Есі түзу әр қазақтың кеудесіне есімі биік махаббаттың ғұмырлық ескерткіші болып орнап, күллі әлемге күй сазынан да ғаламат бір үнмен тіл қатқан, уыз жүректі уытты сарынымен тербеп, жәрменкелі жастықтың мәңгілік маздағына айналған атақты «Қойшы әні» өмірге қалай келді? Соны ырғаққа әлде қалай жан бітіріп, аспандатып әкеткен кім? Айшықты, әсем әуен қандай қысметті бастан кешті? - деген мазасыз сауалдар, есебі, ес білгелі көңіл жайлауымнан бір сәтке көз жазып көрмеп еді. Сәті түсіп, жан біткенді заңғар адамгершілікке, таза махаббатқа, кірпияз сұлулыққа шақырып, парасат бұлағын көркем өмірдің арайлы шуағына шомылдырған талай тамаша әннің авторы Шипанұлы Мәлік ақсақалмен отбасында жүздестім. Сексен дейтін сеңгірге таяқ тастам қалса да, көкірек сандығына уақыт атты сиқырлы құдырет не бір бедерлі белгілер салған саңлақ сазгер әлі тың екен. Тағдырдың сойылы талай жерде бата тиседе, әлде кімдерше тіршілік қызығынан бойын аулаққа салып, есеңгіреп, жер тіреп отырмағанын дауысымды көтере сәлем беріп, босағадан аттағанымда-ақ қобыраған қалың қолжазбадан, төр алдында, өзіне таяу, қол созым жерде тамға сүйеулі домбырадан байқадым.
Жайымды сұрап, бұйымтайымды білген сазгер ата бөгелген жоқ, атақты «Қойшы әні» жайлы көңілімде жүрген көп түйіншектің байлауын мына әңгімемен шешкендей болды:
1951 жылы шілдеде, Тарбағатайда мұғалім болып жүрген жерімнен өлкелік театрдың қазақ бөлімшесі қалап алды. Жаңа шаңырақ көтерген қазақ бөлімшесінің жұмысына марқұм Қаусылхан Қозыбаев жауапты екен. Жылқы мінезді қазақ баласы емеспін бе, ешкімді де жатсынғаным жоқ, бейтаныс ортаға тез бауыр басып кеттім. Бойымнан жылт еткен ұшқынның елесін байқады ма, білмеймін, келесі жылдың басында ұйым мені бір жылдық нота курсна берді. Онан бұрын әнге-күйге әуестігім болса да, талай сахнада талай образды сәтті сомдасам да, нота дегеннің не екенін білмейтінмін. Сол курстан әжептауір білім құрап, олжалы қайттым. 1953 жылы Қаусылхан Қозыбаев қызмет бабымен «Шұғыла» журналына ауысты да, қазақ театрының жұмысын жүргізу менің мойныма жүктелді. Он шақты ғана қызметкері бар шағын қосынбыз. Алайда, көп ұзамай, қазақ театрының қатарын кеңейтуге тура келді. Себебі, біз «Қасен-Жамила» кино фильмын түсіретін болдық. Сонымен марқұм Тайыр Белгібайұлы, марқұм Кәсімбай Құсайынұлы, Камал Ішікбаева сияқты өнер жұлдыздарын Үрімжіге алдырып, тобымызды жасақтап, ат құйырығын шарт түйіп, кәдімгідей дайындала бастадық. Неге десең, Шинжияң қазақтарының кино өнеріндегі тұңғыш тумасы – «Қасен-Жамиланы» лентаға түсірмес бұрын, актерліктен жүген ұстаған азамат-азаматшыларды тәрбиелеу, баулу керек болды. Бұл біз үшін үлкен мектеп еді. Айта кетер бір жайт, «Қасен-Жаила» кино фильмін түсіруге өлкелік мәдениет меңгермесінен сол тұстағы орынбасар бастығы Бұқара Тышқанбаев мұрындық болды. Сенаридың авторы да сол кісі, ағалық ақылын аямай, не бір тынысты әңгімелерімен құлақ құрышымды қандырып, маған үлкен ұстаздық жасаған жайсаң жанды қайдан ұмытамын. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендейін, фильмның музикасын жасауға Астанадан Шұй Хұйсай деген сазгер шақырылыпты. Қызыл армия қатарында азаттық күреске қатынасып, талай азапты кешірмелерді басынан өткерген сабырлы, кішіпейіл адам екен. Бақытыма жарай, сол кісінің ықыласы маған ауып, музика ғылымының қыры мен сырына көзімді қандырып, көңілімді тояттата түсті.
