Түс
Қарағайдың түбінде ұйықтап жатыр едім, бір шал келіп түртіп оятты. «Тұр, бала, жазуыңды жаз. Қарағайдың түбіне ұйықтап қалатын әдетіңді әлі қоймағансың ба?» деп қарық-қарық күлді. Жыға тани алмағаныммен, дауысы таныс сияқты. Теңдік екен деп басымды жастықтан жұлып алдым. Оянсам қарағайдың түбінде емес, өз үйімде, өз төсегімде жатырмын. Жан жағыма қарадым. Үйдің іші ала-көлеңке. Арқаның ақпандағы еріншек таңы енді атып келеді екен. Жылы төсекті қимай қайта жантайғаныммен, ұйқым шайдай ашылып кетті.
«Жаңағы шал кім болды екен?» деп ойлап жатырмын. Теңдік емес, бірақ дауысы таныс адамды тани алмағаным қалай? «Қарағайдың түбіне ұйықтап қалатын әдетіңді әлі қоймағансың ба?» дейді, иә? Менің қарағайдың түбінде ұйықтайтынымды қайдан біледі? Есіме сап ете түсті. Жәбей ата, Жәбей ата ғой жаңағы шал.
40 жылдың алдындағы шал, әлде қашан бақилық болып, сонау Боғда тауының етегінің қара топырағын жамылып жатқан ақсақалдың Арқаның төсінде, 3000 шақырым алыста жатқан менің түсіме еніп, бала күнімді еске салғанына қайран қалдым.
Біздің ауылда Жәбейді танымайтын адам жоқ. Қашан көрсең, үстіне сырмалы ұзын шапан киіп, белін жіп белбеумен шарт байлап алатын ол аядай ауылды қақ жарып, қара таудың етегіне сіңіп жоқ болатын қара жолмен өрлеп- құлдаса, бүкіл ауылдың иті үріп қоя беретін. Бірақ қандай қабаған ит те оны қапқан емес. Арсылдап атылып барады да, «ие, Жәбей екен ғой» дегендей, қыңсылап, құйрығын бұлаңдатып кері қайтатын. Жарықтық дұрыстап киім де кимейтін, балалары «елден ұят болады» деп үйден жаңа киім кигізіп жіберсе, былай шыға оны шешіп, жол шетіндегі қарағайлардың бұтағына іліп кететін.
Жәбейдің қандай асығыс жұмысқа кетіп бара жатса да жолдың тасын теріп жүретін бір әдеті бар. Ол туралы ел аузында әр түрлі әңгімелер айтылады.
Жәбей атаның бір көзі соқыр ма, жоқ па, ол жағын мен анық білмеймін, бірақ жұрт арасында «Жәбейге Қыдыр кезіккен» деп басталатын мынадай бір әңгіме есімде қалыпты.
Жәбейдің жастау кезі екен, жайлаудан әлде кімнің малына еріп кеткен лақты ешкісін жетектеп келе жатса, бір ақсақалды шал кездесіпті. Екінті мен ақшамның арасында кездескен әлгі ақсақал Жәбеймен біраз әңгімелесіп, кетерінде «балам, көген аласың ба, кітап аласың ба?» десе, онсызда лақты ешкісін әзер сүйреп келе жатқан Жәбей «екеуін де алмаймын, өзім лақты ешкімді жүргізе алмай жүріп оны не қылам» деп қырсыпты. «Солай ма?» деп кеңкілдеп бір күліп алған ақсақал, «ендеше етегіңді тос, мынадан біраз салып берейін» депті де, қолындағы ақ таяғын жонып, Жәбейдің етегін жоңқаға толтырып жолға сапты. Бірақ Жәбей аз жүрген соң, ешкісін жүргізе алмай, «өзім қиналып келе жатқанда, қайдағы бір шалдың таяғының жоңқасын көтеріп жынды болдым ба» деп жол шетіне төгіп кетіпті. Ертесі тәңертең Жәбей өзен суға бетін жуып отырғанда, көзі ағып алақанына түсіпті. Ал етегіне жабысып келген таяқтың жоңқасы алтынға айналып, жылт-жылыт етіп жарқырап тұр екен дейді... Оны естігенде біз «Әй, Жәбей ата жоңқаны төкпеген болса, шіріген бай болар еді» деп тамсанатынбыз. Бірақ бұл шын ба, ел өзі жасап алған өтірік пе ол жағы беймәлім. Дегенмен, сол бір қарапайым қазақтың қара шалының бойында бір қасиет бар екеніне өз басым мүлде шүбәланбаймын.
