Қадір ақсақал жетпіс жеті жасында, Алматы қаласында, оралмандарға берген көп қабатты сәулетті үйдің бірінші этажында, кенже ұлы Болатбектің қолында дүниеден озды. Қан қысымы өрлеп, жүрегіне ақау түскен қарияны ұлы мен келіні, немерелері болып қанша қастерлеп, алақандарына салып күтсе де, ақыры мынау қызық дүниенің ешқайсысына мойын бұрмай, сап-сау қалпында, сөйлеп отырды да, қисая беріп, бір ауыз тіл қатпай, қош деместен жүріп кетті.
Балалары, ұрпағы жылап-сықтады, әрине. Сөйтседе жасы жеткен адамның қазасы тым қайғылы бола қойған жоқ. Болатбек дереу көз жасын тиып, ақылға келді де көрші-қолаң, туыс-туғандарына хабар айтқызды.
Ақылды қария өзі де бұғанкүні бұрын қамданып жүрген екен. Киімдері де дайын. Қатталып, бүктеліп, иіссу, қалампыр, сабынымен бірге сандықтың түбінде сақтаулы. Айтатын өсиетін де ерте бастан ұлының құлағына құйып қойыпты:
– Атамекенге аман жеттім.Енді арманым жоқ,- депті қария былтыр осында көшіп келген алғашқы күндердің бірінде,- Енді, балаларым, сендерден тілейтін бір тілегім: Ажал жетіп олай-пұлай болып жатсам, жалғыз ағамның қасына қойыңдар. Бір әке, бір шешеден тусақ та, құдайдың бұйрығымен жетпіс бес жыл бөлек жасаппыз. Енді бақи дүниеде мәңгілік бірге жатайық.
Әрине, ұлдары еш іркілместен уәде берген.
Жалғыз ағасы Садыр алыста емес. Осы Алматының түбінде, Кеңсай атты зиратта жатыр. Қадір ақсақал былтыр балаларын ертіп барып, басына құран оқып қайтқан.
Ғылым докторыТәкебаев Садырдың зираты көп-көрім сәулетті еді. Аппақ кірпіштен соғылған биік қорғанның төрт бұрышында мұсылмандық белгісі – жартыкеш ай күн нұрыменшағылысып жалтырап тұр. Бір жақ қабырғасында Садыр ақсақалдың мәрмәр тасқа қашалған үлкен портреті. Қадір ақсақал зират басына қойылған портретті ұнатпаса да, аппақ қорғанға қызыға қараған. Сонан соң көзқарақты қария сол маңайды айналсоқтап, көп жүріп, сол төбенің етегіне таман бір бос жерге келіп тоқтаған.
– Ағамның дәл қасында болмаса да, бір төбеде жатсам, сол да жетер. Мені осы араға жерлеңдер. Өмір бойы сағындым ғой. Аяғын құшып жатуға да разымын. Осыған да тәубе!- деп таяғының ұшымен бір жерді сызып көрсеткен.
Қадірдың әкесінің аты Құрмансарт. Тәкебай – олардың фамилиясы. Сол Тәкебай өз кезінде мыңғыртып мал айдаған, бай адам болған көрінеді. Қос-қос жылқы, келе-келе түйе біткен, табын-табын сиыры мен қора-қора қойларының нақ санын тіпті өзі де анық білмейтін болса керек. Сол дәулетімен Мекке барып, құдай жолына тәуе етіп, қажы болып та қайтыпты. Ошарбай деген байтақ бір өлкені жалғыз өзі иемденіп, бақытты ғұмыр кешіпті. Жасы ұлғайған шағында сол мекеннің бір төбешігінен өзіне арнап, күні бұрын зират та тұрғызтыпты. Кірпішіне жылқының қылын қосып соқтырған алты құлақты қорған, ай-жұлдызды мұнарасы алыстан көз тартып, мен мұндалап тұрса керек.
Бірақ бұл зират Тәкебайға бұйырмапты. Октябрь революциясынан кейін Тәкебей бай-кулак болып, халық жауы атанып, Сиберияға айдалып кетіпті де сонан кері оралмапты. Жаңағы зират та со бойы бос тұра беріпті. Кейін ел оны «құр бейіт» атандырып жіберіпті. Білетіндер «сонан бері қаншама жылдар өтсе де, құр бейіттің қаласы әлі де бүтін тұр» деседі.
Сол жерді мекендеген ұлы кәрілер бұны әбден біледі. Оған қоса Құрмансарттың бір ерлік хикаясын да күні бүгін жыр етеді:
Бұл Құрмансарттың екі балалы болған тұсы екен. Голошекиндік қырғын жұттан қашқан қалың ел Қытай асқанда Құрмансарт та бірге кетіпті. Мал-мүлікті тастап, жан сауғалап босқан ел ол жақта да тоз-тозы шығып, әркімнің қолбаңы болып кете берсе керек. Құрмансарт та бір байға кірме болып, жан бағуға мәжбүр болыпты. Әйелі Айсара бет біткеннің сұлуы еді дейді. Төрт төңірекке аты жайылған Айсара сұлуға Құрмансарт кезінде жүз тайлақты матап беріп алып еді деседі білетіндер.
