9-маусым күні Алматыдағы Қазақстан жазушылар кітапханасында Мұрат Кәлапұлының «Жапырақ көңіл» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге қаламгерлер: Жәди Шәкенұлы, Болат Құрманғажыұлы, Әбділ Тәуекелұлы бастаған зиялы қауым өкілдері, белгілі күйші, Алтай, Іле, Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі Аршын Кәсімбайұлы, әнші, қолөнер шебері Қуанышбек Рахманұлы бастаған өнерпаздар, тіл зерттеуші жас маман Талғат Рамазанов, «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы және ақынның дос-жарандары, туыс-туғандары қатысты. Шығармашылық басқосудың тізгінін ақын, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің меңгерушісі Әділет Ахметұлы ұстады.
Тұсаукесер аясында автордың өлеңдері оқылып, әндері шырқалды. Ақсақалдар бата беріп, аналар ақ шашу шашты. Сөз кезегін алған ағабуын ақын-жазушылар қысқа ғана ғұмыр кешіп, бақиылық болған ақынның мұра болып қалған еңбегін жоғары бағалап, ұрпақтарына ізгі тілек білдірді. «Жапырақ көңіл» кітабы Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 28 кітапханамен қоса, Қазақстан ғылым академиясының кітапханасына табыс етілді. Шығармашылық жиынның соңында жиналған қауым марқұмға құран бағыштап, ас берді.
Мұрат Кәлапұлы 1986 жылы ҚХР, Алтай қаласында туған. Балалық шағы Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қарамағай ауылында өтті. 2006 жылы Атамекенге оралып, 2006-2011 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи университеті және Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде білім алған. Университеттік, қалалық, республикалық деңгейдегі түрлі мәдени, әдеби қимылдарға белсене қатысқан. Университетте өткен «Жігіт сұлтаны» байқауына екі мәрте қатысып, 1 және 2 орын иегері болған.
Әдебиетке бала күнінен әуес болып өскен Мұрат Кәлапұлының алғашқы туындылары 2007 жылы студент жастардың «Поэзия бүршігі» атты жинағында жарық көрген. 2021 жылы «Талантқа тағызым» әдебиет әуескерлері тобындағы ақын-жазушылардың шығармаларынан құралған «Көсеге» атты жыр жинағында бірқатар өлеңдері енгзілсе, 2022 жылы сәуірде «Ғасыр жыры» атты антологияға ақынның туындылары басылды. Қойдан қоңыр, жылқыдан торы кісілікті мінезімен өз ортасына сиымды, жақын-жекжатпен силасымды Мұрат Кәлапұлының көптеген шығармалары әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген. Бірнеше өлеңіне көмпозиторлар ән шығарды. Талдықорған қаласында өз мамандығы бойынша сүт өнімдері зауытында табан аудармай қызмет етті.
Алаштың аймаңдай азаматы 2022 жылы мамырдың 17 жаңасында шұғыл науқастан жарық дүниеге қош айтты. Мінезді азаматтың мезгілсіз қазасы кім-кімнің де қабырғасын қайыстырды. Ақынның артында аяулы жары, жас балалары және өмір естеліктеріндей болған өлең-жырлары қалды. Ұпақтары мен оқырмандарына мұра болып қалған Мұрат Кәлапұлының өлеңдері тұңғыш рет топтастырылып кітап болып шығып отыр.