Орхан Памук пен Мо Янның сұхбаты

2006 жылы Түркия жазушысы Орхан Памук Нобель Әдебиет сыйлығына ие болғаннан кейін романдары қысқа уақытта қытай тіліне тәржімаланып, сатыла бастады. Бұл романның ішінде «Менің атым - қырмызы» атты романы түрікшеден тәржімаланғанын есепке алмағанда, қалғандары ағылшын тілінен тәржімаланды. 2003 жылы мамырдың 25-күні Пекин кітапханасында Орхан Памуктің кітабын сату күні өткізілді, романдардың қытайша нұсқасы қатарға ұзақ тұрып сатып алушылардың қолына тиді; қолтаңбасын қалдырып үлгере алмай қолы талып шаршаған Орхан өзіне қызығушылықпен қадалған аққұба өңді балық көздердің түр-түсіне қарап та үлгермеді. Сол реткі кездесуде Орхан Памук қоғамдық пәндер академиясы және Пекин университеті орта мектебінде лекция оқыды. Әйгілі жазушы Мо Янь осы іс-шараларда Орханның қасынан айырылмай, сөздеріне құлақ түрді, жазушылар арасындағы байланысқа, бірін-бірі түсінуге кейде тәржімашы да керек емес еді. Сол уақыттағы көріністе Орхан үлкен әдебиет ұстазына, Мо Янь болса оның соңына ілесіп жүретін, ұстаздың бір ауыз сөзін болса да естіп қалуға құмар шәкіртке ұқсайтын еді. Орхан бұл сыйлықты бұрынырақ алғандықтан қадірі мен құрметі Мо Яннан жоғары тұратын, шығармалары қытай тіліне толық аударылған, оқырмандарға да танылып үлгерген. Мо Янь оның шығармаларын жоғары бағалаған.

2008 жылы 28 мамыр кешінде Мо Янь, Орхан Памук және Памукпен бірге келген индиялық әйел жазушы үшеуінің арасында сұхбат болды, сол уақытта бұл сұхбатты «Қарауыл» жән «Нұр» газеттері жариялады, мазмұны төмендегідей:

Мо Янь: Түркияда шығармаларыңызға сыншылар қандай баға беріп жатыр?

Орхан Памук: Түркияда жазушылар сыншылардан қорқады, ауыр сын естуден, қатты таяқ жеуден қаймығады. Қытайда қалай?

Мо Янь: Қытайда әдеби сын екі топқа бөлінеді: бірі жеңіл, қарапайым сын, бұлар көбінде газеттерде кітаптың сатылымын арттыру үшін басылады; енді бірі ғылыми сын, бұлар ғылыми журналдарда жарияланады. Батыс медиалары менің шығармаларыма баға бергенде, асылында саяси емес шығармаларды саясиландырып, символдық мәнге ие дүниелерді шындық деп түсініп алған.

Орхан Памук: Мұндай жағдайды мен де кездестіргенмін. Мен түркиялық болғанға америкалықтар мен еуропалықтар әуелі түріктерге қалпақ кигізіп қойып, сосын баға береді. Мұндай адамдарда әдеби түсінік жоқ, олар романнан саясат емес, әдебиетті іздегені дұрыс еді.

Мо Янь: Мұны батыстықтардың шығысша айла-тәсілі десе де болады.

Орхан Памук: Кітабыңыз баспадан шыққан соң, баспа нені күтеді? Сіз неден үміттенесіз, жұмыстарыңыз қалай жасалады?

Мо Янь: Баспа әрине қанша кітап сатылса, соншалықты разы болады, жазушы кітап көбірек сатылса екен дейді, әдебиет айналасындағы достарының және оқырмандардың бағасына көп көңіл бөледі. Оқуға жеңіл кітаптардың сатылымы жоғары, талғаммен жазылған салмақты кітаптардың сатылымы керісінше.

Орхан Памук: Бұл жағдай барлық жерге ортақ. Қытайда кітапты бағалау, талқылау жұмыстарын жүргізіп тұра ма ?

Мо Янь: Кітапты бағалау, талқылау ауыз толтырып айтарлықтай.

Орхан Памук: Оларға сенуге бола ма? Түркиядағы бағалауларға сенуге болмайды.

