Он шақты жыл бұрын Ұлан-Батыр қаласында қазақ тілінде жарық көрген «Нәубет құрбандары» атты кітапта 1938-1950 жылдар аралығында атылған немесе қандай да бір жаза жүктеген 1250-ге жуық моңғолиялық қазақтардың аты-жөні жарияланыпты.
Мұндағы тізімде 1239-шы болып «Чокоманов Махмуд (т)» деген адамның есімі тұр. Қысқаша анықтамалықта: «1917 жылы Қазақстанның Семей облысы, Үржар ауданында туған. Өмірінің көбі Шығыс Түркістанда өткен. 1944 жылы 27 ақпанда моңғол шекарашыларының қолына түсіп, Қобда қаласында сегіз ай тергеуде жатқан. Осы жылдың қазан айында Ұлан-Батыр қаласына жөнелтіліп, қатаң бақылауға алынған. 1951 жылы 7 сәуір күні тұтқындалып, 29 маусымда арнайы комиссияның №2 бұйрығымен ату жазасына бұйырылған. 1991 жылы 6 желтоқсанда Жоғары сот әкімшілік кеңесінің 184-ші кепілдемесімен ақталған» делініпті.
Жоғарыдағы жазбадан кейін «Үржарда туып, Ұлан-Батырда атылған қазақ кім?» деген сұрақ көптен бері көкейде жүрді. Ептеп іздене бастадық. Әуелгі білгеніміз: Ұлан-Батырда атылған арыстың есімі – Махмұт Ыбырайұлы Шоқаманов (Чокоманов емес) екен. Сәтін салғанда Махмұттың аталас інісі Мұрат Смағұлов пен жиен қарындасы Іңкәр Бапина табыла кеткені. Мұрат ағамыз қазір Алматы облысының Талғар ауданындағы Талдыбұлақ ауылында тұрып жатыр. Мұкеңнің айтуына қарағанда, бұл әулеттің руы – найман-қаракерей-тұма. Шоқаманнан төрт ұл: Ыбырай, Смағұл, Жүніс, Адалжан. Ыбырайдан – Махмұт, ал Смағұлдан – Мұрат. Іңкәр апамыз болса Шоқаманның төрт қызының бірі Зұлқижадан туған жиен. Бұл кісі қазір Алматыда тұрады.
Інісі Мұрат Смағұлов 1990 жылы 12 қаңтар күні бай-өлкелік жазушы Кәкей Жаңжұңұлының атына хат жазып, ағасы Махмұтқа сұрау салыпты. Осы оқиғадан кейін сондағы ел-жұрт, зиялы қауым, Шоқамановтың көзі тірі ұрпақтары, Махаң жайлы хабар тауып, тұлғаның өмір-тарихын зерттей бастады.
Махмұттың Моңғолияға баруы
Әңгімені әріден бастасақ, Махмұт 1917 жылы туған. Ақ қашып, қызыл қуған жылдары туыстарымен бірге шекара асқан. Шәуешек қаласында орта мектепті, одан кейін 1933 жылы Үрімжідегі қаржы техникумын бітіріп, үш жыл мемлекеттік банкте қызмет атқарған. 1936-1939 жылдары Үрімжі қалалық мұғалімдер даярлайтын оқу орнын тәмамдап, Шыңжаң өлкелік Ағарту мекемесінде қытай тілінен аудармашы және қазақ мектептеріне оқулық дайындау бөлімінің бас маманы, 1941 жылы өлкелік Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының төрағасы міндетін үш жыл атқарып, 1943 жылы Үрімжідегі гоминдан партиясының саяси мектебіне қабылданыпты.
