Тыйым деген – белгілі бір жағдайда ғана жасалуы тиісті әрекеттер, әдеттер. Күнделікті тұрмыста, жайшылық кезде атқаруға тыйым салынатын дүниелер. Мәселен, күнделікті өмірде сол қолмен құман ұстауға тыйым салынады. Яғни, кей жағдайда сол қолмен су құюға болады? Мәйіт арулағанда сол қолмен су құяды, жуады. Ал күнделікті тіршілікте оң қолмен ұстау керек.
Бүгінгі қоғамда ырым-тыйымдарды ескіліктің қалдығы деп қабылдайтындар мен күнделікті тұрмыста ұстанатындар бар. Ұстанатындардың өзін екіге бөліп қарауға болады. Олар қазақтың ырымын да, орыстікін де қатар ұстанады. Мысалы, орыстар мамырда үйлену тойын жасамайды. Бұл бүгінде біздің халқымызда да жиі кездеседі.
Ырым-тыйымның барлығы халықтың тұрмысына арналған. Оның қолданыстан шығып қалғаны болмайды. Мәселен, бір шаңырақ бір жылда екі келін түсірсе, соңғысын есіктен емес, жабықтан түсірген. Жабық – уық пен керегенің түйіскен жері. Ол кезде халқымыз киіз үйде тұрған. Бұл тек келінге қатысты емес. Қыз ұзатса да дәл солай. Екіншісін жабықтан шығарады. Қазіргі кезде екінші келінді терезеден кіргізіп, терезеден шығарып жатыр. Бұл кісі қайтыс болғанда да солай. Екінші кісіні табалдырықты көтеріп шығарады. Мұның бәрі тылсым күшпен байланысты дүниелер. Білмей жасаса, ештеңе етпес. Ал біле тұра ырымды сақтамаса, ертең бір әттеген-ай дейтін жағдай болып қалса, өкініп қалады.
Балаларға арналған ырым-тыйым
Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса – үйге береке, ырыс келеді. Бала жол қараса – қонақ келеді. Бала тілін шығарса – хабар келеді. Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң болады, еркін отырып емсе – мырза, жомарт болады. Баланың желкесі терең шұқыр болса – қырсық болады. Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі. Бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болады. Етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – батыр, кемеңгер болады. Кішкентай бала табаққа аяғын салса – тоқшылық белгісі.
Қазақ бала жолдасын тастамай, екі асық қосып, киіз үйдің табалдырығының астына көмеді. Бұл асық ойнайтын бала жалғассын деген тілектен туған ырым. Бала тоқтамаған жағдайда бала жолдасын киізге орап, молдаларға оқытып, күлдіреуішке (шаңырақ ортасына) бала жеті жасқа келгенше іліп қояды. Бала жетіге толған соң, "садақасын" беріп, бала жолдасы салынған киізді ұлы жолдың бойына апарып көміп ырым жасайды. Баланы қырқынан шығарып, ит көйлегін ауыстырғанда оны бойына бала бітпей жүрген әйелдер арнайы сұрап алатын ырым бар. Оларға баланың анасы ит көйлекті бүтіндей бере салмай, жыртып береді. Баланың тісі түскенде, оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар, көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады.
Бала еңбектей бастағанда, бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізетін ырым бар. Тәй-тәй басып, апыл-тапыл қадамдар жасай бастағанда жүйрік болсын деп бұтының арасынан сирақ асып өткізетін ырым да болған.
Тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф ғалым Досымбек ҚАТРАНҰЛЫ
6alash ұсынады