Сол Айсара сұлу аш-жалаңаштықта азып-тозып жүрсе де, тіпті екі балалы болғаннан кейін де өңін бермеген, келбетті адам болған көрінеді. Қорасының шетіне босып келіп, қара қоспен отырған Айсара сұлуға сол ауылдың мырзасының да көзі түседі. Пенде ғой, оның үстіне өте сұлу әйелдер көңілшек, көпшіл болатын да ұқсайды. Айсара да жаңа кездескен мырзаның арбауына кет ары демесе керек. Айналасы аз күннің ішінде көңіл қосып, табысып та алыпты. Тіпті соған некелі жар болуға уәде де беріпті. Кеудесіне нан піскен жерлік мырза бір күні Құрмансартқа келіпті:
– Тозып жүрген қаңғыбасқа сұлу қатынныңкерегі не?! Қанша көрікті болғанмен, қарашы әне, үсті-басында түк жоқ. Айсарадай ай мен күндей сұлу затқа үлде мен бүлдеге оранып, гүлдей жайнап отыру ғана жарасады. Сонда ғана оның сұлулығының баргүлі ашылып, толысқан кемел шағы жетеді. Бұл әлемге шанда ғана бір туатын мұндай сұлуды бекер қор қылма. Маған бер. Тегін емес, әрине. Жер қайысқан мына малдың шетінен қалағаныңша бөліп ал,- депті сол мырза.
Құрмансарт әйеліне қарапты. Әйелі кимешегінің ұшын тістелеп, екі көзі жер сүзіп, етігінің тұмсығына қадалып, сазарып отырып қалыпты.
– Жарайды. Қызыққаның бір қызыл бет қатын болса, бердім саған. Текке-ақ ал. Бірақ бір шартым бар.- депті Құрмансарт.
– Иә, айт.
– Анау омыраудағы баланы аман сақта. Аты-жөнін өзгертіп, ата-тегін ұмыттырма. Еркек болсаң, осыған уәде бер.- депті ол тісін тісіне баса отырып.
– Жарайды,- депті анау.
Сонымен Құрмансарт екі жасар ұлы Садырды арқалап, арып-ашып, ақыры шекарадан қайта өтіп, бұрынғы мекеніне келіпті. Әкесінің ізімен бірге ол да Сиберияға айдалып, ол да әкесінше сол жақта қалып қойыпты. Ал Садыр мейірімді, ақылдыағайын-туыстарының, жақсы адамдардың көмегімен Кеңес азаматы болып ержетіпті. Жоғары білім алыпты. Докторлық қорғапты. Ғылымға еңбегі сіңген әйгілі ғалым атаныпты. Ел-жұрты оны өлгеннен кейін де қадірлеп,мәрмәрдан құлпы тас қойып, басына биік мұнара орнатыпты.
Қадір ақсақал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ағасын іздеп Алматыға келіп қайтқан. Бірге туса да бірге өспеген ағайынды екеуі ұзақ-ұзақ әңгімелер шерткен. Қалған өмірлерінде бір жерде болуға келіскен. Бірақ, сол уәде бойынша інісі мұнда көшіп келгенде ағасы тағы да көз жаздырып, ана дүниеге мәңгілік сапар шегіп кетіп еді. Енді міне көп кешеуілдемей, ағасының артынан Қадірде аттанып отыр.
Сонымен Болатбек ең алдымен көршісінен көмек сұраған: «Сүйекті алып жүретін машина қажет. Қабыр қазатын адам керек. Ақша деген бар, әрине. Тек орысша білмейді. Жергілікті жағдайдан да хабарымыз аз…» деген.
Көршісі Тито пысық та, ақылды жігіт болатын. Жас шамасы Болатбекпен шамалас. Оқыған, мінезді азамат. Аты бөтен демесең қазақ тіліне де, қазақтың салт-дәстүріне де судай ағып тұр. Алғаш рет Болатбекті ерулікке шақыра отырып:
– Бір кезде бізде ұлт болмады ғой. Оның үстіне, иә, айтпақшы, ержүрек Юогославия деген елді естуің бар ма еді?- деп сұраған.
– Иә, білем.
– Соның көсемінің аты Тито еді ғой. Әкем мені де сол сияқты көсем болсын деді ме екен, атымды Тито қойыпты. Бірақ, мен көсем болмай, жай қазақ болып қалдым,- деп таныстырған өзін.
Сол Тито бүгін де Болатбекке іркілмей жауап берді:
– Хорошо. Бәрі де болады. Машина да, адам да табылады. Сонда қайда қоямыз?
– Кеңсайға,- деген Болатбек әкесінің өсиетін, соған қатысты жалпы жағдайды түсіндіріп.
Көршісі Болатбектің бетіне қарап, аңтарылып тұрып барып тіл қатты:
– Рұқсат қағаз алып қойып па едің?
Болатбек түсінбей оның бетіне таңдана қарады:
– Не жөнінде?
– Ой, бауырым, сен әлі білмейді екенсің. Кеңсайға жерлеу үшін қалалық әкімшіліктің рұқсат қағазы керек.
Болатбек таң-тамаша болды.
– Ол қалай? Бізде – Қытайда қазақ баласына өлген адамды жерлеу үшін ешкімнің рұқсат қағазы керек емес. Атамекен жеріміз. Баяғыдан келе жатқан қалың зират. Барамыз да бір шетінен қаза береміз.
– Жоқ. Бұл жақта ондай емес. Алдымен кеше ғана тірі жүрген адамды әлдекімдер үн-түнсіз апарып жерлей салуы қалай болады!?
– Мен оған әлдекім емеспін ғой.
– Қандай дәлелмен?
– Ойбай-ау, оны жұрттың бәрі біледі емес пе!? Тіпті, міне, сен өзің де куәсің. Міне мынау менің паспортымда да тұр ғой. Болатбек Қадірұлы деп.
– Жоқ. Ол заңды документ бола алмайды. Ол қай Қадір? Осы қадір ма, әлде басқа Қадір ма? Оған заңды дәлел керек.
– Апырай-ә! Енді оған қандай дәлел қажет?- деді Болатбек екі алақанын жайып.
