Үш томпақ(1)
Балбалдар күзеткен,
Баһадұр бабамды,
Байырғы даламды,
Қобыздың сарыны,
Қорқыттың зар-мұңы,
Тербеткен ғаламды.
Әлқисса...
Ұлы Найман ұлысның оңтүстік қағанатының жер қайысқан қалың қолы екі жағалауы ит тұмсығы өтпейтін бурыл тоғайлы Шіліңгір(2) өзеннің Үліңгір көліне құйған жерінен оңтүстік қабаққа өтіп шықты.
Темүжін бастаған Қият қолының, Тұғырыл бастаған Керей қолының, Майқыби(3) бастаған жалайыр қолының анталай шабуылынан ауған ұлысын қорғай шегінген бұл қалың қол өлгені, жаралысы көп; ұйқы-күлкісіз болсада жеңістен бір жола күдер үзбеген рухы әлі көтеріңкі еді.
Жусаны мен жуасының жұпар исі бұрқыраған, бетегесі мен ақ селеуі желкілдеген қоңырқай даланы сәйгүліктерінің тұяғымен турап қатар түзеген қалың қолдың алдында – қоңырқай даланың көл жақ қабағында қанатты қара сайгүлік мінген Бұйрық хан тұрды.
Бұл жерден ұлы Үліңгір көлі айнадай жарқырап көрінеді екен де Шіліңгір өзені сонау бота мойын Керіштен бері көлге сегіз тармақ болып құйып көл сағасынан жеті аралша қалптастырады екен.
Әлгінде ғана толастаған ақ жаңбыр онсызда көк зеңгір аспанды, жұпар ауаны жуып тазартып хан тақсырды қарсы алуға әзірленгендеи еді.
Көп өтпей көлдің арғы шетіндегі екі иығы салбыраған қара таудан күн асып; қызыл сәукеле киіп ұзатылған қыздың артында қалған әдемі сіңілісіндей тап сол қара таудың аспанынан қиылып қияқ ай туды.
– Жер сұлуы,- деп күбірледі Бұйрық хан.
– Шіркін, анау жеті аралға жеті орда тіктіріп Кетбұғаның күйін, көлде жүзген аққудың гәккуін тыңдап, жаздық астана етіп сайран салар ма едім?!.
«Ондай күн қайда енді» деп ойлады Бұйрық хан. «Анталай қуған жау анау, көк балтырдан тесіп өтіп қара сайгүліктің топшсына қадалып тұрған улы жебе мынау».
Кенет ханның көзі туған айға түсіп онсызда қобалжулы көңіліне алғау түсе қалды. «Ырымы недеген жөн еді. Жаздың айы мұнша шалқақ туарма?!»
– Көкше әулие,- деді дауыстап.
– Бармын тақсыр хан. Артқы қатарда Көксау Сауырық батырдың қасында тұрған; сақалы өсіп көкірегін, қасы өсіп жанарын жасырған, басына аққу терісін киіп, қолына қобыз ұстаған бала жігіт атын тебініп Бұйрық хынымен қатарласты.
– Айға батаны сен жаса әулие.
Әулие қобызын қанжғасына байлап, шіибиген саусақты алақанын жайып жоғары көтерді. Бұйрық хан бастап тұтас қоңырқай даланы толтырып тұрған қалың қол садақтарын мойындарына іліп, найзаларын шымға шаншып алақандарын жайды:
– «Ай көрдім, аман көрдім,
Баяғыдай заман көрдім».
Қан сасыған даланы да көрлім,
Қаңырап қалған қаланы да көрдім.
Дересіз қоныс көрдім,
Обасыз өріс көрдім.
Ханыма ғұмыр бер,
Қазаға сабыр бер,
Қарашаға тынштық бер,
«Ескі ай есірке,
Жаңа ай жарылқа»,- бетін сипады. Тұтас қоңырқай дала қоңыраулап шыққан «тәңір жарылқа» деген тілекпен күңгірледі.
– Кетбұға,- деді содан кейін уәзірінің атын шақырып.
– Бармын тақсыр хан. Жігіт ағасы жасына келген балуан тұлғалы жігіт ханның оң жағынан қатарласты.
– Кетбұға, орданы осы жерге тіктір. Қызғалдақ бикенің сүйегін кіргіз. аламан қол дем алсын. Таң ата қолбасылар мен батырлар ордаға жиналатын болсын.
– Мақұл хан тақсыр, дереу атқарайын жарлығыңызды.
Жер қайсқан қалың қол жан торсықтарынан саптаяқтарына құйып сусын ішіп, малта мен азықтанып, тоқым төсеніп, ер жастанып дем алып қалды. Атақты батырларға, қолбасыларға қара қостар тігіліп, есігінің алдына от жағылып қара жаулшаларда қурдақ жылтып жатты.
Қас қарая ханның ордасы тігіліп болып, бірнеше күнінен бері арбаға артылып жүрген Бұйырық ханның ханымы Қызғалдақ бикенің әулие дәрілеген сүйегі ордаға кіргізіліп қайқыбас төсегіне жатқызылды.
Ордаға ханның шақыртуымен Көкше әулие кірді.
– Бейуақта ордаңызға сіз шақырды деген соң амалсыз кірдім хан тақысыр.
Бұйрық хан басын изеп «жоғары шық» дегендей, орданың төрін қолымен нұсқады.
Төбеден шаңыраққа соғыларман болып қанатының сусылы анық естіліп сұқсыр үйірек ұшып өтті. Босағада байлаулы тұрған томағалы ақиық қыран басын жан-жағына бұрып ұша жөнелердей қомданып барып тұғырға қайта орнығып қалды. «Босатып қоя беру керек» деп ойлады Бұйрық хан. Алты арқан жалғап заңғардан алған осы балапанды Жалайыр Шора көріп көңілі толып маңдайынан искеп «болат топшы жез тегеурін» екен деп еді-ау. Енді қансонарда мұны аңға алып шығып салбурын құрар күн болмас маған.
