Мақтау балаға қалай әсер етеді?

Көптеген материялда, баланы жиі мақтау оның табысқа жетуіне көмектеседі, балаға күш-қуат беріп, ерік-жігерін қайрауға септігін тигізеді дейді. Бірақ, бүгінгінің баласы үшін мақтау жанына майдай жақса да, кері әсерін береді. Баланың  мақсатқа жетуі үшін мақтау емес, бағыт-бағдар беру керек екен.

«Адамның бір қызығы бала деген» демекші, оның жақсы азамат болып қалыптасуына ата-ананың күші керек, материялдық, рухани жағынан да үнемі қолдау көрсету қажет. Оның әр жеңісіне шын қуанып, тіпті де биік шыңдарды бағындыруына сенгені жөн. Бірақ әр жеңісіне қуану дегенді өзгеге баланың көзінен тыс, не көзінше асыра сілтеп мақтау керек деп түсінбеген абзал.

Бұл баланы мақтамау керек деген сөз емес, әр нәрсе жөнімен болғаны дұрыс. Ата-ананың осы қателігінен бала өмірбойы опық жеп өтуі мүмкін. Болар-болмас дүниеге мақтау естіп үйренген бала үлкен айдынға қадам басқанда, жылы сөздерді жиі естімейтіні анық. Себебі, ата-ана баласы жасаған тірлігінің кем-кетігін түземей, үнемі оң бағалап жүрсе, бала «осы жетеді» деумен жаман үйренеді. Сол қалпынан танбаса, бойға сіңіп, алға ілгерілеушілік деген ұғымынан ада болады.

Мақтау белгілі бір кезеңде себі тиюі мүмкін және ғалымдар осыны жиі айтады, бірақ, бұл болжам ғылыми тұрғыда әлі расталып үлгірмеді.

Баланы қалай мақтаған дұрыс?

Психолог Едди Бруммелман балаға оң пікір айтқанда, мақтағанда асыра мақтау сөздерді айтудың қажеті жоқ деп есептейді. Егер сіз баланы асыра сілтеп мақтап жатсаңыз, ақылды бала келесі мақтауды естімей қалудан қорқатын болады, сол мақтауды есту үшін, сізді қуанту үшін 100% мақтауға лайық етіп орындауға күш салады. Ал, ақылы аз бала (ақымақ деуден аулақпыз) сол айтқанға масаттанып, такаппарлыққа бой алдыруы мүмкін.

Баланың қарым-қабілетін 20 жыл зерттеген Стэнфордс университетінің профессоры Кэрол Двек біршама зор нәтижеге көз жеткізген. Атап айтсақ, қабілетті баланы қолдау мен қиын істі бітіру үшін талпынған баланы мақтау туралы тәжірибе өткізген екен. Жасаған жұмысы үшін немесе ақылы үшін мақтау естіген балалар арасында айтарлықтай айырмашылық болады екен.

Ақылды балалар қолынан келетін істі ғана жасап, уақытты үнемдеген. Ал, басқаларды алдына берілген тапсырманың бәрін жасау үшін күш салған. Бірақ алдыңғы топ 100 пайыз толық әрі дұрыс орындаған, ал соңғысы шала орындаған екен.

Двек баланы мақтауда  сақтықпен қараған жөн деп есептейді. Баланы жасаған жұмыс үшін емес, сол істі жасауға бел буғаны үшін, талпынғаны үшін мақтау керек дейді.

Әрине, бұл айтылғандардың барлығы баланың жасына тікелей байланысты. Мектеп жасына дейінгі баланы мақтау артық болмайды, керісінше көмектеседі. Ал одан үлкендерге мақтау айтарда байқаған жөн. Дженнифер Хендерлонг Корпус есімді психолог 9 да 11 жас аралығындағы мектеп оқушыларына әр түрлі тапсырма берген екен. Олардың кейбірінің мінезін, кейбірінің қылығын, енді біреуінің тапсырманы орындауын мақтаса, кейбірін мүлдем мақтамаған. Содан соң, ешқайсысы орындай алмайтын тапсырма берген, олардың алған әсерлерін тексерген екен. Мінезі мен қылығы үшін мақтау естіген балалар қиын тапсырманы орындай алмағаны үшін қатты ренжіп, сәтсіздіктеріне мұңайып қалған. Алдыңғы тапсырманы орындауға талпынған немесе дұрыс орындаған балалар қиын тапсырманы қатесіз орындағанға дейін тапжылмаған.

Демек, баланы орынсыз мақтау келесі бір сәтсіздігінде сағын сындыруы мүмкін. Жетістігін өз көзімен көріп, сезінген баланы қолдасаңыз, келесі жолы өз күшіне сеніп, қалай да жетістікке жетуге талпынады.

Жалпы кішкентайыңызда мақтау естігенде қандай әсерде болатынсыз? Ал есейгенде ше?

Ербол КЕМАЛИҰЛЫ

6alash ұсынады