– Сен былай істе, бауырым. Ең алдымен дәрігердің «өлді» деген анықтамасын ал. Онан соң…
– Тірі адамды ешкім жерлемейді ғой.- деді Болатбек осы арада оның сөзін бөліп.
– Жоқ. Жерлейді. Бізде бәрі де болған. Бола да береді. Сондықтан мұнда сөзсіз түрде дәрігерге жүгіну керек. Онан соң, полицияның куәлігі керек.
– Полиция дейсің бе?- деді Болатбек дауысы қалтырай.
Көшеде неше рет ұстап алып, бірде «паспортың қайда?» деп, енді бірде әкесінің қалтасындағы бәкісін тартып алып, «суық қару алып жүргенің үшін кеңсеге барып жауап бересің…» деп талай қорқытқан, ақша сұрап әуре қылған полицияны ол тым жақсы көрмейтін.
– Иә, полиция. Сенің әкең кеше ғана сап-сау жүр емес пе еді?
– Иә, қаза қас қағымда деген. Сөйлеп отырды да жүріп кетті.
– Бәлкім, сен ұрып өлтірген шығарсың?
– Астағыпыралла!- деді Болатбек екі көзі шарасынан шыға. Аузына сөз түспей алақтап шегіне берді.
– Міне, полиция соған бола керек. Қайдан білесің, ертең басқа бір әңгіме шығып, әкеңді көрінен қазып алып, қайта тексеріп жатса, жақсы ма? Бұл сол үшін. Мұны екі де. Онан соң өлген адамның тірі кезіндегі лауазымы, салауаты бойынша қалай, қай жерге жерлеу керектігі жөніндегі әкімшіліктің шешемі болуы тиіс. Бұл – үш. Төртінші, қалалық жерлеу бюросына барып, тіркелуің керек. Онан соң, ақша төлеу…
– Не деп отырсың-ей, жаным-ау, ақша төлеу дейсің бе тағы да?
– Ендіжерді текке береді ғой деп пе едің!? Айтпақшы, әкең пенция алушы ма еді?
– Иә, кәрілерге тиісті жәрдемақы алатын.
– Олай болса, жерлеу бюросы берген әкеңнің өлгендігін растайтынқағаздың бір нұсқасын райондық халықты әлеуметтік қорғау мекемесіне апарып тапсыруың керек.
– Иә, бар-жоғы екі мың тоғыз жүз теңге. Былайша жиырма үш Американ доллары.
– Әрине, ол саған аз болғанымен, үкіметке көп ақша. Өлетін жалғыз сенің ғана әкең емесқой. Бүкіл Қазақстан бойынша бір күнде қаншама шал-кемпір өлетінін білесің бе? Әрбір өлген шал-кемпірдің ұлы мен қызы әке-шешесінің жардем ақысын заңсыз қымқыра берсе…?!
Болатбек көршісінің жұмылған саусақтарына қарап тұрған. Бір қолының саусағы түгел жұмылып болып, енді екіншісі жұмыла бастағанда қолын бірақ сілтеді.
– Әй, қой. Миымдыбосқа ашытпа. Мынауыңның санына да жете алатын емеспін. Дәрігер де, полиция да шақырармыз. Мені алдымен анау жерлеу бюросы деген мекемеңе алып баршы. Соған өзім бір сөйлесіп көрейін ,- деді.
Болатбек те қара жаяу адам емес. Қытайда бір ауданның әкімінің орынбасары болып, ұзақ жыл дәуірлеген азамат. Сөзге де шешен, ұтымды сөйлейтін жігіт еді. Кезінде қадалған жерінен қан алмай тоқтамайтын жылпостың өзі болған. Талай-талай өнбейтін шаруа үшін талай қытайдың алдын көріп көп тәжірибе алған, «қайта-қайта дуалай берсе, қара тас та жібиді» дегенге сенетін, ысылған пысық. Көршісінің көп нәрсені бастырмалатып әкеткеніне қарап, біраз күдіктеніп те қалып еді. «бар пәлені үйіп-төгіп, әдейі қиындатыып отырған шығар. Сол арқылы өзіне пайда түсіргісі келіп тұрған бір арамдығы болуы да мүмкін-ау» деп ойлай қалған. Жасынан сіңген әдеті. Кім көрінгенге сене салу деген, ол – ақымақтың қылығы. Өзі барып, өз көзімен көріп, ет құлағымен естігені дұрыс.
Көршісінің машинасымен жерлеу бюросына қарай тартып отырды. Лезде жетіп те барды. Бірақ Болатбектің ойлағаны болмады. Кеңседе отырғандардың бәрі орыс екен. Бұлардың келгенін көріп отырса да, «адам келген екен-ау» деп емеурін жасаған дегенді білмейді. Әрқайсысы өз шаруасымен. Тұқырған қалпы.
Ақыры Болатбек көршісінің бетіне қарады. Ол шеткерірек отырған сары келіншектің алдына барып тіл қатты.
Екеуі былдырлап бірдеңелер сөйлесті. Соңынан көршісі бұған бұрылып:
– Бағана айттым ғой, көрші. Сол документтер. Дәрігердің анықтамасы, полицияның куәлігі, форма үш, тіркеуде тұру куәлігі, үкіметтің шешімі. Соны сұрайды.
– Тоқта, сен айтшы.- деді Болатбек оның сөзін бөліп,- Оралман еді де. Тегінде осы Қазақстанда туған. Сонан октябрь төңкерісінде Қытай асқан. Сонан ағасы екеуі…
– Бауырым, бұл сенің ол пәтуәларыңды тыңдамайды. – деді көршісі оның онан ары ұзақ тарихты түгел сөйлеп шықпақ болған ниетіндәл тауып.
– Сен дұрыс айттың ба өзі?
– Айтып тұрмын ғой.
