес, керісінше, қымыздың пайдасы жөнінде біздің айтқанымыздан қазаққа олардың айтқаны өтімдірек болатыны үшін еді. Мәжілісте мен оларға аудармашы болдым, ол кезде олардың ауызынан «Біз қымызды патенттеп алдық» деген сөз мүлде шықпаған. Ертесі-ақ журналистер «Қымызды немістер патенттеп алыпты» деп елді шулата жөнелгенде талып түсе жаздадым. Кейін «Қазақстан» теле арнасында «Немістердің қымызды патенттеп алғаны рас па» деген бағдарлама жасалды. Бағдарламада тілшілермен бетпе-бет кездесу болды, сол кезде мен тілшілерден бұл ақпаратты қайдан алғанын сұраймын ғой, олар 2011 жылғы жиында немістің өз аузынан естігенін алға тартты. «Неміс тілін білесіңдер ме» десем, «Жоқ, қасындағы аудармашысынан ұқтық» дейді мізбақпай. «Сол аудармашы менмін, ол жерде ондай сөз мүлде айтылған жоқ...» дегенде барып, істің шын сыры ашылды.
– Сөзіңіз ауызыңызда, жаңа «Германияда аздап қымыз аштып, бие сүтінен әр түрлі өнімдер шығарумен айналысып келе жатқан шағын зерттеу орны» бар екенін тілге алдыңыз. Сонда немістер де қымыз ашыта ма?
– Мұның өзіндік тарих бар. 2 дүние жүзілік соғыс кезінде қолға түскен неміс әскерлері Қазақстанда ауыр еңбекке жегілді. Сол неміс әскерлерінің бірі (атын ұмыттым) өкпе туберкулезына шалдығып, жұмысқа жарамай қалады да, орыстар оның отанына қайтуына рұқсат береді, бірақ орнынан тұра алмай жатқан неміс ит арқасы қияндағы Германияға қалай қайтады, бұралып өлгей жатқанда, ақкөңіл қазақтың біреуі ат артына салып жайлауға алып шығып кетеді. Сол арада жаз бойы бие сүті мен қымыз ішкен неміс 3 айда сырқатынан құлантаза айғады. «Өлесің» деп шығарған шипаханаға келіп, анализ тапсырса, дақ жоқ жазылғаны анықталады. Сол неміс кейін отанына қайтқан соң, 2 бие сатып алып, қымыз ашытыпты. Бірақ оның бұл қылығына немістердің төбе шашы тік тұрыпты. Мысалы; қазір қазақтың біреуі есекті сауып ішсе, ел қалай қарайды?! Дәл сол сияқты бүкіл неміс ананың қылығына бетін басып теріс айналыпты. Әуелі «Жынданды» деп әйелі де ажырасып кетіпті. Өзінің бие сүті мен қымыз ішіп жаны қалғанын, жылқы сүтінің үлкен дәрі екенін, оның жазбайтын ауруы жоқ екенін қанша айтсада ешкім құлағына қыстырмапты.
1990 жылы мен газеттен «Совет одағының қымыз зерттеуші ғалымдары Германияда бие сауатын шағын шаруашылық қожалығын көріп қайтты» деген мазмұндағы хабарды оқыған едім. 2002 жылы мен сол шаруа қожалығын іздедім, сұрастырып жүріп тапсам, ол әлгі Қазақстаннан барған немістің шаруа қожалығы екен. Бірақ өзі содан 2 жыл бұрын қайтыс болыпты да, шаруашылығына қызы ие болып қалыпты. Олар қымызды біз сияқты қолмен емес, бактериямен ашытатындықтан, қуаты таза қымызға жетпейді екен. Қымыздан сабын, шаш сабын, бет май да өндіріпті. Сусын ретінде сататын қымызының сыртына «Дәрі, денсаулыққа пайдалы» деп жазам деп «Ғылми дәлелдеуден өтпегені үшін» үкімет жағынан айып салыныпты. Менің жоғарыда айтқан ғылми жұмысқа пайдалану үшін селбескен шаруашылық қожалығым міне осы отбасы болатын.
– Халықарада және Қазақстанда жылқы шаруашылығының дамуы, жылқы өнімдерінің зерттелуі қандай?
