Он сегіз күзден кейін сарала күздің соңына ала туған топырағыма оралып келдім. Жарықтық туған жерім өзгерген-ақ екен. Төрт шоқы мен жетім қызылдың арасындағы аңғарға орналасқан, тастан қаланған таулы қыстақтың аңырап жұрты ғана қалыпты. Елі сонау ойдағы неше жүз шақырым шалғайға, қатынасы қолайлы орталық қалаларға жақын түрлі ұлттар қоныстанған өңірге түп қотарыла көшіп кеткенін естгенімін. Қалтасына асық толтырған, қасына «Аққоян» атты алжыған төбет ерткен қайран балалық шағым өткен; он сегіз жыл алыста жүргенде күндіз есімнен, түнде түсімнен шықпайтын таулы қыстақ ботасы өлген аруанадай аңырап тұр. Әжеммен еріп есігінен кіріп төрінен шығатын құтты мешін үйлердің, сабақтастармен бірге талай жасырынбақ ойнаған мал қоралардың төбесі бұзылып әкетіліпті. Иен қыстаққа ала бота мен ермен еркін көктеп, мына күз соңында қурайланып жел соқты болды зарлап сала береді екен.
Адамы құрып жоғалған әлде бір жұлдызға жалғыз келгендей болдым. Жүрегім шымылдап ауырып, көзіме жас келді. О, тәубә! Иен қыстақта әбден арықтаған, кәртейген, неше жылғы түбіті түспеген алба-жұлба ақ төбет жүр.
Япырау! Мынау Аққоян ғой. Дәл өзі. Әжем қайтыс болып мен осы қыстақтан кеткенде мен отырып кеткен астық тиеген жүк машинасының артынан қыңсылай жүгіріп шаңға көміліп қала берген. Сол кездің өзінде алжыған Аққоян- ғой.
– Аққоян, Аққоян, деп айғайладым. Ит аңырып біраз тұрып жан- жағына жалтақтай қарана бастады.
– Аққоян, Аққоян, көшік, көшік, итаяғыңа ас құйдым. Осыдан он сегіз жыл бұрын оны шақырғанда айтатын сөздерім еді.
Аққоян қыңсылап маған қарай жүгірді. Қасыма келіп телімріп біраз тұрды да қыңсылап аяғыма орала кетті. Екі көзінен аққан жас жерге тамшылады. Отыра қалып оны құшақтадым. Менің жүзімді жуған жас Аққоянның алба-жұлба арқа жүніне тама бастады. Аққоян құйрығын бұлғап қыңсылап біраз жатты да орыннан сүйретіле тұрып, төрт шоқыға қарап арсылдап үре бастады. Төрт шоқының бауырындағы қара жолдың шаңын бұрқыратып, осынау иен тауға мен отырып келген, төрт шоқының түбінен темір өндіретін завод салатын сайман тасыған жуан жүк машинасы кетіп барады. Аққоян қарлыққан, жарқышақтанған дауысымен арсылдап біраз үрді де шоңқайып отыра қалып аса бір аянышты зарлы дауыспен аспанға қарап озандата ұлыды. Баяғыда, бала күнімде қыстақта ит ұлыса әжем марқұм бақан ала қуалап, қарғап-сілейтін: «Өз басыңа көрінсін оңбаған, сумақы, тегі жаман, бұралқы. Бөріге жем болғыр...»
Мен олай демедім. Аққоянның желкесінен, маңдайынан сипаладым. Оған жаным ашыды, аядым. Бір кезде дүрілдеген тіршілікке толы малы мамырлай өріп, шөл бидәйі жайқала өскен таулы қыстақтың иен жұртында әбден кәртейген шағында, егін салынбаған ту атыздардан тышқан аулап аштан-аш қалса ұлымай қайтсын. Апыр-ау, осыдан он сегіз жылдың алдында әжем: «Аққоян алжып жүр, мұның да өлер шағы болды...» деп отыратын. Содан бері қалай тірі жүрді екен. Өзі кәртейгенше мен бастауыш мектепті бітріп есейгенше қасымнан қалмайтын. Бәлкім, мені сағынып сонша жыл тірі жасаған болар. Менде осы жылдарда от арбаның астында қалдым. Асу аттан жығылдым. Бәлкім мені де мың бір атты пәледен, ажалдың алып тырнағынан аман сақтап жүрген қырық шілтенім – осы туған жерге деген, әлде кімге деген сарғайған сағыншым шығар.