Мо Янь: Қытайда да сенуге болмайды.

Орхан Памук: Сіздің ойыңызша еліңіздегі сыншылар еңбегіңіздің түпкі көзқарасын түсіне ала ма?

Мо Янь: Кейбіреулері түсіне алады, бірақ олардың бағасы көп жағдайда көңілімнен шықпайды, бұл да қалыпты жағдай, олар үнемі өзі қызыққан тақырыпта сөз қозғағанды ұнатады.

(Орхан Памук Пекин университеті орта мектебінде сөйлеген лекциясында «жазушы шығарма жазып жатқанда өзін ұмытып кеткен кішкентай балаға ұқсайды - барлығын ұмытып өзі ойнап отырған ойынға беріліп кетеді, бұл уақытта сезіну өте маңызды. Жазушы болашаққа даналықпен көз тастап, өз уақытындағы маңызды мәселелерді паш ету керек» деген еді. Бұл реткі кездесуде әңгіме тақырыбы және соған ауысты)

Мо Янь: Лекцияларыңызды естідім. Сіз күрделі нәрселердің өзін қарапайым және жан-жақты түсіндіресіз. Бір жазушылар өзінің бастан кешіргенін басқалардың кешірмесі етсе, енді бірі басқалардың басынан өткенді өзінің кешірмесі ретінде жазады, ал сіз бұның екеуін де пайдаланыпсыз. Басқалардың кешірмесін өзінің кешірмесі етіп баяндауда неге жүгінеміз?

Орхан Памук: Мұны маған роман шеберлігі үйретті. Сіз тәржіма жасағаныңызбен басқалар оны романға өзгерте алады. Менің әдісім тек жазу, орындықта отырып күту және күту...

Мо Янь: Менің тәжірибем сол басқалардың бастан кешіргенін өз басынан өткен оқиға ретінде қарау барысында жазушыда бір күш пайда болады, және өзін сол адамның орнына қойып сезінеді, ойлайды .

Орхан Памук: Әрине, біз бәріміз басқа бір адам болуды ойлаймыз, шығарма біткеннен кейін оқырмандар ол адамды біз деп таниды .

Мо Янь: Бұл жерде субьект сөзсіз рөл ойнайды, басқа біреу жайлы сезімнің бәрі өз тәжірибемізге байланысты құрылады.

Орхан Памук: Дұрыс, біз алдымен шеберлікті алға қоямыз, сосын сезіне аламыз. Мен 23 жасымда роман жазуды бастағанда үйдегілер «сен тұрмыс-тіршілікті түсінбесең қалай шығарма жазасың?» деп еді, мен сол сөздерден жалығып едім, арада неше он жыл уақыт өтті, қазір ойласам олар да қате сөйлемеген екен. Өзіндік тәжірибеден бөлек бақылау қажет, бақылағанда ғана басқаларды түсінуге болады.

Мо Янь: Кейбір достарым «Менің атым - қырмызы» мен «Өмір мен өлімнің қалжырауының» басталғандағы баяндау тәсілі ұқсайтындығын айтады, мұндай да кездейсоқтық болады екен.

Орхан Памук: Дәл осы себептен де досымыз Кэндзабуро біздің баяндау тәсілімізді ұнатыпты, ол маған сіздің шығармаларыңызды тарту еткен. Қайтып барған соң жақсылап оқып шығайын.

Мо Янь: «Өмір мен өлімнің қалжырауын» сіздің романды оқудан бұрын жазыппын, олай болмағанда басқалар мені «ұрлаған»дейтін еді.

Орхан Памук: Мұндай жағдайд бар.

Мо Янь: «Қар» атты романыңызда мынадай бір көрініс бар: үйге пеш қойылған. Пештің кернайына оқ тигеннен кейін, түтін қайнаған шәйнектен шыққан бу секілді атылып шығады. Меніңше сіз бұл көріністі бақылағансыз, бәлкім сезінгесіз?

Орхан Памук: Солай, бұл көріністерді бақылау мен қатар сезіну де керек. Мен ол үйге кіріп көрдім, пешті де көрдім. Ондағы адамдардың пешке от жаққан әрекеті қызығушылығымды оятты.

Мо Янь: Тіпті сіз оқтың пешке тигенін көрмегенсіз де ?

