Сұлубайдың әні
Орындаған: Даму ОМАРҒАЗЫҰЛЫ
Суретті салған: Шәкен БӨКЕТАЙҰЛЫ
Сұлубай Cапыұлы − ел қорғаған батыр, қарымды палуан, суырып салма ақын, шебер әнші, күйші, сазды композитор.
1904 жылы Cарсүмбенің (қазіргі Алтай қаласы) Шірікши ауылында дүниеге келген. Абақ Керей ішінде тасбике руынан, Сұлубай төрт ағайнды болып, Байбол деген ағасы, Көңбай, Дүтбай деген інілері болған. Шешесінің аты − Мәлмиә. Сұлубайдың әуелгі аты − Сұлыбай екен. Сұлубай дүниеге келерде, Мәлима шешейді ашты толғақ қысып, қатты толғақ азабын тартып, сұлы бұлауға түсіп, босанғаны себепті Сұлыбай деп ат қойыпты. Кейін сұлыбай атаныпты. Кейін сұлубай атаныпты. Сұлубайдың өз кіндігінен Мағила, Зағила деген екі қыз туған. Мағила қайтыс болған. Зағила қазір Баркөл ауданында, күйеуі ителі сүйекті Машан деген кісі. Сұлубай қайтыс болғаннан кейін әйелі Шолпанды Қуаншбай батырдың інісі Ахмет алған. Онан Тауай, Шаймұрат деген екі ұл туған оларда Баркөлде. Ағасы Байболдың Ерзуа (қазір Ерби деген лақап атымен аталады) Атай деген қыздары болған. Ерби Шіңгіл ауданы арал ауылдығының Шыңхай қыстағында, екі қыз, бір ұлы бар. Күйеуінің аты Нағашыбай. Атай Сауан ауданының Бөртүңке ауылында, Қуанбай деген жігітпен үйленген. Інісі Көлбайдан Әубәкір деген ұл бар. Ол Шонжы ауданында тұрады.
Сұлубай әкеден жастай жетім қалып, қаршадайынан өзгелердің малын бағып, күйкі күн кешіріп, жоқшылық тақсыретін мықтап тартады. Ешқандай мектеп-медіресе есігін аша алмайды. Ержеткенсоң басқаның қабағына қарап, жаутаңдап өмір сүруді намыс санаған арлы азамат − 1929 жылы тамызда шешесін, аға-бауырларын ертіп Шіңгілдегі Шақабай руына қосылады. Келгеннен кейін Сұлубайдың адамгершілігіне, өжеттілігіне, ақылдылығына, келісті дене бітіміне сүйнген әрі жәнтекейдің бір баласы екенін ескерген, Шақабайдың тәйжісі − Нәзір, үкірдәйі − Ноғайбайлар бауырына тартып, туған інлеріндей мәміле жасайды. Артар көліктен, мінер аттан, ішер астан тарықтырмайды. Еті тірі азаматтар (Байбол етікші екен) оларға үнемі иек сүйеп, масыл бола бермей, бірте-бірте өз күндерін өздері көретін ауқат табады.
1937 жылы үкімет Ырсхан ауылынан почташылыққа бір адам беруді талап етеді. «Сергек азамат ат үстінде жүрсін» − деп ойлаған Ырсхан Сұлубайды көрсетеді. Почташылық міндетін Сұлубай 1940 жылы ақпандағы көтеріліске дейін жалғастырады.
1944 жылы «Алтай Төңкерістік үкіметі» құрылғанда он адамға «Батыр» атағын береді. Соның бірі Сұлубай болады. 1940 жылы ақпанда Ақтеке, Есімхан, Ноғайбай, Ырсхандар жендет Шың Шсайдың ұлыттық езгі жүргізген зұлымдығына қарсы көтеріліс жасағанда Сұлубай, Сайып, Сүлеймен, Мұсалармен бірлікте атойлап алға шығып, көтеріліс жасаудың, партизан ұйымдастырудың көзге көрінген ұйтқыларының бірі болады. Әрі партизандардың шағын бір бөлегінің қолбасшылығына тағайндалады. Кейін соғысып жеңістік ала алмағанын сезген Шың Шысай, партизандармен келісім жасайды. Осы ақыл-кеңесте Сұлубайда басты адамының бірі болып қатынасады. Сұлубайдан үрейленген жау 1941-1942 жылдары Сұлубайға аудандық сақшының малын басқартып, Сұлубайды алдап өздеріне тартпақ болады. Бірақ, сұңғыла Сұлубай бұған алдана қоймайды. 1943 жылы қасына Тескенбайды ертіп, Шың Шысаймен келісімге келуге иланбай бөлек кеткен Оспан Сіләмұлына қосылады. Сонымен 1944 жылы науырзда партизандар атретінің бас қолбашылығына тағайындалады. Осы жылы көкекте Бұлғын өзенінің бойында болған жаумен шайқаста, Сұлубай партизандары жауды бордай тоздырып, жеңіске жетеді. Дәл сол жеңіс күні қашқан жауды өкшелей қуып, соққы беріп жүргенде, дәл бие байлайтын уақытта, қайран есіл ерге оқ тиеді. Оқ тигеннен кейін партизан ыштабы, оны Жалпақтағы ел ішіне апарып, шұғыл емдейді. Оқ маңдайдан тиіп, оң жақ құлағының түбінен шыққан екен. Жаралану өте ауыр болғандықтан, есіл ер үш күннен кейін яғни 1944 жылы көкектің соңында құрбан болады. Батырдың мүрдесі Бұлғын құйғанының бас жағындағы құмқарынға жерленеді. Батырға оқ тиген сол тауды халық қимас батыр ұлының атымен «Сұлубайдың шоқысы» деп атап кетті. Ұлытау − ерліктің, әділеттің, намыстың, жеңістің симовлындай басқа биіктерден өзгеше тұр.
