Алматыда «Зуқа батыр» атты жаңа кітап баспадан шықты. Кітаптың авторы Сағдолла Нұралыұлы.
Кітап жаңадан құрылған «Mäŋgitas» Алаш руханиятын қолдау қоры жағынан «Bilge» баспасынан шыққан.
Кітаптың тұсаукесері кеше, 2023 жылы наурыздың 16 жаңасында Алматыдағы №4 қалалық кітапханада өтті.
Зуқа батыр елдің есе-теңдігі үшін күресіп, осы жолда ғазиз жанын құрбан еткен көрнекті тарихи тұлға. Зуқа батырдың ерлік пен күреске толы өмірі өрнектелген бұл дастан Сағдолла Нұралыұлының қаламынан туған. Сағдолла Нұралыұлы белгілі тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды тақырып ете отырып көптеген дастан, өлеңдер жазған ақын. Өзі де Зуқа батыр көреген дәуірдің соңғы ширегінде екі елде өмір сүрген. Әсіресе, Өр Алтай жерінде өзінің кейіпкері, қазақтың қас батыры Зуқа қажымен дәмдес болады. Батыр шәйт болғаннан кейін, Сағдолла Нұралыұлы ізін көрген інілік парызы ретінде, Зуқа батырдың кісілік болмысын тарихи оқиғалармен қоса баяндай отырып, аталған кесек туындыны мұраға қалдырады. Бұл дастан елімізде тұңғыш рет кітап болып басылып отыр. Кітап жалпы оқырман қауымға арналады.
Кітаптың тұсаукесеріне белгілі ақын Сіләмхат Сейтқамза, жазушы, этногарф Байахмет Жұмабайұлы, күйші Аршын Кәсімбайұлы, тарихшы Елдес Орда бастаған зиялы қауым өкілдері мен әдебиетсүер жастар қатысты. Әдеби шара аясында аталған қоғамдық қордың ашылуы болды. Онан сырт, «Bilge» баспасынан шыққан «Нұрғожай батыр естеліктері», Шоман Қабдырахманұлы құрастырған «Бұланайдан асқан көш» қатарлы кітаптардың тұсаукесері өтті.
Игі бастамаға өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Үлкендер ақ батасын беріп, ел руханиятына қызмет етуді көздеген «Mäŋgitas» қорына ақжарма тілектерін білдірді.