1943 жылдың 14 желтоқсан күні гоминдан партия мектебінің курсанттары Махмұт, Құсайын, Нұрмахмұд үшеуін Шыңжаң өлкесінің дубаны (төрағасы) Шен Шицайдың өзі қабылдап, оларға аса маңызды тапсырма жүктегелі отырғанын айтады. Ол тұста гоминданның басты жауы Оспан бастаған қазақтар Моңғолия шекарасына өтіп барып, екі ортада байырқалап тұрған. Ал Шыңжаң билеушісі Шен Шицай болса Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы жеңіледі деп ойлап, олардан дереу қол үзіп, 1943 жылдың басында өлкеде қызмет атқарып жүрген кеңестік мамандар мен әскери күштік құрылымдарды қуып шыққан. Орнына ішкі қытайдан Чан Кайши басқарған гоминдан әскерилерін енгізген болатын.
Шен Шицайдың сатқындығы салдарынан Шығыс Түркістан қолдан шығып бара жатқанын аңғарған Сталин өлкеде гоминдан әскеріне қарсы тұрған жалғыз күш Оспан батырды қолдау қажет деген шешім шығарып, ойын жүзеге асыру үшін Шыңжаң-Алтай өңіріне шекаралас Моңғолияны пайдалануды көздеді. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей Сталин дереу Моңғол үкіметіне «Оспанды қолдаңдар!» деген бұйрық беріп, іргеге келген қазақтарға «міне мылтық, міне ақша тек ана сатқын гоминданды жайпап берсеңдер болды» дейді.
Оқиға бұлай өрбиді деп ойламаған Чан Кайши мен Шен Шицай сасып қалып, дереу Оспанның бетін қайтаруға адам аттандырады. Олар жоғарыдағы үшеу: Махмұт, Құсайын, Нұрмахмұд. Бұларға жүктелген тапсырма: Оспанды әскерімен қоса қайтарып әкелу. Келген жағдайда көтерілісшілерге ешқандай жаза жоқ. Мал-мүлкі ине-жібіне дейін қайтарылады. Тұтқындағы адамдарын түгел босатамыз... т.б. жақсылықты үйіп-төгеді. Егер көнбесе, «әскери күшпен қайтарамыз» деп айбат шегуді де ұмытпайды. Чойбалсынның шайын ішіп, Сталиннің сәлемін алған Оспан өзінен қысқа күнде қырық жеңілетін қытайды ұрғаны бар.
Сонымен жоғарыдағы үш қазақ құпия аттанып, екі елдің шекара аймағына орналасқан гоминдан дивизиясының бастығы Ли Зи Хуйға жолығып, қытай әскерлерінің көмегімен 1943 жылдың 19 желтоқсан күні шекарадан құпия өтіп, Оспанға келеді. Батыр үшеудің басшысы Құсайынды жеке қабылдап ұзақ сөйлескен. Құсайын әдеттегідей батырға Шен Шицайдың «жарылқаушы» хатын табыстаған.
Осы тақырыпты терең зерттеп 1998 жылы «Жұлдыз» журналының 9-шы санына «Қайран Махмұт» атты көлемді жазба жариялаған КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жоғары мектебінің түлегі, маман чекист Қайратхан Қалтабайұлының пайымдауынша, Құсайын Оспанға жолыққанда қасындағы жолдасы Махмұтты «сенімсіз адам, гоминдан жансызы» ретінде сипаттаған, сол себепті Оспан қолма-қол Махмұттың көзін жоймақшы болған дейді. Бірақ істің бұлай аяқталуына Құсайын жол бермеген сыңайлы.
Бұл топ ертеңінде шекарадан өтіп, Шен Шицайға Оспанның хатын әкелген. Ол хатта: «Түрмедегі барлық қазақты түгел босатып, Алтай өлкесіндегі тірі қытайыңды алып кет. Осылай істесең ғана сенімен сөйлесемін» делінген. Хатты оқыған Чан Кайши мен Шен Шицай ызадан жарыла жаздағаны анық.
