«Жетіарал жерім-ай»-дың зар-мұңды тарихы

«Жетіарал жерім-ай» әнінің тағдыры толғантады

«Жетіарал жерім-ай» қазақтың қырмызы даласына кең тараған, исі қазаққа таныс халық әндерінің бірі. Естіген жанды елітіп, баурап әкететін әуені әдемі, жүрекке жылы тиетін тамаша ән. Бірақ әннің әуені біреу болғанымен, халық әні болғанына қарамастан әннің мәтінін бұл күнде әркім әртүрлі айтады. Бұл ән қалай туған? Әннің әуелгі сөзі қалай? Әп-әдемі ән қалайша өз мәтінінен ажырап, неге әртүрлі әуенмен шалыс басып жүр? дегенді көп ешкім ескермейді. Анадан, мынадан естігені бойынша үзіп-жұлып айтып жүргендерді былай қойғанда, халық әндерін орындап жүрген, әннің астарын, ішкі иірімін түсінетін көп-көрім әншілердің өзі бұл әнді қырық құбылтып, тоқсан түрлентіп орындайтынына таң қаласың. Халық әнін неге бір мәтінге тұрақтатпай, әркім өз білгенінше мұрындықсыз сүйрелейтіндігінің байыбына бара алмай дал боласың...

Сиыр жылының соңында, яғни 2009 жылдың қараша айында қазақтың 200 халық әні енгізілген Қытай қазақтарының тұңғыш ән альбомы − «Шаңырағымыздан шалқыған әндер» баспадан шығып, тыңдармандарына ұсынылғанына бәрекелді айтып бәріміз қуансақ та, осы альбомда да «Жетіарал жерім-ай» өз мәтінінен ажырап, басқаша айтылды.

 

«Шөбің шүйгін, суың бал, жерің шалғын,

Сол шалғында өсіп ек талай балғын.

Асыр салып ойнаған туған жерді,

Сағынғанда жүректен шығар жалын.

 

Қайырмасы:

Жетіарал жерім-ай,     

Сауықшыл елім-ай.

 

Алтыбақан тебетін қыз, бозбала,

Шырқаушы едік осы әнді көкті жара.

Көк шалғында бірге өскен қалың жастар,

Әнді шырқап қайтушы ек таң алдында».

 

Шыны керек, біздің әншілеріміздің көбі әнді нашына келтіріп айтуды ғана көздейді де, әннің әдебиетіне, дәлірек айтсақ, мәтініне мән бермейді. Бір әннің бір шумағын немесе бір жолын, бірер сөзін өзгертіп айта беру бұл күнде әдеттегі шаруа. Ән тағдырына, ән мәтініне жасалған мұндай қиянатқа кейде баспа орындары да қарап тұрып жол беріп жатады. Бір әнді бір баспа былай сүйресе, енді бір баспа былай тартып сілікпесін шығарады, қайсысына бағынарыңды білмей дал болып дағдарасың. Сол тағдырдан «Жетіарал жерім-ай» әні де қағыс қалған жоқ.

2008 жылы Қытайдағы «Шыңжаң халық баспасынан» жарық көрген «Қазақ ауыз әдебиетінің қазынасы» атты желілес кітаптың қазақ халық әндері жинағының 3 томында да аталған ән жоғарыдағы мәтінмен берілсе, 2006 жылы Пекиндегі Ұлттар баспасы жағынан «Әдемі қыз» деген атпен жарық көрген Нұртай Төлепбергенұлы құрастырған «Қазақтың таңдаулы 100 халық әні» жинағына мынадай мәтінмен енгізілген-ді.

 

Ана тау мен мына тау төтелейін-ай,

Түйе басын маған бер жетелейін.

Көш бойында көңілің маған ауса,

Нар секілді жүгіңді көтерейін.

 

Қайырмасы:

Жетіарал жерім-ай,            

Сауықшыл елім-ай.

 

Қонғаны ауылымның ой болса екен,

Өріп шығар қорадан қой болса екен.

Мың-мың мәрте Құдайдан сұрайтыным,

Күнде осындай аулымда той болса екен.