Көлдің дымқыл жұпар лебі жер бауырлап, есіктің алдына жаққан алау қол созымынан жымыңдаған жұлдыздармен бәс таласады. Баяғыдай бағызы заман болса; білгірлер мен жырауларды; әншілер мен күйшілерді ордаға алдырып өмірдің жеміс дәмін тататын тамаша түн. Бірақ, ол қайдан болсын? Құшағы оттай, ерні шоқтай жаны сүйген қызғалдақ бике жауы атқан жебеден жазым болып шымылдықтың арғы жағында жатыр әне. Өзінің көк балтырын тесіп өткен жебеге жағылған адыраспан уы істеткен шипа, өткізген анжыға(4) бой бермей қара санына көк талақтана өрлеп барады. Қырық күншілік қырғында бір сүрінбейтін, жұлса тоятын, аунаса қунайтын аспандағы пері әлемінен ұзатылғанда Қызғалдақ бике мініп жерге түскен қанатты қара сәйгүлік мінер жақ топшсын тесіп кірген улы жебенің зақыметі жүрегіне шауып, мінер жақ қанаты салбырап, қауырсыны жерге сүйретіліп, бір жағына ауып орданың іргесінде сенделіп әрең тұр.
– Кетбұға,- деді Бұйрық хан.
– Бармын алдияр хан тақсыр.
– Бүгін түн ордаға Көкше әулиеден сырт тірі жан кірмесін. Сен қасыңа екі жырау ертіп таң ата елшілікке аттан. Темүжін мен Тұғырылға керегі халықтың қаны емес менің жаным ғой. Беретін болды де жекпе-жекте. Жалғыз-ақ... Екі шартым бар. Бет екі келісемін. Кетбұғаның жүрегі дір етті. Жер қайысқан қалың қол әлі жеңістен күдер үзбеген. Ата мекенге ат басын бұра алмасада ауа соғсып хандықты аман сақтап қалуға болатын еді ғой.
– Дәт! Тақыср хан ием мұныңыз...
Бұйрық хан алтын сақинаға толы оң қолын жоғары көтерді.
– Бұл он ойланып, тоғыз толғанған шешім. Енді өзгермек емес ата мекенінен ауып құрған хандық қор. Ауған елдің алдына шабарман шапсын. Ақ басты тәңір тауынан бір ауыл да ары кетпесін. Кенесі құмандай, бұйысы қояндай бұлыңғыр ойпат ұлы Найман ұлсына мінәсіп емес.
– Құп, тақсыр хан ием жарлығыңызды орындаймын. Кетбұға орнынан тұрмаққа ыңғайланды. Көкше әулие қымызын таусып дастарқанға бата жасады.
– Көк Тәңірім жарылқа,
От тәңірім жарылқа.
Ханымды тақтан айырма,
Қарашамды бақтан айырма.
Таңдайымды ақтан айырма,
Көкбөрі кием иенде ұлып қалмағай... Тәңір жарылқа,- бетін сипады. Дастарқан жиналып ас-су әзірлейтін асабалар Кетбұғаның артынан бірінен кейін бірі шығып ордада Көкше әулие мен Бұйрық хан ғана қалды.
– Жарақатыңыз қалай тақыср хан ием? Бетіңізді киелі күн анамыз шығатын жаққа бейімдеңіз, қазыр ұшықтаймын... Сып етіп есіктен шықты да жер ошақта басы балқып жатқан көсеу темірді алып кіріп ханның басынан, жаралы аяғынан үш рет айналдырды.
Ұшық, ұшық.
Пәле-қаза аққан сумен,
Ұшқан бу мен,
Ауған қу мен кет.
Кет пәлекет,
Қараудың қойна кет,
Қара жүректің тойна кет,
Арсыздың қойнына кет,
Әбу жыланның мойнына кет,
Ұшық, ұшық кет пәлекет! –
Әлі басы жалындай қызарып тұрған темірді орданың ашық есігіне қарай лақтырып қалды. Сілтей лақтырылған темір құйрығынан қызыл ұшқындар қалтырып орданың әдейі ашық қалтырған есгінен шығып көзден ғайып болды.
– Көкше әулие,- деді Бұйрық хан.
– Жарлығыңызға әзірмін хан тақсыр.
– Әулие, ол дүниедегі жазасын өзім тартармын көк тәңірімнің алдында. Сен тәңірге елшіге жүр. Қызғалдақ бике менімен соңғы бір түн бірге болсын, бұл дүниеде...
– Алдияр хан тақыср ием мұныңыз... Көкше әулие бір түрлі төменшіктеп тұтығып қалды.
– Бұл жарлық,- деді Бұйрық хан жанынан тастамайтын алдаспанының алтын сабын сипап. Дауысы бір түрлі қатқыл шықты. – Онан арғысының керегі жоқ, көкірегінен жоғары жанын қайтарып әкел.
Әулие дағдарған кейпте аяғының басына қарап бір сәт үнсіз отырды. Басына киген аққу терісін оңшады. Сақалын салалап, қасын сипады. Содан түйе терісімен қапталған қобызының мүйіз құлағын бұрап қыл ішегін дыңылдата керіп теңшеді. Бір сәт көмейінен күңіреніп отырды да садақ ысқыштың самырсын шайыры жағылған адырнасымен ысқылап қобызын боздата жөнелді. Боздаған қобыз сарынына әулиенің көкірегінен, көмейінен күркірей төгілген «жан шақыру байты» қосылып тұтас қоңырқай даланы көктеп өтіп, жеті аралдың ит тұмсығы өтпейтін бурыл тоғайының басын шалып Үліңгір көліне жеткенде толқында тербетіліп ұйқыда жатқан сан мың аққу сұңқылдап, қиқулап қоңырқай даланың түнгі аспанына ұшып шықты.
