Таңжарықтың әні "Қосжеңге"
Таңжарық Жолдыұлы (15.3. 1903. ҚХР, Іле аймағы, Күнес ауд. - 6.8.1947, сонда) – ақын. Кейін Қытай мектебінде (1917), Қазақстанда Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте (1922-25) оқыған. Қазақ жазушыларының еңбектерімен кеңінен таныс болған. Өзі де өлең жазып, айтысқа катысқан. Т.Шыңжаңда мұғалім, "Іле" газетінде редактор (1936) болып кызмет істеген. Таңжарық 1940 - 46 ж. Қытайдағы солақай саясаттың кесірінен тұтқындалып, түрмеге жабылған. Оның "Жастарыма", "Осы таң кімнің таңы?", "Оқып көр газетімді", "Көңілім қалды, торықты", "Абақтыда кім жатыр?", "Ақын сыры", "Еліме" өлеңдері осы кезде жазылған. "Өткен күндерім" (1942), "Қоштасу" (1941 - 42), "Қасқыр мен Бөрібасар" (1934 - 43), т.б. толғау жырлары мен "Назигүл" (1943) дастанының авторы. "Алғашкы жинақ" (Құлжа, 1948), "Армантау" (А, 1974) жинақтары жарық көрген.
1910 жыл шамасында Таңжарық өзімен рулас, қазактың ескі әдебиет үлгілері мен ислам құндылықтарына жетік, араб, парсы әдебиетін терең білетін Мыңбай атты молдадан сауат ашады. Сол кісіден дін ілімі мен араб әліппесі негізіндегі шағатай жазуын үйренеді. Тумысынан сұңғыла Таңжарық ұстазының коңілінен шығады. Мыңбай молда да ол үш қыс оқиды. 1916 жылы Жолдының руластары орыс жерінен қашып келген Әбділхамит әпенді деген татар оқымыстыны жалдап, балаларын оқытады. Окуғa шариғат сабағынан тыс, есеп, тарих, жағрапия пәндері қосылады. Таңжарық осы Әбділхамит әпендіден екі жыл тәлім алады. 1918 жылға келгенде Шақпы деген жерде арнаулы мектеп салынып, Таңжарық сол мектептің жоғарғы сыныбына қабылданады. 1919 жылы сол кездегі Іледегі ең жоғары оқу орны саналатын «Күре шуетаңына» окуға барады.
Мұнда үш жыл оқып, кытай тілі мен қытай мәдениетін жете меңгереді. Бала жасынан өнер-білімге үйір Таңжарық оқыған-тоқығандарын місе тұтпай, 1923 жылы бір түнде Нүптебек байдың күллі Іле өңіріне аты шыққан сетіккөк деген жүйрігімен Қалжат арқылы Нарынқол асады. Мұнда ол орыс-қазақ мектебінде үш жыл білім алады. Бул тұс саясат сахнасынан алаш кайраткерлерінің ығыстырылып, большевиктер билігі нығайган кез еді. Жастайынан алаш идеясымен сусындаған ақын ел жақсыларының сөзінен дуа кетіп, билік тізгінін тексіз тапшылдар алғанына наразылығын өлеңмен білдіреді:
«...Қу борбай, сымпыс-шолақ, бота тірсек,
Шауып жүр аузын ашып, алар пұлға.
Талғамай, тайынбай жеп «түзеймін» деп,
Бұзып жүр қайран елді жылдан-жылға.
Шіркін-ай бұрынғылар неткен әділ,
Бұрмаған нәпсілерін қылтан қылға...»
Немесе тап теңдігі дегенді алға тартып, қазақ елін түбегейлі орыстандыруды мақсат еткен «ақжүрек» коммунистердің «адал» пиғылын акындык пофоспен анык аңғарады:
«.Бірдей, - деп. - үлкен-кіші, бай мен кедей»,
Сырттары тіпті жақсы, іші жылым...
... Бұл күнде өргі елден хабарым жоқ,
Мұндағы елде болмай тұр титтей тыным
Барады «маса» кеулеп ой мен қырды,
Бұл сөздің жалғаны жоқ нағыз шыным».
