Алтай ұғымы және «Ағажай Алтай» ән мектебі жайлы аз сөз
Өнер аса киелі дүние ғой. Оның киелілігі сол – екінің біріне бұйыра бермейтінінде. Заманымыздың алғашықы мыңжылдығында өмір сүрген Қорқыттың күйлерінің алмағайып замандарда да халық жадынан көшпей, күні бүгінге дейін тылсым аңызға толы сырымен сана әлемімізде жаңғырып тұруы да киелі өнердің өміршеңдігінен болса керек. Кетбұғаның, Қазанғаптың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің ұшы-қиырсыз құдіретті күйлері, Ыспырадан, Асанғайғыдан, Шалкизден, Доспанбеттен, Жиенбеттен, Марқасқадан жеткен ер рухының найзағайы іспеті жырлары, кешегі Махамбеттің дауылпаз туындылары, Ақан мен Біржанның айбоз әуендері, Бейсенбінің қойдан қоңыр кеңестері, Кененнің кең тынысты керемет әндері, Әсеттің ғажап шырқауы, Сұлубайдың көмейінен төгілген халықтың қанды жасы сіңген саздары, осының бәрі сол ұлы өнерде ғана болатын биіктіктің, тазалықтың мәуелі жемісі еді. Сол жеміс ғасырлар өтсе де қазақ дейтін қаймана жұрттың рухани азығы болып келе жатыр.
Алтай аймағының орталығы
Қазақ ән-күй мектептерінің байырғы бірі саналатын Алтай-Тарбағатай әуендері өзінің көнелігімен, сағыныш пен сазға, қимастық пен назға толы сарынымен руханиятымыздың басқа арналарынан бөлектеніп тұрады. Осы бөлектік пен даралық «Ағажай Алтай» ән мектебінің құпиясына одан әрі тәнті қыла түседі.
Ертіс басы (Қуаныш Ілиястың түсірген фотосы)
Алтыны ат тұяғымен тозған асқаралы Алтай тауы – түбі бір түріктің, тіпті бүгінгі таңда ұзын саны алпыстан асып жығылатын Алтайтекті жұрттардың арғы мекені болғаны ақиқат. Сондықтан да, есті қазақ баласына Алтай десе бүгінгі күні төрт елге бөлініп кеткен Алтайдың ақ бас таулары ғана емес, арғы ата-бабамыз ту тіккен атақонысымыз, ұлт руханиятымыздың алғашқы суаты елестеуі керек. Яғыни Алтай аты аталғанда осы күнде Алтайда туып-өскен аз ғана қауымның туған жері емес, тауыққа шашылған тарыдай несібесін қуып жасыл шардың астында өмір сүріп жатқан, неше жүз милионнан асатын қисапсыз мол саны бар, алды мемлекет, арты ұлт болып отау тіккен халықтардың арғы мыңжылдықтардағы ата топырағы есімізге оралуы керек.
Қанас көлі
Әсіресе, үстегі ғасырымызда қырық қанша ұлтқа бөлініп кеткен түркітектілердің қара шаңырағында отырған қазақ халқы Алтаймен мақтанып, Алтаймен марқайса айып емес. Бүгінгі қазақ топырағының шығысы мен батысына, терістігі мен түстігіне Алтай ұғымын естен кетпестей сіңіру – «Ұлы дала» елінің ұзақ жылдық мұраты болуға тиіс. Себебі, Алтайда біздің арғы тарихымыз, ата мекеніміз, ежелгінің ұраны сіңген ұлы аймағымыз, сақтардан бергі сарынымыз жатыр.
Алтай жайлы кім не жазбады? Алтай туралы ән мен күй қаншама? Алтайда айтылған ән, шалынған күй Алтайдан асқақ болмаса, бәсең түскені жоқ. Алтай ән-күй мектебі туралы өнертанушы ғалымдардың, өнерпаздардың ғылыми бағалары жетіп-артылады. Ол жайында тек өнер саласының өз мамандары сөйлесін. Ал, біз есті тыңдарман ретінде, көкірек көзімізге түсіп, санамыздағы ұлы сағынышты оятқан есті әндер жөнінде жаза жүретін әдетіміз бар. Бүгін де сондай тереңде жатқан сарынды тербеген бірер туынды туралы толғанып отырмыз.
«Ертіс қызын» ең алғаш кім орындады?
Естігенді елең еткізбей қоймайтын бір ән – «Ертіс қызы». «Ертіс қызын» тыңдаған да арманда, тыңдамаған да арманда. Толысқан ойдан, толағай сағыныштан, кемелді шабыттан туған шығарманың қашан да өміршең болып, қанаты жеткенінше ғаламды шарлап кететіні бар. «Ертіс қызы» – бүгінгі таңда қазақ даласының әр кезеңіне бір қонып, әр сайларында жаңғырып жүрген ғұмырлы туынды.
Өнерде шекара болмайтыны осындай шығармаларға қаратылса керек. Арғы бет (ҚХР) Өр Алтайда туған осы ән де, Алтай қазақтарының гиміне айналған «Ағажай Алтай», «Сұлубайдың әні», «Бүркітбайдың әні» сияқты тарихы ұзаған, тағдыры ауыр туындылардан кейін, Арқа мен Алатау баурайына сәтті жеткен өнер туындысы. Қазақ ән-күйіне арғы беттен қаншама мол қазыналар қосылып жатқаны да жұрт болып қуануға тұрарлық құбылыс. Ақ ордасын қайта тіккен Қазақстан алыс-жуық шетелдегі қандастарды тәуелсіз шаңырақ астына жинай бастаған ширек ғасырда, қаншама ән-күйіміз қазақ руханиятының көліне өзен болып құйылды. Шығыстың шертпе күйлері, Алтай, Іле, Тарбағатай ән-жырлары, фольклорлық, этнографиялық мұралар Қазақстанда қордаланып, ұлттың ұлы қазынасына сіңіп жатқанынан артық қуаныш болсын ба?! Әрине, бұл да ел Егемендігінің арқасы. Мінеки, осындай жаймашуақ сәттерде елге жеткен ән-күйлердің қатарында біздің сөзімізге арқау болып отырған әсем ән – «Ертіс қызы» да бар. Сөзін ақын, Қадыр Жұмақан ұлы, әнін жалпы Шынжаң жұртына танымал композитор Рахметолла Хамитұлы жазған.