Өзімеде өзімнің жаным ашыды. Ту алыстан аңсап жеткенде, туған қыстағым баяғыдай болса қандай жақсы болар еді. Әжемді көре қалған кариялардың көзі тірілері басымнан сипап, бауырына басар еді ғой. Құлын- тайдай тебісіп өскен құрбыларымның ескі сырмақ төселген төріне шығып, баяғы бағзор бала күннің қиқу-қиқу қызықтарына кетер едік ғой.
Ақ төбет қыңсыланып сүйретіле орнынан тұрды да артына жалтақтай қарап қыстақтың шығыс жағындағы тұмсықтағы қабырыстанға беттеді, мен артынан ердім. Қабырыстандық недауір үлкейіп қаланыпты. Бұл қыстақтағылар көр топырақтың сыртын төрт құлақты қорған етіп жинайтын. Көр топырақтың бас-аяғына Көкебұлақтың темір құрамдас зілдей ауыр қара тасынан ұзыншағын тауып әкеліп орнатылатын. Орнатылған осы ұзыншақ тастар осы өңірден кезігетін байырғы қорымдарға орналған балбалдардың сарқыншақ салты сияқты еді.
Қабырыстанның шетіне іліне жаңағы аңыраған көңілім орнына түсіп, ауызыма тығылған жүрегім ары шегініп, қаңғырығым түтеп айдалада адасып жүріп рулы елдің үстінен түскендей көкірегім кеңіп сала берді. Ауыл алысқа көшкенімен ауылдасымның көбі көштен қалып мені осы арада тосып жатыпты марқұмдар.
Бейіт қорғандарын аралап әжемнің басына беттедім. Әне, әжемнің абажадай төрт құлақты бейіт қорғаны. О, тәубә, әлгінде менен оза жөнелген ақ қоян бейіт түбінде өліп жатыр. Іші-бауыры белдемесіне жабысқан, қабырғасы арса-арса, бозамық қызыл тілі топыраққа тиіп, ауызы арандай ашылып, көзі ақшырайған күйінде жан тапсырыпты. Қорғанның тақтай есігінің қайыс топсасы үзіліп жерде ақсөңке болып шашылып жатыр. Қорғанның ішіндегі көр топырағы жайдақталып қаулап алабұта өскен. Қорғанның тас қабырғасына құс саңғырып ақжағалданған. Он сегіз жылдың жауын-шашыны тісін батыра алмапты. Мызбақпай суық сазарады. Абажадай қорғанның ішінде жалғыз адам – әжемнің бейіті. Қалған жері қаңырап бос тұр. Ел аумаса, мен кетпеген болсам бір күндері жамиғат жиналып, ақ тілектермен арулап, ақ киізге орап мені де осында әкеліп салар еді ғой. Ондай бақыт қайда енді?! Ауылдастарымның аруақтары ғана қалған. Тірілері тірлік үшін алысқа ауып көшіп кеткен(бет алған жақтарынан жарылқансын).
Аққоянның өлексесін әжемнің қорғанының түбінде қалдырдым. Жыра- жықпылдарға сүйреп мазалағым келмеді. Мынау күз соңы. Енді бір-екі жұмадан кейін Көкебұлақ өңірінің – Қара Ертіс жағасының борансыз қыз мінездес қысы басталады. Торғайбастап қар жауады. Аққоянды табиғат ақ көрпесімен қымтайды. Сосын, көктем келіп Талдыбастауға баяғыдай сарала қаз қонғанда табиғат ана мөп-мөлдір қар суымен арулайды. Жылжып жылдар өткен сайын жидіп түскен жабағы жүнін жел ұшырып, сарғайған сүйегі ғана қалады. Оны да уақыт оза аң кеміріп, құс әкетіп көзден ғайып болады. Бұдан кейін «Аққоян» атты ит болғанын ешкім де білмейді. Баяғыдай күн батып, таң атып бас-аяқсыз ұлы уақыт ұмытып кете барады.
Әжемнің қорғанына арқамды сүйеп «Аққоянның» өлексесінің қасына шоқайып отырдым. Елі кетіп, елгі қалған туған жердің тусыған даласына қаулап өскен мың түрлі шөп әбден пысып, сарғайып сағынштың сары теңізіне айналған. Алыстан Қара Ертістің сарылы естіледі. Осыдан он сегіз жылдың алдындағы сарылынан бір аумайды. Иә, осыдан он сегіз жыл бұрын...
Көзіме әжемнің мейірлі жүзі елестеді. Бүкірейіңкіреп жүретін, биік қабақты денелі... Әне ол кісі қабағы қарыс түйіліп көрші келіншекке ренжіді.
«Қарғыс атқыр саудайы, алтын көкірек ер азаматты қорлап сенде оңбассың, жеті жарғымен ел басқарған бағызы заман болса үстіңінен қой айдап өлтіретін еді сені».
