Алматыда «Шығыстың сөнбес жұлдызы – Дубек Шалғынбай» атты кітап шықты. Кітапты белгілі тарихы ғалым Әлімғазы Дәулетхан мен ақын, алаштанушы Әділет Ахметұлы құрастырған. Кітап жақында ғана құрылған «Мәңгітас» Алаш руханиятын қолдау қорының қаржылық демеуімен басылған.
Дубек Нұртазаұлы Шалғынбаев ХХ ғасыр басындағы қытай қазақтары арасынан шыққан аса көрнекті тұлға, алғашқы университет түлегі, қытай тілінің маманы, қазақ тілі мен мәдениетінің жанашыры, жазушы һәм журналист әрі майталман аудармашы, тіпті сол дәуірдің өзінде-ақ жас та болса көптің көңілінен орын алған, ел аузына ілінген, қоғам және мемлекет қайраткері. Дубек Шалғынбаев туралы зерттеулер кейін басталды. Онымен бірге өмір сүрген үзеңгілес достары Ж.Бабалықұлы, Қ.Қанафин, Б.Бафиндер есті естемелер жазып қалдырған. Сонымен бірге арғы бетте Бәтіш Ақынқызы Дубектің өмірі туралы жеке кітапша дайындаған. Аумалы-төкпелі саяси кезеңдерде Д.Шалғынбаевтың шығармалары түгелге жуық қолды болған. Бұл жинаққа Д.Шалғынбаевтың қолда бар азын-аулақты шығармаларынан тыс, аталған авторлардың естеліктері мен еңбектері, сондай-ақ "Іле тарихи материалдары", «Мұра» журналы, «Алқап» атты көптомды алманахта жарық көрген кейбір мақалалар мен жеке зерттеушілердің жазбалары өзгертілмей сол қалпында енгізіліп отыр. Оқырман қауымға ұсынылып отырған осы жинақ аты ұмытылып бара жатқан тарихи тұлға туралы танымды ұлықтап, Дубек туралы зерттеулердің орнын толтырады деген үміттеміз.
«Бұл кітап Әлімғазы Дәулетханұлының 80 жылдық мерейтойына орай өткен, «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстанның жаңа тарихи мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда тұсауы кесілді. Алдағы уақытта аталған кітаптың арнайы таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз», – дейді құрастырушылар.