 

Міне көрдіңіз бе, аталған 2 жинаққа енгізілген бір әннің мәтіні екі түрлі. Сірә, қайсысы шын? Бір әнде бірқанша нұсқасы болуы мүмкін десек те, бір әнді бір әнші былай, бір баспа былай сүйресе, ол да бізге абырой әпермейді. Қайткен күнде де халық әнінің бір арнаға тиянақ тапқаны дұрыс. Қазақ ән мұрасында бір әннің бірнеше түрлі айтылатын жағдайы да кездеседі. Бірақ, бізше болғанда, «Жетіарал жерім-айдың» жөні одан бөлек секілді. Оның үстіне, «Әдемі қыздағы» мәтін негізінен бұрыннан айтылып келе жатқан қазақтың қара өлеңі. Мазмұн мен мәнері жымдасқан әп-әдемі әннің өз сөзін қайырып тастап, музыкасын қара өлеңге әкеліп тели салу, бері айтсақ, ән мәтініне жасалған қиянат та, ары айтсақ әбестік.

Соңғы кездерде «Жетіарал жерім-ай» әнін Қазақстанның танымал әншісі Бейбіт Сейдуалиева да өз репертуарына енгізіп, орындап жүр. Жақсы орындаған. Бірақ сағыныш пен мұңға толы сазды әнді тым секектетіп жібергенімен қоса, мүмкін көркемдік үшін шығар, әннің ортасына «игәйлатіп» басқаша «қиқу» қосқан жағы тағы бар. 

«Жалпаң-жалпаң жапалақ ұшар сайдан,

Қуып жетер лашын әлде қайдан.

Құдай айдап кез болдың жан құдашам,

Дос болмағы адамның осындайдан», - деп басталатын айналасы үш-ақ шумақ өлеңнің үшеуі де қазақтың қара өлеңінен алынғаны аталардың «Ой, ахаукері» мен апалардың «Әриайдайын»  естіген жанның бәріне мәлім.

Осы арада «Жетіарал жерім-ай» қандай ән? деген мәселенің басын ашып алған оң секілді. Ол кәдімгідей «астыма мінген атым» немесе «ауылым көшіп барады» деген секілді тіркестерден туындайтын қазақтың қара өлеңіне салып, әншейін айта салған ән бе? Жоқ әлде жалынды жастықтан, пәк махаббаттан туындаған тұнық сезімнің тұмасы ма? Немесе жоғарыда айтқанымыздай, зар заманның кесірінен жерұйық жұрты − Жетіаралдан жоса көшкен елдің мұң-зарынан, туған жеріне деген сары көбелек сағынышынан туған ән бе?! Бұл жөнінде ел аузынан жинаған әртүрлі деректерге сүйене отырып, дәйекті пікір айтқан, «Жетіарал жерім-ай» әнінің тарихы туралы тұспалдап болса да тұжырым жасаған, бізге «Әселім», «Жайлаукөл кештері» сияқты тамаша әндерімен таныс, танымал сазгер Ілия Жақанов болды.

− «Жетіарал» әні Қазақстанға баяғыдан таныс, қыруар халық әнінің бірі ол. Әнші біткен оны көбіне кез келген қара өлеңмен сырғыта береді. Ол жастық наз, махаббат, өмір философиясы боп әртүрлі көңіл күйін бейнелейді. Бізде бұл әнді тұрақты айтқан жан − Күләш Сәкиева. Оның өзінде де әннің ішкі сыры ашылмайды. Кейде жастар айтады. Бірақ ән табиғатына зер салмайды, терең барлап, түсінбейді. Тілсім тұңғиыққа булығып жатқан аңсаулы көкіректің күрсіністі сарынын есер көңілді «әншісімақтар» сезбейді. Сол себепті де негізі берік, мығым әнді қотыр тайлақтың жабуындай желпілдетіп, ойнақтатып әкетеді, - деп сөз бастайды Ілия Жақанов өзінің «Жетіарал» әні жайында жазған мақаласында (2001 жыл, Алматы, «Арыс» баспасы, «Үзілген ән»). Аталған мақалада «Жетіарал» әніне қатысты біраз жайларға ат шалдыраған автор «1950 жылдардың аяқ шенінде «Жетіарал» әнінің орындау мәнерін түзеген әнші Әмина Нұғыманова болды», деп мынадай мәтінді ауызға алады:

 

Жетіаралдай жер бар ма, елдің көркі,

Құмырысқадай қайнаған қоян, түлкі.     

 

Қайырмасы:

Жетіарал жерім-ай,      

Сағындым, елім-ай.

 

Қалмақ шауып жерімді алғаннан соң,

Қай жерімнен келеді, ойын-күлкі.