Осы мезетте Махаң кімге сенерін білмей екі ортада сенделіп қалған сияқты. Өйткені Махмұтты «гоминдан жансызы» дегенге сену қиын. Себебі ол 1943 жылы Үрімжіде ұйғыр Әбдірайым, Омар, қазақ Зариф, татар Асқат пен Масғұт бар өзі басқарып, құпия ұйым құрған. Мұндағы мақсаты зерттеуші Қ.Қалтайбайұлының пайымынша, «Шыңжаң өлкесінде болып жатқан аласапыран айқастың арасынан қазаққа бостандық алып беру» дейді. Бұл да мүмкін өйткені шыңжандық өлкетанушы-зерттеуші Қалиолла Нұртазаның естелігінде, Шоқаманов қытай бетіне алаш идеясын арқалап келген тұлға десе, біздің қолдағы құжат-деректерде Махаңның «қазақтың аузын аққа тигізсем» деген шынайы мақсаты болғаны анық байқалады.
Айтпақшы, Махмұт туралы құпия мәлімет сақталған моңғол жағының бір құжатында, «Бұл адам Оспанға алғаш жолығудан (19.12.1943) бұрын, яғни осы жылдың қазан айында гоминдан қолшоқпары Зимханмен бірге құпия шекара асып келген, бұл тұлға Оспан мен Моңғол мүддесіне қайшы адам» деген мәліметті кездестірдік. Соған қарағанда, Махаң кәдімгідей кәсіби барлаушы болған сияқты.
Бірақ Махаңның түп мақсаты мен ісі қайшылыққа ұрынған. Оған себеп, Үрімжіде гоминдан билігін пайдаланып, қазақ мүддесі үшін астыртын ұйым құрғанын қытайлар сезіп қалып, оны сенімсіз адам ретінде қырына алса, екінші жақтан Оспан батыр моңғол барлаушылары жеткізген ақпар бойынша «гоминдан жансызы» деп түсінген. Сөйтіп екі арада ілініп қалған Махмұт тағдырын шешу моңғол жағына жүктеліп, оны қолға түсіру үшін Оспан арқылы тұзақ құрған сыңайлы.
1944 жылдың 27 қаңтар күні Шоқаманов қасында Шәри және Хасен деген екі азамат бар гоминдан тарапынан тағы да «Оспанға хат жеткізу» тапсырмасын алып құпия сапарға аттанған. Мұны жұмсаған қытай жағы да, моңғолдар да көріп-біліп отырған. Сөйтіп Махмұт бастаған топ моңғол шекарасынан құпия өтіп, Оспанмен кездесуге тиіс нүктеге жеткенде оны моңғолиялық қазақ офицері Мардан бастаған барлаушылар қарсы алған.
Осындағы «Гоминдан тыңшысын қолға түсіру» операциясы жайлы құжатпен танысып, мән-жайды анықтаған із кесуші Қ.Қалтабайұлы: «Махмұтпен бірге келген Шәри мен Хасенді моңғолдар Оспан жасағына тапсырыпты. Ал Шоқамановты Қобда қаласының түрмесіне апарып қамаған. Сөйтіп екі жақтың «Махмұттан құтылу» жоспарын моңғолдар іске асырды» деп жазады.
Түрмедегі күндер
Қобда қаласында басталған Махмұтты тергеу ісі сегіз айға созылып, 1944 жылдың қыркүйегінде аяқталыпты. Оған тағылған айып: «Гоминданның қол-аяғы және заңсыз шекара бұзған». Айыптың алғашқысы нақты дәлелін таппаған сыңайлы, ал екіншісін мойындамасқа болмайды. Махаңды соттау үшін осының өзі жетіп жатыр. Бірақ мұнымен іс бітпейді.
1944 жылдың 3 қазан күні М.Шоқамановты Ұлан-Батырға алып келген. Мұнда айға жуық тергеп, нақты қылмыстық дәлел таппағандықтан қараша айының 14-і күні орталықтан шалғай орналасқан Зунқара түзеу мекемесіне жіберген. Жазаланушының іс-құжатында сотталғаны немесе уақыттық жаза жүктегені жайлы еш нәрсе айтылмаған. Қысқасы, заңсыз әкеліп ауыр жаза арқалаған адамдарға қосып қойған.