– Әй, мен де мөлшерлеп тұрмын. Толық айтпадың-ау тегі. Ерніңнің қыбырынан білдім. Бұлданасың ғой…Өз тілім болмай тұрғанын қарашы. Амал қанша, қытайша айтқанды ұқпайды-ау. Әйтпесе қара тас болса да балқытып жіберер едім,- деді Болатбек күрсініп,- Деседе… Қайталап бір айтшы. Атамекенім, туған елім деп келіп еді де. Қытай жерінде де ешкімнен кем болмап едікдеші. Тек қазағым деп, тарихи отаным деп, өлсек те сүйегіміз осында қалсын деп аңсап келіп тұрғанда екі метр жер деген… деші.
Көршісі Болатбектің бетіне қарап аз-кем іркіліп тұрып барып, қайтадан келіншекке бұрылып, бірдеңелер айтып жатты. Ол да бірдеңе деп қысқа ғана қару қайтарды да, онан арғы мылжыңды тыңдағысы келмей, телефонды алып, өз жұмысына біреумен сөйлесе бастады.
– Болмайды. Әне, айттым ғой,- деді көршісі нараулау бейнеде.
– Ой, бізде Қытайда ондай емес. Қандай ұлық болса да, мыжып, басын қатырып айта берсең бірдеңе өнуші еді. Қытай деген жол-жосыншыл халық қой. Жүйеге жығылатын. Оның үстіне жұмыстың көбі ауызбен бітетін. Құдай сақтасын, мынадй қағазбастылықпен қалай жан бағып жүргендеріңді білмеймін. Басқасын айтпағанда, әкең өлсе де қоя алмау деген…- деді Болатбек ренжіп, екі көзін алдындағы сұлу келіншектен алмай тұрып.
«Өзі де әдемі неме екен.- деп ойлады ол кенеттен келіншектің нұр жайнаған келісті өң-шырайына, ұзын кірпігі мен қыл қаламмен шебер сызылған жіңішке қасына, ұясы үлкен, дөңгелек көгілдір көзіне қызыға қадалып. Несі бар, қазір де қылшылдап тұрған жігіт ағасы кезі. Қытайда да еркек баласына қажетті бір талай ләззәттың дәмін татқан, кәніккен қу. Аудан әкімінің орынбасары болу деген ол жақта да кішкене мансап емес. Иә, бір аудан. Талай сұлулар бар еді-ау! Олардың тілін де тез табушы еді. Қайран заман деген… Оның көзі мына отырған келіншекті де ішіп-жеп бара жатты.- Ерттеген арғымақтай-ақ неме екен. Әттең, қолға түспейді-ау. Отыздар мөлшерінде болар. Әй, бұлар жас көрінеді. Шын сұлу кәртеймейді. Қашан көрсең уылжып тұрады. Біреу айтып еді, егер сәті келіп бір румка ішкізе алмайсың-ау, ерні ерніңе жабыса кетеді деп. Әй, сол ышқыр жағы бостау болғанымен, кеңсежұмысына келгенде жібімейді-ау…»
– Жә, енді не тұрыс. Кетейік,- деді көршісі.
Болатбек селт етіп, есін жиды. «құдай өзің кешір, шайтан ғой. әйтпесе…» – деп күбірледі тәубесін үйіріп.
Үйге қайтып келсе,полицейлер де жаңа ғана келіп тұр екен.
– Моркқа әкетеміз,- деді түстерін салып.
Болатбек шошып кетті. «Онда апарса ішек-қарнын түгел алып қалады-ау» деп қорықты. Әнеугүні біреуді көрген. Қарнынан қасқартып бірақ тіліпті. Оны сым темірменкөктеп, шандып тастапты. Әкесі де айтып еді… Сол үшін емханаға да бармайтын. Болатбек енді қысылды.
– Оралман едім. Кәрі адам ғой. Атамекенім деп келгенде…- деп жалынып-жалпайды.
– Заң солай. Біздің басымыз екеу емес,- деп зілденді келгендер.
Болатбеконың біреуін оңаша шақырды. Шекарадан бір өтіп қайта барған қытайлар күлетін: «әй, бұлар ма, бұлар оңай. Паспорттың арасына бес жүз теңге қыстырып жіберсең, тіпті, визасыз да өте бересің» деп. Ақыры, бұл да енді амалсыз қалтасына қолын салды.
Бірақ, мұныменжұмыс бітпеді. Көршісі екеуі кешке дейін шапқылып, талай есікті ашып-жапса да, ештеңе өндіре алмады. Құдай сақтасын, Кеңсайға жату деген. Ой, қайда!? Қадір сияқты оралман шал емес, мына осында туып -өсіп, өмірбақи осы араны мекендеген адамдардың өзіне де түгел бұйыра бермейтініне көзі жетті.
Ертеңінде таңетең көршісі бұған ақыл айтты:
– Саған кеше айтайын деп едім. Өзің Кеңсайға қоямын деп тұрған соң көңіліңе келмесін дегем. Кеңсай ма? Ол- қиынның қиыны. Онда жатуды кеше ғана келген сен тұр ғой,өмір бойы осы Алматыны мекендеп келе жатқан біз де арман ете алмаймыз. Көрдің ғой. Енді басқа зираттарға барайық.- деген.
Сонан екеуі салып ұрып, қаланың батыс жақ шетіндегі бір зиратқа жетіп барды. Айнала тұтас темір қоршау. Өлген адамды қойып, тірі адам кіре алар емес. Әзер дегенде адамын тауып сөйлесті.
– Бос жер жоқ. Түгел толып кетті. Сендерді қойып өзімізге де қиын болып тұр.- деді қаба сақады ұйғұр жігіті.