Жер бетіндегі абыз бен қобыздың күңіренген тілек сарыны аспандағы сан мың аққудың сұңқылына ілесіп Тәңірдің құлағына жеткенде «үһ, жаным, недеген тәтті ұйқыдан ояндым» деп Қызғалдақ бике гүлдей жайнап, жібектей сусып жастықтан басын көтерді.
– Барсыз ба хан ием?
Бұйрық хан алтын тағынан ұшып түрегелді. Абыздың да қобыздың да сарынды дауысы таусылып, тек, қоңырқай даланың түнгі аспанында аққулар сұңқылы алыстай естіліп бара жатты.
– Мен дем алайын хан тақсыр,- деді әлде неден жаны қысылып, денесін суық тер басқан Көкше әулие. – Қызғалдақ бике уақытша оянған Тәңірдің жары. Әбес қылық, саудайы сөз енді оған жат. Жалған жарықтың баянсыз қызығы енді ол кісінің теңі емес. Аспанға түнеген құзғынның қауырсынын таңның алғашқы сәулесі шалғанда Тәңір алдына қайтатын болады,- деді сыбырлай сөйлеп. Бұйрық хан басын изеп оқалы тонын жүре шешініп Қызғалдақ бикенің қасына келді. Әулие қобызын көтеріп жалаңаяқ адамдай спылдата басып шыға жөнелді.
– Қасыма жантайыңызшы хан ием. Сізге кезікпегелі бір заманның бас аяғындай... Қатты сағынппын.
– Менде сенің жұпар исіңді сағынғалы.., – Бұйрық хан алдаспанын жамбасына ала Қызғалдақ бикенің қасына іш кимшең жантайды. Қызғалдақ бике қырындай түсіп бұйырық ханның кіші-кірім келідей иегінің астындағы үңгірдей тамағына тұмсығын тығып үстінде жатқан сол қолымен бұқаның беліндей жалпақ жаурынындағы құлынның жалындай сусыған түгін аялай сипап құшырлана искеді. Ал, Бұйрық ханның оң қолының ағаш күректей алақаны Қызғалдақ бикенің құлын сауырын жібек көйлектің сыртынан тұтас көмкеріп сүйегін сықырлата сындырармандай болып ішке тартты. Осы кезде қоңырқай даланы қараңғылықтың қара жабағысы қымтап, шаршаған қалың қол мен шалдыққан көлік қалжырап ұйықға кетті. Орданың екі босағасында найзасының сабын жерге тіреп, алмас қылшын қыса ұстаған төрт қарауыл ғана ояу. Орданың ішінде күміс тұғырға орнатылған май шырағы лапылдай жанып орданың ішін күндізгідей жарқыратып тұрды.
Тарихым сияқты,
Қырандар қияқты,
Заңғарлар ұялы
Тоздырған жондағы
Жортуыл жолдарын –
Тұлпарлар тұяғы.
Әлқисса
Таңның алғашқы сәулесі аспанға қонақтаған құзғынның қаурсынын шалғанда ол қоңырқай даланы оятып құңқылдай ұшып өтті. Таң атқанша Бұйырық ханның бауырына тығыла түсіп жүрегінің жылуын өткізген Қызғалдақ бике буындары босай сылқылдап бей-жай ғана бұл дүниеден аттанды. Бұйырық хан көкірегі көшкен жұрттай аңырап орнынан тұрып сырт киімдерін киінді. Алдаспанын тағынды, оқалы тонын жамылды. Осы кезде ордаға «көк тәңірім жар болғай хан тақсыр» деп әдетінше сып етіп Көкше әулие кірді. Әдетте оның жүрісін ит екеш ит те сезбей қалатын. Орданың тәңірге табыну жоралғысын жүргізуші болып осында келуден бұрын ол басына аққу терісін киіп, қобыз тартып, болжал айтып, бақыт тілеп, науқас ұшықтап, өлім ұзатып ел ақтап жүретін. Адамдар оның үйге келгенін білсе кеткенін білмей, кеткенін білсе келгенін білмей қалатын. Көктемгі көк тасқында өгіздей өкіріп жатқан өткелсіз өзендердің бір күні арғы жағындағы ауылда жүрсе, бір күні бергі жағындағы ауылда жүретін. Ол кірген бойда көкірегінен күңіреніп тәңіріне жалына жүріп Қызғалдақ бикенің қабағын уқалап ақ жібекпен жағын таңды. Ақ балтырлы аяқтарын, сүйрік саусақты қолын түзеді. Енді талдай майсқан Қызғалдақ бикенің сүйегі әулие түзеген сындардай қалыпымен сіресіп жібек көйлекпен жас қабырдың іші – Тәңірдің алдында еркін көсіліп жататын болады заманның ақырына дейін. Оған және басқаларымызға Тәңірдің бұл дүниедегі соңғы сиы әрине көсіліп ұйықтар көр болмақ. Заманның ақырына жетіп қайта оянғанша.
