Алаштың Ахметінің, Ұлт ұстазының ұрпаққа қалдырып кеткен бай мұрасын хал-қадарымызша зерделеу барысында не секілді тарихи құнды деректерді көреміз, нешелеген көнерген сөздерге кездесеміз. Қолға алғалы отырған кезекті жазбамызда Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Семейдің Губерниялық (кітапта: Гүбірнелік. – Ә.А) баспасынан Қазақстан оқу комиссарияты (кітапта: Қазақыстан оқыу кәмесерійеті – Ә.А) жағынан 7400 данамен басылған «Сауат ашқыш» (Сауатсыз үлкендер үшін 1-кітап) атты оқулықтың ішінде кездесетін бірнеше сөзден өрбіген ойдың өзегін ойлы оқырманға ұсынғалы отырмыз. Мақаламызда ғалымның аталған оқулығы туралы толық қамтып сөйлемекші емеспіз. Тек үлкендерге арналған осы оқулықтың 53-бетіндегі «Өрбу» атты танымдық мақала төңірегінде сізбен сыр бөлісеміз. 90 беттен ғана тұратын шағын оқулықтан саналы кісінің ойын сан санаққа жетелейтін небір ғажап ұғымдар мен сан түрлі тарихи деректер кездесетінін біз бұған дейінгі мақалаларымызда жаздық. Атап айтар болсақ, аталған оқулыққа енген Ахаңның өзінің «Иттер достығы» атты аудармасында көзімізге шалынған бір ғана «кемпірназ» атты сөздің жетегімен көлемдірек мақала жазып оқырманмен ой бөліскенбіз. Онан кейін, осы оқулыққа шығармалары енген Бұйра ұлы мен Малабай ұлы атты авторлардың кім екенін де көптеген материалдардан іздеп тауып, алты алаш баласынан шүйінші сұраған да едік. Ал, бүгін ғалымның «Сауат ашқышындағы» «өрбуіннен» нендей сөзді өрбітпекпіз, ендеше, көкірек көзімізді мына сөздерге жүгіртелік!
Байтұрсын баласы өзінің оқулықтарына енгізген халықтық және авторлық материалдардың келу қайнарын көбінесе көрсетіп отырған. Бірақ, бұл оқу құралына енген 40 материалдың алтауында иесі көрсетілмеген. Оның себебін біз қазірше, бұл материалдар Ахаңның өзінің қанық білетін деректері болғандықтан сілтемесіз берген немесе өзінің жазып жүрген мақалаларының үзіндісі болғандықтан, кітап авторы өзі болғаны үшін, шағын мәтіндерге өз аты-жөнін қайта-қайта көрсетуді әбес көргенінен болар деп кең-мол пішіп болжал айта тұралық. Оқырманның көңілінде күдік қалмасы үшін, осы «Сауат ашқышта» келу қайнары көрсетілмеген шығармаларды атай кетейік: «Атақозы би», «Алдар көсе», «Қожанасыр», «Мүңке би (Мөңке)», «Көсем бала», «Қожанасыр ақылы» және «Өрбу».
Міне осы танымдық әңгімелердің авторын Ахаң көрсетпеген. Бір қызығы, осыған дейін Ахмет мұраларының жарияланып шыққан көптомдықтарында: «Атақозы би», «Алдар көсе», «Қожанасыр», және «Мүңке би (Мөңке)» Алтынсары баласынан; «Көсем бала» Әбубакір Дибаевтен; «Өрбу» атты танымдық мақала «Ауыл» деген автордан алынды деп көрсетілген. Бірақ, біз Ы.Алтынсаринның барлық кітаптарынан аталған төрт аңызды кездестіре алмадық.
Бізше, бұларды Ахмет Байтұрсынұлы өзі жазып кірістірген. Себебі, бұл шағын оқулықта ғана емес, өзі бас болып шығарған «Қазақ» (1913-1918) газетінде де газеттің ең салмақты, ең өзекті тақырыптары саналатын басмақаланы және басқарма атынан оқырмандарға берілген жауаптарды Ахаң өзі жазып отырған. Бірақ,олардың бәріне автор ретінде есім-сойын тіркей бермеген. Содан да болар, бүгінгі таңда өткен ғасыр басында «Қазақ» бастаған баспасөздерде авторсыз жазылған аса құнды жазбалардың қайсы тұлғаға (әсірее, Ахмет, Әлихан, Міржақыптың) тәуелді екенін тұрақтандыруға да үлкен зерттеулер керек болып отыр. Бұл басқа ұлы тақырып болғандықтан, біз бұл арада аялдамаймыз.