Сол күндердің бірінде, ұмытпасам, 1953 жылдың маусым айында, Бұқара Тышқанбаев қолыма бір өлең тапсырды. Әрине, кәдімгі «Қойшы әнінің» мәтіні. «Осыған бір ән шығарсаң» деді ол кісі. «Мақұл» дедім бөгелмей. Бойыма ондай ерліктің қалай біткеніне күні бүгінге дейін қайранмын. Өлең маған бірден ұнады. Қозы бағып, қой қайырған балдырған балалығымды, балдырған балалығымның куәсі іспетті қарт мекенімді, байтақ даламды, баба тауларымды, бауырмал ел-жұртымды еске салды сол өлең. Егер, мынау ғаламда, жұмыр басты пенденің жүрек түкпірінде тұнып тұрған көмескі сырдың, тылсым жұмбақтың көзін ашар жалғыз құдырет бар делінсе, екі ұдай болмастан, ол сағыныш атты тәп-тәтті «У» дер едім. Иә, қазақтың арқалы әндерінің қайсы біріне сағыныш арқау болмаған? Әсіресе, ұшқан құстың қанаты талар ұлан-қайыр даланы місе тұтпай, тас қаланың таз аумағына байланған маған сол жаңағы дала тосынан сыңғыр сазды, қоңыр әуенді ән дауысы талып жеткендей болды да, «Қойшы әнін» жазуға бір жола бет бұрдым. Бас білмес асау тайша аласатқан, жастық дейтін мастыққа буын алдырған беймаза шағым ғой ол. Ән сәтті туды, тіпті, әннің бояуына, ырғағына қажет-ау деген есеппен «Шай, шай, шай», «Сәулетай» деген бұрмаларды өз жанымнан қосып та жібердім. Қаннен-қаперсіз жусап жатқан қой түлігі әлде неден дыр етіп үрікпей ме, сонда қой қайырған қойшының ауызына «Шай, шайдан» басқа не түсер еді? Ал, «Сәулетай» ғашық жүректің бар арман-ынтызарын, іңкәр-құштарлығын он сегіз мың ғаламды тарының қауызына сыйдырғандай жинақылықпен әспеттеп жеткізер әсем сөз ғой, таңғы шықтай мөлдіреген үркек келіншекке тау басында ән салған қойшының «Сәулетәйы» майша жақпай ма?
Бұл жаңалығымды Бұқара Тышқанбаев та теріс көрмеді, тіпті, қатты разы болып «Мәлік-ау, сен нағыз қойшы екенсің, не қылсаң да әннің тағдырын өзіңе тапсырдым» деп арқамнан қақты.
Иә, ән жаман болмады. Жаман болмайтыны, ән сөзін Бұқара Тышқанбаев жазса, әнді тұңғыш рет атақты Дәнеш Рақыш ұлы шырқады.
Сазгердің қолынан қаншама келісті, айшықты, төрт тұрманы түгел ән туса да, егер ол ән тілін жетік игеріп, ішкі иірімін алыстан болжаған жүйірік әншінің еншісіне тимесе, «ұлып жұртқа қайтқан ой» деп Абай налығандай, бесіктен шықпай белі үзіліп, әдірам қалар еді. Дәнеш... Дәнештей әнші сирек қой бұл жаһанда, құлпыртып, түрлендіріп жіберер еді қандай әнді де. Ендеше, атақты Дәнеш шырқаған «Қойшы әнінің» бағы неге жанбасын. Аз-ақ күні бүгінге дейін талай әнші талаптанса да, «Қойшы әнін» Дәнештей шырқаған пенде жоқ. Себебі, ол әнді жанымен түсініп, әр сөзіне үлкен ілтипатпен үңіле қарап, нағыз халықтық сарында салар еді. Соңғы тұста Дәлелхан да шырқап жүр «Қойшы әнін», жан бітіре, естіген жанды еміренте әдемі айтады, амал не, ән мәтіні толық емес. Сол көңіліме толмайды.