 

Жүруші едім Жетіарал саласында,

Ор киіктей ойнақтап даласында.

Шұбырынды ақтабан заман туды,   

Қалмақтарға пана боп қаласың ба?!

 

«Амал не, ән табиғатына зердесіз әншілер әлі де жөнді-жөнсіз қара өлең шумақтарын жамағанын қоятын емес. Әннің «қалмақ шауып жерімді алғаннан соң» деуі тегін жай ма? Онда тарихтың бір көне кілтипаны бар. Есті әншілер осыған ойланар еді, жеңілдікке бармас еді. Анадай сөзі бар «Жетіарал» киелі әндердің бірі. Ол замана көші ауған бір тайғақ кешу кезінде атамекені − Жетіаралы көзінен пыр-пыр ұшып, санамен сарғайған елдің торыққан, тосылған шағының болжаусыз үміті боп сай сүйекті сырқыратады. Бұл ән бесік тербетіп отырған уыз арудың қырғын соғыс төрінде жүрген ерін ойлап, езіліп әндеткені секілді хал тілейтін ән», - деп бүгінгі күнде «Жетіарал жерім-ай» әнінің өз әуенінен алшақтап, әркімнің «тақымында» кеткеніне кейістік білдірген Ілекең мақаласының соңында «Жетіарал» қай жер деген сұрауға да жауап бере кетуге тырысады. 

«Мақаншыда өткізілген Әсеттің 125 жылдық тойында Қайым Мұхамедхановтан «Жетіарал» әнінің мән-жайын сұрадым. Қайым ақсақал: «Жетіарал − Зайсаңның ар жағындағы жер. Ол Ертістің тарамдалып бөлінген тұсы. Ертеде ел күнгейге ауғанда туған жерін сағынып салған әні» дегені бар». Бізше, қазақ әндерінің тарихы туралы көп ізденіп, қазақтың сайын даласын, қырғыздың қырмызы мекенін түгел кезген зерттеушінің «Жетіарал Зайсаңның ар жағындағы жер» деген сөзді мақаласына тегін енгізіп отырған жоқ. Былайша айтқанда, «Жетіарал жерім-ай» әнінің Үліңгірдің жағасындағы күлтелі мекен − Жетіаралға бағышталғанына бас изеп, келісім береді. «Үліңгір көлінің жағасындағы Бурылтоғай Алтайдың көркі, бір ертегі дүниесіндей боз мұнарға тұнып тұрады. Жетіарал сол Бурылтоғай ауданының бір ауылы... «Жетіарал» осы құт ұйыған Жәннат жерге зар қылған шапқыншылықтың қасіретінен қалған ән. Бәрі-бәрін әннің өзі айтып тұр...» деген пікірді мақаласының соңғы сөзі етуі Ілия діттеген ойдың айғағы емес пе?! Осы тұрғыдан алғанда, «Жетіарал Қазақстан жерінде туған ән» деу де орынсыз секілді. Мүмкін, «жалпақ Қазақстанда «Жетіарал» деген жер жоқ па екен» дейтіндер де шығар. Жоқ емес, бар. «Жетіарал − Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарасты ауыл. Ақсуат ауданының шығыс өңтүстігінде 100 шақырым жерде. Ауыл іргесі 1959 жылы қой өсіретін Кеңшар орталығы ретінде қаланған» (Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3-том, 670-бет). Ілия Жақанов Семейдің іргесінде жатқан «Жетіаралды» естіп, білмейді дейсіз бе?! Әрине, біледі. Бірақ «ән тарихы - ел тарихы» дейтін тағылымды бойтұмар етіп ұстанған сазгер көпе-көрнеу жеңілдікке барғысы келмегені анық.

1950 жылдары «Жетіарал» әні Қазақстанда жоғарыдағыдай мәтінмен орындалған болса, Қытай қазақтарында да осы мәтіннің дұрыстығын, Ілия пікірінің буынын бекіте түсетін айғақтар аз емес. 