Әлі есімде біздің есік көршіміздің үйінде бір келіншек бар болатын. Бұрала басып бұлақтан су әкеле жататын. Әжемеде маған да су тасытпайтын. Біздің үйдің суын да сол әкелетін. Есімде қалуынша, қаншалық құрақ ұшып әжелеседе әйтеу әжеме бір жақпайтын. Ол бұрала басып су әкеле жатса; жол жағасындағы «Бақбайдың қырманның» тас қабырғасына сүйеніп, темекілерін бұрқылдатып ішінде Әлім ағай бар бір неше жігіт тұратын.
– Шіркін қолаң шашын-ай.
– Бұраң белін...
– Оң жақ езуін тарта бір жымиғанының өзі шын сүйген маған тұтас өміріме жететін азық ғой.
– Сонда сендер қайтетін болдыңдар. Мынау ана мондыбасынан шынымен ажыраса алама?!
– Баяғыда ажырасты емес пе? Үкімет орындарынан бітпегені болмаса бірге жатпағалы жылдан асты. Әуелі біз оның алтын құрсағындағы баламызға ат қойып та үлгірдік.
– Ой, не дейді мынау. Қайырлы болсын. Балық балтырлы қызға қарамағанда есік көрген, бесік көрген мынауың... Әй, бірақ, мынау пәлекетің лаулап жанып жатқан өрт ғой. Жалындап барып құзғындыдан батқан күн бе? Қияғынан сүт тамшылап төрт шоқыдан туған жаздың айы ма?
– Атын кім қойдыңдар дүниеге келетін сәбилеріңнің?
– Аякөз
- Үй, бұл қыздың аты ғой, егер ұл болса-шы?
– Жоқ, ол сөзсіз қыз болуы керек. Және шешесіне тартқан сұлу, сұңғыла... Мен оны Көкебұлақтың күзгі ақ селеуіндей желкілдетіп өсіремін. Шешесіне ұқсап қиыншылықтың құлына айналып, қайдағы бір өзі сүймейтін біреуге тиіп өксікті өмір кешуіне әсте жол бермеймін. Ғашық болып қайыршыға бас қосса уығын алтындаған ақ отау көтеріп беремін,- осыны айтқан шардақ қарын Тоқаштың үлкен ағасының көзінен екі тамшы жас домалап түсті.
Осы кезде Талдыбастаудың сынаптай мөлдіреген суы лепілдей толған екі шелекті иін ағашпен солқылдата көтерген көрші келіншек біздің тұсымыздан бұрала басып өтіп бара жатып бізге (ішінде қырманның тас қабырғасына сүйеніп қолына асық ұстап, қасына «Аққоян» атты алжыған төбет ерткен, аңыра әңгіме естіп тұрған он екі жасар ұл бала менде бар бір топ жігітке) бұрыла қарап бір жақ езуін ақырын тарта жымиып маржан тістерін жарқырата басын изеп амандық ишарасын жасады.
Содан қанша заман өткеннен кейін екенін білмеймін. Көкебұлақ қыстағының кариялары ауызының суы құрып әңгімеге қосатын сағынған көктем де келді. Сай саланың бәрінен қардың суы сел болып ақты. Қыраттардың бәріне қызғалдақ көктеді. Ешкілердің бәрі өздерінің сабалақ- сабалақ жүндеріне ұқсамайтын әдемі лақтар емізді. Төрт шоқының төбесінен сап түзеп айнала ұшқан қалың тырнаны Кәкіш, Тоқаш, Мейіратқан, Айқын бесеуіміз қанша санасақта дұрыс санын шығара алмадық. Бірде төрт жүз қанша болса, бірде үш жүз қанша болды.
– Ай, шырақтарым-ай, қайдан санатсын. Бір шеті көкжиекке сіңіп жатқан ұлы керуен,- деді сақан молла таяғына сүйеніп буындары сықырлай қасымыздан өтіп бара жатып.
Ал Әлім ағай, қасындағы біреуге біздің көрші келіншектің қызғалдақтай құлпырып алғанын айтып бара жатып:- қазыр нақ санаңдар, күзде қайтқанда қаншалық көбейер екен,- деді күліп.
Сол күннің ертеңінде әжем екеуіміз тәңертеңгі шайымызды ішіп отыр едік баласын көтеріп көрші келіншектің күйеуі кірді. Өңі өте сынық, көздері қызарып кетіпті.
– Аман қондыңызба, әже.
– Аманшылық балам, аманшылық. Кәне төрлет, шайға кел.
Ол баласын алдына алып төрдің алдына жайғасты. Баласы былдырлап әлде нені айтып сөйлей бастады.