– Жылқының мекені Қазақстан. Солтүстік Қазақстаннан табылған Ботай қорымына зерттеу жүргізген батыстың, Европаның ғалымдары жылқының 5000 жылдың алдында қазақ даласында үйретілгендігін ғылми тұрғыдан тұрақтандырып болды. Дей тұрғанмен, Қазақстанда біркездері жылқы шаруашылығына тым көңіл бөлген жоқ. Әйтпесе, Қазақстанда жылқы шаруашылғын дамытуға мығым негіз бар еді. Өйткені Совет одағы кезінде жылқы шаруашылығын өркендетуге және қымыз зерттеуге баса мән берілді.
Совет одағында ең алдымен қымызды зерттеген башқұрт ғалымы Ақсақов. Сол кісінің бастамасымен Совет үкіметі кезінде қымыз зерттеу жұмысы қарқынды жүрілді. Башқұртстаннан қымыз өндіру орындары ашылды. Кейін орыстар Қазақстандағы қымыздың сапасы Башқұртстандағыдан да жақсы екенін аңғарып, Қазақстаннан да қымыз өндіру орындарын ашып, өткен ғасырдың 50 жылынан 80 жылына дейін қымыз зерттеу жұмысына баса мән берді, әрі қымызбен емдеуді жолға қойды. Ол кезде Қазақстанда арнаулы жылқы шаруашылығымен айналысатын 16 үлкен шаруашылық орыны болған. Сол кезде қымыз зерттеумен айналысқан орыс мамандары мынадай қызық жағдайды байқаған: Қымызбен емдеуде қазақтардың сырқатынан сақаюы өте тез болса, тумысынан қымыз ішпейтін ұлттардың сақаюы қазақтарға қарағанда бір шама баяу болған. Бұған ішкерілей зерттеу жүргізген ғалымдар қымыздың қазақ ұлтының денесінде тез ыдырайтындығын, ал ата-бабасынан тартып, өмірі қымыз ішіп көрмеген ұлттардың денесінде қымыздың ыдырауы баяу болатынын байқап «Қымыздың қазақтарға емдік ролының көрнекті болуы олардың генімен қатысты» деген тұжырым шығарған. Дәл сол мезгілде Қазақстан ет өнімінен нормасын орындауда тұтас Совет одағы бойынша алдыңғы орынға шықса, жаз бойы қымыз ішкеннен кейін Қазақстанда аурудың салыстырмасы да басқа респубилкалардан төмен болған. Тіпті, дәріханаларда дәрі өтпей қалған деген сөз бар сол кезде. Кейін бұл билікке жақпай қалды да, бір бұйрықпен Қазақстанда қымыз зерттеу жұмысын шорт тоқтатқан. Мұның бәрін мен қымыз зерттеу жұмысымен айналысып, қатысты мәліметтерді ақтарғанда барып байқадым. Демек, Совет одағы кезінде жылқы зерттеу жұмысы өте тебінді болған, онымен салыстырғанда, европада жылқы зерттеу жұмысы кеш басталды деп айтуға болады. Ал Қазақстанда да соңғы жылдары жылқы шаруашылығын шалқытуға және жылқы зерттеуге баса мән беріле бастады.
– Қазір сіз бие сүтінен неше түрлі өнім өндірдіңіз?
– Менің өнімдерім базарға әлі толық түсіп болған жоқ, бір жыл сақтауға болатын етіп қымыздың өзін базарға салдым. Балалардың ішуі үшін бие сүтінің өзін қораптап базарға салдым (бие сүті десең, қазақтар саумал дейді, әсілі қазақ тілінде ашымаған қымызды саумал дейді). Бұдан сырт, бие сүтін кептіріп, соның ұнтағынан әйелдердің еңлік бұйымдарын (9 түрлі), иіс сабын, шаш сабын сияқты балаларға арналған желілес өнімдерді, тіс май, балмұздақ, балкүлше сияқты 100 ден астам өнімді өндіруді бастадым. Бірақ мен қымыздан ананы өндірдім, мынаны өндірдім деп жатырмын ғой. Шынын қуғанда, пәлендей жаңалық ашып жатқам жоқ. Бар болғаны ата-бабаларымыз дайындап кеткен нәрселерді ғылми тұрғыдан жаңғыртып жатырмын. Бұл заманның қажеті. Мәселен, қазақтың қымызды тері сабаға және ағаш ыдыстарға құюының өзінде үлкен ғылмилық бар. Себебі қымыз металмен оңай реакцияласады, оның үстіне қымыз беті ашық тұрса, маңайдағы иіс-қоңысты оңай жиып алады. Қымыз ішерден бұрын неге піседі, неге көп сапырады?! Қымызды көп піскенде молекуласы тез ыдырап, қышқылдығы төмендеп, дәмі келеді. Демек, қазақтың қымыз ашыту, қымыз сақтауында да үлкен ғылмилық бар. Сондықтан ең абзалы қымызды әйнек ыдыста немесе ағаш ыдыста, тері сабаларда сақтаған абзал.
