1950 жылы Корей түбегінде тұтанған соғысқа (1950-1953) Қытайда бүкіл ел бойынша көмек атау науқаны басталады. Сол кезде соғысқа ұшақ атаған қазақты білесіз бе? Ол қазақтан шыққан жомарт шуақ Басбай Шолақұлы.
Қытай архивінде 1951 жылы Солтүстік Кореяға көмекке атаған ұшаққа кеткен Басбай байдың малының тізімі сақталған. Сол архивте Басбайдың 4 мың қой, 100 жылқы, 100 сиыр, 100 түйе, 100 сәрі алтын атағаны жазылған. Ырысы шалқыған байдың сол ұшақ сатып алуға кеткен шығынының орны үш жылдың ішінде қайта толыпты. Басбай Кореяға ұшақты сыйлайтын кезде, соғыс ұшағы деген нәрсені өзі көзімен көрмекші болып әуежайға келген соң: «Әттеген-ай, мынадай екенін білгенде екеуін сыйласам болғандай екен, қос аққудай бірге ұшып, бірге қонатын», - депті. Сол жолы миллиардтар елінен тек екі адам ғана ұшақ атаған. Бірі - қазақтың байы Басбай болса, екіншісі қытайлық бай кәспкер Чаң Шиаңю.
1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде алдыңғы шепте қан кешіп жатқан Қазақстандағы қазақ бауырларына арнап, 500 атты ер-тұрманымен жіберді. 1945–1947 жылдары Қытайдағы үш аймақ азаттық төңкерiсiне 1000 қой, 100 сиыр, 250 ат көмек атады.
Басбай Шолақұлы 1889 жылы қазіргі Қытай жеріндегі Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында туған. 1953 жылы 4 қарашада Қытайдың ішкі қалаларын аралап жүріп тосын науқастан Хаңжу қаласында қайтыс болған.
Басбайдың артына қалдырған бір мұрасы - Басбай қойы. Арқар-құлжамен будандастырылған бұл қойдың ет түсімі жоғары, қыста қардың үстіне қозылап, қозысын аяқтандырып кете береді. Еті өте дәмді. Қошқарларында бірнеше мүйіз бар.
6alash ұсынады