Қытайдан емес, Қарлығаштан именген Қараоспан
Қарлығаштың ұясына қатысты Алтай өңіріндегі ел аузында: «Чиң үкіметінің темір ноқтасынан қорықпаған қара Оспан қарлығаштың киесінен қорқыпты» деген сөз бар. Бұл жағдай 1904-жылдан ілгері Алтай өңірін Тарбағатай мен Қобда алма-кезек басқарып тұрған кезде Чиң үкіметінің Тарбағатайдағы уакілі мәтен амбы жамбыл (биік қорған) салдыру үшін алтай қазақтарына бес жүз адамдық Еңбеккүш салығын түсіріпті. Мұны естіген Алтайды билеген төрт бидің бірі Бейсенбі бидің ұлы қара Оспан Еңбеккүш салығын беруге қарсы шығыпты. Өз жарлығына қарсы тұрған қара Оспанды Мәтен амбы Тарбағатайдағы ордасына шақыртып алып, оның басына темірден ноқта кигізіп, жаяу көше аралатып жазалап, қонағасы бергенім деп алдына доңыздың басын тартып масқаралапты. Ақыл мен айбарды шебер пайдаланған қара Оспан ақыры мәтеннің жарлығын озгерттіріп, азаматтарын ауыр Еңбектен арашалап, малдан төлем бергізіп құтылыпты.
Кейін 1904-жылы Алтай өңірі Орталық үкіметке (Бейжиңге) төте қарайтын ерекше аймақ болып бекітілген соң Чиң үкіметінің Алтайдағы уакілі чи хың чыңшай сәрсүмбеде (қазіргі Алтай қаласы) билер кеңесін ашыпты. Кеңеске шақырылған билердің бірі қара Оспан біріңғай көк кездемемен қапталған киіз үйлерін әкеліп тіктіріпті. Кеңес аяқтағанша қара Оспан жатқан үйдің шаңырағына қарлығаш келіп ұя салыпты. Мұны көрген қара Оспан «Киелі құс, обал болады» деп кеңес аяқтаған соң да қарлығаштың ұясын бұздырмай, балапандарын ұшырған соң бір-ақ көшіпті.
Қуаныш Ілияс
Абақ ұсынды