Сұлубай − әнші, күйші, айтыскер, сазды композитор. Сұлубай ешқандай мектеп-медіресе көрмеген. Қазіргедейін өз жұрты, нағашы жұртының арғы тегінде ақындық дарын бар жоқтығы белгісіз. Бірақ Сұлубайдың ағасы Байболдың шебер етікші ғана емес, азды көпті өлеңшілік өнері де бар кісі екен. Ол етік тігіп отырып, ыңылдап өлең айтып отыратын кісі екен. Біз оның кіші қызы Атайды өлеңге қосып, баласына үйреткен өмір баяндық озақ өлеңінің мына бір шумағын Танау мен Ерзуаның жатқа алуынан көшіріп алдық. Өкіншке орай қалғаны мүлде естен шығыпты.
Көкбұқа, Табынсала туған жерім,
Шақабай, Нәзір тәйжі жүрген жерім.
Қайырқын, Қадан суды аса көшіп,
Арманты, Сартоғайды қыстайды елім.
Сұлубай суырып салма ақын болған адам. 1943 жылы жалпақта болған, бір реткі Гүлсім деген әйелмен болған айтыста, айтыстың басы қасында болған Әсен ақсақалдың айтуы бойнша: олар тау өлең, балық өлең, қайым өлең айтысып жеңісе алмайды. Соңында Гүлсім шариғат өлең айтуды талап етеді. Жас кезінде кедейшілік салдарынан медірессе бетін көрмеген Сұлубай еш шариғат айта алмайды. Ақыры жеңіліп бәске тіккен атын береді.
Сұлубайдың:
− Сұлубай өр Керейдің батырымын,
Сан жерде жүлде алған ақынымын. - деген өлең жолдарына негізделгенде, бейбіт күндерде өткен бұданда басқа айтыстары болуы мүмкін. Бірақ оны қолға түсіре алмадық. Күрес жылдары Сұлубай бір жағынан партизан серіктерін бастап, ерлік шайқас жасап жауды жамсатса, бір жағынан шайқастағы әредік уақыттарда домбырасын алып, өр дауысты әсем ән шырқап, серіктерінің көңілін ашып, жігеріне үміт шабыт қосып отырған.
Атымды Сұлубай деп әкем қойған,
Руым Жәнтекейден ортаны ойған.
Таршылық қолды байлап бір қоймадың,
Бұл ісің кетер емес сірә ойдан.
Секпілтай, Шаңқан, тұрғын-ай,
Есен бол, ел жұрыт, құрбым-ай. - деп басталатын «Сұлубай батырдың әні» сол көтерілс жылдардың Сұлубай зердесінен туған жемісі. Оның бірден бір уәкілдік шығармасы. Естуге қарағанда; − «Сұлубай батырдың әні» − 20 шумақтың үстінде екен. Кейін айтыла, ауыздан ауызға тарай бізге жеткені тек қазіргі варианты ғана тәрізді.
Көне көз қариялардан естуімізше: Сұлубайдың тағы да төмендегідей жыр жолдары бар екен.
Ержүрек бастығымыз Ырсқандай,
Жүр едік бір әкеден туысқандай.
Бірлесіп Керей, Найман барлығымыз,
Барлығы кең Керейге сыйысқандай.
Бір мезет мен Шіңгілде сайрандағам,
Алдыма келген жауды ойрандағам.
Қысқа жіп күрмеуіме келмеген соң,
Қолымнан ұшып кетті-ау қайран заман.
Өлгеннің кім біледі батырлығын,
Өткіздім бала кезде пақырлы күн.
Өлген соң қандай жақсы бекер екен,
Әр жерде топырақ боп жатыр бүгін.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Бір кезде бастығымыз Сүлеймендей,
Халыққа кедей-кепшік сүйенгендей.
Сүлеймен қолтығына қысып еді,
Інсі болып едім үйленгендей.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Сұлубайдың ағасы Байболдың сауанда тұратын қызы Атайдың айтуынша Сұлубайдың:
Қызыл жел айдай,
Шіңгіл ежелден біздің жер айдай. - деп қайырылатын майда қоңыр тағы бір әні бар деседі. Уақыт өткендіктен оның текісін және ырғағын айтып беретін ешкім шықпады.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» - дейді халық. Әне сол секілді, Сұлубайдың әсем әндері туралы іздену, орыны ақ тұрған үлкен жұмыс. Сұлубайдың жасаған дәуірі арырақ, туыс-туғандары Баркөл, Сауан сияқты шалғай аудандарда. Оны көре қалған көне көздердің көбі қайтыс болған болса да кәртейген, денсаулығы нашарлаған себепті, біздің бар ізденіс жасап жиғанымыз осы болды. Бұдан былайда қолға ілінген «Алтынның сынығын» жалғасты жинауға, сақтауға күш салмақпыз.
Айдынбек Риянұлы
6alash ұсынды