− Мен бала күнімнен ән-күйге әуес өстім. Апамыз да ән-күйге үйір, тілді-жақты адам еді. Маған сол кісінің ықпалы көбірек болды. «Жетіарал жерім-ай» әнін тұңғыш рет сол кісінің ауызынан үйрендім. «Біздің Жетіаралдің әні. Бұл ән тыныш жатқан елді Қалмақ шауып, ел ауғанда әлде біреудің босағасында кеткен қыздың елін, жерін сағынып шығарған әні екен. Біздің бала күнімізде былай айтылатын» деп сызылтып, баяу үнмен мұң мен сағынышқа орап салған әнінің әуені көкірегімде қалыпты,- деп қоламталы пікірдің оттығын көсейтін Мақсат Кәдірқанұлы(Қытай қазақтарының белді кино режиссері) қолына домбыра алса, өзінің майда қоңыр дауысымен «Жетіарал жерім-ай» әнін былай шырқайтын:

 

Жетіаралдай жер қайда, елдің көркі,

Құмырысқадай қайнаған қоян, түлкі.     

 

Жетіарал жерім-ай,     

Сағындырдың елім-ай.

 

Қалмақ шауып жерімді алғаннан соң,

Қай жерімнен келеді, ойын-күлкі.

 

Жетіарал жерім-ай,

Сағындым ғой елім-ай.

 

Жүруші едік Жетіарал саласында,

Ор киіктей ойнақтап дарасында.

 

Жетіарал жерім-ай,

Сағындырған елім-ай.

 

Кіндік қаным төгілген қайран мекен,

Қалмақтарға пана боп қаласың ба?!

 

Жетіарал жерім-ай,

Сағындым, елім-ай.

 

Мақсат Жетіаралдың түлегі. Оның балалығы «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» қасиетті Үліңгір көлінің жағасындағы Жетіарал деп аталатын күлтелі мекенде өтті. Үліңгір мен Ертістің тұнығына қанып, тереңіне бойлап ержетті. Ендеше, сол Мақсаттың «бала күнімде апамнан үйренгем» деп салған әні аталған әннің 1950 жылдарда Қазақстанда орындалған нұсқасымен дәп басып қабысқаны «Жетіарал жерім-ай» әнінің осыдан 60 жыл бұрын екі жақта да ұқсас мәтінмен айтылатынын аңғартса, Мақсаттың апасы Қамиланың «мен бала кезімде ұйренген ән» деген сөзі бұл әннің тарихының тым арыда жатқанын айғақтайды. Дегенмен Ілекең нұсқасындағы: 

 

Шұбырынды ақтабан заман туды, 

Қалмақтарға пана боп қаласың ба?! - деген екі жолдан көрі Мақсат айтқан:

 

Кіндік қаным төгілген қайран мекен,

Қалмақтарға пана боп қаласың ба?! - деген екі жол жатымды сезіле ме қалай?!

Ескерте кететін бір жайт, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылған 100 томдық «Бабалар сөзінің» 100-томындағы ән-өлеңдер жинағына да енгізілген «Жетіарал» әні екі нұсқа бойынша берілген. Мұның бірінші нұсқасы жоғарыда біз айтқан «Шаңырағымыздан шалқыған әндер» нұсқасы бойынша берілсе (ән мәтініндегі: шөбің шүйгін, суың бал, жерің шалғын деген тармақ «Бабалар сөзінде»: шөбің шүйгін, суың бал, жерің шалғай-ай, - деп қате кеткен); екінші нұсқасы дәл Ілия Жақановтың нұсқасы бойынша берілген.

Қытай қазақтарынан «Жетіарал жерім-ай» тарихы туралы, түп мәтіні туралы сөз қозғап, мақала жазғандардың бірі Елеусіз Бектаев болды. «Шұғыла» журналының 1996 жылғы 5-санында «Төрт ән жайында» атты мақаласын жариялап, «Жетіарал», «Ағажай», «Ой ғайша», «Сұлубайдың әні» сияқты әндердің тарихы, мәтіні туралы маңызды деректер берген Елекең «Жетіарал жерім-ай» әнінің тарихын Алтай өңіріне әйгілі «Сайын ноян уақиғасымен» (Беген шабылған Қарасеңгір оқиғасы деп те аталады) байланыстыра келіп, «Жетіарал жерім-ай» әні  1831 жыл мен 1834 жылдар аралығында «дүниеге келген» деген көзқарас білдіреді. «Жетіарал әні − Алтай халқының атамекенінен айырылғанда, туған жерін аңсап шығарған төл туындысы екендігіне талас жүрмейді» деп түйіндеген Елеусіз Бектаев «Бұл ән қазір дәуірге үйлестіріліп жазылған Марқұм Күнгей Мұқажанұлының жаңа мәтінімен айтылып жүр. Бұрынғы халықтық тексі былай еді» деп 4 шумақ өлеңді оқырман назарына ұсынады. Бірақ аталған 4 шумақтың соңғы 2 шумағы «Жетіарал жерім-ай» әннің байырғы нұсқасы болса да, басқы 2 шумағы «Жетіарал жерім-ай» әнінің түп нұсқасымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын өлеңнің мазмұны да, сюжеттің құрылымы да аңғартып тұр. «Атамекенін сағынып, сарғайған елдің салған әні екен» деп бас изетіп алып, ән мазмұнымен оңай қабыса бермейтін жер аттарын «Жетіарал жерім-ай» әніне келсе-келмес тықпалау, әннің құнын түсірмесе, қасиетін асырмайтыны анық. Амал не, мұң мен атамекенге деген сағынышқа жүкті сары қайрақтанған сара ән өз арнасын таппай-ақ жүр. Бірде басқа мәтінге басы байланса, бірде әлде кімнің жол ортадан қосқан жаңсақ сөзіне жазылып келеді.