Енді біз «Өрбуге» оралайық:
«Өрбу» сөзін кез-келген қазақ түсініп отыр. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде өрбудің – өркен жаю, өсу, күшею, асқыну, даму, өрлеу мағыналары барлығы жазылған. Әрине бұған талас жоқ. Енді автордың (мейлі Ахаң болсын, басқа болсын) шеберлігі осы өрбу атты сөзді жазбаның тақырыбы етіп алғанында деуге болады. Себебі, алақандай кітаптың екі бетіне толық сыйып кеткен осы «өрбуде» автор Жершары жаралған миллион жылдар бұрынғы ғаламдық өзгерістен бастап, адамзаттың бүгінгі өркениетті дәуіріне дейінгі даму басқышын жазған. Басқаларға қалай әсер етерін білмеймін, мен аясына миллион жылғы барысты сыйғызған шағын жазбаның тақырыбын «өрбу» (түпнұсқада: өрбүу. – Ә.А) деп қоя салған қалам иесіне тәнті болдым. Бүгінгі таңда қалам ұстаған біреу болса бұған "Жер жаралғаннан бергі адамзаттың өсіп-өну барысы" немесе «Миллион жылдардан бергі біздің даму барымысыз қалай болды», т.б. деген сияқты салақұлаш тақырып қояры мұнда тұр еді.
Енді осы мақаладағы бізді елеңдетіп, қолға қалам алдырған сөздердің сырын ашуға тырысайық: мақала былай басталады. Түсінікті болуы үшін түпнұсқа бойынша көрсетіп отырамыз:
Дүнійеде өзгермейтүн нəрсе жоқ. Дүнійенің табыйғый, негіздік жолы өзгеріс, өзгергенде кер кетіп, кеміп өзгеріу емес, ілгері басып, жеттіге, жетіле, өсіп-өне өзгеріу. Мұны ғылым тілінде «еуолұтсыйа» (табыйғат тағдыры) дейді.
Енді, осындағы жеттігу сөзіне тоқталайық. Бір қызығы, осы «жеттік» сөзі аталған шағын жазбада үш рет қолданылады. Бүгінгі таңда «Жеттік» емес, «жетік» және «жетілу» қолданыста. Ал, арғы бет (Қытайдағы қазақтар) «тілді жеттік біледі» десе, елімізде «тілді жетік біледі» нұсқасын қолданады. Осы «жеттік» сөзі осыдан ғасыр бұрын аса белсенді қолданыста болған сөз екенін «Өрбу» атты осы мақалада үш рет қолднылғаны да айқындай түседі. Бір қызығы ХХ ғасыр басында (1920-1930) жасалған терминологиялық сөздіктердің бірінде бұл сөзді орысша «совершенная ― жеттіккен» деген атауға балама ретінде береді. Қарауымызша, бұл аударма құп жарасып тұр. Ал, бүгінгі сөзідіктерімізде аталған совершеннаяны не деп қолданып жүр екенбіз деп, сөздік ақтарып көрсек, бұған тікелей аударма көрсетілмеді. Басқа сөздермен қосылған аудармаларына қарап отырып: совершенная жидкость – жетілген сұйықтық, совершенная группа – кемел группа деген бірнеше сөзге тірелдік. Енді, о заманда бұ заман сұйықтың жетілгенін, группаның (бір топ адамның) кемел (ді) болғанын көрмедік қой. Қалай ойласақ та бұл сөздердің қолданысы «жеттігіңкіремей» тұр. Ендеше, осы «жеттігу» сөзі бүгінгі көркем әдебиетте бар ма екен деп те біраз жерге «барып келдік». Белгілі тілші, ғалым Байынқол Қалиевтың сөздігінен мынандай деректі көріп, көзіміз жарқ етті:
Жеттігу – Жеттік етістігінің қимыл атауы. Халқымыздың рухани өмірінде небір соны жаңғырулар мен жеттігулер тоғанағын артқан да осы ғасыр (XIX ғ.) болды (Қаз. əдеб., 15. 11. 1985, 12).(Б.Қалиев. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2014. - 728 б).
Демек, 1985 жылдары әдебиет оқитын әр кісі білетін бұл сөзді де қолданыстан ысырып бара жатқандаймыз. Қаламгер, ғалым Ақсетелу Сейдімбектің бір еңбегінде «жеттігуге» байланысты мынадай сөйлем бар:
Мұндай тарихи-әлеуметтік араларда қалыптасқан ұрпақ, қос енені тел еміп тез жеттіккен төл сияқты, өткен мен бүгінді салғастыруға, ел өміріндегі сапалық өзгерістерді парақтауға мейлінше жүйрік, тарихи зердесі сергек болып қалыптасты.