– Бір кісілік орын табылып қалар,- деді Қытайдағы әдетінше мылжыңдай, жалынышты түрде мүсеурей сөйлеп.
– Жоқ. Баяғыда үлкен алаң еді. Бір кісіден, бір кісіден толып кетті. Ақылды шалдар өлетінін білген ғой. Дүниенің, жер-жаһанның кең кезінде әрқайсысы ақша шығарып қоршап алған екен. Өздері иемденген жер өздерімен толды. Енді бізге түк те қалған жоқ.
– Әй, сен тарылма, ағайын,- деді Болатбек оған ажырая қарап,-Ұйғұр деген елмен Қытайда қоян-қолтық жүрген аяғайын емес пе едік. Қиын қылса бір қырық жыл бұрын келген шығарсың. Екі метр жеріңді қимайсың ба?!
– Айналайын, бауырым-ау, «жоқтық жомарттың қолын байлайды. Жоққа жүйрік жетпейді» дегенді айтқан мен емес, сенің ата-бабаларың еді ғой. Енді не қыл деп тұрсың маған?- деді екі алақанын жайып.
– Жарайды. Мыжыма. Жоқ па, жоқ. Айтты ма, айтты. Болды. Енді басқа жерден іздейік.- деді көршісі Болатбектің тағы да дауласа түспек болған райын сезіп.
– Ұйғұр деген бір ұқыпты, пысық халық қой,- деді былай шыққан соң.
– Оның рас-ау. Жә, осы сендерде – біздің қазекеңде неге осындай тірлік жоқ?
– Біздің ақазақ кең-мол пішілген, ұлан байтақ сахарада туып өскен, басқадан таршылық көрсе де, жердентапшылық тартпаған, қайда жайлап, қайда қыстаймын деп уайымдамаған кең қолтық елміз ғой. Сондай аңғал, салқылықтан талай дүниеден айырылып, талай жерде бармағымызды тістеп қалғанымыз да бар. Шет-шегі жоқ, қиырсыз жеріміз бар деп, бойды кеңге салатын әдетімізден бір айыға алмаймыз. Сүйекке сіңісті деген сол. Ақыры міне екі метр жер үшін кім көрінгенге жалынып келе жатқан кейпіміз мынау.- деді Тито ол да бүгін ойланған пішінде.
Екеуі тағы екі-үш зиратқа барды. Бәрінен де бір кісілік орын ала алмады. Кешке таман, әсіресе, Болатбек қатты қапаланып, тарығып кетті.
– Сен бұған қамықпа,- деді Тито көршісінің көңілін аулап,- Ештеңе етпейді. Қазір күн салқын. Оның үстіне жасы жеткен, еттен арылған адам. Кеше укол да салдырдық. Тіпті болмаса, ертең қаланың сыртына апарып, бір жерге қоярмыз. Қазақ даласының бәрі бір емес пе!? Неменеге қысыласың?
– Неменеге қысыласың!- деп қайталады Болатбек ыза болып, тісін шықырлатып,- Адамың қайсы десе мынау дейтіндей-ақ инабатты, кісілікті жігіт едім. Атамекенім дегенде ішкен асымды жерге қойып, елдің қолы жете бермейтін мансабымды, абырой-атағымды, байлығымды – бәрін қалдырып, тек апспорт алу үшін ғана талайлармен тартысып, ренжісіп, талай керу өткелектен өтіп жүріп әрең келгеде, дос бар, дұспан бар, «кеше ғана әкім болып,алшаң басып жүрген Болатбек бүгін Алматыдан өлген әкесін қоятын екі метр жер таба алмайқаңғырып жүр екен» десе, сүйекке таңба ғой. Естіген құлақтан ұят та әуелі.
Болатбектің кесек жүзіне қан тепшіді. Қалың қабағы сыздап, ісіне түсті. Ұйқысыздықтан қызарған көздері онан ары қанталап, жасаурап алды. Кең танауы жиі-жиі желбіреп, делдие бастап, салпиған астыңғы ернін қатты тістеді. Ет-женді, зор басы дуылдап, құж-құж жуан, қысқа мойны талаурап, күп-күрең қан тасыды. Тырсылдап ұйып бара жатқан жүндес, бақал саусақтарын әлсін-әлі шыртылдатып, қыса берді. Төртбақ, жуан денесін ашу кернеп, өн бойында ыстық ағын жүгірді. Әлде нелерді ойлап, қай-қайдағыны есіне алып, өзіне ме, басқа біреуге ме, әлдекімге ыза болып, қарадай қапаланды. Жайшылықта ойға-түске ене бермейтін көп суреттер қайта тірілді. Көптеген қыжыл ойлар оянды.
Иә, Болатбек көпті көрген, есті жігіт. Оның сыртында естіп-білгендері қаншама!? Әкесі де сұңғыла адам болған. Кей-кейде әке кешірмелері мен бала түсінігі қабысып, қызық-қызық түйін түйіп, тұжырым жасайтын тұстары да бар. Бұрын да талай шертілген әңгіме. Қазақтың басы туралы. Бүгін де сол есіне түсті.
Әкесі мархұм әңгімелейтін: Қытайда, керей деген елде Бөке деген батыр болған. Бір тұста сол Бөке Шынжаңдағы қазақ билеушілермен сиыса алмай, жерұйық іздеп, «кең түп, тар түп» деген жиделібайсын жер бар деп, ауа көшеді ғой. Қанды майдан соғыс сала жүріп, Шынжаң өлкесінен асып, Тибет деген үстіртке барса керек. Сол арада ауырып, қазасы жетіп, қайтыс болыпты. Қытай билеушілері басшысы жоқ тұл елді қайта көшіріп әкеліпті. Бөкеге өшескені сонша көрін қайта қазып, басын кесіп алып, денесін сонда тастап, кесік басты Үрімжі қорғанының қақпасына әкеліп іліпті. Қарсы шыққандардыңкөретіні осы деп айбар жасапты. Кейін Бөкенің басы шыр етіп туған жері Шіңгілге апарылып жерленіпті. Дене қайда, бас қайда!? Арасы төрт мың шақырым. Бассыз дене Тибет үстіртінде. Денесіз бас өр Алтайда.