Жәбей ата біреудің үйіне бас сұғып, дәм татқан жан емес. Бір жылы біздің үй Қызылқарағайдың етегіндегі Пәнтілген жазығында Жәбей атаның үйімен көрші отырды. Шешемнің айтуынша сол кісіні үйге кіріп шай ішіңіз деп талай шақырса да, «ертең ішем балам» деп кетіп қалады екен. Осылайша бір жаз көрші отырғанда Жәбей ата үйге кіріп, кесенің шетіне ернін тигізіп, дәм ауыз тимепті. Менің қарағайдың түбінде ұйықтап қалатыным да сол кез.
Ол кезде біздің үй ешкі бағатын. Арқыраған ақ өзен қақ жарып ағатын екі таудың арасындағы орманды алқапта тастан-тасқа секірген ешкіні бағу да оңай емес. Әкем мен шешем күні бойы сол ешкінің артында. Менен бес жас үлкен ағам да үлкен қолғанат, ол да малдың бір шетіне шығысады. Ешкі қуып жүріп бала көтеріп жүретін емес, 2-3 жас шамасындағы маған қарайтын ешкім болмаған соң, анам мені қолыма нанды ұстатып, жүкаяқтың алдына байлап кетеді екен. Сол кезде жіптің байлауын шешетін ми да жоқ болғаны ғой, киіз үйдің іргесінен жолдан ары, бері өткендерге «Әлгі қара қатын мені байлап кетті, мені шешіп жіберіңдерші» деп аузымнан су ағып айқайлап отырады екенмін. Егер алда-жалда біреу маған жаны ашып, шешіп жіберсе, есіктің алдында жатқан кір жуатын жуан дәу темір елегенді(легенді біздің жақта солай атайды) сүйретіп, қарағайдың ішіне кіріп кетеді екенмін. Неге олай істейтінім, не үшін далаға қашатыным есімде жоқ, бірақ сол темір елеген күні бүгінге дейін көз алдымда. Елегенді сүйреп қарағайдың ішіне кіріп кеткенде бар істейтін жұмысым, бопыры қалың нән қарағайды тауып алады екенмін де, соның түбіне барып, аяқтағы байпақтан тартып, барлық кимімді шешіп, елегеннің ішіне салып, қарағайдың тамырын жастанып, шалқадан түсіп, тыр жалаңаш ұйықтап қалады екенмін. Мен дәл солай қарайдың түбінде ұйқтап жатқан жерімнен Жәбей ата да талай рет тауып әкеліпті. Түсімде «Қарағайдың түбіне ұйықтап қалатын әдетіңді әлі қоймағансың ба?» деп қарық-қарық күліп тұрған себебі осы. Әкем мен шешем де кешке дейін ешкі қайрып шаршап келгенде «шешіліп» кеткен мені қарағай аралап талай іздепті. Бір тәуірі елегеннің сүйреген ізімен мені тез тауып алады екен. Өткенде 2 жасар баламды қарай тұратын адам таппай, жұмыстан қалатын болғанда, шешем сияқты мен де ұлымды байлап кетсем қайтеді деп бір ойладым да, жіпке буынып өліп қала ма деп қорықтым...
Жәбей атаның тірі кезінде біздің ауылдың жолдарында көлденең тас жатпайтын. Қызыл қорым тастың етегіндегі ат жолдың шетінде Жәбей ата терген тастар қыздың жиған жүгіндей бертінге дейін жинаулы тұратын.
«Боташ деген қызы айтты» деп шешем айтады. Аңғары сол бізбен көрші отырған кезі болса керек, кешкі ас кезінде Жәбей ата үйге кірмей тағы да жолдың тасын теріп кетіпті. Содан қызы Боташ тамаққа шақыра барғанда Жәбей ата жолда жатқан бір жалпақ тасты көтеріп жолдың шетіне қарай беттегенде таста қызыл-жасыл сағым ойнап, жарқылдап кетті дейді. Артынан баспалап келіп қарап тұрған Боташ: «ата, ата ана тас неге жарқылдап кетті?» десе, артына жалт қараған Жәбей ата қарқ-қарқ күліп, тасты жолдың шетіне тастай салып, «ештеңе, ештеңе де емес, жүр үйге кеттік» деп жауап бермей қойыпты.