– Әже шайды аз құйыңызшы. Кеңірдегімнен өтетін емес. Әке-шешем өлгелі мейіріміңізге бөленіп құйған шайыңызды шешем қайнатқан шайдай көріп ішуші едім. Міне енді алысқа аттанарда қолыңыздан бір шыны дәм татайын, сізге қоштасып кетейін. Мына жаман бауырымның маңдайынан иіскеп кетейін деп келіп тұрмын. Бір кезде бала-шағасы жас өзі науқас кезде менің еңбегімнен пайдаланып, салт бас сабау қамшылы күйіме қызығып атамыз үлкен қызын беріп үйіне кіргізіп алғанын білесіз. Бауырлары ержеткен соң келіншегім «менің бұрынғы ғашық адамым бар» деп басқамен көңіл қосты. Менің ел-жұрттың алдында кеуде көтеріп жүретін бетім қалмады. Сонау алыс Боғда тауында баяғыда Алтайдан ауып кеткен нағашы жұртым бар екен. Соларға барып жан бағамын. Ал, әже сау болыңыз. Мынау жаман сарыңыз келіншек алғанша аман жасаңыз. Келші бауырым маңдайыңнан иіскейін. Туған жерімді, әжең екеуіңді сағынамын ғой, мен. Бірақ, ат ізін салмаспын көңілім қалған «қайран жерге».
– Алла, жарығым-ай, түңіле сөйлемеші. «Ат баспаймын деген жолын үш айналып басады» дейді. Сенің де бақытың ашылар. Ай маңдайлы арумен бас құрап туған ауылға ораларсың. Мына қоржынды кететініңді, кетерде маған қоштаса келетініңді біліп дайындап қойдым. Артыңа бөктерде кет. Бір басына азық-түлік, сонау адыра қалған кезде төркінімнен келген мыс шәугімді салдым, жолда ыстық су ішерсің. Кейін келіншек алғаныңда көзімдей көріп келінге шай қайнатқызып ішіп жүр. Бір басына шал жарықтықтың түйе жүні шекпенін салдым. Елсіз иенде далаға қонсаң балаңа жабарсың. Ал енді, кетпек болсаң аттан. Жолаушының жолын тоспа деген...
Бәріміз далаға шықтық. Ол жалбас ұзын торы атының айылын мықтап тартты. Әжем берген ала қоржынды ерінің артқы қасына салып қанжығамен шыңғырта байлады. «Біссіміллә» деп атына лып етіп мінді. Әжем ұстап тұрған баласының бетінен сүйіп «Ал, балам жолдарың болсын, қырық шілтен ғайып еренге тапсырдым» деп кемсеңдей жылап алдына берді.
«Қош болыңыздар әже. Қиямет қайымда кездесейік» жалбас торыны тебініп қалып желдіре жөнелді. «Кешір мені» деді артымыздан бір әйел дауысы жарқышақтанып шықты. Жалт қарадым, көрші келіншек екен. «Мен кешірермін, жүрегім кешірмес. Мынау екеуіміздің ортамыздан дүниеге келген сәби кешірмес, сілесі атар сені» деді. Жалбас торыны желдіртіп бара жатып айтты, аспанға қарап бара жатып айтты. Аспандағы тырналар тізбегіне айтқанға ұқсады. «Серке санды ат мініп сергелдең болған ердің обалы сені де тегін жібермес. Бүгіннен бастап біздің үйге су әкелуші болма» деді әжем. Бірақ, содан кейін де көрші келіншек біздің үйге су әкелуін тоқтатқан жоқ. Әжем де оның әкелген суын далаға төгіп тастамады.
Содан қанша заман өткенінен кейін екенін білмеймін. Біздің қыстақтың барлық жігіті мас болған үлкен бір той өтті. Мас болған жігіттер «Бақбай қырманның» тасынан жиналған қабырғасының түбіне ұмыт қалдырған бір неше бөтелке арақты біздің бесінші кластың оқушылары тауып алып ішіп бірнешеуі мас болып өгіздей өкіріп жылады. Мектеп бойынша жиын ашылып алдыға тұрғызылды. Ақ басты абызалқан мұғалім оларды жымия тұрып сындады. Бірақ олардың біреуі де сын жеген оқушыға ұқсап мүсеуреген жоқ. Қайта олар маған менен гөрі ерте есейіп жігіт қатарына ерте қосылып кеткенге ұқсады да жүрді. Содан кейін көрші келіншек гүлдей жайнап Тоқаштың үлкен ағасының келіншегі болып кетті.