Ордаға Бұйрық хан таңғы асын ішіп бола «Алдияр хан тақыср» лап қолбасылар мен батырлар жинала бастады. Төрдің қақ басында бірдің айының 21-жаңасындағы «Ұлыстың ұлы мерекесі» өте салысымен басталған жау-жалем қырғын-соғыстан бері орда мен бірге арбаға артылып жүрген алтын тақта Бұйрық хан отыр. Оң жақта бір кісілік орын бос – уәзір Кетбұға ала таңынан ақ ту көтеріп, ақбоз ат мініп елшілікке аттанған. Сол жағында сақалы көкірегін жапқан, саусақтары бақандай Көксау Сауырық батыр. Онан төмен жасына қарай жайғасқан қолбасылар, ақберен атақты батырлар, қазан жақ босағадан жоғарырақ Қызғалдақ биікенің сүйегі жатқан қайқыбас төсек шымылдықтың арғы жағында.
– Құрметті батыр, бектер,- деді Бұйрық хан отырғандарды көзімен түгендеп. – Ұлы Найман ұлысының оғыландары, ерте көктемінен басталған қырғын соғысқа төрт айдан асып барады. Талай боздақтарымыз туған жерінің топырағын жастанып Алтай тауларының қойнауларында қалды. Талай есіл ерлеріміздің бармағы шайнауда, қолы байлауда тұтқында кетті. Бірақ ұлы Найман ұлсының намсын бергеміз жоқ, – Бұйрық хан отырғандарды жағалай ризашылық жанармен сипап өтті. Ханның көтермелеи сөйлегені батырларға қуат бергендей болды.
– Найманның бөрлі байрағын, ақ ордасын, қараша халқын қасық қанымыз қара жерге төгілгенше қорғаймыз,- деді Көксау Сауырық батыр жөтеліне араластыра сөйлеп. Жасы жетпістен асып сақал-мұрты күмістей ағарсада қайраты әлі қайтпаған, көздері жасылдап бөрі көзденіп тұрды.
Жағалай отырғандар түгел бас шұлғып қарт батырды қолдағандай болды. Бұйрық хан жаралы аяғын ауырсына қозғап алтын тақта еңсесін көтере түзеліп отырды.
– Ата мекенінен ауып Тәңір тауымыз Хангайдан, ақ басты Алтайдан, қарт Боғдадан қаншалық алыс кетсек ұрпағымыз соншалық бақытсыз болмақ. Біз Тәңір алдындағы бабалар рухына жазықты болып қарғысына қаламыз. Темүжін мен Тұғырыл жекпе-жекте менің жанымды алсын. Есесіне Найман ұлсы ата мекеніміз қара Ертстің бойын, Боғданың қойнын жайлап қалсын.
– Бұл не деген сөз?!, - Көксау Сауырық батыр көзінде жасыл жалын жанып, өңі қазандай қарайып, езуінен ақ көбік бұрқырап орнынан ұшып тұрды. – Жан кеудеден ұшпай жауға бас имейтін, ханын, жанынан артық қорғайтын һұнынан қалған ғұрып, түркіге тән тектілік қайда!?
Үй толы батырларда оны қостап «е», «е», «жа», «жа» десіп қалды.
– Отырыңыз батыр,- деді Бұйрық хан. Бір түрлі өтіншті үнімен айтты. Найман ұлсы екі қағанатқа бөлінбей тұрған сонау бағызор заманынан бері Найманның қайсы бір қанды жорықтарынан қалып көрмеген дауысы күндей күркіреп жанары жасындай жарқылдаған қарт батырды ерекше сыйлайтын еді.
«Сабыр», «сабыр» деді отырған батырлардың бірнешеуі. Көксау Сауырық батыр орнына жайғасты. Сонда да езуінен көбік бұрқырап тістері сақылдап бойын жын құрыстап отырды.
Бұйрық хан сөзін қайта жалғады. Дауысы жарлыққа толы хан сөзінен көрі ақыл айтқан абызға ұқсаушы еді.
– Һұннан ғұрып, түркіден тектілік дейміз. Анау қара жүрек Темүжін, бірге туғанын қынадай қырған Тұғырыл, екеуіне кіріптар Майқыби болсын мына біз болайық сол һұнның заузаты, түркінің ұрпағымыз. Иеміз көк Тәңір, киеміз көк бөрі...
Бұйрық хан ойлы көзімен шалқайып шаңыраққа қарады. Аспанда түнеген жалғыз ақ мамық қаурсын қуалай соққан қоңыр желімен ілесіп ұшып барды, қай жырада тозаң қонып, қай жырада топырақ басып қалар екен деші. Әдет ғой, шалқайған қалпымен алдаспанның алтын сабын сипады. Белдігімде барма дейтін сияқты. Әйтпесе, мына үй толы батырлардың көңілінде өзіне деген иілген ізет таудай құрметтен басқа ештеме жоқ екенін білетін.
– Күллі түркінің киелі батыры, хағаны Күлтегін бабамыздың басында тұрмайма? «Бектердің берекесіздігінен түркі тұқымы қор болды» деп,- деді Бұйырық хан, – оны қойып «тырнадан жасауыл қойсаң басыңнан қиқу кетпес» деп ағам Таянь ханның адами керекшіліктерден «жүген-құрық» ұстаған жауыздығынан бір Найман баласы екіге жарылып жауласып отырмыз....
Бұйырық ханның сөзін булыға жөтеліп Көксау Сауырық батыр үзді:- артымыз жасауыл-жау, алдымыз азап тартып ауған ел. Мынау, жау жалемде ақылыңыздан жарлығыңыз қажет бізге,- деді өзін әзер тежеп хан алдындағы қараша бейнесіне келіп.
– Татанұнға,- деді Бұйрық хан алтын тағына шалқалай шірене беріп. Дауысы қанатты қара сәйгүлікке мініп қалың қолын бастаған кездеріндей аса айдынды шықты. – Жарлығымды шимаилап ұлы Найман ұлсының жалпы қарашасына жеткіз.