Махаң осы түрмеде қатты азап көрген. Оның үстіне тіл білмейді. Моңғолдардың өмір-салтынан бейхабар. 1945 жылы 27 сәуір күні өмірден әбден түңіліп, у ішіп өлмек болады. Бірақ өлмей тірі қалған. Онымен қоймай өзінің өліміне себеп болған оқиғаны айтып және өзін түсінбей мұндай жайға тап болуына әсер еткен Оспан батырға арнап арзу хат жазып қалдырыпты. Бұл хат іс-құжаттың 125-ші парағына тіркеліпті. Бірінші хатта: «Лагерьде қатты азап көрдім, шошқа етін жеуге мәжбүр болдым, Бұлай азаптанғанша өмірден қайтқаным дұрыс деп шешіп 1945 жылдың 27 сәуір күні у ішіп өмірден оздым» десе, Алтайдағы Оспан батырға көне ұйғыр-моңғол жазуымен жолдаған екінші хатта (бұл хатты ұйғыр-моңғол жазуын білетін адам жазып берген сыңайлы), батырды жан-тәнімен қолдайтынын айтып, өзі тар қапаста азап шегіп, ақыры өліп тынуға бел байлағанын жеткізіпті.
Осы оқиғадан кейін лагерьдің төтенше жайлар жөніндегі бөлім бастығы Тербіш деген азамат М.Шоқамановтың іс-құжатымен танысып, қамау ісінде заңсыздық барын өтініп, бұл адамды босату туралы жоғары жаққа мәлімдеген.
Мақаң да қарап жатпаған. Әуелі, 1945 жылдың 7 маусым күні Моңғол елінің орталықтандырылған колониялар басқармасының бас кеңесшісі Раковқа хат жазып, өзінің маркстік-лениндік бағыттағы білімін жетілдіргісі келетінін айтып, әлеуметтік мәселесіне көмектесуді өтінсе, үш айдан кейін, яғни 27 қыркүйек күні Моңғолияның Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігіне хат жолдап, өзінің Моңғолияда 1 жыл 6 ай болғанын айтып, рахымшылық жасауын өтініпті. Сонымен қатар өзінің алдағы саяси жоспарын да таныстырған. Онда біріншіден, Оспан батырға көмектесу ісіне барлық таныстарын тартып, халықты гоминдан езгісіне қарсы көтеріліске жұмылдыру. Егер үкімет маған сенбесе, дейді хатында: – Мен Оспанның қасына бармай-ақ алыста отырып жұмысты ұйымдастырайын, ол үшін маған орыс мамандарының ақылы керек. Уақыт өте келе маған сенетін боласыздар, – депті.
Нәтижесінде, 1945 жылдың желтоқсан айында Махмұт Шоқаманов ақталып, бостандыққа шығады. Оған Ұлан-Батыр қаласында тұру үкім етіліп, қатаң бақылау астында ағартушылық жұмыспен айналысуға рұқсат беріледі.
Ұлан-Батырдағы ағарту ісі
Түзеу лагерінен құтылған Махаң әуелі, денсаулығын түзеп алу үшін Ұлан-Батырда ауруханада жатып емделген. Осында Кеңес Одағының азаматы дәрігер орыс әйелмен танысқан. 1946 жылы екеуі жұбайлық өмірін бастаған. Бірақ 1947 жылы Моңғолиядағы Кеңес Одағының елшілігі дәрігер әйелді Махаңнан айырып, еліне қайтарып жіберген.