– Қазыр жылқының спортқа және көңіл ашуға пайдаланудан басқа ролы көп жоқ болғандықтан, жылқы шаруашылығы үлкен дағдарысқа ұшырады. Еті мен қымызынан басқа экономикалық өнімділігі жоқ, оның үстіне, жайлым тарайғалы бірен-саран бәйгесін баптағаны болмаса, біздің малшылар да жылқы бағуға тым құлқылы емес. Сол жапакеш малшыларымызға кеңес ретінде Еуропа елдері қазыр жылқының қандай тиімділігін пайдаланып отырғанын айта кетсеңіз?
– Дүние жүзіндегі жылқының бір пайзы ғана спортқа пайдаланылады, ал қалғаны шаруашылық қажеті үшін жұмсалады. Мен 2002 жылы Германияға барғанда, Германияда жылқы шаруашылығымен айналыстатын не бәрі 6 орын бар еді, көңіл көтеру орындарын қоспағанда. Кейін бұл көрсеткіш 100 ден асып кетті. Олар неге жылқыға осынша көңіл бөледі?! Мұның ең басты себебі Еуропада сиырдан, шошқадан, тауықтан жұқпалы ауру таралды. Ал керісінше жылқыда жұқпалы ауру таралған жоқ. Сонымен тұтас Еуропада қазыр жылқы етінен пайдалану салыстырмасы 2000 жылдағыдан 40 есе жоғарылады. Былайша айтқанда, жылқы етіне сұраныс Еуропа елдерінде күн санап артып барады.
– Еуропалықтар жылқы етін жемейді дейтіні қайда?
– Елдің бәрі осылай ойлайды, неге жемейді, жейді. Тарихта Еуропада және Араб түбегінде жылқы етін жеуге тиім салынған. Бұл сөз ислам дінінде де айтылады ғой, бірақ бұл діни сенімен қатысты емес, жылқының соғысқа пайдаланылуына байланысты айтылған сөз. Ал қазыр Еуропада жылқы етін диетикалық тамақ ретінде тұтынады, Еуропаның қай қаласына барсаңыз жылқы етін таба аласыз, Германиядағы Қазақстаннан барған Немістер қазы жасап сатып тұр керек десеңіз.
– Сіздің ойыңызша, қазыр жылқы өсірудің қандай тиімділіктері бар?
