Әбдікерімге азақып өлген ақтаңгер аты

Әбдікерімге азақып өлген ақтаңгер аты


     Шыңғыстайдағы Әбдікерім болыс атындағы мұражайдың алдына кері қасқа аттың, басын төмен салып тұрған мүсіні орнатылған. Мұражай қызметкері Ұлпан бұл мүсін жайында әсерлі таныстыру жасады.
Алаш қайраткерлерінң бірі Әбдыкерім Ережепұлы 1928-жылы жан сауғалап, көршілес Қытай жеріне өтіп кетеді. Сол кезде жан серігіне айналған кері қасқа аты аңдушылардың қолында қалады. «Әбдікерім қашса осы атымен кетеді» деп ойлаған олар, атты күзетіп қала береді. Иесін іздеген қасқа ат талай күн, Әбдікерім үнемі ерін алып, қаңтарып суытып қоятын үлкен теректі айналсоқтап, кісінеп кетпей жүріп алады. Арада жылдар өтеді. Иесінен айырылған кері қасқаның күйі кете бастайды. Баяғы жүріс, шабыс бәрі де сағыншқа айналып, арбаға жегіледі…өтқа қоя берсе, үнемі қарт теректің түбіне келіп мүлгіп тұратынды тапқан. Қазақ жылқысының естілігі кері қасқаның бойында көрнекті еді. Ат қадырын білетін үлкендер, Әбдікерімнің замандастары жануардың мынау ісіне Қайран қалып:
– Әбдікерімге хайуан құрлы опалы бола алмадық-ау-деп көзіне жас алатын.
1935-жылдың бір күні өрісте жүрген кері қасқа баяғы қарт теректің түбіне келіп, басын жерге салып тұрып алады. Бейне байлап қойған аттай, шөп жемей, су ішпей, айдаса кетпей, жанарынан жас сорғалап тұрған қалпы өледі. Кері қасқаның мынау тосын әрекеті дүйім елді Қайран қалдырады. Көпті көрген үлкендер:
– Әй, хайуан болса да бұл бізден ақылды. Бір сұмдықты сезді-ау. Әбдікерім аман болсын-деп дұға-тілек жасайды. Расында осы жылы Алтай асып кеткен Әбдікерім болыс бақилық болған еді. Мұны елден бұрын кері қасқа ат біліп, аза тұтып, иесіне деген адалдығын өлыммен дәлелдеп кеткен деседі. Бұл Уақиға аңыз емес. Ел есінде сақталған тағылым. Міне, қасқа аттың сол қасиеті, құрметыне бола мұражай алдына мүсіні орнатылған екен.
Тебіренісімді баса алмадым…ат құлағында ойнаған ұрпақтың бірі ретінде жылқыға деген құрметім ерен еді. Ал, кері қасқа аттың ерлігі мені қазақ жылқысына онан ары ғашық етті! бұл қасқаның Кендебайдің кері құласынан қай жері кем, Ертөстіктің шалқұйырғы да осындай болар-ау!
Есті жылқыны етке, ессіз жылқыны бетке ұстай бастаған мынау тұста кері қасқадай жылқы тұқымын сағынасың…жатырын танымайтын, тамақ талғамайтын, шауып беретін, шамасы жетсе тыйын-тебен тауып беретін, ессіз, тексіз жылқы әр қорада топанын молая бастағаны тым өкініш һам қорқыныш…қорқыныш болатыны, соны мініп, қымызын ішіп, етін жеген ұрпақ та тексіз болып кетпесіне кім кепіл…Шерқанша күрсінсек тағы сол " Бір кем дүние ". . . . .


Қуаныш Ілиясұлы

20,07,2021

Арау ұсынды