Ағайынды екі жігіттің отбасы өзара тату-тәтті өмір сүріпті. Бірде «Осы тату-тәтті тұрмыстың ұйытқысы біз – ер азаматтармыз», - деп мақтаныпты ағайындылардың кішісі әйеліне.
– Ал бізді – абысындардың еңбегін неге ескермейсің? - дейді жұбайы.
– Біз бас болсақ, сендер мойын емессіңдер ме. Ендеше бас қалай қараса, мойын да солай бұрылмай ма?..
Әйелі бұған салғыласпай, өз шаруасымен жүре береді.
Бір күні олар жігіттің ағасын отбасымен қонаққа шақырады. Қой сойып, ет асып, мүше-мүшесімен дастарқанға қояды.
Ағайындылардың үлкені қойдың алдыңғы сирақтарын өз балаларына беріп, артқы сирақтарын інісінің балаларына ұсыныпты. Сонда кішісінің әйелі күйеунің құлағына: «Сирақтарды қалай бергенін көрдің бе? Алдыңғы аяқтарын өз балаларына, артқы сирақтарын сенің балаларыңа берді. Яғни, ол өз балалары алда, озық болсын, ал сенің балаларың артта, соңында жүрсін дегені ғой», - деп сыбырлайды.
Ағасы інісінің балаларына жұлын берген еді, «Көрдің бе, сенің балаларың жұлындай үзілсін деген ойын», - деп қояды. Ағасы інісінің балаларына ми ұстатқан еді, «Әне, ол балаларыңның ақыл-ойы мидай былжырақ, су ми болсын деп беріп жатқанын түсіндің бе?» - дейді. Әйелінің осы сөздерінен кейін кішісі ағасымен ұрсысып, сөзге келіп қалады. Сонда кішісінің әйелі оларды қайта татуластырып, күйеуінің өткендегі әңгімесін есіне салады да, «Екі үйдің береке-ынтымағы біз – абысындарға да байланысты, «абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» деген, - деп ынтымақ-бірлікке шақырады.
Яғни, бұл мақал ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.
6alash ұсынды