Бұл жылдар Таңжарықтың азаматтық көзқарастарының толысып, елдік, ұлттык мәселелерге барынша ден койған шағы болды. Осы сапарында Қарқараның Қойдым атты ақын қызымен айтысып, қазақ айтыс өнеріндегі тамаша үлгілердің бірін жасады. Ел жақсыларымен де танысып, сырласады. Алайда кұбылыңкы заман кесірі кесек мінезді, ұлтшыл түлғаның мұнда тұрақтап тұруына мүмкіндік бермейді. 1925 жылы қараша айында баяғы сетіккөгімен туған жеріне кайтып оралады. Қосар атына тендеп екі қоржын кітап ала қайтады. Өз ауылына оралган Таңжарық енді жатпай-тұрмай елді өнер-білімге шақырып, ағарту жолына бастайды. Текес, Мұңғұлкүре, Шапшал, Құлжа, Қорғас, Сүйдің, Нылқы өңірлерін түгел аралап, ұлтшылдық идеяларын таратады, өзіне көптеген сенімді серіктер табады. Бұдан сескенген Кытай билігі мен ел ішінің жандайшаптары «Таңжарық ел ішінде кері үгіт таратып жүр» деген жаламен 1926 жылдың күзінде оны түрмсге қаматады. Акылшы азаматының тас түрмеге қамалғанына қабырғасы қайысқан ел-жұрты Қытай үкіметінің жергілікті ұлықтарына «азаматымызды босат, болмаса тартып әкетеміз» деп талап койып, табандылығымен абақтыдан шығарып алады. Түрмеден шыққаннан кейін Сәлиқан атты қызбен үйленіп, ұл сүйеді. Ұлына ырымдап Абылай ұрпағы Уәлиханның атын береді. Алайда тұңғыш жары Сәлихан осы тұмса туыттан кейін көп жасай алмай дүние салады.
1935 жылы наурыз айында Құлжа каласында «Қазак-қырғыз мәдени-ағарту ұйышымасы» құрылады. Ұйымның жетекшісі
«Бұл істі Мақсұт құрған басында алғаш,
Қай қазақ Максұт айтса кірмсй қалмас». -деп ақын өлеңге қосқан Шығыс Түркістан қазақтары арасындағы аса ірі саяси тұлға Мақсұт Сасанұлы еді. Таңжарық осы ұйымның белді ұйымдастырушысы қатарында әдебиет, мәдениет, оқу-ағарту істеріне жауапты болады. Ал, ұйымның хатшысы алашорда кайраткері Сейітжан Жайнақов болатын. Ұйшыманың басшылығында қазақ ауылдарында жаппай ауылдық мектептер, аудан орталықтарында орталау мектептер ашады. Сол мектептерге ұстаздар дайындау үшін Құлжа қаласында Таңжарық өзі бас болып мұғалімдер дайындау курсын колға алады. Осы курска оқуға келген орысша сауатты, Ахмет Байтұрсынұлы нұсқасындағы қазақ жазуын жақсы білетін Бәти атты келіншекпен дәм-тұзы жарасып, өмірінде екінші рет некелі болады. «Айқап» пен «Қазақ» басылымдарын алдырым қазақ халқының тұңғыш жекеменшік баспаханасын сатып алуға өзі бас болып Қытай казактары атынан «Қазақ» газетіне 600 сом көмек берген Мақсұт тәйжі бастаған қазақ зиялылары ендігі жерде ұлт тәуелсіздігінің баспасөзсіз жүзеге аспайтынын анық түсінді. Осы мақсатпен Таңжарык Жолдыұлы 1935 жылы Қытай қазақтарының тұңғыш баспасөзі - «Іле өзенін» шығаруды ұйымдастырды әрі алғашкы театр қойылымы Бейімбеттің «Шұға» пьесасын сахналайды. Газеттің бірінші нөміріне:
«Қалың ел, қазақ енді аш көзіңді,
Оқып көр газетіңді - өз сөзіңді.
Әділет, шындық жолын үйретеді,
Ашады ащы шайдай аң сезімді.
Айнадай жарқыратып көрсетеді,
Мін бар ма, колыңа алып, көр өзіңді» - деп өз жұртын оянуға шақырған «Оқып көр газетімді» атты өлеңін жариялайды.
1940 жылы ақпанның екінші жұлдызына дейін газеттің бас редакторы қызметін атқарады.
