Қазақ халқының бағзыдан бері айтып келе жатқан «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейтін тәмсіл-тіркесі бар. Мұндағы 50 жыл уақыт, яғни жарты ғасырда ел жаңаланады, жас өседі, жарлы байиды, бүтін бір ұрпақ алмасады. Ал жүз жылда, күллі қоғам жаңаланады. «Шыннан өзге – тәңір жоқ» деп Шәкерім бабамыз айтқандай, қоғам жаңаланғанда саяси тұрғыдан бүркемеленген шындық, яғни ақиқаттар ашылады. Мысалы, бүгін күллі адамзат тарихында із қалдырған, әлемде бұрын-соңды болмаған жаңа қоғамдық құрылым, тың формация коммунистік идеология арқылы басқаруға негізделіп, социалистік жүйені өмірге әкелген «Қазақ төңкерісіне» жүз жыл толып отыр.
Іргесі қанды қасаппен қаланып, мызғымай 74 жыл өмір сүрген аталмыш жүйе жайлы кезінде жүз мыңдаған зерттеулер жазылды, миллиондаған еңбектер қорғалды. Енді міне, төңкеріске 100 жыл толғанда, қазақ атамыз айтқандай «қазан жаңарып», ақиқат ашылып, ақ пен қара ажыратылуда.
Десе де, осы бір 100 жылдық тарихтың толқынында шайқалған қазақ қазан төңкеріске дейін қандай күйде еді? Бұл сұраққа басы ашық жауап: Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы ресейлік отарлау саясатының бұғауында болатын. 1917-нің қызыл қуып, ақ қашқан бұлғақ жылдары ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай «қазақ үшін шам қылған жүрек майын» Алаш арыстары тәуелсіздік аңсары үшін жан аямай күресті. Бірақ, М.Шоқай жазғандай «қазақтың мүддесіне келгенде ақ орыс пен қызыл орыс бірігіп кетіп, бұрынғы отаршылық істі жалғастыра берді».
Бүгінгі таңда қазақ төңкерісі өмірге әкелген социалистік құрылымды сынаушылар – бұл жүйе жеке адамның тұлғалық қабілетін ашпады, тек аз ғана топтың саяси мүддесін көздеді, басты билеуші коммунистік партия тарапынан пайда болған шектеулер қоғамды ақырында полициялық басқаруға алып келді, дейді. Оның сыртында таптық көзқарас идеологияға айналып: «Фабрика-зауыттар – жұмысшыларға», «Жер – шаруаларға», «Езілген халықтарға – теңдік» дейтін ұрандар көтерілді. Бұған қарсылардың көзі жойылды. ХХ ғасыр басында жүргізілген осы қанды қасапқа қазақтың оқыған, көзі ашық арыстары да туралып кетті.
Оның сыртында байталау (кәмпеске) науқаны мен мешін жылғы аштықты саналы қазақ қалай ұмытсын. 1928-1930 жылдары байталау науқаны қызу жүріп жатқан тұста, бір қария шолақ белсендіден сұрапты: «Осы сендер жайына жүрген байларды неге тонап жатырсыңдар?». Шолақ белсенді: «Байды кедейге теңеп жатырмыз» депті. Сонда әлгі ақсақал: «Е, есі дұрыс үкімет кедейді байға теңеуші еді, сендер керісінше істеп жатырсыңдар, яғни адамның басын аяғына, аяғын басына қаратып төңкеріп қойдыңдар да, оны «төңкеріс» деп атадыңдар», деген екен.
Шындығында қандай да бір төңкеріс-революция адамзатқа жақсылық әкелген емес. Өткенде ғана жарияланған Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласында: «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді. Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» деп революциялық емес, эволюциялық дамудың пайдасын айқындап беруі тарихы шындық.
Осы орайда, мынадай сұрақ туындайды: «Қазан төңкерісі қазаққа қандай пайда әкелді?». Бұл мәселе бойынша біршама уақыт зерттеу жүргізген адам ретінде аңғарғанымыз – патшалық Ресей кезінде қазақ халқы үшін жоспарлы түрде жүргізілген отарлау саясатының кейбір тұстарына шектеу қойылғанын байқадық.
Соның бірі – қазақты жаппай шоқындыру саясаты. Бұл іс патша ағзам заманында жоспарланып, тіпті әскери күш-құрылымдарын пайдалану көзделген-тін. Атап айтқанда, 1868 жылдан бастап ресми түрде қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясаты қолға алынды. Бұл істі 1892, 1898, 1902, 1916 жылдары кезең-кезеңімен іске асыратын бағдарлама қабылданды. Аталмыш құжатта: «Бұратаналарға бұдан кейін өмір сүретін жол қалмауы керек. Жер бөлісі барысында олардың біразы көрге кіреді, екінші тобы христиан дінін қабылдап, орысқа айналады, көнбегендері тұқымы қалмай құриды...» деп, атап көрсеткен.