Жарынан айырылып жалғызсыраған жанға жалғыз жұбаныш сүйікті ісі ағартушылықпен айналысқаны. Сол тұста Махаңмен бірге қызмет атқарған моңғолиялық жазушы-драматург Арғынбай Жұмажанұлы «Шұғыла» журналының 1992 жылғы 3-ші санында жариялаған «Қайран, есіл азамат» атты эссесінде: «1948 жылы жаздың басында аймақ басшыларының ұсынысы бойынша Мемлекеттік баспа өндірісі басшылығының нұсқауымен мен Ұлан-Батырдағы қазақ баспа бөлімшесіне корректорлық жұмысқа орналастым. Көрші бөлмеде бейтаныс қазақ отырды. Жасы отыздар шамасында, ұзын бойлы, жазық маңдайлы азамат көзге жалындай шалынады. Сұрастырсам, астыртын жолмен қолға түскен «гоминдан адамы» деседі. Қазақ бөлімшесінде аудармашылық істеп, соның қаламақысымен тіршілігін айырады екен. Есімі – Махмұт Ыбырайұлы. Ол Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин еңбектерін орысша, қытайша жинақтарынан аударады. Мен аударма нұсқасы мен басылымның әріп, тыныс қателерін түзетемін... Махаң жақсы домбырашы, әнші болатын. Бірде жанарынан жас төгіліп кеткені көз алдымда. «Маха, неге жыладыңыз?» дегенімде: – Алтайдың шоқысындай досым Рахымжанды сағындым деді» – деп жазыпты.
Осыған қарағанда түрмеден босаған Махмұт коммунизм көсемдерінің еңбегін қазақша аударумен айналысқан. Жоғарыда айтқанымыздай орыс әйелден ажыраған соң, Махаң қала орталығынан асхана ашып, көп-көрім қаржы тапқан. «Махаңның шайханасына сол кезде миграцияда жүрген шығыстүркістандық тұлғалар, әсіресе бай-өлкелік зиялы қазақтар, соның ішінде генерал Жайсанып үнемі келетін еді» дейді Арғынбай Жұмажанұлы.
Махмұт Ыбырайұлы 1948 жылы бай-өлкелік жас ару Ұлан-Батырға оқу іздеп келген Кәсима Өңгенбайқызымен үйленіпті. 1949 жылы алғашқы баласы Қайратхан дүниеге келген. 1951 жылы наурыз айында әйелі екінші баласына аяғы ауыр кезінде қайтадан қамауға алынады. Өзінің келмесін білгендей жары Кәсимаға «Мыналар мені «алшаңдатып» қоймас, хабар-ошарсыз кетсем, үш жылға дейін күт. Одан кешіксем, бағыңды байлама. Айтарым, ішіңдегі бала ұл болса атын «Рахымжан» қой» депті. Сол кеткеннен арыс азамат қайта оралмаған.
Аяқталмаған арман
М.Шоқамановтың қайта ұсталуына себеп, 1951 жылдың наурыз айында Моңғолия ІІМ тарапынан бас прокурордың атына «1944 жылдан бері тергеліп, аяқталмай қалған Шоқаманов ісін қайта көтеру жайлы» өтініш келіп түседі. Сөйтіп прокурордың шешімімен осы жылдың 26-ші наурызында Махмұт Ыбырайұлы екінші рет тұтқындалады. Тергеу ісі 48 күнге созылып, Махаңа ресми түрде «Гоминданға қарсы Моңғол мемлекеті тарапынан берілген тапсырманы орындамай кешіктіру себепті қылмыстық кодекстің 62-ші тармағы бойынша айып тағылды» делініпті.
Осы орайда Моңғол мемлекеті Махаңа қандай тапсырма жүктеуі мүмкін деген сұрақ туады. Осы сұрақ бойынша жауап іздеп, Шоқамановтың тергеу ісімен танысқан Қайратхан Қалтабайұлының пайымдауынша, биліктегілер өзіне ұнамай жүрген кейбір ұлтшыл қайраткерлерге Махмұт арқылы жала жабу жоспары болған дейді. Оған дәлел: 1951 жылы сәуірдің 30 күні жүргізілген тергеу стенограммасында «Сенің таныс адамдарың Гонгоржав, Дандар, Намдаг, Керім, Қисабай, Цу Юн, Әбілез, Хамиттармен бітпейтіні бізге белгілі. Тағы кімдер бар?» деген сұрақтың қойылуы. Өйткені жоғарыдағы аты аталған тұлғалар осал-оспақ жандар емес. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет басшысы Х.Чойбалсын ұнатпайтын адамдар. Мәселе қайда жатыр. Оның сыртында Махаң атылғанға дейін 19 дүркін тергеуге алынғаны жайлы архив материалы болғанымен осының 8-інің сұрақ-жауап стенограммасы жойылған.