Халықтың ой-санасынын өсіп, саяси белсенділігінін күн санап арта бастағандыгынан қатты кауіптенген Қытай үкіметі «Қазақ-қырғыз ұйшымасының» көсемі Мақсұт бастаған 70 адамды «алашорда ұлтшылдарымен тіл біріктірген, үкіметке қарсы ұйым құрған» деген айыппен бір түнде тұтқындап, ел ішінде «тазалау» жүргізеді. Мұндай бассыздық пен әділтетсіздікке ары төзбеген ақын «елдің қамын ескеруді» талап етіп, Қытай билігінің жергілікті ұлыктарына хат-арыз жолдайды. Таңжарықтың бұл әділ талабын ескергені былай тұрсын, сынықтан сылтау іздеген залым әкімдер 1940 жылы екінші ақпанда оны да тұтқындайды. Түрмеде төрт жыл көрген жан төзгісіз азаптау мен қинаулары ақ алмастай акын рухын мұкалта алмады. Керісінше, ширықкан ақын өз шығармашылығындағы ең айтулы туындыларын дәл осы түрме қапасында отырып жазды. Ақынның тас түрмені жарып шыққан жырлары өзі шексіз сүйген алашының байтақ даласын аралап кетіп жатты. Ел тізгінін ұстаған игі жақсылардың бірінен кейін бірі ұсталып, айдалып кетуі қазақтардың іште қайнап жатқан ыза мен кегін одан бетер өршіте түседі. Мұны тыныштандырмақ болған Қытайдың залым үкіметі бірқатар саяси тұлғаларды босату арқылы жақсысын жауға беріп отыра алмайтын өр мінезді қазақтың уақытша болса да көңілін тапқысы келеді. Осылайша сол қайраткерлер катарында 1944 жылы Таңжарықта түрмеден босап шығады. Бірақ өмірдегі ең ұлы мақсұты ұлт бостандығына қызмет ету болған ақын түрмеден босап шығысымен Үрімжі қаласындағы қазақ зиялылары мен жастарынан құрылған құпия ұйымының істеріне белсене кіріседі. Бұл ұйымның міндеті 1945 жылы 1 мамыр күні көтеріліс жасап, Үрімжінің шығыс қақпасы Дауанчыңды бекітіп, батыс жақта Шығыс Түркістан сарбаздарымен тоғысу болатын. Бірақ ұйымды жансыздар әшкерелеп койып, Таңжарық кайтадан тұтқындалады.
Осыдан 1946 жылдың күзіне дейін Үрімжі абақтасында қамауда болып, тағы да тергеу мен азаптаудың талқысына өтеді.
1946 жылы Қытай үкіметі мен Шығыс Түркістан билігі арасындағы «Он бір тармақты бітімге» сай абақтыдан босатылған саяси қайраткерлер қатарында Таңжарық та еркіндікке шығып, тамызда Ілеге оралады. Ақын туған топырағына азаптаудан аман қалған басын ғана емес, түрменің шикі нанының арасына тығып сақтаған тағдырлы туындыларын да ала келеді. Еліне аман-есен оралған Таңдарық Жолдыұлы түрме талқысынан зақымданған денсаулығына қарамастан, тағы да алаш ісі үшін атқа қонады. Шығыс Түркістан Ұлттық үкіметі оны өз өтініші бойынша туған жері Күнес ауданының жер-су мекемесінің басшылығына тағайындайды. Осы қызметте жүріп 1947 жылы 6 тамызда тұтқиылдан қайтыс болады. Ел арасында «Ақын өлімі өз ажалынан болмады» дейтін түрлі жорамалдар бар.
Өлсек те өлмес біздің атағымыз,
Белгілі істеп түскен шатағымыз.
Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,
Болғанмен қазір түнек жатағымыз.
Алатын құнды қуып иеміз бар,
Біз де елміз шөберелі, аталымыз. – деп жырлаған ақын өз болашағын болжап кеткендей әсер қалдырады. Ғасырлық тойының Қазақ және Қытай мемлекеттерінде биік деңгейде атап өтілуі қазақ дейтін қара орман қалың жұрты, атқа қонар алты алашы аман тұрғанда ақын Таңжарық Жолдыұлының рухы да елімен бірге мәңгі жасай беретіндігінің анық дәлелі.
wikipedia.org алынды
6alash ұсынды