Қой күзеттік жиылып жаздың күні,
Ғажап-ақ қой ол, шіркін, жаздың түні.
Ынжық жігіт болмаса, кім жатады,
Қой күзеткен қыздардың шықса үні, - деген соңғы шумақ Дәлелхан нұсқасында атымен жоқ. Ал «Ақ білегің сыбанып қой сауғанда» деген тұсын «Екі көзің мөлдіреп қой сауғанда» деп құбылтыпты. Табылған тіркес емес. Қой сауғанда, құдай-ау, ақ білекті жарқ еткізіп, сыбанып тастамай ма? Оған екі көздің қатысы қаншалық? Тегінде, әнші – орындаушы ғана емес, жақсы әнді жалпақ жұртқа нәсихаттаушы да. Ендеше, әрбір әнші ән саларда, мейлі ол халық әні, әлде Әсет, Біржан секілді дара тұлғалардың қайталанбас құбылысы немесе авторлы, ноталы осы заман әндері болсын, ең әуелі, түгендеп алуы керек. Күні кеше жарық көрген дейтіндей «Қойшы әні» бүгін мынадай «барымтаға» ұшыраса, ертеңгі ұрпаққа аман-есен жетеме деген бір күдік көңілге оралады...
Иә, Шинжияң қазақтарының тұңғыш жазба әні өмірге осылай келіп еді. Бірақ ол тұста «Қойшы әні» әлде кімдердің қолынан өз басыма шоқпар болып үйірілер деген ой болсашы менде... 1958 жылы ел қатарында мен де «Оңшыл», «Ұлтшыл» атандым. Мұрнынан есек құрты түсіп, әбден есірген әпербақандардың «Қойшы әніне» байланысты «Социялизмның қойшысы неге қап жамылады? Мәлік осыған жауап берсін» деген байбаламы маған үлкен пәле болып жабысты. «Сары», «Бәдік» ән деп, әр түрлі ат қойып, айдар тағушылар көбейді. Оны қойшы, көзімді бақырайтып қойып, «Мәлік бұл әнді ұрлап алған, төркіні шеттікі» дегені жаныма қатты батты. Рас, қазақтан бөлек бөтен ырғақта ән шығарған жоқ едім. «Қойшы әнін» ән еткен де бойындағы халықтық сарыны еді ғой. Ал оны әлде кімдердің аузы-мұрны қисаймай, Мәліктің ұры әні атандырғанын әділқазым – айналайын халқым ешқашан құптаған емес, - деп аяқтады әңгімесін қарт.
Ерлан МАЗАНҰЛЫ
Қытайдағы қазақтарынан шыққан әйгілі актер, дарынды композитор, қазақ ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры, музыкатанушы-ғалым Мәлік Шипанұлы 1925-жылы Қазақстанның Семей аймағына қарасты Маңырақ деген жерде дүниеге келген. 1932 жылы Голощекиндік геноцит кезінде ата-анасымен бірге арғы бет асқан. 1950 жылдары Шынжаң өлкелік және Іле қазақ облысының театр үйірмелерінде көркемдік жетекші қызметін атқарып, халқымыздың «Қыз-Жібек» «Қалқаман- Мамыр» сынды дастандарын сахналап, әрі бас ролдерді өзі сомдаған. Атышулы "Мәдениет төңкерісі" жылдарында жалған жаламен 20 жылын "еңбекпен өзгерту" лагерлерінде ит қорлықпен өткізді. 1980 жылдары ҚХР Іле қазақ облыстық мәдениет мекемесіндегі бұрынғы қызмет орнына қайта оралып, халқымыздың ауыз әдебиет үлгілерін жинау, реттеу, зерттеу саласында жан аямай еңбек етті. Әсіресе оның қаламынан туған "Қойшы әнін" (өлеңін жазған: Бұқара Тышқанбаев) күллі қазақ баласы халық әніндей өте жылы қабылдаған болатын.
Ол 2014 жылы 20 қараша 90 жасқа қараған шағында Құлжа қаласында қайтыс болды.
6alash ұсынады