АЛМАТЫ кімнің қаласы
немесе отбасынан озбаған дүниетаным
Сәулет өнеріне халықтың материалдық қажетсінуі негізінде ғана назар аудару – мәселеге селқос қарағандық болады. Оны ұлттың тарихы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, дүниеге көзқарасымен шендестіре ойласып, бейматериалдық өндіріс негізінде де, рухани байлық ретінде де көңіл бөліп, екі жағынан да қарау керек. Мен әңгімені бейматериалдық саласынан өрбітейін. Себебі, бұл сала ұлтымыздың тарихы мен ұлттық дүниетанымымызға тікелей қатысты. Әрі біздің сәулет өнеріміздегі дамымай тұрған мазмұн. Сәулет өнерінің басқа өнерден артықшылығы – ол қолға ұсталады, көзге көрінеді. Сонымен бірге оны жаны сүйген де, жаны сүймеген де көреді және пайдаланады. Құрылыс – темір, цемент, кірпіш, т.б. жансыз заттардан құралған жансыз дене. Бірақ біз сол жансыз дүниеге қарап тұрып мынау Қытайдың, мынау Грекияның, анау Үндінің, т.б. сәулет өнері деп айта аламыз. Осы жансыз дене белгілі бір мәдениеттің, тарихтың куәсі әрі оның дүниетанымын, өзіндік ойлау әдісін, адамдардың көркемдікке, сұлулыққа, рухани дүниеге деген талпынысын танытып тұрғандай. Тіпті, белгілі бір идеяны үгіттеудің құралы ретінде де пайдаланылған. Қаныш Сәтпаев көшесі мен Желтоқсан көшесінің қиылысынан тұрып Зевстің тәжін киген «NURBANK»-ке қарасаңыз арыныңыз басылып, салыңыз суға кеткендей боласыз. Грекияның адамның демін басатын айбынды да, айбатты, еңселі құрылысының айна-қатесіз өзін көресіз. Сыртқы безендірілуі гладиаторға жаттықтырылған Рим құлдары мен жалаң білек пен ауыр қылыш ұстап жекпе-жекке шығатын батырларының бұлшық еттері іспетті. Сәулет өнері – сұлулықты, көркемдікті бейнелеудің ең жоғары тәсілі. Ұрпаққа қалдырар адамды әрі рухани жақтан, әрі материалдық жақтан қамтамасыз ететін, әрі рухани байлықты, әрі көркем шеберлікті көрсететін ең құнды материалдық мұра. Бастысы - іштей сезіну, үнсіз мойындау. Ең ауыры да осы. Алматының асқақ та айбынды қала құрылысы бұрынғы Грекия мен Рим мәдениетін және сәулет өнерінің дамуына сәулетші ретінде емес, билеуші ретінде ерекше үлес қосқан Рим папасын еске түсіреді. Мұндай үлгілер әсіресе қала орталығында, адамдар жиі топтасатын әлеуметтік құрылыстар мен үкімет үйлерінде көп қолданылған. Мысалы: Қазақ мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры (Абай даңғылы – 103), «Қазақстан» қонақ үйі (Достық даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысында), Орталық мұражай (Фурманов көшесі – 44), Қазақстан–Британ университеті (Төле би көшесі – 59). Қытайдың кез келген қаласына барсаң сәулет өнеріне қарап-ақ өзіңнің Қытайда жүргеніңді сезінесің. Өзін «Айдаһардың ұрпағымыз» дейтін қытай халқының сәулет өнерінен от бүріккелі тұрған айдаһардың мүсіні ешқашан түскен емес. Нәзіктеп салынған өрнектер мен жіңішкелікпен шығарылған қырларынан Қытай халқының жұмысты ұқыптылықпен