Әзімхан Тішәнұлы (1927-1993) Алтай аймағы Қаба ауданының түлегі. Аудармашы, қытай байырғы тілінің маманы, әдебиет танушы, баспагер.
Мән
Лусиен Благо (руминия ақыны)
Гүлдің мәні - жемісін түю емес,
Өлмек мәні - топыраққа сыю емес,
Жанбақ мәні - түтін боп ұшу емес,
Пештің мәні - күл жанып түсу емес,
Жапырақ мәні - көлеңке болғанда емес,
Күздің мәні - қырауы қонғанға емес,
Жолдың мәні - терең ой, олан шырақ,
Көктің мәні - бұлттары көшкен шұбап.
Иә, жолаушы, жол ұзақ, ұзақ-ұзақ.
(«Көкжиек», 1987 жыл 2-сан)
Махаббаттың айғайы
Клодария (францияның әйел ақыны)
Махаббаттың айғайы
Тамағыма
Тығылды,
Байқаған жоқ тірі пенде.
Деседе-ау бақыттың тәңірісі,
Неткен сонша кіршіксіз ол пәк еді!
Қорқыныштың айғайы
Тамағыма
Тығылды,
Естіген жоқ тірі пенде.
Деседе-ау, адамзат дүниесі,
Неткен сонша ол зілмәуір қатаң еді!
Айғайы махаббаттың, қорқыныштың,
Айғайы нар күмәннің үнсіздіктің
Жаңғырар сапарыңның он бойында,
Тыңда әне,
Күбірлейді
Құлағыңа үн!
(«Көкжиек», 1987 жыл)
Жас
Жан Гросжан (франция ақыны)
Жазғы ағаштың көлеңкесі
Жол бойына құлады.
Шілделіктің дауысы
Таңғы ауамен тынады.
Барады жетім баладай
Жол кезіп қиыр-қияқты.
Қозғалып кетті көлеңке
Ал, мен сол қалпым сияқты.
Шақырса да жер түбі
Тәуекелге арт деп жүгіңді.
Сырқырап менің табаным,
Шаршағаным білінді.
Көлеңкеге дем алдым,
Кітәптән ашпай бір парақ.
Айлар-күндер қасымнан,
Өте берді сипалап.
аударған: Әзімхан Тішәнұлы
Дайындаған: Гүлбақыт Тойбазарқызы (келіні)
6алаш ұсынады