«Жетіарал жерім-ай» әні жайында зерттеуші Баяқымет Жұмабайұлы да «Алтай аясының» 2009 жылы 3 санында көгентүп қариялардан естіген деректерді мысалға келтіре отырып, өз көзқарасын ортаға салды. Әруән ақсалдан естіген әңгімесіне сәйкес «Жетіарал жерім-ай» әнінің тарихын «Сайын ноян оқиғасымен» байланыстырған автор «Сайын ноян оқиғасын» қариялардың айтуы бойынша «1870 жылдардың іші болса керек» деп жазады да, «шұрайлы жерінен, шалқар көлінен айырылған елдің зар-мұңының куәсі ретінде мынадай ән жолдарын шығарыпты» деп, жоғарыда біз «Жетіарал әнінің» түпнұсқасы (Ілия мен Мақсат айтқан нұсқа) деп танып отырған 2 шумақ өлеңнің басына:

 

Қайран елдің мекені Жетіаралым,

Сан бұрылып артыма сан қарадым.

Көлің қалды шоршыған балығы бар,

Жауды жеңер болмады-ау еш амалым.

 

Жетіарал жерім-ай,

Сауықшыл елім-ай, - деген бір шумақ өлеңді қосады. Өлеңдегі сөз мәнерінен, соңғы екі шумақпен қабысуынан, мазмұндық жақтағы сабақтастық жағынан қарағанда, бұл бір шумақ өлеңнің де «Жетіарал жерім-ай» әнінің бұрынғы мәтіні» деген пікірмен келіскің келеді.

Ендеше,қалың елдің мұң зарына айналған «Жетіарал жерім-ай» әні шынында қай кездің туындысы?! Бұл туралы ешкім де кесіп айта алмаса керек. Десе де, жоғарыда айтқанымыздай Елеусіз Бектаев пен Баяқымет Жұмабайұлы келтірген деректерге қарағанда, бұл әннің тарихы «Сайын ноян уақиғасымен» байланысты болуы да мүмкін. Бірақ жоғарыдағы екі деректің жыл мезгілі қате. Былайша айтқанда, Елекең аталған оқиға 1831 жылы (тауық жылы) болған десе, Баяқымет «1870 жылдардың іші болуы керек» деп тұспалдайды. Бұл туралы Қытай қазақтарынан шыққан әйгілі тарихшы Асқар Татанайұлы өзінің «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты тарихи еңбегінде «Беген шабылған Қарасеңгір уақиғасы» деген тақырыпта арнайы тоқталады.

