Мұқановтың Моңғолияға сапары

   Биыл туғанына 120 жыл толып отырған, қазақ әдебиеті алыптарының бірі – академик-жазушы Сәбит Мұқанов 1966 жылдың жазында ресми сапармен Монғолия қазақтары қоныстанған Бай-өлке аймағына барған.

Бұл кездесу ондағы қазақтар үшін көктен Ғайса түскендей әсер қалдырған көрінеді. Сәбеңді көріп, қолын алған, қасына отырып әңгімесін тыңдаған адамдар әлі күні: «Баяғыда Мұқанов келген жылы...», - деп, ұзын сонар хикаясын бастайды-ау. Расында, осы жылдары бай-өлкелік қазақтар арасына Сәбеңнің «Ботакөз» романы кең тарап, сауаты бар қазақ баласы үтір-нүктесіне дейін оқып шыққан, сауаты жоқтар оқытып тыңдаған, «Сұлушаш» поэмасын екінің бірі жатқа айтатын, нағыз бір рухани таза, жұтынып тұрған заман еді.

Сөйтіп, Сәбең келеді. Ат басын Бай-өлкеге емес, таза дөрбет тұқымы тұратын Ұбыс деген аймаққа бұрады. Себебі бұл аймақ КСРО-ның Тува Республикасымен шекаралас. Екі тарап арасында шекара мәселесі туындайды. Осыны реттеу үшін КСРО арнайы делегация жасақтайды. Өкілдікті Бурят АКСР-нің Жоғары Кеңес төрағасы Хохолов деген бастап келеді. Сәбең жай ғана мүшесі болса керек.

Ұбыс аймағы басшыларының бірі - қазақ азаматы, И. Сталин көсемнің қолынан дәм татып, сыйлыққа тапанша алған, қытай көсемі Мао Цзе Дунмен бірге түстеніп, суретке түскен қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлы деген ағамыз еді. Сәбеңді осы Қашқынбай алдымен қабылдаған. Одан кейін дүниені дүркіретіп, Сәбең Бай-Өлкеге келеді. Бүтін халық аяғынан тік тұрып кең далада қарсы алады. Осы топтың арасында Монғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаған, тұқым жағынан Шәкәрім Құдайбердіұлына жиен болып келетін, атақты «Бүркіт» поэмасы моңғол тіліне аударылып, орта мектептің әдебиет оқулықтарына енгізілген,  шалғы мұрты көкке шаншылып сөйлейтін, атақты суырып салма ақын Ақтан Бабиұлы да болған екен.

Сәбең мойнын созып, қалың жұрттың ортасында тұрған Ақтанға қарап айғай салыпты: «Ей, сен Ақтан емессің бе?». Ана кісі: «Иә, Ақтанмын, қалай таныдың?», - дейді. Сәбең: «Андағы мұртыңнан таныдым», - деп күліпті. Ақтан да тыныш тұрмай: «Сен Сәбит емессің бе?» - дейді әдейі, танып тұрса да. Сәбең де: «Ой, мені қайдан білесің?», - деп қалбалақтап қалады. Сонда Ақтан ақын: «Ұртыңнан таныдым!», - депті.

Осылай Сәбең  бай-өлкелік бауырлары арасында арқа-жарқа екі-үш күн қоныпты. Кеңес елінен келген өкілдерге арнап әкімшілік қонақ үйінен арнайы люкс бөлме әзірленіп, оған Хохолов пен Сәбеңді жатқызады. Сәбеңнің ресми сапар екендігі есінен шығып кеткен. Ақтан мен Социалистік Еңбек Ері, шопан, шежіре қарт Серікбайды жанынан тастамай, күнді түнге жалғап әңгіме соғады. Тіпті тамаққа да қарамапты жарықтықтар. Содан кешке қоналқыға жатарда бастықтар келіп, Сәбеңді бөлмесіне апарып орналастырады. Арада он минут өтпей, Сәбең қашып шығыпты. «Әй, қарақтарым!», - депті сонда жалыныңқы дауыспен: – Мен әтір сасыған орыстың қасында күнде ұйқтап жүрмін ғой, бүгін ана теке сасыған екі шалдың қасына жатайыншы». Содан, қонақжай жұрт шыт жаңа бөлме әзірлеп, үш шалға темір төсек қойып беріпті.

Ертеңіне Сәбеңді ауыл ақсақалдарымен бірге аймақ әкімшілігі «Ике бұлан» деген аралға апарып, далада мал сойып, ас береді. Жазушының астына ат мінгізіп алып жүреді. Осында қонаққа келген барлық адамға бір-бір төстік қақтатамыз деп, 70-80 қой сойыпты.  Мұны көрген  Сәбең басын шайқады дейді. «Тым ысырапқа бармаңдар, әсіре ақкөңіл екенсіңдер» деген де қойған.

Сол тұста аймақ орталығында 10 жылдық қазақ орта мектебі бар-тын. Оның оқу ісінің меңгерушісі - Алматыдан филфакты енді бітіріп барған Қабидаш Қалиасқарұлы дейтін жас азамат. Әйелі Бекбосынова Роза Аманқызы - Талдықорғанның тумасы. Оның жаңадан Бай-өлкеге келін болып түскен кезі. Осы кісілер Сәбеңе арнап кабинет жасайды. Маңдайшасына «Советтік сөзге қаламы, көрмеген әсте мұқалып, Мұны жазған кәдімгі Сәбит Мұқанов» деп іліп тастайды. Барлық кітаптарын тізіп, көрме ұйымдастырады. Сәбең қатты риза болып, көзіне жас алыпты. Тебіреніп тұрып: «Мені өз отандастарыма қарағанда, сіздер жақсы біледі екенсіздер», - деп рахмет айтыпты.

Сапар аяқталған соң Ұлан-батырға ұшаққа отырып аттанады. Жолай мемлекет басшысы Ю.Цеденбалға кіріп, Бай-өлке қазақтарына қатысты ұстанып отырған партияның көзқарасына үлкен алғысын жеткізеді. Қазақстанға оралған соң осы сапары жайында «Социалистік Қазақстан» газетіне шағын мақала жазады.

Осылай Бай-өлкеде Сәбеңнің басқан ізі аңыз болып қалды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

"Егемен Қазақстан"гәзетінен алынды

6алаш ұсынды