Енді екінші термин «еуолұтсыйаға» келейік. Бұл енді сол кездегі шеттілдік атауларды қазақша дыбыстауға «сындырып жазу» қағидасына сай жазылған эволюция деген сөз. Эволюцияның мағынасы оқырманға белгілі. Өзгеру, даму, қалыптасу. Бірақ, бұлардың бәрі табиғи заңдылықтарға сай болады. Осы тұрғыдан алғанда Ахаңдардың осы бір кірме сөз болғысы келіп тұрған атауды алдымен қазақша сындырып, жақша ішіне «табыйғат тағдыры» деп ескерте кетуінің өзі «жеттіккен» білім иесінің талғамы деуге әбден болады.
Үшінші сөз: шен.
Мәтінге қарайық:
Үстіміздегі шені, шеті жоқ көк, күндіз болса дүнійені жарық еткен күн, түн болса аспанда күлімсіреп тұрған ай мен жұлдыздар, іздесең тіршілігіңе керек нəрсенің бəрі табылып, анаша асырап отырған мынау жер, ол жердің үстіндегі жанды, жансыз мақлұқтар бəрі осы түрінде, осы күйінде, осы қалпында болмаған.
Бүгінгі таңда бізге шен десе, лауазым, «шенді-шекпенді» ұғымы келе қалады. Алайда, өткен ғасыр басында әдебиеттерде жүрген «шен» ол емес.
Шен – Арбаның дөңгелегінің сыртын қоршап тұратын, иіліп келген темір (Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі. - Алматы: "Сөздік-Словарь". 1997.- 368 б.).
Бұдан сырт бұл шен «маң, тұс, маңай» мағыналарын білдіреді екен.
Сұраншы, Саурық батырым,
Шеніне дұшпан келмеген.
Қамын ойлап халықтың,
Жерін жауға бермеген (Жамбыл Жабаев), - деп келетін рухты жырда да осы осы «шен» қолданылып отыр.
Төртінші сөз, ақтығында. «Сауат ашқыштағы» «өрбу» атты жазбада бұл сөз былай қолданылған:
Бір-ақ ілгерінің ақылы, білімі кейінгіге қалып, кейінгілер оған қосып жамай келіп, тіршілік əдісі артылып, ақтығында өнер-білім ауданы ұлғайа, кеңій берген.
Бұл қазіргі «ақырында, соңында, нәтижесінде» деген сөз. Қазақтың ақтық сапарға шығуы дегені соңғы сапарды меңзейді. Алайда, ақтығында атты бұл үстеу қазіргі таңда қолданыста жоққа тән. ХХ ғасыр басындағы көптген оқулықтардан бұл сөздің белсенді қолданыста болғанын көруге болады.Ал, ақын жырынан:
Ақырып ұрғаннан соң өте қатты,
Барманның өзі түгіл жанышты атты.
Жабысып қалқан басқа, бас кеудеге,
Күл-күл боп ақтығында бәрі жатты (Т.Ізтілеуов (1882-1939), Рүстем.) өлеңінен кезігеді.
Бесінші сөз. Қалынып. «Өрбудің» мәтінінде былай сөйлем бар:
Күн көріс тəсілі молайа берген. Пайдалы тəсіл алынып, пайдасыз тəсіл қалынып, тіршілікке керек білімдер атадан балаға, үлкеннен кішіге, нəсілден нəсілге қалып, білім сабасына қойылып отырған.
Осы күні қазақ тілінде қалу бар да, қалыну жоқ. Кейбір кісі бұл жерде автор сөзді ұйқастыра пайдалана салған деп күмән артуы мүмкін. Бірақ, мүлде олай емес. Қазақ тілінде қалынудың бірнеше қолданысы бар. Алдымен Ахаңның өзіне жүгінсек:
Қалыну – тасымалдаған кезде сөздің осы жолда қалдырылуы. (Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедия / бас ред. Тойбаева Ж. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2017. - 744 б.).
Еліміздің батысында бұл сөз қазіргі қалу сөзінің орнында да қолданылады. Мысалы, Түзу табан етік қазір қалынды (Гур., Маңғ.). (Қазақ тілінің аймақтық сөздігі /Құраст. Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков, Ш.Сарыбаев, А.Үдербаев және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. - 824 б.).
Ал, Түркімен еліндегі қазақтарда бұл қалыну сөзі тоқтатуды білдіреді. Сұрау қалынсын дегендерің қол көтерің (Түрікм., Тедж.).(Қазақ тілінің аймақтық сөздігі /Құраст. Ғ.Қалиев, О.Нақысбеков, Ш.Сарыбаев, А.Үдербаев және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. - 824 бет).