– Сиырмен салыстыра айтқанда, жылқының тамағы аз, артық жем-шөп жинаудың қажеті шамалы. Сиыр 4-5 ай қорада тұрады, ал жылқы теуіп жайлып та қыстан шығып кетеді. Сиырдың торпағын (6 айлық бұзауын) базарға сала алмайсыз, ал жылқының 6 айлық жабағысы 120 килограмға дейін ет береді. Жылқы Экологиялық ортаға залалсыз. Ең кішкене мысалы; сиырдың жапасы түскен орнында шөп шықпайды (егер оны боқ қоңыз бір жайлы етпесе), ал жылқының құмалағы шөпті жапырмайды, оның үстіне, жылқының жегені жартылай қорытылады да, жартысы шөп күйінде құмалақпен бірге түседі, оны сиыр жеп алады. Демек, жылқының тезегін жем және органикалық тыңайтқыш ретінде пайдалануға болады. Сиырдың ауруға қарсылық қуаты төмен, жылқы таза мал болғандықтан, тым көп ауырмайды... Осылардың бәрін зерттеген Еуропа мамандары бір биенің бір жылда 1000 доллардан 2000 долларға дейін кіріс кіргізетінін, ал сиырдың жылдық кірісі 400 доллардан аспайтынын есептеп шықты. Заманның дамуына сай жылқы сүтінен әр түрлі өнімдердің өндірілуіне байланысты бір биеден жылына 10 мың доллар кіріс кіреді деп кесіп айтуға болады. Кезінде кеңес одағы мамандары Қазақстанда жылқы шаруашылығын шалқытудың сиыр өсіруден 2 есе, қой өсіруден 3 есе пайдалы екенін ғылми тұрғыдан дәлелдеп шыққан. Мұны айтсаң, Қазақтар «ол Еуропа ғой» дейтін шығар, бізде де сондай бағаға жеткізуге болады. Мәселен, біз қазыр қымызды 10-20 юаньнан (500-1000 теңге) әрең өткізіп отырмыз ғой, егер одан жоғардағы мен айтқан өнімдерді өндірсек, килограмын 100 юаньнан кем сатпаймыз, бір биеден күніне бір килограмм сүт шығады десек, 3 ай саусаң қанша кіріс кіргізуге болады?! Демек, бір биемен бір отбасын бағуға болады. Әрине, жылқыны бағу үшін жәйлім керек, мықты бақташы керек, өнімін кәдеге жарату үшін маман керек. Жылқыны ұдайы қолда байлап бағуға келмейді. Міне осы мәселелер жылқы шаруашылығын мандытпай тұрғаны рас. Бырақ бұған бола жылқыдан безу қыруар ақшадан безумен бірдей жұмыс. Айтпады демеңіз, 5 жыл демейін, енді 10 жылдан кейін жылқының бір килограмм сүті 400 юаньға шығады. Мен алғаш қымыз өндірісімен айналысуды бастағанда сүттің килограмын 25 теңгеден алғанмын, сол кезде оларға айтқан едім «енді 5-10 жылда маған 300 теңгеден бермейтін боласыңдар осы сүтті» деп едім. Қазыр маған 300 теңгеден ешкім бие сүтін бермейді. Неге? Қазыр бие сүтіне, қымызға болған сұраныс күн санап артып барды. Ал Қытайда жан саны мол ғой, егер Қытайға қымыздың қасиетін толық түсіндіре алатын болсақ, Қытайда қымыздың бағасы тіпті аспанға ұшады.
Әлеуметтің тұрғыдан алып айтсақ, жылқы қымызы, жылқы сүйегі үлкен дәрі. Мәселен: Жылқы сүті туберкулездің емі, асқазан ауруларын дәрімен емдеп жазу мүмкін емес деген тұжырымға келген мамандар оны емдеуге бие сүті және қымыз дауа деп отыр. Бір адам күніне (түскі тамақтың алдында және кешкі астан кейін) 200 грамм қымыз ішсе жетіп жатыр. Өйткені адам денесіне керек дәрумендердің барлығы қымызда бар. B, C, D дәрумендері жылқы сүтінде мол. B1, B2 дәрумені басқа сүт құрамдарында болуы мүмкін, бірақ B2, B12 дәрумендері тек жылқы сүтінде толық болады екен. C дәрумені медицинада антибиотик ретінде қолданылады, ол аурудың алдын алып, адамның иммунитеттік қуатын арттырады. Сол C дәрумені ана сүтінде мол болады екен, кішкентай бала 2 жасқа дейін еметін болса, оның ауыруға қарсылық қуаты күшті болады. Жылқы сүтінде сол ана сүтіндегіден 15 есе көп C дәрумені бар. Демек, ана сүтін ембеген баланың ауруға қарсылық қуаты төмен болады, аллергиялық әсер де күшті болады. Еуропада баланы көп емізбейді ғой, сол балаларға бие сүтін ішкізсе, ауруға қарсылық қуаты артып, аллергияның әсері жоғалғанын байқағаннан кейін қазір Еуропалықтарда балаға бие сүтін ішкізу үрдісі үдеп барады. Ал D дәруменін адамдар көбінде күн сәулесінен алады екен. Күнге қақталудың да пайдалы болатын себебі сол. Еуопалықтардың беті неге ерте шыбарланып, тез кәртейеді? Себебі адамның бет терісі D дәруменін көп қажет етеді, Еуропада көбінде күн бұлтты болады, оның үстіне, бетке ыстық та, суық та тиген соң дәрумен оңай азайып, бет тез кәртейеді. Сол D дәрумені жылқы сүтінде мол болады, ендеше, жылқы сүті мен қымызды көп ішсеңіз барлық дәрумен толықтанады. Біз жылқы сүтінің осы ерекшелігінен пайдаланып, ис сабын және еңілік бұйымдарын шығардық.