ақын Қадыр Жұмақанұлы
«Бұл ән басқа әннен өзгерек» дегендей, осы ғасырдың басында ғана барлыққа келген бұл туынды қысқа уақыт ішінде тыңдармандарының сүйікті әніне айналып кетті. Әсіресе әлеуметтік желіде баршаның «бәрекелдісін» алып жүргеніе куә болдық. Сөздің реті келгенде айта кетейік, ұзынқұлақтан естуімізше, бұл ән жөнінде ел арасында азды-көпті талас та бар дейді. Сондай түйткілді сұрақтарға анық жауап бере кету үшін, әннің авторы Рахметолла Хамитұлының өз аузынан жазып алған мына бір шағын әңгімені қоса кеткеніміз жөн сияқты:
«Бұл әннің алдымен әуені барлыққа келді. Туып өскен жерім Алтай қаласы, Шеміршек ауылына қарасты Ақши деген қыстақ еді. Кейін есейіп қызметке шыққанда да да осы Ертістің бойындағы Сарғусында жұмыста болдым. Сонымен белгілі ақын Қадыр Жұмақанұлына қолқа салып, әннің өлеңін жаздырдым. Міне, Қадыр екеуіміз де Алтайдың төлтумасымыз. Атағы жер жарған Алтайға саяхатшылар да ағыла бастаған тұс еді. Бір көрген адам қайтадан айналып келгісі келіп тұратын Алтайдың көркем табиғатын, Ертістің ұлылығын, Ертіс бойындағы қазақтың сұлу қызының бойындағы тазалық пен ізгілікті барынша көрнектілендіріп шығуға тырыстық. Өз туған жерін тым алысқа кетпей-ақ, өз ақыны, өз сазгері жырлау тарихта бар дәстүр. Оралханның Алтайда тұрып Алтайды жазғанындай, біз де Алтайдан бастау алатын алып Ертісті ертіс жағасында тұрып жырладық».
композитор Рахметолла Хамитұлы
Құлақтан кіріп бойды алған әсем ән міне осылай барлыққа келіпті. Туған жерім айбатты Алтайды сағынып отырған сәтімде «Ертіс қызын» Сәния Өнерқанқызының сыңғырлатып орындап отырған бейнежазбасын көріп қалдым. Қанша рет қайталап таңдағаным есімде жоқ. Сәния Қытай елінде милиардты таңдандырған бұбұлкөмей әнші. Ән де әнші құп жарасып тұр. Бұл әнді Сәниядан басқа да талай әнші орындады. Бірінен бірі өтіп тұр. Олардың бәрін жіпке тізген маржандай етіп жазу бүгінгі мақаламыздың міндеті емес болған соң, біз өзіміз діттеген мақсатымызға оралайық.
Сәнияны тыңдап отырып, «құдықтан су ішсең, қазушысын ұмытпа» деген аталы сөз есіме келе қалды. Естігеннің ет жүгерін елжірететін «Ертіс қызын» ең алғаш орындаған – Ертсітің бойында туып-өскен, талантты өнерпаз Қуанышбек Рахманұлы болатын.
"Ертіс қызын" ең алғаш орындаған Қуанышбек Рахманұлы
Қуанышбек 1986 жылы 25 қыркүйекте Алтайда туған. Бала кезінен өнерге әуестеніп өскен жас, ШЫнжаңдағы көркемөнер институында оқып, кейін Атажұртқа оралған. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан ұлттық қолөнер мамандығын оқып, бүгінгі таңда «он саусағынан өнер тамған шебер» атанып, Алматы қаласында ұлттық саз аспаптарын жасауға арнап ашқан жекелік шеберханасында жұмыста. Ағаштан түйін түйетін, жауапкершілігі мол, салмағы ауыр жұмыстың соңынан түскен азаматтың қолынан шыққан, бабалардың көзіндей қылқобыздар мен киелі домбыралар, жетігендер ел іші-сыртына танылуда.
орындаған: Қуанышбек Рахманұлы
«Ертіс қызынан» тыс, «Ағажай Алтайдың кештерінде», «Ауылым – алтын бесігім», «Көш салтанаты» қатарлы тың туындылардың тұмса орындаушысы Қуаныш Рахманұлының әншілігі бір төбе. Арғы бетте тума талантымен төңірегін таңдандырған әншіге ұстаздары үлкен үміт артқан екен. Бірақ, өнердегі тағы бір бағдаршысы, ақын, сазгер Пайзолла Қабдырахманұлынан әншілікпен қоса, домбыра жасауды үйреніп жүрген балаң жігіт, бертінде Алматыға көшіп келгеннен кейін, ән орындаудан гөрі, музыка аспаптарын жасауға қарай бет бұрады. Біз замандас өнер иесінің өнер жолындағы сапарына сәт тілей отырып, «Ертіс қызының» ең алғаш осы Қуанышбек Рахманұлы орындаған нұсқасын (бейнабаянын) тыңдарман қауымға ұсынамыз.
орындаған: Сәния Өнерханқызы
Әділет АХМЕТҰЛЫ
6alash ұсынады