Бабыр тілімізден де жоғалып кетпесін

Жақында Қазақпарат BBC басылымына сілтеме жасап «Уилл Беррар-Лукас атты фотограф Кенияда пантераның өте сирек кездесетін түрі – қара қабыланды суретке түсіріп алғанын» хабарлады. Елді елең еткізген осы жаңалықтағы «қара қабылан» деген атау бізді біраз ойға салды.

Бабыр (қара қабылан)

Қазір түсті білдіретін қара сөзінің қазақ тіліндегі бұрынғы мағынасы, қолданыс аясы өте кең. Дейтұрғанмен, тілімізде қара жылқы, қара сиыр, қара қой сияқты жануарлардың түсін білдіретін қара сөзіне қатысты сөздер көп болғанымен, түрі ұқсастау, бірақ бір-бірінен парықты жануарларды тек түсіне қарай атамаған халқымыз қара қабылан деп ешқашан қолданбаған. Біз қазір қара қасқыр, қара түлкі деп жүрген ит тұқымдас жануарлардың да қазақ тілінде өз атауы болған. Сондықтан пантераны «қара қабылан» деп айта салу қазақ даласынан жоғалып кеткен бұл жануарды тілімізден де жоғалтып тынатыны анық.

Аталған хабардағы фотоға және ағылшын тіліндегі атауына қарағанда, бұл қара қабылан емес, бабыр. Бабыр – бұрын Африкада, Азияда тіршілік еткен жануар. Өткен ғасырдың басында тұқымы жойылған бұл хайуанаттың Кениядан байқалуы, шынымен, кездейсоқ құбылыс. Сондықтан да мамандар Уилл Беррар-Лукастың фотосындағы бабыр емес, гені өзгерген басқа хайуан болуы мүмкін деген пікірде. Ол да мүмкін. Бірақ біз бұл арада оның заты емес, атын талқылап отырғандықтан, атау туралы ғана айтайық.

Бабыр атауы қазақ тілінде ежелден бар. Оның парсы тіліндегі мағынасы «арыстан, қолбасшы, барыс» болса, қазақ тіліндегі мағынасы сыртқы келбеті барысқа ұқсайтын, түрі көмірдей қара, аса қатерлі жыртқышты меңзейді. Түркі (шағатай) тілінде жазылған «Бабырнаманың» авторы Заһир әд-Дин Мұхаммед Бабырдың аты да сол бабыр деген жыртқыш жануармен қатысты болуы мүмкін. Себебі арыстан, жолбарыс, мәулен сияқты аттарды қою – түркі тілдес халықтарының бәрінде бар үрдіс.

Пантераның қазақша атауы бабыр екенін жазушы Әлібек Асқаров та мысық тұқымдас кейбір жыртқыштардың қазақша атаулары туралы» деген мақаласында арнаулы тоқталып, «пантера, сөздіктерде жазылғандай, ілбіс те, ілбісін де, қабылан да емес, қазақ оны ежелден «бабыр» деп атаған». Демек, даламыздан жойылған бабырдың аты тілімізден де жоғалып кетпесін.

Жақында тағы да сол Қазақпарат «Моңғолия қазақтары малға шапқан қар барысына тиіспей, түзге қоя берген», «Түркістан тауларында 7 қар барысы жүр» деген тақырыптармен материалдар жариялады. Осы тақырыпта айтылған «қар барысы» деген атау да қазақ тілінің табиғатына жат. Қазақ мұны «қар барысы» емес, «барыс» деп атаған. Орталық Азиядағы тауларда, Солтүстік Үндістан, Пәкістан, Байкал, Тибет өңірлерін мекендейтін мысық тұқымдас бұл – жануар көптеген түркі және көшпенді елдер үшін ұлттық таңба. Мәселен, Алматы қаласының қалатаңбасында барыстың суреті, Татарстан Республикасының елтаңбасында қанатты барыстың бейнесі салынған.

Қазақ ежелден барыстың тектілігін, батылдығын, айлалылығын пір тұтқан. Дәстүрлі жыл санауымыздың үшінші жылы барыс жылы деп аталғаны да белгілі. Ендеше, дұп-дұрыс атау неге орта жолдан «қар барысы» боп өзгеріп жүр? Бақсақ, бұл да ана тілімізге болған құрметтің азайып, атау­ларды келсе-келмес бұрмалай берудің зардабы екен. Бұл жөнінде бұдан бұрын да айтылып, жазылып та жүр. Мәселен, тарихшы, жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин «Туылған мен өлінген» деген мақаласында «қар барысы» жайлы былай деп жазады: бұл – «снежный барс»-тың тікелей аудармасы. Орыстың көлеңкесі жоқ кезде Алатау мен Ерен-Қабырға, бүкіл қырат Азияда ғұмыр кешкен, қазірде мүлде сиреген, мысық тұқымдас, қожбан, жыртқыш аң – қазақша атауы «ірбіс». Күні кешеге дейін осылай жазылып келді, тіл білместердің соңғы төрт-бес жылда жеткен табысы.

Барыстың екінші атауы «ірбіс» екені рас. Кейбір өңірлерде «ілбісін», «ілбіс» деп те аталады. Оның ұрғашысын – «таутан», күшігін «алан» деп атайды. Бұған қазақ тіліндегі «Таутанын тастап барыс ат, жаға болар ішікке», «Алма апаннан аланды, таутан талар балаңды» деген тіркестер айғақ. Демек, барыстың алдына «қар» сөзі кейін орысшадан немесе қытай тілінен аударма арқылы қосылған. Қазақ оны тіркемесіз, жай ғана «барыс» деп атағанын естен шығармасақ екен.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

astana-akshamy.kz