Қазір «қымыздың құрамында спирт бар, ол харам» дейтін қазақтар шықты. Бұл енді сандырақ. Қарапайым тілмен айтқанда, табиғатта спирттің 2 түрі бар деуге болады. Оның бірі кәдімгі химялық спирт те, енді бір биологиялық спирт. Адам ағзасы да биологиялық ерекшелікке ие. Біз химялық спиртті ішкен кезде денеміздегі көптеген жасушаларға кері ықпал жасауы мүмкін, ал биологиялық спирт қанды сұйылтады. Қан сұйық зат болғанымен, ол да әр түрлі молекулалық май қапшықтарынан құралған, химиялық спиртті ішкен кезде осы май қапшықтары зақымға ұшырайды да, қан молекулалары бір-біріне араласып, қан қоюланады, ол қоюланғаннан кейін ұйыған қандар жіңшке қантамырлардан өте алмай, адам ағызасында түрлі ауруларды пайда қылады. Ал биологиялық спирт керісінше май қабатының ішіне оңай сіңіп, қанның өміршеңдік қуатын арттырып ғана қалмай, оның айналысын жақсартады, қанды сұйылтады. Қандағы зиянды бактерияларды өлтіреді.
Жылқы терісін ең жақсы илейтін ел Италия. Сол елде сиыр мен қойдың терісін кемінде 2 рет өңдеуден өткізеді екен. Ал жылқы терісін бір рет өңдеуден өткізсе жеткілікті. Мен мына аяқ киімді 2 жыл кидім десем сіз сенбейсіз (аяқ кимін көрсетіп), бұдан бұрын сатып алған, жылқы терісінен тігіліген бір аяқ киімді 6 жыл кидім, табанын ғана 2 рет аустырдым. Міне жылқы терісінің кереметтігі, оңай тозбайды, суық өткізбейді, ыстықта ыстықтатпайды, суға шыдамды. Сосын да Еуропада жылқы терісінен тігілген бұйымдар сиыр терісінен тігіліген бұйымдардан неше есе қымбат тұрады. Ал жылқы сүйегі фосфор, кальцийдың көзі. Сүйектің тез сынуы, шершеу өсу дегендердің бәрі фосфордың, кальцийдың азаюымен қатысты. Жылқының майын жақса, суықтан қақсауды басады. Біз енді осы майды ас майына пайдаланудың жолын қарастырып жүрміз.
Зерттеу нәтижесіне қарағанда, сиырдың сүтінде мыңдаған бактерия болады. Жылқы сүтінде бұл өте төмен. Сондықтан сиырдың сүтін пісіріп ішеміз, жоғары температурада сол бактериялармен қоса, адам денесіне пайдалы құрамдар да жойлып кетеді, ал жылқы сүтін пісірмегендіктен, мұндай өзгеріске ұшырамайды. Ауыз қуысындағы бактерияны өлтіруге пайдалы C дәрумені жылқы сүтінде ең көп болады. Осы ерекшелігін ескеріп, жылқы сүтінен тісмай жасадық. Жылқы сүйегі кальцийдың көзі. Мұны дәрі ретінде үгітіп пайдалануға да, жем ретінде малдың азығына салуға да болады. Жылқы етінде холестерин аз болады, қант диабеті, қан қысым сияқты аурулар негізінен қандағы холестериннің молаюынан пайда болады. Осы сырқаттың алдын алуда және емдеуде жылқы сүтінің ролы көрнекті. Осының бәрі жылқы өсірудің экономикалық тиімділігі деп айтуға болады. Демек, жылқының тұла бойы тұнған асыл. Гап соны ашып пайдалануымызда ғана тұр.
Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
6alash ұсынады