Сол Тибетке бір кезде дәм айдап Қадір ақсақал да барған. Онда жас кезі. Туған әкесі Құрмансарт коммунистерден қашып Қытай асса, өгейәкесі кейін тағы да сол коммунистерден қашып, Тибет асып, Формузаға кетпек болған. Әкесі ол әңгімені неше күн, неше түн айтып тауыса алмайтын. Такламакан ойпатында олар Қытай Президенті Чан Кайчигееріп, өзі де қашып бара жатқан шығыс Шынжаңдағы Құмыл губернаторы Жолбарыспен ұшқасып қалады. Аз күн бірге жүреді. Жол ортаға барғанда Жолбарыс бұзылады да, қазақтарды бір-ақ кеште қырып тастап, мал-мүлкін тонап қана қоймай, ішек-қарнын ақтарып алтын іздейді. Қадірдің сонда он бес, он алты жастағы кезі. Бір жырада тығылып алып, далаға жаққан оттың жарығында бәрін көріп жатады. Ертеңінде қанды жұртты қайта тінткен Жолбарыс жасақтары аман қалған үш баланы тауып алады. Тибетке таяғанша деп оларға қой айдатып қояды.
Кейін үш бала үшеуі де тірі қалады. Қадір сол арада бірнеше жыл қалып қояды.
– «ел-елдің заңы басқа» деген. Бұлардың өлген адамды жерлеу салты да қызық еді,- деуші еді әкесі сол кезде түршіге есіне алып,- Будда дінінің заңы бойынша ондағылар төрт түрлі жерленеді екен. Олар оны: Аспанға жерлеу, суға жерлеу, жер қойнына жерлеу, отқа жерлеу деп атаушы еді. Аспанға жерлеу дегені мәйітті арнаулы орынға апарып, боршалап шауып, ұсақтап тастайды. Өмір бойы соған дәніккен қалың қара құс көпшілік сол арадан кете бере-ақ дүр сілкініп, жабырлап келіп, құжынап басып қалады да, улап-шулап жүріп, бір-бір жапырақтан алып, ұшып кетеді. Суға жерлеу дегені өзен, суы мол жерлерде болады. Мәйітті көтеріп әкеліп, асау ағынға лақтырып жібереді. Әртүрлі наным-сенімге қарай кейбіреулер, әрине, жер қойнына жібереді. Ал, ең соңғысы отқа жерлеу. Қазір бүкіл Қытайға мирас боп қалған, жерлеудің ең озық үлгісі де осы отқа жерлеу. Иә, мұны Болатбектің де өз көзімен көргені бар.
Бір ауданда әкімнің орынбасары болып тұрған кезі. Аймақтың (облыстың! Бірінші секретары Жао Зыхе дейтін біреу қылтамақ болып, Үрімжі болницаларының бірінде қайтыс болды. Жао фамилиялы секретар ызғарлы, сұсты, халыққа жайсыз адам болған еді. Мәдени революцияның соңғы кезінде билік тізгінін қолына алған қызыл белсенді өзі басқарып тұрған төрт-бес жыл ішінде» тү» дегег түкірігі жерге түспеген, қадалған жерінен қан алған, азуы алты қарыс ұлық болған. Қол астындағы кадрлерге де, қарапайым халыққа да тізесін бір батыруында батырып-ақ көрген. Әсіресе, көшпенді, малшы қазақтарға бар зілін, ашты запыранын аямай-ақ төгіп еді.
– Қазақ деген туада мешеу халық. Мына жаңа заманда бұрынғы ескі әдет-салт, дәстүрді енді өзгертуі керек. Өлген адамды жерлейміз деп бір ауыл бір күн жұмыстан қаласың. Бір адамды бір адам да көме салмай ма? Қалайша жұрт болып түгел жиналасың? Мұны өзгерт. Бұл – бір. Екіншіден, бір қатын босана қалса, қалжа деп бір қой сояды екенсіңдер. Қытай әйелдері қой сойғызбай-ақ, тауықтың жұмыртқасымен-ақ орнынан тұрып кетеді. Осыны сендер де үйреніңдер. Тым болмаса бірнеше әйелге бір қой сойсаң да жетіп жатыр ғой,- депті қалың халық бас қосқан шырыштай бір жиын үстінде.
Елдің бәрі үнсіз тыңдап, мүлгіп отырып қалыпты. Сонда бір қайқы танау қара келіншек сөз сұрапты:
– Иә, не демексің? Айт!- депті секратарь мұрнын шүйіре, сығырая қарап.
– МәртебеліЖао фамилиялы секретарь, нұсқауыңызға құба-құп. Еркектер өздеріне қатысты істеріне өздері жауап бере жатар. Ал біз әйелдерге қаратып айтқан сөздеріңізді естідік. Түсінбеген екі жерім бар. Бірінші, қалжа орнына сергіп кететін қытай келіншектерін мысалға келтірдіңіз. Замандастарымыздың бұл салтын үлгі етуге дайынбыз. Бірақ, біз олар сияқты іргесі бүтін тамда, орнықты жерде отарғамыз жоқ қой. Мал соңына еріп, тау-тасты кезіп, тентіреп жүрген көшпенді халықпыз. Сонда көшкенде бірлі-жарым түйе мен өгізге қара қосымызды артамыз ба, әлде далбырлатып тауық артамыз ба? Осыған миым жетпей тұр. Екіншіден,он шақты әйелге бір қой қалжы жетеді дедіңіз. Оныңызға да құлдық. Бірақ, он шақты әйелді бір күнде туғызатын амалын айта кетсеңіз. Осыны сұрайын деп едім,- депті.
