Тізе бүгілмей, аяқтан қалсаңыз...

Елордада тек қана бір ғылыми-зерттеу институтында тізе-буын артрозы бойынша айына 30 ота жасалады екен. Осы күнге дейін үш мыңнан аса әйел кезекте тұр. Жалпы, тізе ауруы тек қазақтың әйелдеріне тән сияқты. Алпысты алқымдағаннан аяқтарын баса алмай, жетпіске келгенде тізесі бүгілмей жүрелеп қалады. «Неге алдымен тізеден қалады?» деген сұрақтың себебін Ортопедия және травматология ғылыми-зерттеу институтының №3 ортопедия бөлімінің дәрігер-ординаторы Бекжан Сүлейменовтен сұрап білген едік. «Аурудың нақты бір себебі жоқ, бірақ оған жеткізетін бірнеше алғышарттары бар. Соның бас­тысы – әйелдер егде тартып, гормоналды өзгерістер басталғанда тізе-буыны өзгеріске ұшырайды. Одан басқа артық салмақ, ауыр жұмыс немесе аяқтан жарақат алса да тізе үшін қауіпті фактор болып саналады.

Артроз – аяқ сүйегінің шеміршектері мүжіліп, жіліктің басы бір-біріне үйкелгеннен қажалып, қалыпты формасының бұзылуы. Ол егде әйелдердің 80-85 пайызында кездеседі. Адамның сан сүйегінің төмен бөлігі мен ортан жіліктің тізеге бекіген қос сүйектің ортасында буындардың қозғалысын ұстап тұратын сұйықтық болады. Жылдан-жылға ол да тозып, ауыр салмақтан бір жағына қарай ығысып, шеміршек жалаңаштанып қалады. Ұстап тұрған сұйықтық болмағаннан кейін шеміршек қажала бастайды. Тізе ауруы аяққа түгел беріліп, отырып-тұрған сайын сыр­қырап, күшейе түседі. Аурудың алғашқы кезеңінде, яғни күш-қуаты барында бұған аса мән бермейді. Әрі мұның өзі де өмірге қауіпті емес. Алайда уақыт өте келе адам аяқтан қалып, өмір сапасын қиындатады. Кесел кеулеп, үшінші кезеңіне өткенде ота жасайды. Буынға им­плантат салып, аяқтардың түзу басу биомеханикасын қал­пына келтіреді. Бұл – 1-1,5 сағатқа созылатын күрделі операция. Үш ай өткенде барлық көр­сеткіштері жақсы болғанда ғана қалпына келеді. Бұрындары мұндай әдіс қолданылмайтын. Сүйек артрозында тізеге қосылып тұрған екі сүйектің басын тегістеп кесіп, жалғап қоятын. Ол кезде тізе бүгілмейтін. Өткен ғасырдың 80-жылдары медицинада жоғары технологиялық әдіс­тер мен тізені ауыстыратын қажетті материалдар ойлап табылып, кеңірек қолданыла бастады. Біздің дәрігерлер Ресей, Германия барып, тәжірибе алмасу арқылы оқып үйреніп, ондай отаны өзімізде жасауға мүмкіндік туды.

Бұл өте күрделі ота екені жоғарыда айтылды. Сәтті шыққан күннің өзінде араға бес-алты жыл салып қайта ісініп, іріңдеп кететіні де кездеседі. Сол үшін аурудың алдын алған абзал. Тізе ауыра бастағаннан емханадағы травматолог-ортопедке тексеріліп, аурудың неден болғанын анықтау қажет. Балшықтың емі жақсы көмектеседі, жылына екі рет стационарда жатып емделуге болады. Онда түрлі «хондро», яғни шеміршек деген сөзден шыққан, осы топтағы дәрілерді белгілейді. Бұлар шеміршекті қорғайды, қабыну үдерісін тежейді. Одан бөлек, аурудың уытын басатын дәрілер бар. Әйелдер менопау­за басталғанда эндокринологқа қаралып, өз денсаулығының көрсеткіштерін анықтап алған жөн. Егер қанның құрамын анықтап, гормондардың деңгейін тұрақты ұстаса, бұл кесел айналып өтуі мүмкін. Бірақ айта кетейік, егер артроз басталса, оны тоқтату қиын.

Тізе сыр бергеннен емдік жаттығулардың пайдасы көп. Егер күмән болса, емханадағы реабилитолог-дәрігерге көрініп, тиісті жаттығуларға машықтанып, аяқтың бұлшық еттерін сауықтыруды жиі қайталап, күнделікті әдетке айналдырған жөн. Жаттығудың ең қарапайым түрі – шалқасынан жатып екі аяғын велосипед айдағандай айналдыруы тиіс. Скандинавиялық жүріс те көмектеседі. Бүгінде шетелде, әсіресе Қытайда халық емдері деп тізені тесіп, қанын шығарып, тағы да басқа ем жасап келетіндері бар. Уақыт өте одан да жеңілдік болмай, алдымызға келіп жатады. Дұрысы – науқас туралы ақпарат алып, оны емдеудің жолын өз дәрігерлерімізден сұрап-біліп алған абзал.

Айгүл УАЙСОВА

astana-akshamy