Орхан Памук: (күліп) Ол деген сезіну еді, романымда көптеген жауыздық, жендетік оқиғаларын сезіну арқылы жаздым, бірақ өмірімде екі адамның ғана өлгенін көріппін.

Мо Янь: «Қар» атты романыңызда және бір нәзік бейнелеу бар, күшті шам жарығында ақ ұлпа қар ұшқындары ұшады, кейбірі қалықтап жерге түседі, кейбірі аспанға қайта көтеріліп кетеді. Бұл бәлкім байқаудан, зерттеп қараудан деп ойлаймын.

Орхан Памук: Бұл көріністерді талай рет көрдім, кейбір қар ұшқындары шынында да жерге түспей, кері бұрылып аспанға ұшып кетеді.

Мо Янь: Бұл көріністер қарамаққа біз естіген тұрмыстық білімдерге сәйкес келмейді. Сол себепті біз қар ұшқыны сөзсіз жерге түседі деп ойлаймыз, демек ережеге бағынбайтын кейбір көріністер бақылаудан, зерттеуден келеді. Қалыптағы ережеге түсетін бейнелеулер сезінудің жемісі екен.

«Қарауыл». «Нұр» газеті, 2008 жыл. 30 мамыр


Орхан мен Мо Янның жоғарыдағы сұхбатынан бөлекше сыйластық пен құрметті, үндестікті аңғаруға болады. Мо Янь айтқандай «Менің атым - қырмызы» мен «Өлім мен өмірдің қалжырауының» бастағандағы баяндау тәсілі расында ұқсайды. «Менің атым- қызылда» өлтіріліп, құдықққа тасталған суретші «мен» деп сөз бастайды, «Өлім мен өмірдің қалжырауында» жазықсыз атылып кеткен бір бай өзінің қалай өлтірілгенін, кім өлтіргенін, өлгеннен кейін нелерді көргенін баяндайды. Екеуіндегі сезім мен шынайылық оқырманды еріксіз таңғалдырады, өтірік ішіндегі шындықтың сиқыр күші бүкіл шығармаға бірте-бірте сіңіп кетеді.

Мо Янь 2012 жылы Нобель сыйлығын алғаннан кейін Орхан Памук бір кезде соңынан ілесіп келе жатқан бұл жазушының шығармаларына қайтадан құрметпен қараған болуы мүмкін. Жоғарыдағы сұхбаттан оның Мо Янның «Өмір мен өлімнің қалжырауы» атты романның ағылшын тіліндегі аудармасын оқығаны белгілі. «Менің атым- қызыл» романы мен «Қызыл гаолиянды» қатар қойсақ, екеуінде де «қызыл» сөзі белгілі мәнде сақталады. Әрі екі жазушының өзін жеткізу қызғындылығы мен қатігездігі бар, әрқайсысы өзінің нәзік сезімдерін бейнелеуге шебер, түсті және ойды бейнелеуде бір-бірінен кем емес, бақылау, ойлау, пікір айту, сезімдерін шындықпен бейнелеу, салқын және кекесін қолдану, оқырманға ащы әзіл тастау, өзін көрсету арқылы тип жасау немесе типке бөлу жағында бір-біріне қатты ұқсайды.

Орханды түсінуімше, ол алдымен батыс әдебиетінің жанкүйері. Кітап оқу ретін қарағанда бірінші болып батыс жазушыларының шығармалары, әсіресе орыс жазушыларының шығармасын оқиды. Оқығанда Достоевскийді көбірек оқиды, түркиялық жазушылардан Оғыз Атай, Ахмет қатарлылардың шығармаларын көңіл қойып оқып шыққан, жапониялық жазушылардың өресі қытайлық жазушылардан биік деп санайды. Сол жолғы кездесуде Мо Янь оған «Салпы омырау сал бөксе» романы мен «Өмір мен өлімнің қалжырауы» романының ағылшын нұсқасын сыйлаған. Орхан да «Менің атым- қызыл» мен «Қар» романының қытайша нұсқасына қолтаңба қалдырып, Мо Янға ұсынған.

Әнуар ҚАЖЫ

Ұйғыр тілінен тәржімалаған: Бауыржан МАЙТАЙ

«Солақайлар» әдеби клубы

adebiportal.kz