– Мақұл алдияр хан тақсыр. Ықшам киініп, қолтғына алтын шығырықтар мен безендірілген қарағайдың қабығына бояған тері қоржын қысқан, қырық жастар шамасындағы адам тері қоржындағы тоз бен қапталып тарамыспен түптелген жарлықнаманы, қара шимайлағыш алып сирағына күміс қарғашалар қағылған үш бұтты тақтайға қойып дайындалды.
– Осы қоңырқай даланың Үліңгір көрініп тұратын бигіне Қызғалдақ бикенің сүйегі қойылып Тәңірге тапсырылсын. Қызғалдақ бикеден оңтүстік жағына қанатты қара сайгүлік бес тұрманымен жерленсін. Қызғалдақ бикенің солтүстік жағына менің көрім қазылып даярлансын. Басыма орнатылатын балбалдар қашалып жөнделсін. Менің жанарым жұмылған мезгілден бастап Найман ұлсы кешегі құда-андамыз, бүгінгі ант аттаған жауымыз болсада түбі бір туысымызға бодан болып ата мекенде қалсын.
Ханның әрбір дыбысына салмақ сала айтқан жарлығын ілесе жазып болған Татанұнға «жазып болдым» дегендей оң қолымен кеудесін басып, жүрелеп отырған қалпымен еңсесімен иіліп ханға қарады.
Орданың ішін беймаза тынштық басты. «Қонарын сай білетін» сорлы қаңбақтарды үйіре құтырып соққан қара құйын орданы ұрып өтті. Орданың алтын құймалаған шаңырағы шайқалып, тұтас ұяғашы сықырлап барып тоқтады. Кенет, төрде отырған Көксау Сауырық батыр еңіреп жылай бастады. Батырдың тостағандай көзінен аққан жасы бетін жуып ақ сақалына сорғалады. – Жоқ жыламаймын,- деді бір кезде өзіне өзі сөйлеп. – Ең алғашқы, ең соңғы көз жасым бұл ес білгенінен бергі. Мен кетемін, өліспей беріспеймін. Шіліңгірдің басын айналып Керулендегі Санғұнның ордасын шабамын. Санғұн өлсе Керейдің күні батқаны. Одан ары Қотанға сарыр қорқақ, бақайын шайнар долы болсада Таянь ханға кетемін.
Орнынан ұшып тұрып адымдай басып орданың есігіне барып қайта бұрылып басын иді: – Хош болыңыз хан ием. Хош Найманның баһадүрлері Тәңір алдында дидарласармыз... Есіктен шыға жөнелді.
Бұйырық хан бастап ордадағылар түгел далаға шықты. Артынан өзіне қарасты қолын ерткен Қотанға Сарыр батыр шығысқа бет түзеді. – Қайран қарт батырым-ай, қас қыран сияқтысың-ау, - деді Бұйрық хан ауыр күрсініп... – «ақ иықты» қоя беріңдер.
Орданың құсбегісі босағада байлаулы тұрған бүрктті алып шығып томағасын алып аяқ бауын ағытты. Тау теке терісінен тігілген биялай киген оң қолындағы бүркітті серпе көтеріп қалды. Бүркіт кереге қанаттарын серпе қағып аспанға көтерілді де тура шығысқа қарай ұшты. Бұйрық хан оның артынан қара ноқатқа айналып көрінбей кеткенше қарап тұрды.
Көкбөрі ұлыған,
Ақбөкен аунаған,
Қадырлы тау – далам,
Оқимын бағызы
Ақылын абыздың
тастағы таңбадан.
Әлқисса.
Ханның жарлығына сай қоңырқай даладан үш көр қазылып даяр болды. Көрдің қабырғасына тақтай тастар қаланды. Бетіне жабылатын тақтай тастар арбаға артылып әкелінді.
– Көр қазылып болды,- деді Көкше әулие бір кезде. – Алдияр рұқсат берсе ханым мен қара сайгүлікті Тәңір иемізге табыстасақ.
Бұйрық хан үнсіз басын изеді.
– Қызғалдақ бикені төсегімен әкеліп бұйырған топырағына жатқызыңыздар,- деді Көкше әулие.
Алтындаған қайқыбас төсекте еркін көсіліп жатқан Қызғалдақ бикенің тірісінде тағынған, тағынбаған алтын-күміс, інжу-маржандары басына жасталған. Киімдері аяғына қойылған. Кеудесіне дейін торғын көрпе жабылған. Ас ішетін алтын аяғы, алма бетін көретін мыс айнасы... «Әйтеу бірдемесі ұмыт қалмаса екен» деп ойлады әлде бір жасауыл «Керегімді айналып алармын дейтін сапар емес ғой бұл. Ол дүние, Тәңір алдында бірдемеден кемдік көрмесе екен. Біреуге кіріптар болмаса екен. Біздің қатын сияқты қой сауып қорықтық іше беретін салпы етек емес ғой бол кісі...»
Бұйрық хан маңдайынан еппен искеп қоштасты, мұздай. «Тәңір алдында да саған адал жар, қормал қорған боламын...»
Көкше әулие қобызын боздатып қызғалдақ бикені тәңірге тапсыра бастады. Көрдің тақтай тастары мен жабылған бетіне жас топырақ үйіліп, қоянжонданғанда барып қобыз дауысы үзіліп кетті.
Екінші көрдің басына алтын ері ерттеліп бес тұрманы толық тағылған, қанжығасына күміс тиекті өрме шідер байланған қанатты қара сайгүлік әкелінді. Бұйрық хан сулығынан ұстап жалынан сипады: – Күміс бұлақтан суарып, жұпарлы жапырақтан жұлғызып, жалыңды тарап, құйырығыңды сүзіп ол дүниеде де сені қасиеттеп мінемін жануарым...
