Текті де, кекті ұл...
Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы-ұстаз Жақсылық Сәмитұлымен жүздесіп, дидарласудың жөні келді. 2007 жылы 23 маусым, Алматыдағы «Студенттер сарайында» өтетін Оспан батыр Сіламұлының туғанына 100 жыл толуына арналған Халықаралық ақындар айтысының шақыру қағазын жеткізіп беруді, батырдың немересі Өркен Нәбиұлы досым маған тапсырған еді.
Бала күнімізден кітаптарын жастанып оқып, кейіпкерлерін жатқа соғатын жазушыңмен дидарласудың өзі бір ғанибет қой. Әсіресе, Жақаңның ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ, жайлы жұмыс, жақсы тұрмысын тастап, алғашқы көшті бастап отанға оралғаны менің көңілімдегі аброй, беделін арттыра түскен еді. Бұрын барып көрмегендіктен, ол кісінің үйін біраз іздеп, әзер таптым. Ақсай ықшам ауданындағы, көп қабытты тұрғын үйлердің бірінде тұрады екен.
Мен барғанда жатын бөлімесінде дем алып жатқан екен, аздан соң ортамызға келді. Осыдан бірнеше ай бұрын қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалғанын естіген едім, ауыру әбден меңдегені көрініп тұр. Сонда да қайсар рухпен денесін тік ұстайды.
Өзімді таныстырып, шығармашылығынан таныс екендігімді, өлең жазатынымды, келген бұйымтайымды айтып, шақыруды қолына берген едім, сәлде болса жадырап қалды. Шынында Жақаңның Қытайда шыққан «Тау самалы», «Атамекен», «Ақ Сәуле» кітаптарын неше қайтара оқығаным бар еді. Ал енді Жақсылық Сәміитұлының әні «Туған жер» деген әуен баяғыдан таныс, жөргекте сіңген үн.
Ағамыз қиналып отырса да өзінің Әрмиябек Сағындықұлы, Тұрсынхан Законұлы, Алмас Ахметбекұлы, Ғалым Қалибекұлы қатарлы рухтас інілерін ертіп, қазақ еліне қалай келгеніндері туралы айтты. Бүгінде бұл ағаларым да көк байрақты отанымыздың руханиятының дамуына қал қадірінше қызмет атқарып келеді, әрқайсысы туралы бөлек тоқталып, толғам айтарға тұрарлық тұлғалар. Одан өзінің жазған шығармаларын, әлі де жарияланбаған туындылары туралы егжей-тегжейлі айтып берді, бәлкім есінде жүрсін, кәдеге жаратсын дегені болар. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факултетінде оқитынымды айтқан едім, елеңдей қалды. «Тұрсекең келіп жүр ме?»- деді. «Иә, келіп жүр, бізге қазақ әдебиетінің сынынан лекция оқиды»- дедім. «Еееее, ол кісі асыл адам ғой, мені сол университеттің шығыстану факултетіне ертіп апарып, жұмысқа орналастрған еді, дұғай сәлем айт»- деді ризалық пішінмен ауыр күрсініп. Осы оқу орнында қызметте жүргенде шығыстану факультетіне арнап оқулық жазғанын да естіген едім. Сол кезде шетелден келіп, қолына қалам алған қазақтың Тұрсекеңнен (Тұрсынбек Кәкішев) шапағат көрмегені тым аз екен ау деймін ішімнен.
«Оспан батырды жазу үшін Атажұртқа келдім»- дейтін жазушы тұтас бір дәуірдің образын сомдап, «Хаһарлы Алтай» трилогиясы арқылы мәңгілік ескерткіш соғып кетті. Бұл еңбегі «Сергелдең» деген атпен төрт том болып аз данамен болса да баспа бетін көріп, оқырманға жетті. Бұрын ол романды кітапханадан оқыған едім, ал бүгін автордың өз қолынан, қолтаңбасымен алғаныма марқайып отрмын. Бұл кітаптың бір томы «Қаһарлы Алтай» деген атпен Түркияда түрік тілінде басылып шықты. Кейіннен кәсіпкер Ғылымхан Қалиұлының демеушілігмен қайта реттеліп, «Қаһарлы Алтай» трилогиясы жарық көрді, өкініштісі, оны көруге жазушының ғұмыры жетпеді...
Жазушының қазақ елінде бұл кітаптарынан өзге «Атамекен», «Сарала қаз», «Алтын қазық» қатарлы порзалар жинағы, «Қытай қазақтары» атты зерттеу еңбегі жарық көрді. жазушының 70 жылдық мерйтойы «Ер Жәнібек» Халықаралық қрғамдық қорының ұйтқы болуымен Қазақстан Жазушылар Одағында дүркіреп өтті, тағы да Жақаңсыз. Тірісінде сәлемге жарымаған талайлар, сайрады ай келіп, тым кеш еді....
Жазушының ұлы Заңғар әкесінің шығармаларын жинап, ктаптарын бір, бір данадан Отандастар қорына әкеліп табыстаған кезде, Жақаңмен болған жарқын жүздесу тағы бір көз алдыма келді... Бұл кітаптар Ұлттық академиялық кітапханадан ашылатын «Отандастар оқу залына» қойылатын болады.
Осы кездесуден қайтқаннан кейін, Жақсылық ағаға арнаған «Текті де, кекті ұл» деген өлеңімді жаздым, бірақ кездесіп оқып беруге үлгірмедім, мен асықпай жүргеніммен ол кісі күтпеді, аттанып кетті...
Бақыт та, азап та аз сен көрмеген,
Тағдырың тас түрмеде тербелген ең.
Тірілді мекеніңе келгенде әрең,
Бұрынғы бал арманың кеудеңде өлген.
Бет алдың алғаш рет осы ауылға,
Енші емес ондай ерлік осал ұлға.
Отанның оты жанды отауыңда,
Ботаңның қосы қонды қатарыңа.
Қарсы алған мекенің жоқ құрақ ұшып,
Жанарың жасқа оранды жылап, ісіп.
Көрмеген елдің асын сұрап ішіп,
Текті де, кекті басың жүр алысып.
Бермесін атағын да, шапанын да,
Өз көшің өрелі елдің қатарында.
Сыбаға дәметпеген аталы ұлға,
Сірә да керек емес, Жақа, мұң да.
Жалалы жастығыңа куә ғасыр,
Жаратқан жазуына жыламас ұл.
«Сергелдең» елің сені ұғады ақыр,
Тарқамас тойың сонда ұлан асыр.
«Туған жер құшағында» жасқанбадың,
Аңсатқан «Ата мекен» басты арманың.
Сезінген кезінде елің кеш қалғанын,
Өзіңнен табылмайды асқан дарын.
Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ
6алаш ұсынады