Бозінген күй аңызы...

"Бозінген" (халық күйі)

Орындаған: Қалиакбарұлы Бейілхан


Күй-аңызы

Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама заманы болса керек. Халық басына күн туып, елінен, жерінен айырылған ауыл дүрбелеңге түскен бір шақта орта дәулетті біреудің ақ інгені болған екен. Ботасы оққа ұшады да, иесі ақ інгенге жүгін артып, күнді күнге, түнді түнге ұрып босып, ауа көшкен елмен бірге кетеді. Бір жерге жетіп, көліктердің белін суытып, адамдар демалады. Кешке таман ақ інген өзге түйелердің ішінде жоқ боп шығады. Іздеп таппайды. Ал інген сол кеткеннен мол кетіп, ботасының жемтігі қалған жаққа қарай бет алған жолда қалмақтардың қолына түседі. Ашыққан жаулар шибөріше қаптап, тарпа бассалып, жығып, төрт аяғын байлап, бауыздауға ыңғайланған сәтте, інген өте бір аянышты дауыспен ыңырси боздап, екі көзінен жас сорғалап, бейне адамша жылаған екен дейді. Сол кезде өздері аға тұтар біреуі: «Астарыңдағы аттарыңды сойсаңдар да, андағы інгенге тиіспеңдер», – дейді. Босанған бозінген алдымен оң жағына қарап бір боздап, сол жағына қарап бір боздап, үшінші ретте алдына қарап бір боздап, алған бағытына қарай желе жөнелген екен. Ботасының жемтігін тапқан соң бір тал шөп жұлмай жатып сол жерде өлген екен.

Бұл күйдің тарихын жазушы Соян Қажыбайұлы 1967 жылы Моңғолияның Қобда аймағы, Алтай ауылына іссапармен барған кезде Оман деген қариядан естіп, өзі айтулы домбырашы болмаса да, күй желісін үйреніп келген болатын. Күй желісін бұзбай, аздап жетілдіріп, содан бері көп кәдесіне жаратып жүрмін.

Күйге мін тағушылар да, өзі иесі болмақшылар да табылады. Ешбірі бұра тарта алмады. Жазушы С.Қажыбайұлы сол кездерде құрас-тырып, Алматыда бастырған Моңғолия қазақтарының жыр жинағын «Бозінген» деп те атады. Сөйтіп, бозінген зары атадан балаға жалғасып, бүгінгі күнге жетті.

Мұсайып Құсайынұлы

6alash ұсынды