істейтін, әдіс-айла мен өнерді жоғары бағалайтын, бір іске тәптіштеп қарайтын жандүниесі мен мұндалайды. Қылаяғы, үй ішінің безендірілуі де ұлттық үлгіні көрсетіп тұрады. Ал біз қалайша өзімізді қазақтың даласында тұрып, Европаның қаласында жүргендей сезінеміз? Нендей күш мені өзімнің жерімде тұрып өзгенің өркениетін көз алдыма елестетуге түрткі болып отыр? Бізде ештеңе жоқ деп айтуға ешкімнің де аузы бармас. Батыс пен шығыстың арасына көпір болған Ұлы Жібек жолындағы қалаларымызда (Отырар, Сайран, Самархант, т.б.) көркі көз тартатын ғимараттар болмады деп кім айта алады. Хандарымыз бен батырларымызға, ақылгөй даналарымызға арнап салынған ескерткіштер бұған дәлел бола алады. Қалаларымыздың алдының бәленбай жылдығы деп (Түркістанның 1500 жылдығы, Тараздың 2000 жылдығы, т.б.) тойлап жатырмыз. Сонда сәулет өнерінде Орта Азиялық үлгі жоқ деп кім айта алады. Ең кішкенесін алып айтайықшы, Абай мен Жандосов көшесінің қиылысқан жеріне қала көркін әрлендіре түсу мақсатында шағын көріністер салынған. Осы көріністердің өзі Грециядағы үлкен қала қорғандары мен ертеден қалған гладиатор жаттықтыру алаңдарының қақпаларын еске түсіреді. Осы шағын көріністерге де ұлттық мүддеге толы, өзіміздің психологиямыз бен жан дүниемізді айқындап, рухани әлемімізді ұштастырып жатқан көрініс салуға болмас па. Сәулет өнері бізде бұрын да болған, қазір де бар, тек тамырынан айырылып қалған сияқты. Біз өнердің осы бір саласын өлі түрде қабылдап отырмыз. Түскиіз бен сырмаққа, басқұр мен үзікке салынған, шаңыраққа ойып түсірілген ою-өрнектер біздің дүниетанымымыздың тұрмыста бейнеленуі. Дүниеге деген көзқарасымыздың, рухани мәдениетке деген талпынысымыздың материалдық тұрғыдағы көрінісі. Ендеше мұны сәулет өнерімен неге ұштастырмаймыз. Мұндағы біз білуге тиісті мәселе біреу ғана, әрі қарапайым. Ол Грек, Үнді, Қытай, т.б. үлгісіндегі құпия. Меніңше бұл құпия – сол ұлттың дүниетанымының көрінісі болған тұрмыстық тұтыну бұйымдарының және сол бұйымдар формасының құрылыстан өзіндік орын алуы. Сәл қиындатсақ, осы тұтыну бұйымдарын сәулет өнеріне кіргізу. Ислам діні кіруден бұрын жан-жануарлардың бейнесін салып, кейін ислам дінінің қағидасына қайшы болғаны үшін оның ою-өрнекке айналғаны сияқты. Бас нені ойласа қол мен аяқ соны істейді. НӘТИЖЕГЕ ЖЕТУ ҮШІН, ЕЛІМІЗДІҢ СӘУЛЕТ ӨНЕРІ САЛАСЫНДА ТЕР ТӨГІП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАР ТЕК БІР ҒАНА НӘРСЕНІ басшылыққа алуы КЕРЕК. ОЛ – ҚАЗАҚША ОЙЛАУ. Сызбаның ӘРБІР СЫЗЫҒЫН СЫЗЫП ТҰРЫП ҚАЗАҚША ОЙЛАУ КЕРЕК. ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК НЕГІЗГІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНАН ҚАЗАҚИ ҮЛГІНІ СӨЗСІЗ ТАЛАП ЕТУМЕН ҚАТАР, БҰЛАРҒА БӘСЕКЕ ЖАРИЯЛАУ. БҰЛ - ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АДАМЗАТТЫҢ ӨРКЕНИЕТІНЕ ҚОСАТЫН ТИТТЕЙ ДЕ БОЛСА ҮЛЕСІ.
Ерұлан КӨПЖАСАР