«Куә бол» әні қалай туды?..

Дәриға Тілендиева сүйікті жары Нұрғиса Тілендиев туралы сыр шертеді...


– Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге ынтық болдым, - деді Дәриға жеңгей.

– Әнші болсам деп армандаушы едім. Сонда көбіне көп айтатыным Нұрекеңнің әндері. Әсіресе 60-жылдары ел аузынан түспейтін «Кең дала», «Жан сәулем» жүрегіме ерекше жақын. Ал осындай әндермен елді елең еткізген композитор күндердің күнінде менің өмірлік жарым болады деп ойлаппын ба?

Нұрекең екеуіміз 1968-жылы «Қазақфильм» киностудиясында таныстық. «Қазақфилым» студиясының өндірістік бөлімінде жұмыс істеп, бір жағынан осы киностудия жанынан Шәкен Айманов ашқан екі жылдық актерлық курста оқып жүрген кезім болатын.

Жұмыста отыр едім, режиссер Абдолла Қарсақбаев екеуі кіріп келді. Абдолла ағаны бұрыннан білем. Мені «қарындасым» деп, іш тартып тұрады. Сол кезде сол кісі «Менің атым қожа» фильмін түсіріп жатқан.

– Қарындасым, маған машина керек болып тұр, - деді Абдолла аға.

Кино түсіріп жатқан жаққа тез арада барып қайтуға тура келіп түр. Өндірістік бөлімде істейтін болған соң, машиналарды жан-жаққа бөлу, түсіру, қызыметкерлер тобын тегін көлікпен қамтамасыз ету біздің міндетіміз еді. Арада Нұрекең:

– Ау, Абдолла, қарындасым деп тұрсың ғой, қарындасыңның аты кім? -деді.

– Дәриға.

– Жақсы екен. Қай жақтансың?

– Талдықорғаннанмын, қаланың өзінен емес, ауылынанмын, Кубишев колхозынан.

– Е, сендер жалайырсыңдар ғой онда, - деп Нұрекең руымды дәп басқаны. «Менің жалайыр екенімді қайдан біле қойды?» деп іштей таң қалдым. Кейін білдім, Қазақстанның барлық жерін аралаған Нұрекең қазақтың қай руы қай жерді мекендейтінін жақсы біледі екен. Ол кісі кімнің де болса, туған жерін сұрайтын, сосын қандай рудан екенін айтып беретін.

Абдолла екеуі осыдан соң көп кідірген жоқ, шығып кетті.

Бұл Нұрекеңді алғаш көруім. Бұрын атын ғана еститін композитордың өзін көріп, жүзбе-жүз тілдескеніме қуанып қалдым.

Көңілде басқа ой жоқ...

Көп ұзамай, Нұрекеңмен тағы да жүздестік. Бұл менің өмірімді жаңа бір арнаға бұрған кездесу болды.

Сол жолы «Қазақфильм» киностудиясында студиядан келген өнер адамдарын қонақ еткен. Ішнде актер, режиссерлер, өперпаз әншілері бар. Делегация, меймандардың құрметіне қала сыртынан Алматы өзенінің жағасына киіз үй тігілді.

Өрік гүл ашып, құстар сайрап, жер дүние жасыл көйлегін киіп, бір сәтте құлпырып шыға келген мамыр айының тамылжыған күні еді. Әсем Алатаудың бөктері. Сарқыраған өзен, қазақтың көл-көсір дастарқаны, қонақтарда шат-шадыман. Әдемі әзіл, көңілді әңгіме. Ән-әнге, күй-күйге ұласқан тамаша мереке болды. Жүзі бал-бұл жанып, көзі ерекше ұшқын атып Нұрекең ерекше шабытпен күй төкті. Әсіресе «Аққуды» тартқанда қонақтардың таң қалмағаны жоқ. Қарапайым ғана екі ішекті аспаптың көмекейінен мынандай құдыретті үн шығатынына сенер-сенбесін білмегендер аңтарылып отыр. Нұрекең сол күнгі отырыстың көркі болып еді.

Ғажайып өнерімен елдің бәрін тәнті етіп еді. Күннің қалай батқанында аңғармай қалдық  Қандай жақсы отырыстың аяқталар кезі болады. Қонақтар бар, басқалар бар қайтуға жиналдық.

– Дәриға, сіздерді машина келесі жолы қатынағанда алып кетеді, күте тұрыңдар, - деді меймандарды күтіп жүрген ұйымдастырушы жігіттердің бірі. Ойымда ештеңе жоқ: – Жарайды, - дедім.

Бір қарасам киіз үйде үшеуіміз ғана қалыппыз. Нұрекең, мен және бір үлкен кісі – ақсақал. Шамасы осы үйдің иесі болуы керек. Басқалардың бәрі кеткен. Сағат түнгі бір болды. Екі болды... Келеді деген машина әлі жоқ.

Шамасы бұл алдын-ала ұйымдастырылған шаруа. Солай ойладым. Мен өзен жағасындағы үлкен тастың үстіне шығып отырдым.

Сол түнгі таңды ұйқысыз атырдық. Сол жерде Нұрекең маған жүрек сөзін айтты. Нұрекеңнің бұрын үйленгенінен хабарым бар еді.

– Сіз мені қалай жақсы көресіз. Мен оған сенбеймін, - дедім. Нұрекең қатты толқып тұрды. Сол толқу үнінен де, ай нұрымен алабұртқан жүзінен де көрінді. Сені сүйетіндігіме мына жымыңдаған жұлдыздар, жарқыраған ай, біздің алатауымыз куә, - деді. Сонан соң өз-өзімен тілдескендей боп:

– Куә бол, жұлдыз,

Куә бол, айым.

Куә бол, Алатауым, - деп әлгі сөзін мен бұрын естімеген әуенмен жалғастырып әкетті.

Алатаудың өркеш-өркеш шыңдарынан ай көтеріліп келеді. Аспан төсінде жұлдыздар жымың қағады. Күркіреп аққан өзен қабатында жұмыртқадай ақ үй, Нұрекең мені сүйетініне куәлік сұрап Алатаудың ақбас шыңдарына, аспан төсінде жүзген ай мен самсыған жұлдыздарға жүгінді. Мен оған сендім. Өйткені мұндай ән ғашық жүректен ғана туады. Нұрекең осылайша мені өзінің әнімен баурап еді, жүрек сөзін әнмен айтып еді. «Куә бол» әні осылай туған...

Нұрекеңе тұрмысқа шыққанда мен 21 жаста едім. Ағаларың 44те болатын. Нұрекең ән шығарса да, күй шығарса да, халыққа ұсынуға ешқашан асықпайтын. Жүрегінен қайта-қайта өткеріп, өз көңілінің сынына толғаннан кейін барып халыққа ұсынатын. Бір жылдан кейін Тұманбайды шақырып, әннің шығу тарихын айтты.

Куә бол, жұлдыз,

Куә бол, айым,

Куә бол, Алатауым.

Бұл Нұрекеңнің сөздері еді. Тұманбай ол сөздерді ән қайырмасы етіп қалдырды да, қалған шумақтарын жазды. Осылайша айлы түнде дүниеге келген «Куә бол» әні көпке танылып, ғашықтардың шырқайтын бір әніне айналды...

6alash ұсынды