− Жоңғар хандығы құлағаннан кейін қазақ халқы өзінің байырғы мекені Іле өңірі мен Тарбағатай, Алтай, Еренқабырға тауларына қарай ірге теуіп, Абақ рулары Алтай, Сауыр тауы мен Ертіс алқабын алып, бір тарапы Құбының құмына тірей, Еренқабырға тауына дейін қоныстанады, - деп бастаған Асқар Татанайұлы қазақтардың атажұртына қайта айналу барысын елестете келіп, − қазақтардың жыл өткен сайын нығайып бара жатқанын көріп отырған Дөрбіттер Алтайда жасап жатқан жеті ел Ұранқайдың билеушілерімен астаса отырып, Алтай қазақтары үстінен Бекинге шағым жасайды. Сонымен Чиң патшалығының сол кездегі билеушісінің бұйрығы бойынша аттанған 3000 әскер 3 батырдың бастауымен 1836 жылы Қарасеңгірден түсіп, Керейлерге шабуыл жасайды. Мұны халық «Сән ноян шапқыншылығы» деп атайды. Сән ноян қолының басы дөрбіттің атақты Қабақшы батыры еді («Тарихи дерек, келелі кеңес», Шыңжаң халық баспасы, 88, 89-беттер), - дейді. Егер «Жетіарал жерім-ай» әні дәл осы Зғұтының басын алып, бейбіт елді қан қақсатқан «Сән ноян оқиғасымен» байланысты болса, онда бұл ән − 1836 жылдың туындысы болғаны. Оның үстіне, ән сөзіндегі «Қалмақ шауып» деген жолдарға қарағанда, әнге астар болған уақиға Моңғол шапқыншылығымен қатысты екені анық. Бірақ бұл тарихқа әйгілі қазаққа қан жұтқызған моңғол шапқыншылығынан кейінгі шапқыншылық, яғни қалқа моңғолдарының шапқыншылығы еді. 

***              

Ал енді «Жетіарал жерім-айды» қайта бір тыңдаңызшы. Баяу мамырлаған майда мұң көкірегіңді шымырлатып, бейғам сезімдеріңді бебеулетіп әкетеді... Бұйра шаш толқындары алтын жағасын аймалаған әсем көлдің жағасындағы Жаннат мекенде мамыражай тұрмыс кешіріп жатқан алқалы ауыл көз алдыңа келеді. Ұлы Үліңгір көліне тарамдалып, салаланып келіп жеті тұстан құятын Үліңгір өзенінің жағасында асыр салған қыз, бозбаланың у-шуына елітіп, дариға дәуреннің жетегінде кеткен «ата тұрмысыңды» аңсап кеңсірігің ашып отырғанда, әлде қайдан қиқу салып жеткен қарғыс атқыр қалың жаудың қанды шеңгелінен ығысқан қайран ел, абыз мекенін, атажұртын тастап босып бара жатады. Жылаған бала, боздаған түйе, ұлыған ит. «Қасиетіңе бас туған жер, қайта айналып көреміз бе, көрмейміз бе» деп ах ұрып кемсеңдеген әже, күрсінген ата. Туған елін, өскен жұртын қимай өксіген арудың сай сүйегіңді сырқыратып салған әні:

 

Қайран елдің мекені Жетіаралым,

Сан бұрылып артыма, сан қарадым.

Көлің қалды шоршыған балығы бар,

Жауды жеңер болмады-ау еш амалым.

 

Жетіарал жерім-ай,

сағындым елім-ай.

 

Жетіаралдай жер қайда, елдің көркі,

Құмырысқадай қайнаған қоян, түлкі.

Қалмақ шауып жерімді алғаннан соң,

Қай жерімнен келеді, ойын-күлкі.

 

Жүруші едім Жетіарал саласында,

Оркиіктей ойнақтап даласында.

Кіндік қаным төгілген қайран мекен,

Қалмақтарға пана боп қаласың ба?!

 

Жетіарал жерім-ай,

Сағындым елім-ай...

***

Бір әннің өз мазмұн мәнерін, әуен ырғағын жоғалтпай, ауыздан ауызға таралып, бүгінге жетуі тегін емес. Әсіресе, халық әндерінің, бастабында мәлім бір автор жағынан дүниеге келіп, кейін халық арасына кең тарап, заманнан заманға ауысып отырған әндердің күн өте келе авторы ұмтылтып, халықтікі болып кету кез келген әннің маңдайына бұйыра бермесе керек. Әйтпесе қазақ даласында бұлбұл көмей, жез таңдай әнші аз ба? Талай ән айтылып, талай күй тартылған шығар. Бірақ біздің бүгінгі күнге жеткені соның зәредей бөлшегі ғана. Қаншалық қазынамыз қанды тарихымыздың құрбаны болып құрдымға кетті? Біле білсек, әркім желпілдетіп жүрген халық әндері де бір-бір дәуірдің үлкен куәсі емес пе еді?! «Ағажай алтай», «Елім-ай», «Жетіарал жерім-ай» әні біле білсек бір-бір қанды тарихымыздың куәсі ғой?! Әншілеріміз былайғы жерде «Жетіарал жерім-ай» әннің осы тағдырын ескерсе игі еді...

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

6alash ұсынады