Дәл осы кезде Керей, Қият, Жалайырдың қылышынан қан тамған жойқын қолы қатар түзеп аяңдап Найман қолына таяп келе жатты.
Бұйрық ханның алдына жорықтарда мінетін екінші бір сенімді серігі жалбас ұзын торы көлденең тартылды. Хан жаны кеткен жаралы аяғын сүйрете «Көк Тәңірім жар болғай» деп жалбас торға мініп қара тамақ найзасын қолына алды. Әудемінен кейін қылыштарын жалаңаш ұстап, найзаларын көкке қаратқан қатар-қатар шеп құрған екі жақтың қалың қолы бірін-бірі анық көріп, айғайлап жауаптасатындай жақыннан бетпе-бет келді.
Қарсы жақтың қолының алдында есікпен төрдей құлаға мінген еңгезердей сары шегір Темүжін, қолдары құрықтай, аяқтары сырықтай Жалайыр Майқыби, мінгені тықыршып шырық көбелек айналып жер тарпып тұрған алпамыстай Тұғырыл. Сақалының күмістей ағарғанына қарамай жұрт көзіне түскісі келіп тұратын даңғой кісі ме екен. Әйтпесе, мынау кербалақты қанды жорықта емес той-топқа мінсе жарасқандай ма, қалай?!.
Бір кезде еңсесін тік ұстап, жалбас торыны аяңдатып ортаға Бұйырық хан шықты. Найзасын көкке сермеп «Көк Тәңірім жар болғай, көк Тәңірім жар болғай» деп айғайлады. Оның ұран тілегін Найман қолы қайталап, қоңырқай даланың аспанын жаңғырықтырды. – Темүжін,- деді содан кейін екі жақтың алдыңғы адамдары анық еститіндей дауысын көтеріп: – Жекпе- жекте менің жанымды аласың. Менің жаным кеудемнен ұшқан мезгілден бастап аламан қолым мен қараша халқым үлкен ұлың Жолаушыға бодан болады...
Темүжіннің екі беті дуылдай қызарып намыс пен ызадан қаны басына шапшыды. Есіне осыдан 25 жыл бұрын жігері құм болып өле қорланған кездері түсті. Я, ол... Келіншегі Бөрте бикені ұзатып әкеліп ұлан-асыр той жасаған, ән шырқалған, би биленген қымызға қызып, әркіге қанған жұрт кештетіп әрең тараған. Жесірліктің азабын көп арқалаған ұлын бәйбіше өзінің төркіні «қыздары сұлу қоңыраттардан(6)» келін алғанына жүрегі жарыла қуанған. Жетімдікті, қақты-соқтыны көп көрген, жарлыға жаны ашып ауыратын жұмсақ жүректі болып ержеткен Темүжін де «ес жиып, етек жауып, елімен теңелгенім осы шығар» деп ойлаған. Жас жұбайлар шырақты үрлеп өшіріп, шымылдықтың ішіне кіріп енді күбірлесе бергенде, қара жерді солқылдата шапқан қалың аттың дүбірі естілген. Қорыққан ауыл адамдары ұлардай шулап алды-алдына қашқан. Зәресі зәр түбіне кеткен Темүжін де жалғыз атын ерттеп алдына шешесін мінгізіп артына өзі мінгесіп, тым құрыса найзасын алуғада шамасы келмей тұра қашқан. Он бесінде әбден толған айдың сүттей аппақ жарығында жалаңаш балтырлары сидыңдап, ақ дидары ағараңдап, жартылай жалаңаш бөрте сұлу жылап-еңіреп қала берген.
Қаша алмай қалған адамдардың өлтіргенін өлтіріп, тұтқындағанын тұтқындап, ілкке алатын дүниелерді тонап алдыға түскен малды айдап, Бөрте бикені ат артына салған Меркіттер ырғалып-жырғалып еліне қайтқан.
Ауылының тамтығын әзер жинап ақыл құраған Темүжін құда-андасы Жалайырдың Жамұқасына, арасы айшылық жол Керейдің Тұғырылына кісі салып «бөртені құтқарыссын» деп жалынып-жалпайған. Біреудің ісі түссе дөнен итше керіле кергитін Жамуқа алдына үш барғызып әрең мақұл болған. Ал, көп замандар іргесін жау баса алмаған жауласқанын өздері барып тонайтын Керейдің жаз жайлауда қымызға қызған қиядағысымен қияндағысын жинап аламан топтап, ат жаратып Тұғырыл келіп болғанша үш- төрт ай уақыт өткен.
Темүжінның үріккен қойдай аз қолына батыры мен бағыланын таңдап ерткен Жамуқаның сайдың тасындай ребдел қолы, оған Керейдің таудан құлаған тасқындай қалың қолы келіп қосылғанда Темүжін әкесі Ясукей тіріліп келгендеи болған. Көңілі босап көзіне жас келген. Атынан түскен қапсағай Тұғырылдың құшағына кіріп еңіреп жылаған. «Мен сіздің тонды ұлыңыз болайын, келіншегімді құтқара көріңіз» деп өксіген.
– Жә,- деген сонда Тұғырыл хан: – Ер жігіт еңсесін түсірмес болар. Бәрі орнына келеді. Келінді құтқарамын. Осы соғыстың бас қолбасы андаң Жамуқа болсын. Мен сенің өзіңе көз құлақ болайын. Меркіттің ерін өлтіріп, елін талармыз, сайгүлігін сабын қылып қуармыз, кегің сонымен қайтатын болар.
Айтқандай бұл қалың қол Меркіт елін аямай қырған, аяусыз олжалаған. Қирай жеңілген елдің ішін аралап «Бөрте», «Бөрте» деп айғайлай шапқан Темүжіннің дауысын танып ақ томағадай отау үйдің ішінен еңірей жылап Бөрте бике шыққан «Кешір мені»...