Екіншіден, Моңғол жағы Махаңды қытайға жасырын жіберіп, тіпті біреулердің көзін жойдырмақшы болған. Шоқаманов бұдан бас тартқан. Өйткені 1951 жылы сәуір айының 10 күні тергеушіге Махаң «Сендердің берген тапсырмаларың жауыздық пен зұлымдық. Мен оған ешқашан бармаймын» деп айтқан жанкешті жауабы сақталыпты.
Тағы бірде тергеуші сол тұста Ұлан-Батыр қаласында өмір сүріп жатқан, алды үлкен қызметтің жиегіне іліне бастаған қазақ зиялылары: Р.Шоңай, Ж.Арғынбай, Р.Жуасхан, К.Фазыл, Ж.Казира, Б.Шөрке, А.Мініс, Б.Құрметбек, т.б. жайында, әсіресе генерал Жайсанып туралы сұрақ қойып, мінездеме беруін, нақтырақ айтқанда, мін тағуын талап етіпті. Махаң болса, «бұл азаматтардың саяси көзқарасы тұрақты, білімді отансүйгіш жастар» деп жауап берген. Расында бұл адамдар кейін бірі министр, бірі үлкен ғалым, бірі танымал педагог ретінде тарихта аты қалды.
1951 жылы 27 маусым күні, яғни Махаң атылардан бір күн бұрын елдің басқарушы органы Кіші Құрылтай президиум мүшелеріне орыс тілінде хат жолдапты. Неге орыс тілінде? Себебі өз тағдырын моңғол емес, тасада көрінбей орыс тыңшылары шешіп отырғанын аңдаған сияқты. Бұл хатында М.Шоқаманов, 1933-1943 жылдары шыңжандық билеуші Шен Шицайдың саяси арбауына алданып қалғанын, әсіресе гоминдан көсемі Чан Кайшидің «Қытай елінде тек қытай ұлты ғана бар, басқалары кірме тайпалар» деген шовинистік көзқарасынан кейін өзінің құпия ұйым құруға әрекеттенгенін, бұл іске адамдар тартқанын, кейбір қателік жібергенін (қандай қателік екені ашып айтылмаған) мойындап, тіпті Моңғол елінің мүддесі үшін өзі білетін құпияның бәрін айтып бергенін көлденең ұстапты. Бірақ бұдан нәтиже шыққан жоқ.
1951 жылы 23 маусым күні төтенше комиссияның 2-ші қаулысымен жергілікті уақыт бойынша 29 маусым күні сағат 23.50-де ату үкімі орындалған. Сөйтіп бар-жоғы 34 жасында ұлты үшін отқа түскен қазақтың бір арысы Үржарда туып, Ұлан-Батырда атылды.
М.Шоқамановты табан аудармай үш жыл күткен жары ақыры оның келмесін біліп, жаңа өмір бастаса, Кәсиманың туыстары екі ұлға «халық жауының ұрпағы» деген жаман ат тағылмауы үшін олардың тегін өзгертіп, нағашылары асырап алады. Баланың үлкені кейін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген Қайратхан Қалтабайұлы 2004 жылы тамыз айында Павлодар облысы Баянауыл жерінде дүниеден өтсе, екінші ұл Рахымжан Сайполла 2006 жылы күзде жол-көлік апатына ұшырап, Алматы қаласының іргесіндегі Жетіген ауылына жерленіпті. Сөйтіп Махмұттың өзі жетпеген топыраққа ұрпағы жетті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
6alash ұсынады