Жәбей атаның Жамлиқа деген жалғыз ұлы бар. Таудың ішінде, орман арасында жападан жалғыз жүріп, «Кәукен ей, Боташ ей, Жушік оу (Жамлиханы солай атайтын), о, о-о, құлындарым сол. Ха, ха» деп айқайлап, қарқылдап күліп жүретін Жәбей атаның сол жалғыз ұлы той жасағанда қуанғанын көрсең. Мен ол кезде бірінші сынып оқитын кезім. Оқудан келіп, апамның үйінде шай ішіп отыр едім, «Әй, Қадиша барсың ба, шық бері» деп біреу айқай салды. Жүгіріп шықсам, Жәбей ата екен, жалбас үлкен қара аттың үстінде ерге жанбастай отырып, қамшының сабымен бүйірін таянып тұр екен.
-Амансың ба Қадиша, менің Жушігім келіншек алғалы жатыр. Сәрсенбі күні той жасаймын, соған бүкіл елді тойға шақырып жүрмін. Ел құсап бір жапырақ қағаз жібермей, өзім шақырып келдім. Балаларыңды ертіп қалмай бар, Аха, ха, ха,- деп қарқылдап күліп алып, атын ұрып жіберіп көршінің үйіне қарай беттеді. Апам да «аттан түсіп шай іш, шай дайын» деп еді, жарықтық «ертең ішем Қадиша, ертең» деп қарық -қарық күліп шаба жөнелді.
Сәрсенбі күні мен оқуға кеттім де тойға бара алғам жоқ, апам барды. Кейін естісем, Жәбей ата той күні үйдің маңындағы теректердің басына жаман-жұтық ескі киімдерді самаладай самсытып іліп тастапты деп ел күліп жүрді. Сөйтіп, ол менің Жәбей атаны соңғы рет көруім болды. Қашан қайтыс болғанын да білмеймін, әкесі қайтыс болғанда қызы Қатипа:
Есіктің алды балдырған,
Жолаушы атын шалдырған.
Иманды болғыр әкем-ау,
Тау-тасқа үлгі қалдырған,- деп жоқтау айтыпты деп жүретін...
Міне, құдайдың құдіретін көрмейсің бе, 40 жыл көрмеген Жәбей атаны 3000 шақырым алыста жатып, түсімде көрдім... Қарқ-қарық күледі марқұм...
Теңдік те қызық адам. «Теңдік келе жатыр» десе, біздің ауылдың балалары жанын қоярға жер таппай қатты қорқатын. Бала көрді болды, «құлағыңды кесіп алайын ба?» деп тап беретін оның түрі біз құралыптас су жүректерге ерекше қорқынышты көрінетін. Бұтына балағын сыртына қайырған ақ тері шалбар киіп, басына ақ шыт байлайтын оның бетіндегі ажымдары да айғыз-айғыз еді. Сығырайған көздерін жұмып, бетін тыржитып тап бергенде бала біткен безіп жоғалатын. Кейде біздің мектепте кеніт комитетінің жиналысы ашылады. Оған көбінде ауылдың ер азаматтары жиналады. Солармен еріп теңдік те келді. Бірақ оның қақпадан кіргенін сабақ оқып жатқан балалардың біреуінің көзі шалса бітті, түлен түрткендей түп қотарылып, мұғалімді басып, жаншып, үлгергеніміз есіктен, үлгергеніміз терезеден секіріп, мектептің қасындағы төбеге қарай қашатынбыз. Өтіп тұрған сабағының аяқсыз қалғанына ыза болған оқытушылар кейде Теңдікке ұрсып, «балаларды қорқытпай тезірек ішке кіріп кетіңізші» десе де, оны тыңдайтын Теңдік жоқ, төбенің үстінде аю көргендей адырайып тұрған топты балаға тап-тап беріп қоятын. Теңдіктен балалар неге қашады? Балалар неге қорқады? Ол жағын мен жақсы түсінбеймін. Әйтеуір өз басым, Теңдікті көрсем, аяқ-қолым дірілдеп қашудың амалын іздеймін. Бала күнімді қойып, ақыл-есім кіріп, жүрек тоқтатқан кезімде де Теңдіктің қасына жолаған емеспін. Оның шын аты Тақыр екенін, Теңдік деген атты «теңдікке жеткіземіз» деп коммунистер қойғанын да кейін білдім. Бала күніңде бір нәрседен қатты қорықсаң, сол өле-өлгенше есіңнен кетпейді деген рас екен. Теңдікті көз алдыма келтірсем, қол-аяғым қазір де дірілдеп кетеді. Ұйықтап жатқанда оятқан шалдан «Теңдік екен» деп шошып оянғанымның сыры да осында.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