Содан бір ықылым заман өткенінен кейін, Мейратқан ұрдап темекі шегіп жүріп шөптерін өртеп жібергенінен кейін, Ғанибектің қара құнаны селге кеткенінен кейін, Кәакіш екеуіміз төрт шоқының күнгейін кезіп жүріп әрең тауып әкелген тырнаның екі жұмыртқасын асып пысқанынан кейін, аршығанда ішінен әбден жетілген балапан шығып Кәкіштің ағасынан таяқ жегенінен кейін... тағы неден кейін екенін білмеймін көрші келіншек бір қыз балаға босанды. Қалжа тойына әжеммен еріп менде бардым. Баланы әжем бесікке салды. «Аякөз» деген ат қойылды. Көрші келіншек басына қызыл жаулық байлап, оттағы темірдей албырай қызарып торғын көрпеге оранып оң жақта отыр екен.
– Әжесінің баласына тәтті алып берші,- деді ол әдетінше бір жақ езуін тарта ақырын жымиып.
Мен ол кездер ересектікке беттеп үлкендердің берген тәттісін албаты ала бермейтін болғамын.
– Тәтті жемеймін,- дедім.
– Ой, бұл кішкене қарындасыңның арнаулы саған қойған тәттісі,- деп бесікті нұсқап Тоқаштың үлкен ағасы қалтама күшпен салып берді.
Содан кейін көп өтпей біз бастауыш мектепті бітрдік. Ақ басты абызалқан мұғалім нәтижеміз жазылған көрсеткіш қағазды беріп тұрып басымыздан сипады. Нәтижесіне қуанған да мұңайған да ешкім болмады. Кейбіреу көрсеткіш қағазды жұмарлап сол жердің өзіне тастай салды.
– Сен тағы озат көштің. Күзде қаладағы әкеңнің үйіне барып орталау мектеп оқығаныңда жалғасты жақсы оқы,- деді маған.
– Ой, әбе сіз қалай сөйлейсіз, ол ағасы емес пе?,- деді Қабылахат мұғалім қуланып.
Сүйтіп Көкебұлақ қыстағының күзі де келіп жетті. Сарала күз бұл өңірге ең бір қарбаластықты ала келетін. Біреу егін оратын, біреу жалбыз исі бұрқыраған пішен таситын. Біреу отын әкелетін. Сол бір қарбалас адамдарға әдетінше бір жақ езуін тарта ақырын жымиып қарап қуршақтай ғана «Аякөзін» алдына көтеріп көрші келіншек жүретін. Төрт шоқының төбесінде тырналар тізбегі тыраулап не кетпей, не қонбай айналатын да жүретін. Күн өткен сайын тізбегі ұзарып, сақан молла айтқан «алысқа аттанатын ұлы керуенге» айнала бастаған еді. Бірақ, біз оларды көктемдегідей санай алмадық. Бірде Тоқаш пен Мейратқан ағаларына шөп тасысып кетсе, бірде Кәкіш пен Айқын ешкі жайып кетіп басымыз бір қосылмады. Әне санаймыз, міне санаймыз деп жүріп орайы бір келмеді. Ол – асық ауысып андаласып дос болған бесеуіміздің балалық базарымыздың тарай бастағаны екенін мен кейін туған жерімнен алыста жүріп білдім.
Биыл бастауыш мектепті тауысқан он сегіз баладан орталау мектепке «жоғарлап» оқитын мен ғана көрші келіншекті күзеткендей үйкүшіктеп қыстаудан шыға алмадым. Біз түсіп қалаға баратын астық таситын машина әне келеді, міне келеді деп әжем күнде буынып-түйініп әбден әбігерленді. Мені қалаға апарып үш жыл оқытып қайта ертіп келіп, келіншек алып бермекші екенін көрші келіншекке айтып отырды.
– Бұл балаңыз қыстақтағы ең әдемі қызға үйленеді,- дейді көрші келіншек маған мейірлене қарап.
Біз түсіп қалаға баратын астық таситын машина келген күн кешке әжем тұтқиыл ауырып жығылып түсті. «Басым сынып ауырып барады» деді де лоқсып құса бастады. Иегі сол жағына қисайып тілі күрмеле сөйледі: «Балам, әжең сенің қызығыңды көре алмайтын болды. Қаңғырығың түтеседе, қайда жүрсеңде аман жүр қарғам. Ержеткен соң жақсы келіншек ал, тойыңды осы қыстақта істе... Осы жерден кет-пе... ама-на-т...».