Түмен Балтабасұлының (1884-1957) «Адай тегі» атты жырында:
Алшында жүйрік атанған,
Әбубәкәр Кердері
Жетірудың Тамасы.
Қалынып тұрған қазақта
Қарттардың бар-ды шаласы, - деген жолдарда «қалыныбымыз» жүр.
Қарақалпақ ағайынның бүгінгі тілінде де «қалыну» қарша борап жүр. «Карантин шеклеўлери 1-августқа шекем сақланып қалынады» деп жазыпты «Қарақалпақстан хабар агентлиги» ресми сайты. Мұндай етсітіктерге келгенде қарақалпақ кім, біз кім дейміз.
Жоғарыдағы келтірілген деректердің бәрін жинақтағанда қазақта алынумен бірге қалыну да қатар қолданылғанына көзіміз толық жетеді. ХХ ғасыр басындағы басқа әдеби үлгілерден де қалынуды кезіктергенбіз.
Енді осы жерге келгенде, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин ақсақалдың бір мақаласы еске түседі. «Туылған» мен «өлінген» мақаласында абыз қаламгер қазіргі сөз қолданысымзда белең алған қате сөздер туралы кең көлемде ой бөліскен еді. Әрине, қазақ ешуақытта «туылған күн», «туылған жер» деп қолданбайды. Біз жазушының «туылған» бас болған көптеген сөзді түзетіп, дұрысын ашып көрсеткеніне бек қуаныштымыз. Дегенмен, осы жерде бір түйткілдің шеті шыға бастайды. М.Мағауин осы «туылған» сөзін қолданып жүргендерді қаймықтыру мақсатында «өлінген» деген сөздің де жоқ екенін көлденеңдетеді. Және, өлім ұғымын тереңірек тарқатып келіп, бәрімізді былай шықпыртады:
«Туылғанға» дауа жоқ екен. Ендеше, келесі саты – «өлінген!». Адам әдетте өз ырқымен өлмейді ғой. Ауру-сырқау ма, көлденең пәле, немесе аштық пен кәрілік пе – «өлінеді!». Абай: «Адам жылап туады, кейіп өледі» – деп еді, Шәкерім қажы: «Туған жан өлмек, – Тағдырға көнбек!» – деген, ал күні кешегі Қасым: «О дариға, алтын бесік туған жер!.. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім…» – мүлде қате: «…Жылап туылады, кейіп өлінеді», «Туылған жан өлінбек», «Туылған жер… Сенде туылдым, сенде өлінсем…» – деп айтулары шарт екен.
Әңгіме жоқ, бұл сынға келісеміз. Енді осы арада, хакім Абайдың:
Дүние - үлкен көл,
Заман - соққан жел,
Алдыңғы толқын – ағалар,
Артқы толқын – інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер, - деп келетін салмағы қорғасыннан ауыр ой толғанысында «өлінер» қайдан жүр деген сауалдың саусағы қылтия қылады. Абай атамыз бұл жерден ұйқас үшін ала салмағаны белгілі. Сол себептен де «қалыну» сөзі бар тілде «өліну» сөзі бар болмасына кім кепіл? Бұл енді сөз төркінін індете зерттеуге аңсары ауған ағайынға сауал күйінде қалатын сөз болып тұр.
Алтыншы сөз. Барлық қақпасы. «Өрбуде»: Күн көріс ісі оған оңай, барлық қақпасының неше есігі, неше тесігі оған мəлім, - деп келетін сөйлем бар.
Мұндағы барлық дегеніміз бәрі, қанша болса сонша, түгел деген мағынаны білдіріп тұрған жалпылау есімдігі емес. Бірлік, тірлік, батылдық, ғашықтық және байлық сияқты зат есім күйінде келіп отыр. Мұнда, ғаламда бар құбылыстың бәрін қалай зерттеуді ол біледі дегенді меңзеп отыр. Дәл осы сөйлемде бұл барлық қақпасын ғылым қақпасы деп түсінуге де болады.
Жетінші тіркес. Суды балықтай кезіп. Жылдық жерден көз ашып жұмғанша жылдам қабар алып отырған, атсыз арбамен жүріп, сұуды балықтай кезіп, құстай аспанға ұшып отырған жұрттар ғылым мен өнер арқасында, дүнійенің есік-тесігін білгендіктен істеп отыр.
