Атамыз қазақ «Түс – түлкінің боғы» десе, қазіргі ғылым «түс – ой, қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі» деп қарайды. Бірақ бұған иланайын десең, кейде шым-шытырық түс көріп, ертесі ойыңда елесінен басқа ештеңесі қалмаса; кейде ойламаған, санаңа саясы да түспеген істерді түсіңде көріп таң-тамаша болып, түсіне алмай жүргеніңде күтпеген жерден өңіңде қайталайтыны қалай?! Демек, түсте сыр бар. Адамзат қаншалықты дамыса да, әлі талай тілсімның тегіне жетіп, тереңіне сүңгіп, түбеселі түсінген жоқ. Мәселен: Ген инженериясының сыры, адамзаттың тегі туралы талас-тартыс, басқа планета адамдары, т.б. таңғажайып сырлар әлі де толық шешім таппаған таласты тақырып. Сол сияқты түс те миымыздағы кішкентай құбылыс болғанымен, ол біздің ойлағанымыздан, біздің таным-түсінігімізден әлде қайда күрделі. Былайша айтқанда, біз малданып келген «түс – ой, қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі» деген тұжырым тек түс түсіндірмесінің бір тармағы тәрізді.
Түс және түстің жоруы туралы әлемдегі халықтарда әр түрлі айтылым бар. Әр халықта түстің жоруы туралы әр түрлі айтылымның болуы сол ұлттардың әдет-ғұрып, салт-сана, тұрмс-тіршілігімен қатысты. Тіпті, жасаған ортаның да, дәуірдің де түске болған ықпалы ерекше күшті. Былайша айтқанда, түстің бір шеті шынайы тұрмысқа тіреліп жатады. Мәселен: Африкалық шабаштардың қазақ ұлты сияқты жүн сабап, кигіз басып немесе саба пісіп, іркіт ішуі, яки қазақтардың бамбук сауып, піл мініп түс көруі екіталай. Сондықтан да түс және түстің жоруында айқын парықтың болуы әбден орынды. Осы тұрғыдан алғанда, бір ұлттың түс жоруы мен түске болған танымы да ұқсамайды.
Қазақ халқының да түс туралы түйгені, жоруы жөнінде жиғаны мол. Айталық, қазақ әдебиетінің қомақты қазынасы қиял-ғажайып ертегілер мен қисаларында түске қатысты толып жатқан деректер бар. Тіпті, арыға бармай-ақ берітіндегі бөгенайы бөлек, тарпы бұзылмаған тарихи деректерге ден қойып, ішкерілей үңілер болсақ, халқымыз түсті ешқашан «Ой, қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі» ғана деп қарамағандығы анық аңғарылады. Мәселен: халқымыз тұнық суды бақыттың, лай суды сор, азаптың; тауды мәртебенің, жылқыны суықтың нышаны деп қарап, күнделік тұрмыстан таңғажайып табиғат дүниесіне дейінгі күллі тіршіліктің түкпір-түкпіріндегі барлық болмыстың түстегі нышанын назардан қағыс қалтырмаған. Түс жорығанда оған ерекше ден қойып, көрген түсті әр қашан жақсыға жоруды, жаман түс көрсе ешкімге айтпай, оразасын ашпай тұрып садақа беруді діттейді. Тал түсте және түнде түс айтпайды әрі жорымайды деп қараған. Бұған қарағанда халқымыз ежелден тартып түсті айрықша түсініп, оған белгілі ғылми негізде қараған. Халқымыздың түс жөніндегі осы көзғарастарын жинақтай келіп, біз қазақ халқының «Ұлттық» түсі жөніндегі танымын;
- Сәуе (болжамды) түс,
- Физиологиялық түс,
- Ой, қиялдың бейнесі, -деп үш үлкен түрге жинақтауды жөн санадық.
Сәуе − аян деп те аталады (жындары иесіне аян берді). Бұл сөзді «Сәуегей» сөзімен байланыстыра ойлайтын болсақ (сәуегей − алдын ала болжай алатын, көріпкелі бар «Әулие», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 339-бет) біз негізге алып отырған «Алдын ала білу» деген мағынадан тым алшақ кетпейді. Демек, кейбір істердің алдын ала түске еніп, соңы шындыққа айналуы мойындауға татитын шынайы болмыс. Мәселен: «Махамбет өлерінен бұрын айналасындарға өзінің жан шошырлық сұмдық түс көргенін, түсінде иығынан үзіліп түскен өз басы өзіне қоштасып, жылап тұрғанын әңгімелеген» деген аңыз ел есінен әлі көтерілмесе керек. Бұл арадағы түс пен оқыс келген өлімді долайластыруға келіспесек те, бірақ осы оқиға мен түс арасындағы қисын біздің жоғарыдағы ойымызды онан ары бекіте түседі. Енді бұған «Ер Жәнібек» романдағы (авторы: Шәміс Құмарұлы) Жәнібек батырдың Ғалдан Серенмен жекпе-жекке шығардан бұрынғы көрген түсін және оны Абылайдың жоруын, атақты сыбызғышы Ақымжанның түсін, неміс химигі Август Кекуленің бензол молекуласының формуласын тапқырлаған кезде көрген түсін бірлестіре ойласақ, түс пен шынайы болмыс арасындағы жақындыққа, түстің алдын ала белгілі бір болмыстан хабар беретініне мойынсал болмай тұра алмайсыз. Ислам дінінде де түске ерекше ден қойып, түс көруді «Пайғамбарлықтың бір бөлігі» деп қараған әрі оны «салихалы түсі» яғни рахмани түс (мағыналы түс), шәйтәни түс, қияли түс деп үшке бөлген. Бақсақ, бұл сілтемелер де қазақ халқының түс туралы түсінік, сілтемесінен алшақ емес, тіпті, үндесіп жатыр.