Құланың басын тартып Бөртеге қараған, о, құдырет, көк Тәңірім! Қияқ айдай қиылған, сұр бедеудей жараған Бөрте бике толған айдай буазып дөңгелене толған-екіқабат. Ақ мамықтай дидары қара жағалданған – алғашқы құрсақтың белгісі. Әлде бір кейуананың жеңіл жүрісті көргенсіз қызына «үй қара бет» деп ұрысқаны құлағына келгендей болды.
Темүжіннің жүрегінің тұсы біз сұғып алғандай шым етіп барып шағып ауырды. Мейірімге ме, жанашырлыққа ма қатысты әлде бір жүйке тамырының «тырс» етіп үзілгені құлағына естілді. Бөрте бикені құтқарғанына қуана алмады. Өзінің өмір бойы қуана алмасын сезінді. Қорланды. Кешігіп келген Тұғырылды, құда-андалы бола тұрып алдына үш барғызған Жамуқаны қылышпен турап өлтіргісі келді. Ішінен «жер бетіндегі барлық ханды өлтіріп қатынын тартып алмасам...» деп тістенді.
Бөрте бикені «қайтсем құтқарамын» деп уайыммен өткізген үш-төрт айда бұлай боларын жас Темүжін тереңдеп ойлап көрмеген. Бөрте бикені баяғы төркінде жүрген қылықты қыз бейнесінде елестететін. Енді міне алдында екі бұтын талтақ алған, бір білегін бүйіріне таянған буаз қатын тұр. Недеген қоршылық еді. Мына күнді көргенше баяғыда Бөрте бикені құтқару жолында Меркіттердің қолында неге өлмеген.
Дәтке қуат па?! Болмаса шынымен солай ма? «Тойдың абыр- сабырында өзім де бірнеше рет бірге болып едім» деп ойлады. Бір кезде қастарына қылышынан қан сорғалап, қанжығасына кесілген бас байланып Жамуқа келді. Жамуқа – кесек денелі, етті-женді, бұйра кекілді, беті көкшіл жыпсық көзі мен көкшіл беті күлімсіреп тұрған сияқты сезілетін. Әдетте бір көрген адам оны күлімсіреп тұр деп ойлайтын. Бірақ жүрегінде қашанда зар жататын. Жетінші атасынан бері әдеттерінде олар мынау байтақ сахарада кім кімнің жақыны? Кім кімнің құдасы, кімнің қайсы атасы қандай? Қайсы шешесі сумақы, қайсы қызы сорақы осы туралы сұрастырып жүретін. Елдің жақсылығын көрмейтін. Біреумен жауласа қалса «оның пәленшесі былай болған...» деп жамандығын жіпке тізіп шыға келетін.
Жамуқа келе ауыздығымен алысқан сайгүлгінің басын тартып Бөрте бикеге қарады. Екіқабат, бірақ аса көрікті. Сұмбыл шашы судырап, Темүжін мінген құла сайгүліктің жалын құшып егіліп тұр. Қандай сұлу?! Ал, өзінің келіншегі шы? Атастырғанынан ала салған басы қазандай, ауызы арандай әншейін біреу. Әдетте ішіне ине айналмайтын қызғаншақ, оның өзегіне өрт кетті. «Бекер-ақ құтқарысқан екенмін» деп ойлады. Сөзге көп еретін Тұғырыл қақбасты айласын тауып ары бұрып әкетуге болатын еді ғой. Керейдің кеудемсоқ қалың қолы болмаса Темүжін Меркіттің итіне тисе аларма!?. Ол Темүжіннің көңілсіз екенін байқады. Неге көңілсіз екенін білді.
– Темучін анда, деді қылышын қынабына қаны сорғалаған күйінде салып жатып. – Бөрте сөзсіз ұл табатын шығар. Атын мына мен қоямын.
– Жарайды, жә, кім деп..?
– Бөрте бике ұзатылып келе алысқа кетті ғой, баласының аты «Жолаушы» болсын.
Темүжін Жамуқаның қорлауға толы кекесін сөзін неге айтқанын білді. Бөрте бике ұл тапса оның баласына қойылғалы тұрған «Жолаушы» деген бұл есім өзінің өле қорланған осы сәттерін өмірінің соңына дейін әр күн, әр сәт сайын есіне салып азаптайтнын ойлады.
– Жарайды, болсын,- деді. Қанын ішіне тарта сұрланды. Ерекше ызалы рухи күйдің әсерінен барлық дене қаны қажетті бір ішкі мүшеге құтырына жиналып жатқандай болды. «Жа, енді мына ант атқыр Меркіттерді қынадай қырмай не қылып тұрмыз». Құла сайгүлікті қос өкпесін тесе тебініп алмас қылышын жарқылдатып шаба жөнелді.
Кейін Бөрте бике босанып ұл тапқанда келіскен сөз бойынша баласының атын Жолаушы қойды. Бұл кекесінімен қойылған есімді кейін сахаралықтардың әдетінше ұлын әже әдейі қысқартып «Жошы» деп еркелетіп жүріп тұтас ауылға Жошы атандырды.
Сағымды сахара,
Аламан дізілген,
Адырна үзілген,
Бақыты даламның
Қартайған қағанның
Ордасы тігілген.
Әлқисса.
Тұтас қоңырқай даланы сәйгүліктерінің тұяғымен турап бетпе-бет келген жауласқан екі жойқын қолдың ортасында тұрған Бұйырық хан саңқылдай сөзін жалғап: – Менің жанарым жабылған соң Найман ұлысы ата мекенде жайлап қалсын. Менің басыма, қара сайгүлігімнің басына, сен атқан улы жебеден жазым болған жазықсыз Қызғалдақ бикенің басына он екі қанат ордамдай үш кесене - «Мықтың үйі» тұрғызылсын.