Әжем жерленді. «Ауыртпалығын ешкімге салмаған бұл бір жақсы өлім» деді, Төлеу шал. «Бейуақыттың ұшығы жабысып әкетті...» деді, Сақан молла. Қабырын Төлеу шалдың айтуы бойынша қыстақтың шығысындағы тұмсықтағы қабырыстанынан қыстақтың жігіттері «жан ақым» шығарып қазды. Мен еңірей тұрып әжемді топырақпен көмгендермен бірге топырақ салдым. Салғым келмесе де Төлеу шал алдап салғызды. «Әжең қуанады» деді. «Қыста тоңбай жатады» деді. Сақан молла күңіренте құран оқыды. Жамиғатпен бірге менде кішкене алақанымды жайып бетімді сипадым.
Құранынан кейін өлі тынштықты «біз енді кетейік, машина тосып қалды» деп маған қараған ағамның сүйкімсіз дауысы бұзды.
– Шешеңнің басына тігіліп, аруланып мәйті шыққан киіз үйді жетісі өткенше жығуға болмайды. Түнде ішінде шырақ жағылып тұру керек,- деді Сақан молла.
– Енді ол үйдің қажеті жоқ. Жығып, жиып әуіре болу керек емес тұра берсін өзі тозып жоғалады,- деді ағам.
– Бабаңнан қалған қара шаңырақты қаңсытып далаға тастап кетпе, киесіне жолғасың. Әлі-ақ андағы әжесінің баласы осы жерде бас құрап, бауырына қазан асады.
– Бұл енді ит байласа тоқтағысыз тау арасына не іздеп келеді?! Жігттер ана киіз үйді жығып тас үйге кіргізіп, есігін бекіте салыңдар, біз жүрейік жай болып бара жатыр.
– Болады мен буып-түйіп кіргізіп есігін құлыптармын,- деді Тоқаштың ағасы.
Жамиғат орындарынан тұрып тізелерін қаққыштап қайта бастады. Сақан молла ақсаңдай басып менің қасыма келіп басымынан сипады:
– Балам, балам сен бұл жерден түбесілі кетпе. Оқуың біткен соң қайтып орал. Әжеңнің түтінін түтед. Сендер – жастар туған жерді жамансынып бірден, екіден кете бересіңдер. Біз кәрілер келместің кемесіне түсе берсек, онда мына қыстақта кім қалады. Аруақтарға кім құран оқып есіне алады, туған жердің киесі атпай ма?
Осы бейіт басына келген жалғыз әйел заты – бейіт қорғанын жинаған жігіттерге шәй қайнатып беріп жүрген көрші келіншек мен машинаға шығарда үн сала көрсе жылап мені бауырына басты. «Мінгенде атым қарагер...»
Аққоян қыңсылап аяғыма оралды.
Міне сүйтіп аттанған ауылыма он сегіз жылдан кейін оралып отырмын. Алыста жүргенде дидар ғайып кезіккен ауылдастарымынан ел жағдайын сұрайымын. Кариялардың көбі өздері әжемді апарған қабырыстанда қалған. Ауыл тұп қотарыла алысқа көшіп кеткен. Көрші келіншек туралы сұраймын. Аякөз Көкебұлақтың күзгі ақ селеуіндей солқылдап аса көрікті болып ержетіпті. Бірақ, жарым ес, әсіресе тырналар керуені төрт шоқының аспанын айналған күз бен көктемде күресіндегі ескіні киіп, балағынан қан тамшылап, аспандағы тырналарға сөйлеп жүре беретін болған. Шешесі – көрші келіншек буынып өлген. Ел оны бұрынғы күйеуінің сілесіне жолыққан дейді екен. Әкесі маскүнемге айналған. Ел: «балаң жұртта қалды» десе «ол қайдағы менің балам?» дейді екен. Ал екі бетінен нұр тамған сұлу Аякөз көшке ермей, алып кетеміз деген үлкендермен де, қыстақтың жауапты басшыларымен де қарсыласып иен қыстақта қалып қойған.
Қыстақты аралай бастадым. О, тәубә! Бір кездегі біздің тас үйдің алдындағы жер ошақта от маздап жанып тұр. Бейне он сегіз жылдың алдындағыдай. Ырғай қазыққа байланған бұзауын жалап тарғыл сиыр тұр. Тас қазандықтың үстіндегі қара бақырдағы сүттің беті қаймақтана бастапты. Ыңылдап ғана «Қара жорға» күйінің әуенін салып бұратыла «Қара жорға» билеп бір қыз жүр. Билегені соншалық ершімді, талдай майысып, құрақтай ырғалады. Кейінгі мынау осы саланы оқыған адамдар түзейміз деп топалаң тигендей тоздырып жіберген «Қара жорғаға» мүлдем ұқсамайды. Ол бұратыла билеп келіп он сегіз жылдың алдында қоңыр төбел тайым байлаулы тұратын, бұл күнде күнге күйіп ақ сөңкеленген, шыт-шыт жарылған дере ағашқа қарап оң тізесін бүге иіліп оң қолын алдыға созып «Мейрат қайыным саған саттым» деді. Содан тезек толтырыла қазандықтың қасына қойылған ала қапқа қарап «құрбым сен ренжіме» деп басын көтере беріп тарғыл сиырдың қасында тұрған мені көрді.