Физиологиялық түс – адам денесіндегі физиологиялық өзгерістің (аурудың, қажетсінудің, т.б.) үлкен миға жолдаған информациясы.
Қазіргі медицина ғылымы түсті үлкен мидағы нервтердің ұйқыдағы кездегі қимылы деп түсіндіріп, оны физиологиялық және патологиялық түс деп екіге айырады. Дәл осы арадағы патологиялық түс денедегі өзгерістер мен ауру белгілерін білдіретін ішкі информация.
Адам ұйықтаған кезде бүкіл дене дем алу басқышында болып үлкен ми тыныштала бастайды да, аурудың ең алғашқы белгісі әлсіз тітіркендіру тудырып, оны ми жүйесіне жеткізеді. Міне бұл түстің аурудан алдын ала белгі беруіндегі ең негізгі себеп. Бұл туралы зерттеу жүргізген Совет одағы ғалымдары да түстің аурудан ишарат бере алатынына илана келіп, түстегі ауру өзгерісі ең аз болғанда бірнеше күннен кейін белең береді деп қорытынды шығарған. Ал халқымыздың бұл жағындағы көзқарасына келсек түстегі көрінген заттар мен болмыстарды адам денесіндегі өзгеріс ықпалына бейімдей ойластырады. Мәселен: Түсіңде киелі ермені мол жерде яки киелі ермен жұлып жүрсең асқазанда ақау барлығын; су кешіп яки суық райлы заттарды көрсең адам денесіндегі суықтың асқынғанын; түсіңде сөйлей алмай, үнің шықпай не қол-аяғыңды қозғай алмай қара басқан түс көрсең тыныс жолында, түрлі бездерде өзгеріс болғанын ұғындырады. Бұдан сырт, адамның өсіп-жетілу барысындағы түрлі жынысқа қатысты түстердің адам денесіндегі физиологиялық өзгерістің (жетілудің) ықпалынан екені кім-кімге де аян. Демек, түстің физиологиялық әсерін (аурудан белгі беретінін) мүлде жоққа шығаруға келмейді. Себебі бұл көнеқарас пен жаңа медициналық зерттеудің өзара ұштастырла жасалған шешімі.
Ой, қиялдың бейнесі – «ой, қиял просесінің ұйқы кезіндегі енжар көрінсі». Біз соңғы кезде түске ғылми тұрғыдан қарамадық, түске сенуді, түс жоруды көнелікке теліп, жаңаша тұрғыдан «ой-қиялдың туындысы» деп ғана түсіндік әрі оны түстің барлық баламасына айналдырдық. Алайда, қазір қоғам алға басты. Ғылым-техника дамыды. Бұрын бұрыс деп қараған нәрселерімізге қайтадан ғылыми тұрғыдан үңіле бастадық. Мәселен: бұрын алтыншы түйсікті ғылым жоққа шығарса, ал қазір алтыншы түйсік бізге жат емес... Сол сияқты түске ғылми тұжырым жасауда да жаңа беталыс белең берді. Мәселен: түсті арнаулы зерттеген Австралиялық ғалым Фройдтың дәуір бөлгіштік шығармасы «түс жору» әр ұлт тілдеріне аударылып, әр ұлт, әр ел оқырмандарына ұсынылды. Осыдан толқын алған бір бөлім зерттермендер де түс туралы арнаулы ізденуін бастады.
Адам күндіз (ояу кезде) сан санақсыз ойларды ойлайды, қиялдайды. Ал ұйқыға кеткенде бір бөлім нерв жүйесі күндізгі қарбаластықтан дереу тыныға алмай тағы да қарбалас жұмыс істей береді де, бұл бөлшек информациялар үлкен мыйға жеткенде шым-шытырық, басы бар, аяғы жоқ түске айналып, күндізгі ісіміз бен түсіміз жалғасып кеткен сияқтанады. Міне бұл дәл күндізгі ойдың мидағы көлеңкесі. Ал бұған медицина мамандары «Нерв әлсіздігінің бейнесі» деп кесім айтады. Мейлі қалай айтсақ та, белгілі мәннен алғанда, түстің күндізгі ой-қиялмен байланысы бар кездері көп, бұны ешқашан жоққа шығаруға келмейді. Барлық адам түс көреді. Тіпті, ғалымдардың байқауынша бөбектер де түс көреді екен. Өйткені түс ми жүйесінен тарқалған бір түрлі информация, ол адамдардың аңсаған арманы, ойлаған ойы, істеген ісі, сондай-ақ физиологиялық өзгерісі және санадан тысқары бір күштің ықпалынан туындайды да, оны түсіну, тегіне жету бір шама қиынға соғады. Сондықтан түсті зерттеудің мазмұн аясы, шарпитын көлемі психология, философия, физиология, биология, химия, т.б. Ғылымдарға дейін ұласады. Бұдан біз түсті зерттеудің бір шама қиын мәселе екендігін байқаймыз. Алайда, түс туралы зерттеу жүргізген мамандардың көбі «күндердің күнінде адамзат түстің сырын бүкілдей ашуы және оны белгілі дәрежеде контролдай алуы да мүмкін» деп есептейді.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
6alash ұсынады