Секретарьдың қысық көздері жыпақтап кетеді.
– Та-ма-ды!-деп бір боқтайды да сыртайналып жүріп кетеді.
Сол секретерь өзі өлгенмен де артындағы зілі әлі де дереу өле қоймаған болатын. Аймақтың қалған тірі бастықтары ақылдасып, әрбір ауданның әкімдеріне бұйрық түсірді: «Қызыл секртарьдың Үрімжі қаласында өтетін жерлеу салтана, азалы жиынына әр ауданнан бір-бір делегация барасың. Құр бармайсың, қалталарыңды қампайтып барасың!»
Ауданның басшылары бұл делегацияны бастап баруға екі тілге бірдей ағып тұрғанБолатбекті ұйғарған. Іске пысық, сөзге шешен жігіт. Оның үстіне заты қытай Жао фамилиялы секретарьдың қазақ халқына жасаған қамқорлығын, ізгі істерін,жақсылығын айтып, атасы басқа қазақ жігіті жылап тұрса, бұл да компартия саясатының ұлылығының бір белгісі, дәлелі болмақ.
Болатбек Үрімжіге барғанда білді. Жао фамилиялы секретарь өлер алдындадос-жарандарын, туыстарын шақырып, «өз мәйітін отқа жерлеуді, сүйек күлін өзі ұзақ жыл қызмет еткен Алтай тауына шашып жіберуді» өсиет етіпті.
Осы арада, иә, өзінің бұрынғы бастығына әбден жағымсып әдеттенген бір жағымпаз, яки ішіне қулық бүккен бір залым көз жасын көлдетіп тұрып, қазақ өкілдері атынан мынадай бір өтініш білдіріпті.
– Біз қазақ деген халық арамыздан бақи дүниеге аттанып бара жатқан жанашыр, жақын адамымызға ең соңғы рет бір уыс топырақ салып, қош айтушы едік. Ол бүгін мүмкін болмайтын сыңайлы. Сондықтан өзіміз жанымыздай жақсы көретін Жао фамилиялы секретарьға деген шексіз махаббатымызды білдірудің бір тәсілі ретінде осф сүйікті басшымыздың отқа жерлеу рәсімінің басы-қасында болып, оның асыл жанының бір будақ түтін болып, аспандағы жаннатқа қалай ұшып кеткенін өз көзімізбен көріп тұрсақ,- деп тілек қойыпты.
Оның бұл ұсынысы да қабыл етіліпті. Ол кезде отқа жерлеу техникасының әлі тым жалпыласа бермеген өртеу пештері әлі жетіле қоймаған бір тұсы болса керек. Нан пысратын таба сияқты электр көздеріне жалғанған үлкен плиткаға салынған мәйітті ашық алаңға алып келді.
«Өлген адам шайтанға айналып кетеді» деп өлердей қорқатын қытайлардан бөлек, өзге елдің бәрі алдыға таман жақындап, ентелеп келіп қарай бастады. Болатбек те көріп тұрды. Бұрын мұндайды көрмеген қазақ баласына бәрі таңсық. Сондағы сурет Болатбектің көз алдында әлі де сол қалпында сайрап тұр.
Алдымен біреулер Мәйіттің кеудесіне жабылған компартия туын ақырын сыпырып алды. Осы кезде бес жұлдызды партия туының нарт қызыл шұғыласынан қуат алып, әлі өңін бермей нұрланып жатқан секретарьдың жүзі де дереу қуаң тарта жөнелді. Бара-бара тіпті аппақ қудай болып, бозарып кетті. Биіктен , мекрофоннан қаралы музыка азынап, сай-сүйегіңді сырқырата, күңіреніп қоя берді. Сыңсып барып, өксіп тоқтады. Дәл осы кезде… Құдай сақтасын, ішкі қатарда, Болатбектің алдында тұрған әкімдер кенет түгел кейін шалқайып, шалқалап құлап келе жатты. Артында тұрғандарды жауырынымен ығыстырып, көткеншектеп, шегіне берді. Болатбек сонда ғана байқады: Өлді деп өртеп жатқан Жао фамиляилы секретарь жүзіне қып-қызыл нұр жүгіріп, басын жерден жұлып алып, түрегеліп келеді екен. Таза жүннен тоқылған кездемеден тігілген, төрт қалталы пенжек киген кесек кеудесі кенет көтеріліп, қолын қалт көтеріп, шынтақтары тез бүгіліп, біреуді құшақтағалы ұмсынғандай алға таман ұмтылып қозғала берді. Жарықтық тірі кезінде сөйлегенде ашулана, атығырлана ақырып, екі қолын керіп сілбеп тұратын әдеті болушы еді. Қазір де дәл сол бейнесі. Аумайды. Тіпті білегіндегі алтын сағаты жарқ ете тұскенін де Болатбек анық көрді. Тез қарманып, шапшаң қозғалып, бассалатын нысай байқатады…Болатбектің жүрегі тас төбесіне шыққан. Есі кетіп, әлі құрып, қозғалуға дәрмені қалмай , сілейген қалпы көзін жұма берген…
Қанша уақыт өткенін, не болғанын өзі де білмейді. Мұрнына қоңырсыған иіс жетті. Бір сәт өлі мен тірінің арасында сілтідей тұнып қалған ел түгел «уһ» деп жалын ата, өксік дем шығарды. Болатбек плитканың түбінде қалған бір уыс қоқым күлді көрді…
Кейінгі жылдары Қытай қалалары ерекше ждмыды ғой. Басқамен бірге мәйіт өртеу техникасы да жаңаланды. Оған арнаулы зауаттар салынды. Естуге қарағандакейінгі кездері ел зауаттың моржасынан бұрқ ете түскен, бір үзік демдей, бұлыңғыр ақ түтінді ғана шала-шарпы көріп қалатын болса керек. Ал, оның есесіне әдемі алтын, күміс жалатқан фарфор құмыраға салынған сүйек күлі әркімнің үйінің төрінде, қасиетті орында қастерленіп тұратын болған.