– Аа-а, амансыз ба?
– Амансың ба қарындас?
Бұл Аякөз екенін айтқызбай білдім. Өңі бір кездегі көрші келіншекке – шешесіне аумай тартқан. Бірақ, одан балғын, ерекше сұлу тұлғасына құп жарасқан кестелі күрме, ұзын көйлек... Қайдан ғана киді екен бағызы ғашықтық жырларының әйел кейіпкеріндей әсем тұлға. Есіме ҚызЖібек жыры түсті. «Ақ дидардың жамалы айдан жауған сағымдай, Кеудесінде қос анар нар бураның санындай...»
– Амансызба, сіз, «Аққоян» емессіз бе, адамға айналып келіп тұрған?
– Жоқ. Менің атым... Бала күнімде осы қыстақтан кеткенмін. Алыста жүргеніме он сегіз жыл...
– Иә, білемін,- деді ол өңі жайнап, – Тірі кезінде шешем айтып отыратын сіз алыста жүріп біздің осы жерді сағынып әндер айтады екенсіз. Сізді жақсы көремін. «Аққоян» екеуіміз сізді көп тостық. Итпісің деген ол ақыры көшкен елдің артынан кетіпті.
Мен не дерімді білмедім. «Аққоянның» өлгенін айтқым келмеді.
– «Аққоян» екеуіміз сіздің түбінде бізді, мына туған ауылыңызды іздеп келетініңізге сенуші едік. Бірақ, мен кейде сізді жек көремін. Шешем тірі кезінде айтып отыратын. Біздің қыстақтан тым алысқа алғаш кеткен сіз екенсіз. Менен бұрында бұл қыстақты жек көріп алысқа, оралмасқа кеткендер болған дегім келді.
Ол ізетпен иіле тас үйдің тақтай есігін ашты.
– Жүріңіз, үйіңізге кіріңіз. Ту баста, ел көшіп кеткен соң мен өзіміздің үйде қонып жүрдім. «Аққоянды» қанша шақырсамда бармады. Ақыры амалсыз сіздердің үйлеріңізге көшіп кірдім. Құлыбын шаққаныма ренжімеңіз, киіз үйлеріңізді жылынан төрт рет қағып-сілкіп қайта жинаймын. Бүгін «Аққоян» жоқ болып кеткеннен кейін осы пәле бозбала болып түнде оралып жүрмесін деп бір түрлі алақыздым. Жүрегім атқалақтап тоқтамай қойды. Содан шешемнен қалған айнаға қарасам, үстімде тамтық қалмапты. Содан осы үйде тұратын қара сандықтың қақпағын шағып ашсам іші толған киім, тұскиіз, шымылдық... тура бір қыздың жасауы. Шешем айтып отыратын тірі кезінде ол кісіні – әжемізді өте шебер болған көшелі адам деп.
Ол мені үйге кіргізіп дастарқан жайды. Бағызы бала күніме қайтқан сияқтымын. Үй әжем тірі кездегідей жұпыны да жинақы. Су сеуіп сыпырған топырақ еденнің жұпар иісі бұрқырайды. Қиуы қашқан тақтай есіктің саңылауынан тезек тұтынның исі келеді. Сыртта бұзау мөңіреді. Бәлкім енесі қайта өріске кетті ме екен. Дастарқанда әжем сүттен жасайтын түрлі тағамдар толық және түктеп қурылған бітеу бидәй. Демек ту атыздарға әлі бойлақ бидәй шығатын болғаны. Қандай тыныш та рахат тіршілік бұл.
– Тойымызға Көкебұлақтың өлі-тірісінен ешкім қалмай келеді ғой,- деді ол бір тізерлеи шәй құйып отырып. – Қырманшы атаның берген батасы қандай керемет. Қадылбектің атасын айтамын. Мен енді осы қыстақтың барлық адамының атын тергеуім керек. Кеше кермаралдай келіскен қызы едім осы қыстақтың. Бүгін баталы салы жамылған келіні болдым. Апырау, мен әжем жапқан салыны неге басымнан алып тастағанмын. Болды екеуіміз оңаша қалдық ғой, әбес емес.
Ол бір жақ езуін тарта ақырын жымиып күлді. Күлкісі де шешесіне аумай тартыпты. Күлгенде аппақ тістері жарқырай көрінеді екен.
