Апалы-сіңілілі полковниктер

Екі жылдың алдында шетелдегі қазақ диаспорасы үшін елең етерлік ерекше оқиға орын алды. Мәселенің мәнісін ашалап айтар болсақ: Ұлан-батыр қаласындағы бір қазақ отбасының қыздары, апалы-сіңілі Жеңісгүл мен Анаргүл әскери саладағы үздік қызметтері үшін полковник шеніне ие болды. «Бір шаңырақ астында өсіп-өніп, білдей шенге бірдей қол жеткізген ағайынды қыздар Шыңғыс хан жұртының тарихында бұрын-соңды болмаған» деп, жазып жатыр моңғолиялық ақпарат құралдары.

Полковниктердің әкесі Мұсабайұлы Қаусылғазы педогогика ғылымдарының докторы, ғалым адам. Жазған еңбектері дәл қазір құрлық асып, сонау Америка мектептерінде оқытылып жүр. Анасының есімі – Қайырниса Жәлелқызы. Отбасында – төрт ұл, екі қыз.

Үйдің үлкені – Анаргүл Қаусылқазықызы 70-жылдардың соңында Петербордағы С.М. Киров атындағы әскери-медицина академиясын бітірген екен. Мамандығы әскери дәрігер. Ұзақ жыл әскери медицина саласында қызмет атқарып, 1987 жылы өзі оқыған академияда кандидаттық диссертациясын қорғап, соңынан Ұлан-батырдағы Қорғаныс университетінде медицина ғылымдарының докторы ғылыми атағын алыпты. Сонымен қатар өткен жылы қарындасымызға «Еңбек сіңірген дәрігер» атағы да берілген екен.

Ал, екінші полковник Анаргүлдің туған сіңілісі Жеңісгүл 1966 жылы 10 сәуірде туған.  Ұлан-батырда Кеңес Одағы офицерлерінің балалары оқитын  №8 орыс орта мектебін бітірген.  Жиырма жасында Моңғолия Ішкі істер министрлігінің қатардағы бөліміне хатшылық қызметке тұяғы іліккен қыз үш жыл ішінде офицерлік құрамға өтіп,  «хатшылықтан бастап полковникке жеткен» аңыз адам ретінде тарихта аты қалды.

Жеңісгүл 1998 жылы Ресей Федерациясының байырғы оқу орындарының бірі –  Ресей Ішкі істер министрлігіне қарасты Петербор университетінде докторлық диссертация қорғапты. Ж.Қаусылғазықызы өзі қызмет еткен саланың жедел тергеу-тексеру ісі бойынша  ұзақ жыл абыройлы еңбек етіп, соңғы жылдары қазақтар шоғыр қоныстанған Бай-өлке аймақтық ішкі істер басқармасын басқарды. Қазір зейнет демалысында.

Бекен ҚАЙРАҰЛЫ