– Болсын,- деді Темүжін гүр етіп. Содан, – бар,- деді Жалайырдың көк долысы Майқыбиге иегін көтеріп. – Шап мына жауыздың басын.
Ортаға құстай ұшқан сәйгүлікпен Майқыби шықты. Торғай көзді ақ сауыттың жағасын көздеп өндіршектің тұсын ала «өлер жерің осы-ау» деп қылшылдата қайыралған қара тамақ найзасын сілтеді.
Бұйрық ханның жаралы аяғы шірене тіреуден қалған еді. Тұтас бір саны көкталақтанып, жарым денесінің бар безі шошына ысынып қалқан ұстаған сол қолы зілдей ауырлаған. Жауының алғашқы найзасынан да қорғана алмады. Сермей сілтенген найза ақ сауыттың жағасын жырта кіріп өндіршектен сұғына бойлап, күре тамырды қия желкеден тесіп өтті. Бұйрық ханның көзінен дүние бұлбұл ұшып, шырық көбелек айналды. Майқыби найзаны жұлқа кейін тартқанда қоңырқай даланың аспанын соңғы рет бұлдыр көріп «Көк Тәңірім жар болғай» деп күбірлеп жалбас торыдан сырғи ауып түсті. Дәл сол кезде Найман ұлысының қалың қолы аттарынан түсіп Темүжін мен Тұғырылға қарап бастарын иді.
Осыдан жарым айдай уақыт өткенде Найман қолын «Жолаушы» бастап қоңырқай даладан аттанды. Олардың артында қоңырқай даланың май қоңыр топырағынан, жылқының қылын араластырып соққан, сыртын ақ балшыққа дойыраның тұзын қосып сылаған ордадай үш кесене қалып бара жатты.
Бұл қалың қол Шіліңгір өзенінен қайта өтіп Алтай тауына беттеді. Олардың алдында талай қырғын соғыс тосып тұрған еді. Осыдан он неше жыл уақыт өтіп Темүжін – Шыңғысхан атанып тұтас ұлан даланы әміріне қаратқанда «Дашты Қыпшақ» Жолаушының үлесіне тиді. Сүйтіп «Мыңғол» аталуға тиісті Қият, Найман, Керей, Жалайыр, Қоңырат тағы қанша туыстас ұлыс осы ұлы ханның билігіне қарады. Сүйтіп қазақ атты халықтың қазақ атын алмай тұрғандағы тұңғыш ханы «Жолаушы» ұлын әже әдеиі қысқарта еркелеткен «Жошы» деген есіммен тарихқа қалды.
Ал қазақ аталуға тиіс қаншама туыстас ұлыс, Қияты бар, басқасы бар Меркіттің тамтығы, Керейдің қалдығы, Найманның жоңқасы, Қоңыраттың негізі, Жалайырдың мыңынан, қол топтап «Мыңғұл» атанып Шыңғыстың тақ мұрагері Төле+(ген, у)-ның қол астына қарап қазіргі Мұңғұл Үстірті атанған кең байтақ сахарада қалды.
Осы туыстас ұлыстар замандар өте келе тілі мен діні қазақтан өзгешелеу болып қалыптасты. Бірақ Үстірттің суық ауасына аздап бейімделген тұр-тұлғасы мен қапсыз сеніп қалтқысыз ғұмыр кешетін ділі сол байырғы қалпында сақталды.
Осыдан сегіз жүз жыл өткенде баяғы қоңырқай даладағы ордадай үлкен үш кесене – мықтың үйін сегіз ғасырдың дауылы мүжіп, жауыны шайып қойшының күркесіндей үш томпаққа айналдырды.
Жергілікті халық сол араны «үш томпақ» деген атпен атады. Сол «үш томпақтың» біреуінің үстінде тыртиған арық қойларын жайып, темекісін тұғылдай сорып, ауызынан арақ исі аңқыған қойшы отырды. Әлде кім сәлем беріп жөн сұрады.
.................
– Ауыл қайдан?
– Жетарал ауылы, Қарабие қыстағынан.
– Қазақтың қайсы руынан? Атың?..
– Орта жүз, Найман, Найман ішінде... Өзіңіз қай туған?
– Қазақтың Орта жүз Керейінен... Жеңгең Қият төре. Алла ерекше жаратқан ұлы әмірші бабамыз «хан Шыңғыстың» тікелей ұрпағы.
– .............................
– .............................
– Е, шопан мырза... Жә.
Қол телефонның тіл тақтасымен жағаласып әлде бір мағынасыз жыртақпен мәз болып отырған «шопан мырза» өзі отырған төмпештің астында бағызы батыр бабасы Бұйрық ханның киелі басы жатқанын білмейтін еді, білуі де мүмкін де емес.
Соңы.
- (1)Үш томпақ – жер аты
- (2)Шіліңгір – қазіргі Үліңгір өзеннің басында үлкен күміс текті аспанынан түскен метал болған. Одан ұсталар шақпымен күміс шауып алатын болған. Ұстаның ең атақтыларын қазақ Шіліңгір деп атаған.
- (3)Майқыби – лауазымы емес аты.
- (4)Анжы – терең жарақаттарға бітеу жараға айланбас үшін өткізетін жылқының қылынан жасалған білте.
- (5)Жан шақыру байыты – ертеде қазақтар оқыстан өлген немесе өлімші болған есісз адамдарды, ақ киізге орап ұйге қойып не тербетіп сыртта біреу ақ атқа мініп жанын шақыратын болған.
- (6)Құпия шежіреден.
6alash ұсынады