– Рас,- дедім, – рас қырманшы ата дұғағой қария екен.
Мені де Аякөз екеуіміздің тойымыз бүгін болып өткендей сияқты сезім биледі.
– Шәй ішіп болсаңыз сіз тарғыл сирды айдап әкеліп байлаңыз. Ол да тана күнінен бергі өрісін тастап «Аққоянша» көшкен елдің артынан кетіп жүрмесін. Әй, бірақ, «адам баласы емес хайуан мал төлін далаға тастап кетпейді» деп отыратын қырманшы ата. Деседе айдап келіңіз. Жалғыз сирдан айырылып қалмайық. Осы жалғыз сирда жетеді сіз екеуімізге.
Рас, тіршілікке жалғыз сиырдың сүті де жетпей ме? Бұл өңірде кімдер өтпеді. Үш мың жылқы айдап Құсайын бай өтті. Қорасынан алты мың қой өргізіп Зағи бай өтті. Оларда соншалық көп дүниеден бір кісінікін ғана киді. Көлдей қымыздан бір адамдыкін ғана ішті. Ол дүниеге айдап та кеткен жоқ ғой.
Тарғыл сиыр көп ұзамапты. Қаулап өскен қалың ала ботаны аралата айдап келдім. Күн апақ-сапаққа айналып аспанның түбін жұлдыз тесіп шыға бастады. Төрт шоқының төбесіне бұлт айналып арғы көк жиек жақтан найзағай жарқылдады. Қара шойын құманға жылы су толтырған Аякөз есіктің алдында мені тосып тұр екен. Жер ошақта бір қазан су және буы бұрқырап жылып тұр. Астындағы оты азайып айқастыра салған шаланың басы жанып болып сирағы ғана жылтылдап жатыр.
– Кәне, киміңізді шешіңіз. Некелі болған соң әбес емес. Алдымен сізге су құйып берейін, жуынып алыңыз.
Мен киімдерімді қымсына тұрып шешіндім. Сонау сәби кезімде марқұм әжемнің жуындырғаны еміс-еміс есімде қалғаны болмаса басқа бір бөгде әйел затының алдында осынау отыз жасыма дейін лпасыз тұрып көрмеген едім. Ол жұмсақ алақанымен денемді сипап жуындырды.
– Сонша жылдардан бері сыртта жүргенде денеңіз кірлемепті. Енді сіз барып жата беріңіз, төсек салып қойдым. Мен мына бір қазан сумен жуынамын. Күналі әйел затын қырық қазан сумен жуындырады екен. Менде күна жоқ.
Үйге кірдім. Сыртта көз байлана бастаған. Тоңмайдан жасалған білте шам лапылдап жанып тұр. Оң жақта қызыл шымылдық, төсек орын. Бәлкім әжем марқұм маған арнап немесе Аякөздің шешесі оған арнап жасаған жасау. Бақытын құшқан сүйгенімен сүйісіп бірге кірген ер жігттің бір өмір есінде қалатын өрт қызыл ұя.
Даладан найзағай жарқылы барған сайын жақындай түсті. Тас үйдің кішкене терезесінен әуестене сыртқа қарадым. Найзағай тағы жарқылдап дала бір сәтке күндізгідей жап-жарық болып кетті. Жарықта ол да бір от болып құлаң шашы жотасынан құлап бөксесін жапқан Аякөздің құлын мүсіні көрінді. Құманды оң қолымен жоғары көтеріп, сәл қисайыңқырап суды басынан құйып тұрған бейнесі. Су біресе құлаң шашын қуалап қара санынан сорғаласа бірден діріл қаққан алмадай ғана қос омырауын жуа ағып жатқан сияқты. Найзағай жарқылында бір сәтке ғана көз алдымда қалып қойған мәрмәр мүсінге мастанып төсек орынға – әрбір адамға жалғыз рет ғана берілсе дейтін жар төсегіне жантайдым. Мынау найзағай жарқылы аздан кейін төрт шоқыны баурлап келетін сел жауынының нышаны. Біраздан соң шелектеп сел жауады. Жаңыбр сағынған ана жер рахаттана көсіліп бойын төсейді. Езіле балқыған қара жердің ішкі қабатындағы тіршілік – өсімдік тұқымына жан кіреді. Сосын қыс кете ерте көктем бола қар астынан қылтиып гүл көктеп шығады. Міне таусылмас тіршілік деген осы еді.
Бір түрлі ындыным құрып қылығына жұтындым. Аруланғандай – аруақтай тазарып, аққудай таранып, ақ балтыры жарқылдап Аякөз қашан келер. Иә, осыдан он сегіз жыл бұрын, бала күнімде…
6alash ұсынады