Бұл жерде суда балықтай жүзіп болар, суды кезгені несі деген сұрақтар туындауы да әбден мүмкін. Бірақ, бұл жерде балықтай су кезу деген әсте әсерлеп айтылған сөз емес. Балық суды кезеді. Біздің туған ауылда (ҚХР, Өр Алтай) Ертістің балығы Жайсаңнан (Зайсан көлі, Шығыс Қазақстан об.) өзеннің ішімен өрлеп, Өр Алтайдағы Ертістің басына дейін жетіп уылдырық шашады екен, ол балықтардың күш-қайратының мығымдығы сондай, ақ көбігін аспанға атып жатқан ағынды өзенді де өрлей жүзеді деп еститінбіз. Енді Жайсаңнан Ертістің басына дейін мың шақырым. Балық су ішінде өзі өзі жай ғана жүзбейтінін «Өрбуді» жазған ғалым әбден біледі. Балық суды кезеді. Осының сырына үңілу үшін балыққа қатысты ғылымның жазған мақалаларына да көз салдық. Біздің ауылдағы үлкендердің айтқанымен ихтиология (балықты зерттейтін ғылым саласы) ғалымдарының жазғаны бір жерден шығып отыр. Қазақ энциклопедиясында: «балықтар жыл маусымына сәйкес қорегін, қыстауын немесе уылдырық шашатын жерін іздеп, кейде мыңдаған километрге дейін өрістейді», - деп жазылған.
Сегізінші сөз. əдістінікі. Бəйге өнерлі жүйріктікі, əдістінікі, - деп берілген «Өрбуде». Бұл сөзге көп тоқталмаймыз. Білімді, білікті, әдісті, айлалы, күшті, парасатты сияқты жұртқа түсінікті сөз. Дегенмен, бүгінгі таңда осы әдісті сөзін қолданып жүргендер санаулы. Сондықтан, қалам ұстаған ағайынға ХХ ғасыр басындағы қаламгерлер сияқты ана тілімізді сан құбылтып пайдаланайық дегіміз келіп кетті.
Тоғызыншы сөз. Сірі. Сіріні сіз де біліп отырсыз. Қатты көн болып қатып қалған нәрсені айтады. бірақ, кітапта сын есім ретінде заттың сынын емес атын білдіріп тұрсақайтер едік?!
Біреу ілгері, біреу кейін, біреу көкке ұшатұн, сұуды кезетүн мәшійнелер істеуге жеткенде, біреулер терінің де жөндеп ійлеуін білмей, қаудырлаған тері мен сірі кійіп отыр, - деп оқырманын ойға қалдырып, әңгіменің нүктесін қояды автор.
Бұл жердегі тері дегені ұсақ малдың терісі де, ал сірі дегені ірі қара малдың терісі. Теріден тіккен киім киіп отыр дей салмай, тері мен сіріні бөлек айтуында да мән бар.
Ахаң оқулығына енгізген екі беттік шығармадан осыншама көп түйткілдің сұрағын іздеп тапқан болдық. Екі беттік әңгіменің айтары осыншама мол болғанда, бір Ахаңның жинақтай келгенде бірер мың беттен тұратын мұраларын тәптештеп қараудың маңызы қаншама зор екенін білген боларсыз. Ал, Ахмет Байтұрсынұлының тұсындағы жүздеген қаламгердің мыңдаған беттен тұратын мұраларын егемен елдің ертеңіне қаншалықты деңгейде зерттеп көрсетіп бердік? Іргеміздегі Орыс жұрты атақты ақындары Пушкинді зерттегені соншалық, Пушекеңнің туғанынан (туылған емес) өлгеніне дейінгі әр күнін, сағат-минутына дейін зерттеп тұрақтандырыпты дейді. Сонда да поэзия алыбының отыз жас шамасында өткен мәлім сапардағы үш күні белгісіз дейді. Қазір орыстың пушкинтанушылары сол үш күннің сырын іздеп сандалып жүріпті-міш.
Өткен жылы хакім Абайдың 175 жылдығы өтті. Абайдың әр күні былай тұрсын, қай жылы қайда болғанын кесіп айтатын ғалым бар ма бізде? Жарайды, өскен елі, өлген жері (өзінше айтқанда, өлінген жері), көмілген топырағы белгілі. Александр Пушкиннің де сыры ашылмаған үш күнін қоя тұралық. Алты алаш, Үш жүз болып, арада туғанына бір жарым ғасыр, өлгеніне 85 жыл болған, ұлт ұстазымыз Ахмет Байтұрсынұлының сүйегін таптық па? Жоқ, таппадық. Таба алмайтынымыз – іздемедік.
Әдлет Ахметұлы