Болатбек осыларды есіне алды. Көкейіндегі бағанадан бергі ашу-ызамен бірге, мынадай қорлықтан кейінгі қорғасындай шөккен ауыр ой қозғалды. Алматыға келіп, кейін осы көріністі есіме аламын деп мүлде ойламаған еді. Ұалан байтақ мекенде, Түркиядай төртеу, Франциядай бесеу, Қырғызстандай… ой, қойшы, тұтас Европа құрлығымен тең түсетін, бір миллион жеті жүз мың шаршы километр териториясы бар, әлемдегі сегізінші үлкен ел Қазақстанда әкемді, осы өһлкенің қызыл көммунистерінің, қызыл өңеш батырақтарының қуғынымен амалсыз ауып кетіп, шетелде жетпіс бес жыл бойы көрмегенді көріп, сағынып қайта оралған шеркөкірек бір ұрпағының денесін жерлейтін екі метр жер таба алмаймын-ау деп үш ұйықтаса ойына кірмеген.
Титомен келісіп қойған. Ертең үшінші күн ғой. Ертерек тұрып, ауылдағы зираттардың біріне апарып, бетін жасырмақ. Оған әкесі өкпелемес. Ағасының қасына жата алмаса, оған Болатбектің жазығы да, амалы да жоқ. Бір кісідей-ақ жүгірді. Қолынан келмеді. О дүниеге барғанда өзі тауып алар. Коммунизм деген тозақта жүріп те, жетпіс жылдан кейін тағы табысып еді ғой. Сонан қиын болмас.
Болатбек осылайша үшінші түнді де ұйқысыз өткізді. Алуан-алуан ой мазалап, қайдағы-жайдағы есіне түсіп, кірпі айқастыруға мұрша бермеді. «дегенмен, сол Қытайдікі де жөн-ау,- деп ойлады ол дөңбекши түсіп,- Ақылды халық. Жер бетіне ғана емес, жер астына да симайтынын ерте білген. Мынау Қазақстан парламентіндегілер осыны неге ойламайды екен?! Жаңа бір заң шығарсашы. Осылар қызық. Өз қолынан келмегеннің бәрін керемет көреді. Былайша, түк те қиыны жоқ қой. Мынау іргедегі сол ұлы көршіден оқымыстыларын қой, әліпті таяқ деп білмейтін он жаман қытай шақырса…Қолы жеткені ерттеген арғымақтай, әдемі-әдемі орыс қыздарынан, қолы жетпегені қара көз қазақ қыздарынан бір-бірден, қалтасы қалыңдары екіден-үштен алып, жүз жылдық күйеу болып сіңіп кетер еді. Мәңгілік қалып қояр еді. Жерлестері мен қандастарын да жүздеп, мыңдап емес, миллиондап шақырар еді. Аз-ақ жылдың ішінде қара қорым қалың ел болып шыға келер еді. Несі бар, қып-қызыл пайда. Әсіресе,қазақтың мынау ата-бабасын, тегін білмейтін, ақшадан басқаны көзі көрмейтін, ар үшін емес, жан үшін емес, нан үшін, сән үшін деп өмір сүретін, жиыра-отыз жыл ала қағазбен ғана айналысып, әбден оқу соғып, мәңгүрт боп кеткен, соның жолында керім келбетеін де, уылжыған ұсқыннан да айырылып, қиқы-шойқы, мыж-тыж боп қалған шөп желке, шоқыншы қыздары бір жырғап қалар еді-ау. Сонан соң әлгі бай күйеулер ата салтын құрып, ауыл басы бірден мәйіт өртейтін зауаттар салар еді. Өлген адамға көметін жер іздеп, кебін-кетпен алып әуре болып жүретін мынау қазақ деген тас қараңғы, қараша халық та бұ әлектен бір құтылар еді. Әркімнің өз үйінің төр алдында, биік сөрелерде, ата-бабасының, әке-шешесінің сүйек күлдері салынған әдемі тас қадыралар, фарфор құмыралар сұсты айбынмен салтанат етіп, сәулетін асырып, қатар-қатар тізіліп тұрар еді!…
Басының мыңғы-дыңғысы шығып, көздері қып-қызыл болып кеткен Болатбек, ақыры ұйықтамай тұрып кетті. Тито екеуі жүгіріп жүріп, бір машина әкеліп, қаланың сыртындағы бір зиратқа апарып, жетпіс бес жыл шетелде жүріп көз жасын атамекен деп сарыққан Қадір ақсақалдың сүйегін жер қойнына тапсырып қайтты.
Неше күннен бері қабағынан қар жауып, қапалы жүрген Болатбек қайтар жолда, машина ішінде түнеріп келе жатып, кенеттен мырс етті. Тито таң қалып бетіне қарап еді, Болатбек ұзақ ысқырып күрсініп алды:
- Баяғыда біздің елде біреуді мазақ қылатын. Әкесін жерлеп қайтып келе жатып: «бұл да бір біткен шаруа болды» депті деп. Ол байқұста осындайдан айтқан екен-ау,- деп суық күлді.
Соңы
Алматы. 2006.ж.
6alash ұсынады