Зерттеуші Т.Жұртбай пайымдағандай, Омбы облыстық бақылау палатасының аға ревизоры И.Мельников қазақ ұлтын бүтіндей басыбайлы етіп, шоқындырудың жоғарыдағы шешуші жоспарын тағы да бір тексеруден өткізіп, ол туралы тұжырымын мәртебелі ағзамның кеңсесіне былай деп жолдайды: «Қазақ халқының тағдыры біздің жер шарын мекендеген өзге елдер сияқты адамзат қоғамының пайда болуы мен дамуындағы тарихтың жазылмаған заңына бағынышты және солай аяқталады. Ол заң бойынша: жер бетіндегілердің барлығы, оның ішінде адамдар да қоршаған орта мен қалыптасқан жағдайға бейімделсе және оған бағынса ғана өмір сүре алады. Ал, оған мойынұсынғылары келмегендер жер бетінен аяусыз түрде жойылуы керек» десе, келесі бір құжатта: «Қазақтардың бетін бұрып алған соң басқаша ұсыныс жасау керек. Бұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, жедел шоқынудан бас тартуда, сол үшін олар жазаға тартылуы тиіс.., деген мәтінде жарлық жасалсын. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралсын. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек» - деп кесімді үкім шығарылып қойған.
Сөйтіп, патша ағзамның тікелей жарлығымен Түркістан өлкесіндегі мұсылмандарды шоқындыруға арналған архиерей кафедрасы құрылып, оның орталығы Верный (Алматы) қаласына орын теуіп, ондағы кафедралық соборда қазақтарды салтанатты түрде шоқындыру рәсімі өткізілетін болып жоспарланды. Шоқынудан бас тартқандарды жазалайтын «крест жорығының» әскери-жазалау шаралары да күні бұрын қарастырылып, қаражаты бөлініп, жасақтар дайындалып қойды. Жоспар бойынша қазақтарды әскери күш қолдану арқылы шоқындыру 1902-1916 жылдардың арасында жүзеге асырылуы тиіс еді. Ресейдің жауыз пиғылын Алланың қалауымен 1905 жылғы орыс-жапон соғысы, 1914 жылғы I дүниежүзілік соғыс, 1917 жылы жеңіске жеткен Қазан төңкерісі жүзеге асыртпай тастады.
Бұдан басқа қазақ тарихы үшін тағы бір айтуға тұрарлық мәселе: қазіргі Қазақстан аумағының негізі Қазан төңкерісі нәтижесінде құрылды. Айталық, патшалық Ресей кезінде жүргізілген 1867-1868 жылғы реформаларға сәйкес бүгінгі Қазақстан территориясы үш генерал-губернаторлыққа (Түркістан, Орынбор, Батыс Сібір) бөлініп кеткен болатын.
Одан кейін 1886 жылы маусымда «Түркістан өлкесін басқару туралы» ереже, 1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару жайлы» ереже қабылданды. Нәтижесінде, қазақтар Түркістан генерал-губернаторлығы мен Дала генерал-губернаторлығына қақ бөлініп қалды.
Қазан төңкерісінен кейін жаңадан пайда болған КСРО өз құрамындағы одақтас республикалардың аумағын бекітуді қолға алды. Осы тұста патшалық Ресей бұғауында болған халықтар арасында жерге талас туындады. Осы кезде бұрынғы империялық Ресей құрамында өмір сүріп келген қазақтардың қоныстану, яғни, орналасу территориясы 2960 мың шаршы шақырымға жетіп, құрамында 6 губерния, Адай уезі, Қарақалпақ облысы сыйып жатты. Яғни, қазіргі территориядан (2 724 мың шаршы шақырым) 236 мың шаршы шақырым көп болған. Бұл РКФСР бойынша аумағы бойынша Якутиядан кейінгі екінші орын еді (1928 жылғы КСРО атласы құжаттамасынан).
Жоғарыдағы ұлан-байтақ жерді қазақтарға беруге басқалар қарсылық білдірді. 1920 жылғы 9-10 тамызда Лениннің төрағалық етуімен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы жанынан Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің шекарасын нақтылау туралы мәселе талқыланды. Жиынға Қазақ АКСР атынан: С.Пестковский, Ә.Жангелдин, А.Кулаков, А.Мырзағалиев, Ә.Әлібеков, П.Петровский, Қазақстанның облыс орталықтарынан: С.П.Милютин, Д.Темірәлиев, Ә.Ермеков, Оразаев, РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариатының төрағасының көмекшісі, Түркомиссияның Орталық Комитеті мүшелері Г.Сафаров, Т.Рысқұлов, БОАК мен РКФСР ХКК төрағалары, Жер Халық Комиссариатынан, Сібіревком, Омбы, Астрахан, Челябинск облыстық атқару комитетінің басшылары және басқа да жауапты адамдар қатысты.
Жиынды басқарушы Ленин: «Жер қай халық көп болса, соған берілсін!» деген уәжді ұстанады. Сөйтіп, Бүкілресейлік ОАК-тың 1920 жылы 22 қыркүйектегі декретімен жаңадан ұйымдастырылып жатқан Қазақ АКСР-ына қосымша Орынбор губерниясы мен Орынбор қаласы беріліп, онда 4-12 қазан аралығында Қазақстан Кеңестерінің бірінші құрылтай съезі өтті. Орынбор қаласы (1920 -1925) – Қазақстанның алғашқы астанасы болды. Қазақ азаматтары мен Қырғыз (Қазақ) АКСР-ды басқаруға тағайындалған өкілдердің табандылық танытуының арқасында, бұларды Ленин қолдау нәтижесінде қазіргі Қазақстан жері сақталып қалды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